Баға. Делдал. Алпауыттар

459

0

Сұйытылған газ төңірегінде түйткіл көп

5 қаңтарда Мемлекет басшысы елдегі әлеуметтікэкономикалық жағдайды тұрақтандыру мақсатында мұнай өнімдерінің жекелеген түрлері мен сұйытылған газдың бағасын мемлекеттік реттеуді тапсырған. Сұйытылған газды электронды сауда алаңында сату 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шегерілді. Оған дейін сала министрлігі бағаның негізсіз өсуін тежеу жолдарын белгілеп, ашықтық талаптары тетігін жетілдіруі керек. Сондай-ақ, алдағы бірнеше ай көлемінде мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiру және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы заңға бірқатар маңызды өзгертулер енгізіледі деп күтілуде.

Өткен айда облыстық кәсіпкерлер палатасы табиғи монополияларды реттеу департаментімен бірлесіп жиын өткізген. Онда кәсіпкерлер жоғары бағамен сатып алынып қойған мұнай өнімдерін қайта есептеу, артық төленген қаражатты өндіріп беру, жергілікті операторлар берген өтінімдердің толық қанағаттанбауы, сұйытылған газды әлеуметтік бағамен сатып алу, басқа да мәселелерді көтерген. Бұл мәселелердің ауқымдылығы ескеріліп, Кәсіпкерлер палатасында арнайы кең құрамдағы тағы бір кездесу өтті.

Жиынды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов жүргізді. Облыстағы құзырлы органдар өкілдері мен саладағы кәсіпкерлер қатысқан жиында бензин, дизель, сұйытылған газдың бағасын тұрақтандыру бойынша мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар түсіндірілді.

Халықтың сұйытылған газға сұранысы күн санап артып келеді. Мысалы, өткен жылғы дерек бойынша, облыста 109 948 жеңіл көлік болса, оның 16 мыңы газбен жүреді. Аймақ тұрғындарының 35 проценті немесе 288 мың адам әлі күнге тұрмыстық баллондағы газды пайдаланады. Айта кетерлігі, өңірімізде осы салада жұмыс жасайтын 55 кәсіпкерлік субъектінің 145 жанармай құю стансасы бар. Дегенмен, облыстағы мұнай нарығында бәсекелестік орта деңгейде. Ал, бұл – көңіл көншітпейтін көрсеткіш. Жиында облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшысы Ерсін Орынбаев сұйытылған газбен айналысатын мекемелер өте аз екенін атап өтті.

– Себебі кезінде ондай мекемелер аккредиттеуден өтетін. Одан өту талабы бойынша кәсіпкердің 300 тонна сыйымдылығы бар базасы болуы керек деген сияқты кедергілер кездесті. Себебі ондай базаны кез келген кәсіпкер сала алмайды. Бүгінде ол тосқауыл алынған, 60 тонналық сыйымдылығы бар кез келген кәсіпкер сұйытылған мұнай-газбен айналыса алады. Біздегі тауар нарығының 95 процентін алып отырған 23 мекеме бар. Бұл облыс үшін өте аз. Кемінде жүзге жуық кәсіпкер айналысуына болады. Сондықтан қазір жол ашылды, басқалар үшін де тауар нарығына енуге мүмкіндік бар, – деді ол.

Сондай-ақ, департамент басшысы Энергетика министрлігінің бұйрығымен облыста АИ-92 бензині 182 теңге, дизель отыны 230 теңге болып белгіленгенін атап өтті. Сұйытылған газ бағасы облыс орталығынан 200 шақырым қашықтыққа дейін орналасқандар үшін литріне 60 теңге, одан алыс елді мекендер үшін 65 теңге. Бірақ бұл жарты жылға бекітілген баға. Кейін ережелерге өзгерістер енеді.

Сұйытылған газды электронды сауда алаңына көшіру алдағы жылы енгізіледі. Ішкі нарыққа сұйытылған мұнай-газды беру қағидаларына толықтырулар енгізілді. Енді сатып алуға автогаз құю стансалары да қатыса алады. Бұл бағыттағы соңғы өзгерістерді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов түсіндірді.

– Өткен жылдың басынан сұйытылған газ мөлшері ай сайын 5-10 проценттен электронды сауда алаңына ауыстырылып, биылғы қаңтардан бастап толығымен өткізілетін болған. Соңғы жағдайларға байланысты Мемлекет басшысының тікелей араласуымен тоқтау салынды. Бұрынғыдай шекті баға белгіленді. Өндірушілердің де нақты бағасы қайта қолға алынды. Бүгінде шекті бағасы тоннасына 28 мың теңге болып бекітілді. Яғни, кез келген кәсіпкер тікелей өндірушіден осы бағамен сатып алып, қойылған шекті бағамен сатады, – деді ол.

Дегенмен, салада қордаланған мәселе көп. Кәсіпкерлер бағаның қымбаттауы делдалдардың әсерінен болып отырғанын алға тартты. Мысалы, мұнай өнімдерін ауыстырып тиеу шарты – «перевалка» – өңір кәсіпкерлеріне үлкен тосқауылдардың бірі. Кәсіпкерлер мұнай өнімдерін өндірушіден өздері тасымалдауға әлеуеті жете тұра, үшінші бір мекемемен шарт жасасып, еселеп шығынға батуға мәжбүр. Себебі талап солай. Мысалы, тоннасы 28 мың теңгеден берілетін әлеуметтік газды 175 мың теңгеден алып келеді. Салдарынан өңірдегі көптеген операторлардың кәсібі құлдырап, жабылудың алдында тұр.

Жиында операторлардың өтінімдерінің қанағаттандырылмау мәселесі де айтылды, яғни, облысқа бөлінген мұнай өнімдері сұранысты жаба алмайды. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тасқараев кәсіпкерлерді толғандырған мәселе әкімдік тарапынан да бірнеше рет көтерілгенін айтты.

– 2016 жылға дейін мұнай өнімдерін бөлу облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының құзыретінде болған. Одан кейін Энергетика министрлігінің 2015 жылғы бұйрығымен АИ-92 бензині мен дизель отынын мемлекеттік реттеу алынып тасталды. Қазіргі таңда облыс аумағында бөлшек саудадағы мұнай өнімдерінің қоры мен күнделікті бағаларына басқарма өз құзыреті шегінде тек мониторинг жүргізеді. Өңірге мұнай өнімдері мемлекеттік органдардың қатысуынсыз, орталық атқарушы органдармен ресурс ұстаушы арқылы бөлініп келеді. Республика бойынша 30-дан аса ресурс ұстаушы мекеме бар. Соның ішінде облысқа «ПетроҚазақстан» компаниясы белгіленген. Басқарма облыстағы жанармай бекеттерінің мұнай өнімдеріне ай сайынғы қажеттілігін жинақтап, Энергетика министрлігі мен «ПетроҚазақстанға» жолдайды. Алайда, бұл жаңа механизм әсерінен өңірлік операторларға бөлінетін мұнай өнімдерінің көлемі күрт азайып кетті, – деді Мұрат Тасқараев.

Оның айтуынша, «ПетроҚазақстан» өңірге қажет мұнай өнімдерінің 50 процентін ғана қамтамасыз етуде. Мысалы, 2020 жылы 89972 тоннаға берілген өтінімнің серіктестік 64,8 процентін ғана, 2021 жылы 132883 тонна өтінімнің 28,7 процентін ғана қанағаттандырған, яғни, жергілікті операторлар қалған қажеттілігін коммерциялық мұнай өнімдерімен толықтыруға мәжбүр. Айталық, облысқа ақпан айында 6652 тонна сұйытылған газ бөлінген. Бірақ, өңірде «көгілдір отынға» сұраныс жоғары, сондықтан тапшылық болуы мүмкін.

Сонымен қатар, құзырлы органдар аймаққа қатысы бар 12 компанияға тексеру жүргізіп, біраз былықтың бетін ашқан. Қызылорда облысына бөлінген сұйытылған газдың біраз бөлігін Түркістан облысына, Шымкент қаласына, Жамбыл облысына сату фактілері кездесуде. Одан бөлек, баға бойынша сөз байласу (ценовой сговор), басқа да бұзушылықтар орын алып жатыр.

Жиын соңында салаға жауаптылар алдағы уақытта Президент тапсырмасы аясында заңнамаға өзгерістер енгізілетінін жеткізді. Бұл өзгерістер кәсіпкерлердің талап-тілектерін назарға ала отырып жасалмақ.

Атап айтқанда, газ қоры тұтыну межесіне қарай көбейтіледі. Сондай-ақ, жанармай құю бекеті бар кез келген кәсіпкерге сұйытылған газды өндірушіден тікелей делдалсыз, арзан бағамен алуға жағдай жасалмақ. Мұнан бөлек, бұрын биржаға 20 мың тонна сатып ала алатын кәсіпкерлер ғана қатысатын. Бұл тосқауылдың кесірінен биржаға қатысуға тек алпауыттардың әлеуеті жететін. Қазір бұл шекті көлем 5 мың тоннаға дейін азайтылған. Одан да азайтуға жұмыс жасалуда.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<