Автонарық: Қарапайым халықты жарылқайтын жүйе көрінбейді

635

0

сурет ашық дереккөзден

Жыл бастала сала автонарық саласында көптеген өзгерістер болды. Осыған дейін «көлік арзандайды» деп шуласқан қауесеттердің де негізсіз екенін байқаудамыз. Автокөлік бағасы керісінше көтеріліп жатқандай. Сондай-ақ қоғамда шетелден әкелінген машиналарға утильалымды алып тастау жайы қайтадан сөз болды. Биыл оның мөлшері қанша болмақ? Осы тұста біз автонарықтағы кейінгі жайттарды шолып шығуды жөн санадық.

Баға шарықтай бере ме?

Автосүйер жұрттың 2024 жылдан дәмесі мол еді. Өйткені темір тұлпар құны біршама құлдырайтынын айтқандар көбейді. Мүмкін бұл қауесеттің шығуына өткен жылдың соңында көлік шығарушы компаниялардың азғантай жеңілдік жасағаны себеп болса керек. Елімізде көптеп сатылған Chevrolet маркалы жаңа көліктер жаңа жыл жақындағанда 1-1,5 миллион теңгеге дейін арзандаған болатын. Әйтсе де жыл басталғанда бәрі керісінше өрбіп жатыр. Автосалондардағы жаңа көліктердің бағасында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бірақ ескі көліктердің бағасы шарықтап шыға келді. Мысалы, қазақстандықтардың сүйікті көлігіне айналған Toyota Camry-дың 35 және 40-шанақтарының бағасы 7-8 миллион теңгеге бағаланып жатқанын көрдік. Әрине, бұл көлік құнын негізсіз бағалау екені анық, алайда сұраныстағы машиналар алдағы бірнеше жылда құнын жоғалта қоймайтынын аңғартты. Әйтпесе бұл шанақтағы көліктердің шыққанына 15-20 жыл болып кетті. Ал бағасы арзан әрі тиімді саналған қытайлық көліктерге қоғамның сенімі аз. Соған қарамастан олар рекордты жаңартуда. Өткен жылы елде сатылған жаңа көліктердің үштен бір бөлігін қытайлықтар еншілеген.

Сарапшылар да жақын арада автокөліктердің арзандайтынына сенбейді. Мысалы, таяуда Freedom Finance Global талдаушылары 2024 жылы Қазақстанда көлік бағасы 17 пайызға дейін қымбаттайтынын жария етті. Компанияның талдауына сүйенсек, автокөлік нарығының өсу қарқыны 2024 жылы инфляцияның төмендеу қарқынымен бірге бәсеңдейді деп күтіледі. Алайда бұл көрсеткіш жергілікті нарық үшін бәрібір қымбат болып қалмақ.

«Автокредит берудің белсенділігін орташа позитивпен бағалаймыз, мөлшерлемелер төмендеуі тиіс, бұл автокөліктің қолжетімділігін жақсартады. Сондай-ақ арнайы ұсыныстардың, жеңілдіктердің және қысқа мерзімді бөліп төлеудің саны ұлғаятынын болжап отырмыз. Алайда жалпы кредиттердің мөлшерлемесі 10 пайыздан жоғары болып қалады. Жеңілдікке негізделген автокредиттердің шығуы екіталай» делінген компания зерттеуінде.

Талдауға қатысқан респонденттердің басым бөлігі алдағы жылы жеңіл автомобильдерді сатып алуға сұраныс 53,9 пайызға артады деп болжаған. Төрттен бірі жеңіл автомобильдерге деген сұраныс өзгеріссіз қалады десе, қатысушылардың 9,1 пайызы алдағы жылы сұраныс төмендеуі мүмкін деп санайды. Сарапшылар болжамына сай, Hyundai және Chevrolet брендтері нарықтағы көшбасшылық позицияларын сақтап қалмақ. Алайда Қытай автомобильдері 2023 жылға қарағанда тағы да арта түспек.

Сонымен қатар, елде электркарлардың қарқыны өсті. Демек, қызмет көрсету желілері де дами түспек. Сарапшылар жеке сатушылар да, диллерлер де қытайлық электркар модельдерін сатуды кеңейте түседі деп күтеді. Үлкен қалалардың жолдарында көліктерді зарядтауға арналған нүктелер көбеюі мүмкін. Айтпақшы, Қазақстан бойынша ең жаңа көліктер Астана қаласы мен Атырау облысында көп сатылған. Ал ең ескі автокөліктер Жамбыл мен Жетісу облысында тіркеліпті. Бір қызығы, елдегі автомобильдердің орташа жасы 14,3 жылды құрайды. Өте нашар көрсеткіш, сипаттап қарайтын болсақ, көлігі бар қазақстандықтардың барлығы 2010 жылы шыққан көлік мініп жүр деген сөз. Өз кезегінде бұл экология мен жол қауіпсіздігіне кесірін тигізеді.

Өзгеріс өсумен ғана өлшеніп тұр

Автонарықты жиі шолып отыратындар былтырғы газ тапшылығын ұмытпаса керек. Тапшылық қолдан жасалды деп күмәнданғанымыз да жасырын емес, ақыры газ өндіруші компаниялар мен Энергетика министрлігі ортақ ұстанымдарын іске асыруға көшті. Биылдан бастап газ қымбаттады. Қызылорда облысының аумағында енді автогаз литріне 64-69 теңге аралығында сатылады. Республика бойынша ең қымбат шегі 86 теңгеге жетті.

Сол тәрізді бағасы өскен дүние аз емес. Біріншісі, айыппұл. Биыл жылдамдықты асыратын көлік иелеріне салынатын айыппұл көлемі артты. Жылдамдықты сағатына 10-20 километрден асырған жүргізушілерге салынатын айыппұл мөлшері – 5 айлық есептік көрсеткішке өсті. 2024 жылы 1 АЕК 3692 теңге болатынын ескерсек, бұл айыппұл шамамен  19 мың теңгеге жуықтайды. Сонымен қатар жүргізушілер қауіпсіздік белдігін тақпаса, көлік тоқтату ережесін бұзса дәл осындай мөлшерде айыппұл төлейді. Егер бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетсе 10 АЕК (2024 жылы 36 920 теңге) айыппұл арқалайды. Жаяу жүргіншіге жол бермеген, жылдамдықты сағатына 20-40 километрден асырған, мүгедектерге арналған тұраққа көлік қойған азаматтар да 36 920 теңге айыппұл төлемек.

Ал жол ережесін бұзғаны үшін салынатын ең жоғары айыппұл – 50 АЕК (184 600 теңге). Жүргізуші куәлігінен айырылған адам рөлге отырса, тиісінше қазынаға дәл осындай мөлшерде ақша құяды. Сондай-ақ ол 10 тәулікке қамалады. Оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші де осынша көлемде айыппұл төлеуге міндеттеледі немесе бір жылға көлік басқару құқығынан айырылады.

Екіншісі, жоғарыда сөз еткен утильалым. Онсыз да қоғам мөлшерін біршама азайтуды немесе мүлде алып тастауды сұрап отырған алым қайта өсті. Негізі елде жаңа көліктердің көбеймеуіне осы алым түрінің тікелей қатысы бар. Төлегісі келмегендер шетелден қалаған көлігін ел аумағына кіргізе алмайды. Ал жауаптылар бұл төлемді алып тастауға ниет танытпайтыны айдан анық. Сонымен алымды есептеуде қолданылатын базалық мөлшерлеме (50 АЕК) 172 500 теңгеден 184 600 теңгеге өседі деп жоспарланған. Коэффициентке байланысты мотор көлемі 1000 текше сантиметрден аспайтын жеңіл автомобиль әкелу үшін 276 900 теңге төлеуге тура келеді. Ал моторы 2000 текше сантиметрге дейінгі машина үшін – 646 100 теңге, 3000 текше сантиметрге дейін 923 000 теңге төлейсіз. Көлемі 3 литрден асатын машина үшін алым 2 122 900 теңге болды.

Үшіншісі, көлікті есепке қою құны. Машинаға төленетін ең арзан бастапқы тіркеу ақысы (0,25 АЕК) 862,5-тен 923 теңгеге өсті. Шығарылғанына 3 жыл толмаған көлік үшін 172 500 емес, 184 600 теңге төлейсіз. Ал үш жылдан асып кеткен  көліктерді тіркеу ақысы (500 АЕК) 1 725 000-нан 1 846 000 теңгеге жоғарылады. Бұл төлемге электромобиль немесе гибрид болса да, мотор көлемі әсер етпейді. Тек көліктің шыққан жылына мән беріледі. Дәстүрлі мотормен жүретін автомобиль үшін көлік салығы да қымбаттайды, өйткені ол да тікелей айлық есептік көрсеткішке байланысты.

Қорыта айтқанда, автокөлік иесі атанудың өзі қалтаға үлкен салмақ болмақ. Сондықтан қанша жерден қауіпсіздік талаптарына сай емес десек те, ел ескі көліктерді сатып ала береді. Сұраныстың әсерінен олар да құнын жоймайтыны белгілі. Түйіндер болсақ, таяуда автонарықтан дәме етердей жақсы жаңалық күте алмаймыз.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<