Шетелден көлікті кімдер әкеледі?
Жыл аяғы жаңалық пен бірқатар өзгеріске толы болып тұр. Желтоқсан айынан бастап шыққанына үш жыл болмаған көліктерді Қазақстанға әкелудің жаңа ережесі күшіне енді. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, енді мұндай «темір тұлпарларды» көлік түрін бекіту құжатында ресми тізімге алынған адамдар ғана жеткізе алады.
Бұл құжат көлік құралының техникалық регламент талаптарына сәйкестігін растайды. Бұрын декларацияланған кез келген тұлға автокөліктерді импорттай алатын еді. Алайда қазір импорт құқығы осы құжатта тікелей көрсетілгендерге ғана сақталады. Бұл өзгерістер Кедендік одақтың техникалық регламентіне сәйкес белгіленді және Қазақстанға автокөліктерді әкелуді оңтайландыруға бағытталған. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қуанышбек Бекшиннің айтуынша, өнімнің декларанты көлік құралдарының типін мақұлдауда көрсетілген тұлға болған жағдайда ғана пайдалануға болады.
– Мысалы көлік құралдарының типін мақұлдау құжаты тек сериялық өндіріске және заңды тұлғаларға, бір автокөлік құралына емес, сол сериямен өткен барлық көлік құралдарын әкелуші заңды тұлғаға беріледі. Бұл биыл 1 желтоқсаннан бастап енгізілгенін және тек қана заңды тұлғаларға қатысты екенін айта кетейік, – деді ол.
«Орташа жылдамдық» ұғымы енгізілді
Халықаралық және республикалық жолдарда орташа жылдамдықты асырған көлік жүргізушілеріне айыппұл салынады. Бүгінде кейбір көлік жүргізушілері республикалық маңызы бар жолдарда қатты жүреді. Ал камераларға жақындағанда жылдамдықты азайтады да, өтіп кеткеннен кейін қайта екпіндетеді. Соның салдарынан жол-көлік апаттары орын алып жатады.
Өткен жылдың 3 қазанында Мемлекет басшысы халықаралық және республикалық маңызы бар жолдармен жүретін барлық жүргізушілерге қатысты бағытталған жаңа талаптарды белгілейтін заңға қол қойып, ол биыл 4 желтоқсан күні күшіне енді. Заңға «Орташа жылдамдық» ұғымы енгізілген.
– Бұл өзгерістердің негізгі мәні – автоматты түрде тіркеу жүйелері анықтайтын түзу сызықты учаскелерде орташа жылдамдықтан асып кеткені үшін жауапкершілік енгізу. Орташа жылдамдық жүріп өткен жолды сол жолды жүріп өткен уақыт аралығына бөлу арқылы есептеледі. Айыппұл рұқсат етілген орташа жылдамдықтан асып кетуіне байланысты 5-тен 40 АЕК-ке дейін болады. Жолдың әртүрлі учаскелерінде орташа жылдамдық әртүрлі болады, себебі формулаға сәйкес әр автокөлік автоматты түрде есептеледі. Бұл жаңалық талдауды ескере отырып енгізілді, себебі қала маңындағы трассалардағы әрбір үшінші адам жылдамдық режимінің асып кетуінің салдарынан көз жұмған. Орташа жылдамдық Қызылорда облысы аумағынан өтетін халықаралық, республикалық маңызы бар М 32 «Самара-Шымкент» бағытындағы автожол бойында орнатылған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның «ZEREK-2» бағдарламалық-аппараттық кешендері арқылы жүзеге асырылады. Бүгінде бақылауды күшейту үшін 3 «ZEREK-2» бағдарламалық-аппараттық кешені белгіленген жылдамдық режимін асырған автокөліктерді анықтауда, – деді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нүркен Бақтияров.
Жылдамдық өлшейтін мұндай құрылғы «Самара-Шымкент» жолының «Бірқазан» елді мекені тұсы қаланың оңтүстікке шығаберісінде, Бәйгеқұм» ауылының және «Сунақата» ауылының тұсында орнатылған.
Мопедтің барлық түрі тіркеледі
Заңнама бойынша сағатына 50 шақырым жылдамдықтан аса жүре алатын мопедтер ғана тіркеуге жататын болса, енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді барлық мопед тіркеліп, мемлекеттік белгі мен тіркеу туралы куәлік беріледі.
Қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын, электр қозғалтқышы бар, жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын мопедтер де тіркеледі. Ол 2025 жылдың 4 сәуірінен бастап жүргізіледі.
Мопедтерді 16 жастан бастап берілетін А1 санаты бар және А,В санаты бар барлық жүргізуші басқара алады.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<