сурет ашық дереккөзден
Атқаратын жұмысымның негізгі бөлігі аударма жасаудан тұратын болған соң, нормативті-құқықтық актілерден бастап, қоғамдық-саяси, түрлі әлеуметтік салаға қатысы бар ақпараттық мәтіндерді, публицистикалық мақалаларды, ресми іс-қағаздарын аударуға тура келіп жатады. Сонымен қатар аударылған мәтінді тексеріп, түпнұсқамен салыстыру, редакциялау секілді жұмыстар да қатар жүріп жатады.
Әдетте, аударуды бастамас бұрын, ең алдымен түпнұсқадағы мәтіннің құрылымына, мазмұнына үңіліп, жазу стилін анықтап аламыз. Жалпы, бізде заң шығару, экономика, компьютерлік технология, іс-қағаздары тілдерінің әлі де орыс тілінен аударма нұсқасы қолданылып жүргені жасырын емес. Оның себебі де әріде жатыр. Құжат атаулы 2000 жылдарға дейін тек орыс тілінде жазылып, оның ішінде құқықтық-нормативтік актілер орыс тілінен қазақ тіліне аударылып келді. Бұдан бізде қандай да бір құжатты ә дегеннен қазақ тілінде жазатын қай салада болмасын маман, қазақ тілінде іс жүргізушінің жеткілікті болмағаны немесе тіпті болмағаны, осыдан келіп белгілі бір жүйенің, тәжірибенің қалыптаспағаны көрініп қалады. Осы сарын, осы сүрлеудің сорабымен іс-қағаздарын, ресми құжаттарды, тіпті саяси-ақпараттық мәтінді де орыс тілінен сөзбе-сөз аударып, тұрған орнына сол күйінде жайғастыру әлі де сақталып отыр.
Аударма жасау барысында мәтінді сол аударма тілді тұтынушылардың дүниетанымына бейімдеу – аудармашыға қойылатын талап. Ендеше қазақша құрастырылған мәтіннің қазақы дүниетанымға орайластырылуы аксиома болу керек қой. Алайда көп жағдайда мәтін құрастырушы бар ойын орыс грамматикасының қалыбына салады да, салдарынан ұлттық сөйлеу нормасына жат, қабылдауға ауыр сөйлемдермен құрастырылған мәтін шығады. Сөзіміздің өн бойында тілге тиек еткелі отырған мысалдар – белгілі бір сөз тіркесінің, сөйлемнің, түрлі фразеологизмдердің бір тілден екінші тілге аударылған дәл көшірмесі, басқаша айтқанда түпнұсқа нысанының екінші тілде сөзбе-сөз қайталануын беретін калька аудармалар. Нақтылай айтқанда, қазіргі қазақ мәтіндеріндегі калька әдісімен жасалған аудармалардан байқалатындай, бұл – өңі қазақ, тілі қазақ, бірақ ойлау жүйесі қазақ тілінің қазығына байланбағандардың өнімі. Өзге тілге еліктеп «сөз арасын былғап» жүргендерден қазақ түсінбейтін қазақша мәтіндер дүниеге келеді.
Әңгіме ауанын аударуға келгенде отырған ері ауып кете беретін өзіміздің қазақ тілінің шала-жансар күйіне бұрайық. Әңгімені жарнамадағы қазақша мәтіннен бастасақ, ондағы еркетотай баланың шалдыр-шатпағы секілді мәтінді, сөз тіркесін оқығанда «бір қайнауы кем болып тұр екен» дейсіз. Дәлеліңіз бар ма дейсіздер ғой, осы өзіміздің халық жиі баратын «Каспий банктің» жұртшылықты несие алуға шақырған кезекті жарнамалық хабарландыруында «С платежными каникулами» мәтінін ондағы «с» шылауынан ұзамай «Төлем каникулымен» және тағы бір нұсқасы «Төлем демалысымен» деп сөзбе-сөз аударған. Осыны «Төлем – үзіліспен» немесе «Төлемдегі демалыс» мағынасының айналасында аударса дұрыс болар еді. Осы сарында бірдеңе айтқысы кеп тұрған келесі бір жарнамаға құлақ түрейік. «Қол бейнесін іздейміз қолданбаның жарнамасы үшін. Жеңімпазға 1500 000 тг құрайтын келісімшарт». Мәтін қазақша, құрастырып отырған – қазақ. Не айтқысы келгенін автор ғана түсінбесе, басқамыз үшін ол жарнама – «Ашылмаған арал».
Ал енді аударғанда мың бір атау, жүз бір теңеу болып түрлене түсетін ас мәзірінің жайы күлдіреді де, қынжылтады да. Тағы да қолда бар деректер сөйлесін. Қаламыздағы бір тамақтану орнының ас мәзірінде үй жағдайында да жасай беретін «Селдь под шубой» салатын орыс тілінен «Пальто астындағы майшабақ» деп аударған. Жолыңыз түсіп сол кафеге барғанда қолыңызға ұстатқан ас мәзірінен осы «..майшабақты» оқысаңыз, қазақ тілінің қалай қазақыланып жатқанын түсінбей дал боласыз. Күлдіре отырып күйдіретін осы тектес мәтіндерді, сөз тіркестерін, атауларды көріп, аудармадағы тәжірибенің аздығынан болды-ау деп қоңылтақсимыз.
Ал енді қазақша ойлап, қазақша жазатын кеңсе қызметкерлерінің авторлығымен құрастырылған қызметтік хат, хабарландыру, есеп мәтіндерін, баяндамасын оқығанда «ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді?» деген сұрақ өздігінен сұранып тұрады. Сөзімізді тұздықтайық: «Егер осы берілген жауаппен келіспеген жағдайда…», «Бағдарлама департаментпен әзірленген», «Аяқ астынан болған өрттің нәтижесінде екі кішкене баланы күйік шалып, ауруханаға жеткізілді», «…мәдени немесе табиғи мұраның кез келген объектілерінің зақымдануы немесе жоғалуының әлемнің барлық халықтарының игілігінің зиянды тозуын білдіретінін назарға ала отырып», «құжат тапсырғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тест тапсыру керексіз». Дұрысы – «… тест тапсыруыңыз керек». «Ол орыс, француз және ағылшын тілдерін бала жасынан бастап толық меңгерді», «Ең алдымен жерді пайдалану саласында тәртіп орнатып, жерді талан-таражға салу және жерді аздыру фактыларын біржола жою керек». Бұл сөйлемде «жерді» деген сөз үш рет қайталанады, сонан соң жерді аздыру деп емес, тоздыру деп алу керек. Өйткені «адам азады, жер тозады» деп айтылады емес пе? «Диқандар жаңа еңбек рекордын орнатты». Дұрысы – «… рекорд жасады». «Ол домбырада, гитарада ойнайды». Дұрысы – «… , гитара тартады». «Ол ағылшын тілінде еркін сөйлейді». Дұрысы – «… таза сөйлейді». «Бақытты кездейсоқтыққа байланысты ғана…» «Бақытты кездейсоқтығы» қалай? Қазақ мұндай жағдайды «Сабақты ине сәтімен дегендей» немесе «Істің сәтін салайын десе» деп айтады. «Елеулі түрде мүдделік білдіреміз». Дұрысы – «Біз бұған барынша мүдделі болып отырмыз». Бұл сөйлемдердегі көзге ұрып тұрған орашолақтық айтпаса да түсінікті.
Енді бір түсінбейтін, түсінсем де, екіұдай ойға жетелейтін тіркес дағды болып, тарап, қолданысқа сіңіп кеткен «Тәуелсіздік жылдары», «Тәуелсіздік жылдарында» тіркестері. Бұл да – орыс тіліндегі «В годы Независимости» тіркесінен аумай-төкпей аударылған көшірме. «Тәуелсіздік жылдары еліміз алыс-жақын шет елдермен экономикалық, дипломатиялық байланыстар орнатып, өндіріс, өнеркәсіпке үлкен көлемде инвестиция тартты». Осы сөйлемді оқып отырып «Тәуелсіздік жылдары қыруар іс атқарылған болса, қазір қандай кезең, қандай жылдар?», деген сұрақ қылаң береді. Мұндағы мағына: «Еліміз өз алдына дербес мемлекет болған алғашқы жылдары…» екені түсінікті. Алайда, «Соғыс жылдары…», «Ашаршылық жылдары…», «Тың игеру жылдары…» тіркестерін осы шақпен байланысы жоқ, өткен кезеңде атқарылған іс-әрекетпен, оқиғамен байланыстырып айтатын еді. Қазір де егемендік жылдары, егемендік дәуір жалғаса береді деген үмітіміз бар. Осы тіркеске бір асықпай зер сала қарау керек сияқты.
Тағы да тілімізге сіңіп кеткен, бірақ қазақ тілінің табиғатына келмейтін сөз орамдарын саралап көрейік. Мысалы, «Мұрнын тықпайтын жерге тығады». Орыс тіліндегі «Сует нос, куда не надо» тіркесі. Тап осы мағынаны беретін өзіміздің тілімізде фразеологиялық тіркес бар – «Иығын тықпайтын жері жоқ». Сол секілді қазіргі күні келіншектердің әңгіме арасында «Қамыр қойып кеттім» деп жатқанын естіп қаламыз, ол да – орыс тіліндегі «Поставила тесто» тіркесінің калька аудармасы, дұрысы «Қамыр илеп кеттім» болу керек. Тізе берсек, өз ана тілімізде де бар баламаларын былай ысырып қойып, орыс тілінің кәлібінен құйып алып жүрген сөз орамдары, тіркестер ауызекі тілімізде өріп жүр.
Қаладағы жеке кәсіпкерлік нысандарының әрі-бері өткендердің назарын аударатын, көзге тартымды, түсінуге төте орыс тіліндегі атаулар, қысқаша нұсқаулар жазылған тақтайшаларын көріп жүреміз. Сондай көзге таныс, жиі кездесетін, өзіміз жанынан өтіп бара жатып, бір оқып өтетін хабарландыру мәтіндерінің бір тобын да ой талқыға салайық. «Парковка запрещена», «Дом продается», «Мы открылись», «Не курить», «От себя», «Въезд запрещен», «С собой», «Место купания», «Сдается в аренду», т.б. Сонымен қатар, көрсететін қызметін, сататын тауарларын хабарлаған мынадай жарнама мәтіндері де кездеседі.
Центр изучения английского языка
Ремонт сотовых телефонов
Комплексный обед/ Доставка еды
Покупка и продажа телефонов
Самая высокая оценка
Магазин мужской одежды
Наши услуги
Осы тіркестерді қалауын тапса, орысшасын он орап алатындай етіп қазақша жазып қоюға болмас па?
Енді бір көзге дұрыс көрінгенмен, көкейге орнықпай жүрген «К сожалению» тіркесін бірде «Өкінішке орай» деп аударса, енді бірде «Өкінішке қарай» деп аударып жатады. Сондағы түпнұсқадан ұзатпай тұрған «к» шылауы. Аударма мәтіндерінде кездесетін осы тіркесті өзім өкінішке орайластырмай да, өкінішке қарайластырмай да «Өкініштісі сол …», «Бір өкініштісі …» деп аударып, осы нұсқамен түпнұсқа мазмұнды сақтауға болатынына көзім жетіп келеді.
Сонымен қатар түпнұсқадағы мәтіннің барлығы бірдей мағынасы анық, сауатты жазылған деп айтуға келе бермейтін жағдайлар да кездесіп қалады. Ондайда аудармашы алдымен мәтіннің қай салаға қатысты құралғанына шолу жасап алғаны жөн.
Қолымыз қалай көргенімізді солай жазуға дағдыланып кеткен енді бір сөз – орыс тіліндегі вы жіктеу есімдігінің қазақша сіз деп те, сендер, сіздер деп те аударылатыны белгілі. Орыс тілінде сыпайы мағынада сіз дегенді білдіретін вы тұлғасы бас әріппен таңбаланады да, сендер дегенді білдіретін вы тұлғасы кіші әріппен жазылады. Ал қазақ тілінде сыпайы қатынасты білдіретін, дербес сіз есімдігі бар, олай болса қазақ тілінде бұл есімдікті, әсіресе ресми хат мәтіндерінде бас әріппен таңбалаудың қажеті жоқ. Алайда, қазақша мәтіндерде сыпайы қатынасты білдіретін сіз, сізге, сізді, сіздің есімдіктерін бас әріппен жазу орыс тіліне қайрылып қарай бергеннен сақталып отыр, осыны тоқтату керек.
Жазба тілдегі атқа жайдақ мінген аудармаларды шамамыз келгенше екпінін басуға, жан-жағына қаратуға тырыстық. Енді өз айналамызда, күнде дерлік естіп, құлағымызға сіңіп кеткен қандай фразаларды, қандай сөздерді үлкеніміз де, кішіміз де тілімізден тастамай жүрміз, оларсыз айтар ойымызды бастамаймыз, экранға назар аударғандай, бағамдап көрейік.
Хорошо что, прикинь, хотя бы, короче, давай, ужас, кстати, срочно, молодец, значит, конечно, как будто, вообще-то, тем более.
Бұл тізбені жалғастыра беруге болады. Бірақ осы жерден аялдап, біздің тіліміздегі де мәністі, шұрайлы теңеу сөздерді, айналасы жұп-жұмыр келетін келісті тіркестерді ауызекі тілдерінде, сөз арасында қолданатын өзге халықтар, өзге ұлттар бар ма екен деп бір сәт ойлансақ, қысылсақ дейміз. Сөзімізді түйіндесек, халықаралық қатынас пен мәдени, саяси және технологиялық байланыс артқан уақытта аударма жасау да дәуірден қалыспайды. Интернеттің атырабын еркін шарлап, цифрлық технологияны тізгіндеп, жасанды интеллектіге ауыз салған қазақ тілінің халі аудармаға келгенде жетім қыздың тойындай болмасын десек, аударма жасағанда мәтіндегі сөзді түгендемей, ондағы мағынаның сүрлеуіне түсейік. Үздіксіз жүріп жатқан жаһанданудың толқынымен тілдік қорымызға келіп қосылатын сөздерге, сөз тіркестеріне үлкен талғаммен қарайық, жасығын тастап, асылын алайық!
Баян БАЙДІЛДАЕВА,
облыстық қоғамдық даму басқармасы тілдерді оқыту орталығының аудармашысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<