Атом электр станциясын салу және оның энергетикасын игеру оңай бола қоймасы анық. Ең алдымен, технологияның тілін білетіндер керек. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр осы салада жұмыс істейтін кәсіби мамандарды даярлау қажет екенін атап өтті. Әйтпесе, бейбіт атомды дамыту қиынға соғады. Уақыт өте келе, көмірден электр қуатын өндіруге шектеу қойылса, атом электр станциясын салудан басқа амал қалмайды деп отыр. Ел арасындағы пікір қайшылықтарын ескерген Президент былтыр бұл мәселе бойынша жалпыұлттық референдум өткізіліп, халық талқылауына салынатынын айтқан болатын. Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы референдум уақытын белгілеп берді. Атап айтқанда, 6 қазанда елімізде атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өтеді.
– Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр станциясы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтардың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді, – деп атап өтті Президент.
Таяқтың екі ұшы барын ескерсек, АЭС салудың да қиындығы мен пайдасы қатар. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бүкіл Еуропа атом энергиясының арқасында өмір сүріп отыр. Мысалы, Франция, Чехия мемлекеттері, сондай-ақ, АҚШ, Жапония және басқа елдер АЭС-ті пайдаланады. Мысалы, «Фукусима» апаты жер сілкінісі мен цунамидің әсерінен орын алды. Жапония жер сілкінісі жиі болатын аралдағы ел болса да, атом энергиясынан бас тартып отырған жоқ.
АЭС не үшін керек?
Мамандардың мәліметінше, қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Осы орайда біздің елімізге де сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр станциясы жұмыс істеп тұр.
Қазақстан энергетика секторын трансформациялаудың маңызды кезеңінде тұр. Энергетикалық кешенді дамыту бағытын таңдау мемлекеттің ұзақмерзімді дамуына айтарлықтай әсер етеді. Қазіргі уақытта еліміздің энергетикалық секторы өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 70% қамтамасыз ететін көмір электр станцияларына аса тәуелді. Алайда бұл модель күрделі мәселелерге тап болуда. Біріншіден, жұмыс істеп тұрған станциялардың тозу деңгейі жоғары, яғни, 70%-ға жетеді. Екіншіден, елімізде электр энергиясын тұтыну жыл сайын 3%-ға өсуде. Үшіншіден, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді қоса алғанда жаһандық экологиялық міндеттемелерді өзіне жүктейді. Сонымен қатар, көмір жобаларын қаржыландыру да экологиялық шектеулерге байланысты күрделене түсуде. Жалпы, Энергетика министрлігінің болжамдары бойынша 2035 жылға қарай елімізде электр энергиясын тұтыну 152,4 млрд кВт/сағ құрайды деп күтілуде. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған электр станциялары небәрі 135 млрд кВт/сағ қамтамасыз ете алады. Бүгінде электр қуатының тапшылығын Ресейден келетін ағындар жауып отыр. Бұл энергетикалық тәуелділікке және елдің энергетикалық нарығы қауіпсіздігінің төмендеуіне әкеледі екен. Бұл мәселелерді шешу үшін қазірдің өзінде белгілі қадамдар жасалуда.
2035 жылға қарай 26,5 кВт/сағ жаңа қуатты іске қосу жоспарлануда. Осыған байланысты жаңартылған энергия көздері секторы белсенді дамып келеді. Дегенмен, мамандар жаңартылған энергия көздерін дамытудағы ілгерілеушіліктерге қарамастан, олардың тұрақсыздығына байланысты энергияның негізгі көзі ретінде қарастыруға мүмкіндік бермейтінін айтуда. Күн және жел электр станциялары ауа райы жағдайына тәуелді және тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Сонымен бірге экологиялық стандарттарды нығайту көмір мен газ өндіруді дамытуға шектеулер тудырады. Осы орайда мамандар атом электр станциясы бұл мәселенің бірден-бір шешімі болуы мүмкін екенін алға тартады. Өйткені атом электр станциясы 60 жылдан астам тұрақты электр энергиямен қамтамасыз етуге қабілетті екен. АЭС құрылысы энергетика мен өнеркәсіп өндірісін әртараптандыруға ықпал етеді және энергетика саласына заманауи технологияларды енгізуге әкеледі. Сондай-ақ АЭС жобасы жаңа жұмыс орындарын ашып, станция орналасқан аймақта инфрақұрылымның дамуын ынталандырады және атом энергетикасы ұзақ мерзімді перспективада электр энергиясының тұрақты бағасын қамтамасыз етеді. Осылайша, атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті қадам ғана емес, сондай-ақ, төмен көміртекті экономикаға жаһандық көшу жағдайында елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторы болып саналады екен.
Қауіпсіздік – басты қағида
Ешкім де туған Отанында апат болғанын қаламайды, әрине. Біздің мемлекетіміз үшін де АЭС салу кезінде және оны пайдалануда оның қауіпсіз болуын қамтамасыз ету мәселесі өткір талқылануда. Көпшілік оның құрылысынан бастап, қоршаған ортаға, адам денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігіне қатты алаңдаулы. Бұлай болуы заңды да.
ҚР Энергетика министрлігі атом саласының салалық ұйымдарымен бірлесіп, жетекші елдердің атом энергетикасы саласындағы тәжірибесін зерделеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Осы жұмыс аясында әлемдік ядролық технологиялар өндірушілерінің АЭС салу мен пайдаланудың озық технологиялары мен тәсілдері зерделенді.
«Атап айтқанда, біздің атом саласының сарапшылары Франциядағы EDF, Қытайдағы CNNC, Оңтүстік Кореядағы KHNP және Ресейдегі «Росатом» басқаратын АЭС-теріне барды. Бұл елдердің АЭС-терін табысты пайдаланудың ұзақ тарихы бар және атом энергетикасының қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз ету саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтаған. Сонымен қатар, біз Түркиядағы «Аккую» атом электр станциясы мен Беларусь атом электр станциясының құрылыс процесімен егжей-тегжейлі таныстық, бұл бізге осындай нысандарды салудың заманауи әдістерін іс жүзінде көруге мүмкіндік берді. АҚШ-та дамып келе жатқан шағын модульдік реакторлардың (SMR) перспективалық жобаларына ерекше назар аударылды. Бұл инновациялық реакторлар икемді, қауіпсіз және шалғай аймақтарда пайдалану мүмкіндігінің арқасында болашақ энергияның маңызды элементі бола алады. Жетекші елдердің тәжірибесін зерделеу Қазақстанға біздің ұлттық мүдделеріміз бен ерекшеліктерімізге сүйене отырып, атом энергетикасын дамыту үшін неғұрлым қауіпсіз және экономикалық тиімді технологияларды таңдауға мүмкіндік береді» делінген Энергетика министрлігі ақпаратында.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, елімізде АЭС салу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Осы уақыт ішінде АЭС-ті орналастыру ауданы мен әлемдегі қолданыстағы реакторлық технологиялар зерттелді. Орналастыру ауданын таңдау бойынша зерттеулер Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) ұсынымдарына сәйкес, АЭС-тің қоршаған ортаға ықтимал әсерін жан-жақты ескере отырып жүзеге асырылды. Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері мен еліміздің оңтүстік өңірінде энергия тапшылығы бар екендігін ескере отырып, Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлкен ауылы атом электр станциясын орналастыру үшін ең қолайлы аудан ретінде анықталды. Сонымен қатар, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы мен Ядролық технологиялардың қауіпсіздігі ғылыми-техникалық орталығының сарапшыларын тарта отырып, негізгі әлемдік деңгейде реакторларды жеткізушілердің технологиялары жан-жақты зерделенді. Бұл зерттеулердің нәтижесінде ең перспективалы нұсқалар іріктеліп, алдын ала төрт жеткізушіден тұратын қысқа тізім жасалды. Олар: қытайлық CNNC компаниясының HPR-1000 реакторы; кореялық KHNP компаниясының APR-1400 APR-1000 реакторлары; ресейлік «Росатом» компаниясының ВВЭР-1200 реакторы; француздық EDF компаниясының EPR-1200 реакторы.
«2023 жылы Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) екі миссиясын қабылдады. Бірінші миссия Қазақстанның АЭС салу бойынша шешім қабылдауға дайындығын бағалауға бағытталды. Бұл миссия аясында нормативтік-құқықтық базаны дамыту, электр желілік инфрақұрылымды дайындау, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу бағдарламасы және мүдделі тараптармен өзара іс-қимылды дамыту мәселелері қаралды. Екінші миссия АЭХА сарапшыларының Үлкен ауылына сапары арқылы АЭС орналастыру ауданын таңдау бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін бағалауға арналды. Миссия қорытындысы бойынша АЭХА сарапшылары Үлкен аумағында АЭС салуға кедергі келтіретін факторлар анықталмаған деген тұжырымға келді. Халықпен өткізілген кездесулер мен жүргізілген сауалнамалардың нәтижелеріне сүйене отырып, азаматтардың ақпараттандыру деңгейі жеткілікті және қоғам елдің тұрақты экономикалық өсуі мен энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін энергетикалық инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығын түсінеді деген қорытынды жасауға болады» дейді Энергетика министрлігінің мамандары.
Мамандардың айтуынша, атом электр станциялары қоршаған ортаны түтін газдары, күл, мұнай өнімдері бар ағынды сулар сияқты заттармен ластамайды. Адамдардың көпшілігі күнделікті өмірде әсер ететін радиоактивті сәулеленудің 0,1%-дан азын ядролық энергия құрайды. Адамдар күнделікті өмірде алатын радиациялық дозаның барлық мөлшерінің ішінде атом энергиясынан келетін сәулелену тек 0,1% құрайды. Мысалы, Ұлыбританияның қадағалау органының материалдарында келтірілген есептеулерге сәйкес, британдық қоғамның кез келген мүшесі үшін атом электр станцияларының жылдық сәулелену дозасы шамамен Лондоннан Нью-Йоркке дейін және кері ұшу кезіндегідей болады. Әлемнің әртүрлі елдеріндегі атом электр станцияларын пайдаланудың көп жылғы тәжірибесі олардың адамға және табиғатқа зиянын тигізбейтінін растайды. Ғалымдар ірі жылу электр станциясы аймағындағы жеке сәулелену дозасы атом электр станциясының жанындағы ұқсас дозадан 5-10 есе артық екенін эксперименталды түрде анықтады. Сондықтан ядролық энергия «жасыл» деп танылды.
Сарапшылар не дейді?
Қазір қоғамда АЭС жайлы сан түрлі пікір қалыптасқанын айттық. Бұл ретте, Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев АЭС-ті көптеп салу мықты мемлекеттердің маңызды стратегиялық басымдықтарының біріне айналғанын алға тартып отыр. Оның айтуынша, бүгінде 50 штат, 400 миллиондай халқы бар АҚШ-та 94 АЭС жұмыс істеп тұр екен. Олар 1967-1990 жылдар аралығында салынған. 2021 жылдан бері тағы екі АЭС бой көтеріп келеді.
«Бұрынғы технологиямен салынған электр станцияларының шығыны көп, енді шығыны аз болғандықтан, жаңа технологиямен АЭС салуға әлем бетбұрыс жасап жатыр. Дүние жүзінде 450-ге жуық АЭС бар. Ал Қазақстанның ресурстық байлығы рекордтық көрсеткішке жетсе де, бірде-бір АЭС-тің болмауы – әлемдік көштен кеш қалып жатқанымыздың белгісі. Тірлікке тиянақты мемлекеттер өз мүмкіндіктеріне қарамастан артықшылықтарға қол жеткізіп жатыр. Сондықтан да елдің экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АЭС салатын уақыт жетті» дейді депутат.
Сондай-ақ ол АЭС жайдан-жай салынбайтынын, оны қауіпсіз әрі тиімді етіп салуды талап ететін әрі бақылайтын МАГАТЭ қауіпсіздік нормалары мен өзге де техникалық жарияланымдар әзірлейтінін атап өтті.
«Жер бетінде 415 ядролық реактор жұмыс істейді. Оның 74 пайызы – қысым астындағы жеңіл су реакторлары. Бұл реакторлар бірде-бір апатқа ұшырамағандықтан, сенімді энергия көзі саналады. Сол себепті елімізде де АЭС-тің осындай түрін салу көзделген. Көпшіліктің көкейіне күмән ұялататыны «Фукусима» және «Чернобыльде» орын алған апаттар. Ол – өткен ғасыр мен өткен шақтың сынағы мен сабағы. Одан беріде ғалымдар тынбай, талмай талаптанып, тиімді әрі қауіпсіз тәсілдерін түр-түрімен тапты. Оның ең заманауи үлгісі әлгінде айтқан қысым астындағы жеңіл су реакторлары. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік қазіргі реакторлардың қауіпсіздік деңгейлерінің адам қасақана апат жасауға әрекет етсе де, қауіпсіздік жүйелері оған жол берілмейтіндей етіп жасалғанына көз жеткізген. Сондықтан да МАГАТЭ АЭС салатын елдерге рұқсат беріп және қатаң қадағалауда. Адам демекші, «Чернобыль» мен «Фукусимада» адами фактордың кесірінен де апат орын алған. Ал қазір адамның орнын автоматика басып жатқанда, заманауи технологиялар ондай қателіктерге бой алдырмайды» деді Қайрат Балабиев.
АЭС-тің энергетикалық тиімділігінен бөлек экономикалық пайдасы да бар дейді экономистер. Олардың айтуынша, жоспар бойынша 2000 адам жұмыспен қамтылады. Оның ішінде 400 адам – ядролық сала мамандары.
«Ең жақсы мысал – Түркиядағы «Аккую» станциясы. Нысан салынғаннан кейін сол аймақтың экономикасы 12 пайызға өсті. Өйткені ол жерге мыңдаған жұмыскер келді, инвестиция құйылды, сөйтіп жергілікті халықтың әл-ауқаты жақсарды» дейді экономист Жәнібек Абдулла.
Қазір геосаяси шиеленістен әлемде экономикалық ахуал шатқаяқтап тұр. Газ тапшылығынан Батыс елдерінің біразы қиын жағдайға тап келіп отыр. Оның ішінде АЭС-і бар Франция ғана «көгілдір отынға» тарығып отырған жоқ. Себебі Париж газдың жылуына зәру емес.
«Біз атом электр станцияларының игілігін 70 жыл бойы көріп келеміз. Осы жылдар аралығында ешқандай қауіп те, апат та болған емес. Бұл – нағыз қауіпсіз әрі тиімді энергия көзі. Бастысы, барлық технология сақталып, дұрыс пайдалана білсе игі» дейді EDF компаниясының Азиядағы бизнесті дамыту жөніндегі басшысы Пьер-Пол Отениссанс «Jibek Joly» жаңалықтарында жасалған шолуда.
Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры, елімізге еңбек сіңірген энергетик Жақып Хайрушев АЭС салу уақыт талабы екенін айтады.
«АЭС құрылысына қарсы болсақ, онда энергетика саласында да, ел ауқымында да, осы кенжелегеніміз кенжелеген. Өзімнің көзім жеткені АЭС-тің халық үшін ешқандай қаупі жоқ. Станцияның қоршаған ортаға залалы болмашы. Мұны Алматы мен Курчатовтағы зерттеу реакторлары түріндегі тәжірибеміз көрсетіп отыр» дейді ол.
Жалпы, мамандар пікірі осыған саяды. Алайда елдің көкейінде «АЭС-тің қайтарымы қанша, қай мемлекет салады, оған жұмсалған қаржыны қайтару қалай болады?» дегендей сауалдар бар. Бұл тарапта сала мамандары, ғалымдар, арнайы штаб өкілдері түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әйтсе де, нақты дерек, әбден сарапталған жоспар, ұғынықты ұстаным туралы көптің білгісі келетін мәселелер бар.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<