192 баланы ит қапқан

1126

0

Кейінгі кезде ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде иттің адамға шабуылы жайлы, әсіресе, балаларды қабуы белең алып отырғаны туралы жиі жазылып жүр. Ақтөбе облысының өзінде жыл басынан бері 700-ден аса баланы ит қапқаны белгілі болды. Халқымыз жеті қазынаға балап, адамның досы деп келген  иттің «иттігін» көргенде неліктен бұлай болды деген сұрақтың мазалайтыны рас. Өзге облысты мысал қылып айтып жүргенде, өз өңіріміз де аталған деректен құралақан емес екен.

Мәселен, облыстық санитариялық-эпедимиологиялық бақылау департаменті берген мәліметке сүйенсек, биыл бірінші тоқсанда облыс бойынша жануарлардан жарақат алғандар саны – 349, оның ішінде 306-сы иттен, 36-сы мысықтан жарақаттанған.  Ал былтыр  осы мерзімде жарақаттанғандар саны  – 368 болып,  оның 311-ін ит қапқан.  Мамандардың айтуынша, жарақат алу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда бір деңгейде. Жабайы жануарлардан жарақаттанғандар жоқ. 8 адамның жарақаты күрделі болып, ауруханаға жатқызылған. Жарақаттанғандардың 109-ы балалар арасында тіркелген.  Оларға құтырма ауруына қарсы  екпе егілген.

–             Жарақаттанғандардың 201-інде ит егесі белгілі болып, шартты емделген және 148 адам шартсыз емделген. Олардың 208-і аудандар мен елді мекендерден. 336 жарақаттанушы 1-3 күн аралығында уақытылы медициналық көмекке жүгінген, – деп атап өтті облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы  Жанар Жетілгенова.

Ал көпбейінді облыстық балалар ауруханасының мәліметі бойынша қаңтар айында 22 баланы ит қауып, аурухана көмегіне жүгінсе, ақпанда олардың саны 26-ны құраған. Наурыз айында 31 баланы ит тістеп, ауруханаға қаралса, сәуірде көмекке жүгінгендер саны – 44, ал мамыр айында 69 бала ит қауып келген. Осылардың ішінде 3 бала ауыр жарақаттануына байланысты ауруханаға жатқызылса, қалғандары жеңіл және орташа күйде болғандықтан, қажетті медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылған.

Жалпы, мамандардың айтуынша, облысымыз құтырма ауруының табиғи ошағында орналасқан. Оған дәлел – динамикада құтырма ауруының адамдар, үй және жабайы жануарлар арасында анықталып отыратыны.

– Нақты айтатын болсақ, 2015 жылы құтырмаға күдікті жануарларды зерттегенде 4 адамға қауіпті жерлерден және ауыр жарақат салған 3 жануардан, атап айтқанда, бір егесі бар ит, бір түлкі және бір шибөріден құтырма ауруының қоздырғышы анықталды. Дегенмен, жарақаттанушылар уақытылы медициналық көмекке жүгініп, антирабикалық екпені толық және уақытылы алғандықтан, ауруға шалдыққан жоқ. Құтырма – жұққан жағдайда  адамдар да, жануарлар да 100 процент өлім-жітіммен аяқталатын аса қауіпті жұқпалы дерт. Өкінішке орай, 2010-2014 жылдар аралығында облыста 8 адам құтырмамен ауырып, барлығы қайтыс болды. Сол себепті тұрғындар өз денсаулығына аса жауапкершілікпен қарап, жабайы немесе үй, ауыл шаруашылығы жануарларынан жарақат алғанда жедел медициналық көмекке жүгінуі қажет. Міндетті түрде дәрігер тағайындаған екпелерін толық алуы керек, – дейді бөлім басшысы.

Сонымен қатар құтырма ауруынан қауіпті топқа жататын контингенттерге де профилактикалық мақсатта ауруға қарсы екпе егіледі, олар – орманшылар, аңшылар, ветеринар қызметкерлері, тағы басқалар. Биыл 28 адам екпемен қамтылған. Облыста антирабиялық вакцина, иммуноглобулин қоры жеткілікті, яғни,  1990 доза иммуноглобулин, 1590 доза вакцина қоры бар.

Адамнан иттің қадірі артып тұрған қазіргі уақытта өзімізге өзіміз сақ, балаларымызға  абай болмасақ, басқа амал жоқ.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<