Баға қайда барады?

529

0

сурет ашық дереккөзден

Шекті баға шетін қалғалы тұр

Тапқан табысының жартысынан астамын тамаққа жұмсайтын қазақстандықтар жыл басталғалы қымбатшылықтың екі бүйірден қысып баратынына наразы. Ұлттық статистика бюросының ресми сайтындағы мәліметке зер салсақ, өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда күріш бағасы 34,3%, минералды және ауызсу 18,4%, консервіленген сүт 16,9%, алкогольді ішімдіктер және темекі өнімдері 15,6%, майлылығы 2,5% айран мен жұмыртқа 13,4%-дан, сарымай 13,3%, пастерленген сүт пен жаңа жиналған жемістер мен көкөністер 12,8%, тоқаш және ұннан дайындалатын өнімдер 12,3%, балық және теңіз өнімдері 12,1%, кондитерлік өнімдер 10,7% өскен. Ал қарақұмық жармасы 22,6%, күнбағыс майы 18%, құмшекер 15,8% төмендегені байқалған.

Делдалдар әсер етеді

Сонымен бірге жиһаз және үйге қажетті заттар, киім және аяқкиім, фармацевтикалық өнімдер, құрылыс материалдарының бағасы да өсті. Дизель отыны, бензин, сұйытылған газ, тас көмір нарқында да өзгеріс бар. Көрсетілетін қызмет түрлеріне де баға өскен. Айталық, кешенді демалыстарды ұйымдастыру қызметі 16,8%, санаторийлер қызметі 15,8%, денсаулық сақтау қызметі 13,6%, демалыс және спорттық іс-шаралар саласындағы қызметтер 13,5%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары 12,8%, білім беру қызметтері 9,6%, қоғамдық тамақтандыру қызметтері 8% жоғарылады. Жол және әуе көлігі қатынастары мен теміржол көлігі қызметі де қымбаттады. Тарифтер құнында да бағаның өскені көрініп тұр.

Ал жалпы республикалық деңгейден 9 өңірде, соның ішінде Қарағанды (11,1%), Ақмола (10,7%), Маңғыстау (10,6%) облысында бағаның өскені айрықша байқалды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы импортқа тәуелділікті төмендету үшін 2024 жылға дейін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары қолданылады деген болатын. Мемлекет форвард несиелеуге 100 миллиард теңгеден аса қаржы бөлуді жоспарлап отырғанын, бұл фермерлерге көктемгі егін жұмыстарын уақытылы жүргізуге және күзде өнімнің кепілді өткізілуіне мүмкіндік беретінін де айтқан еді. Сондай-ақ азық-түлік бағасының қымбаттауына көп жағдайда делдалдар ықпал ететініне назар аударды.

– Өнім дүкен сөрелеріне жеткенше бағаның бірнеше сатысынан өтетіні жасырын емес. Сондықтан жеткізу тізбегінен делдалдарды жою, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін логистиканы жолға қою аса маңызды. Бұл жөнінде әңгімелер жүргізіліп, нұсқаулар болды. Осы тақырыпта әңгімелер мен тапсырмалар бұрын да болған. Делдалдық схемаларды тергейтін өңірлік комиссиялар алыпсатарлықты, сөз байласуды және заңсыз сауда белгілерін анықтау бойынша жұмысын жандандыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.

  Бұл сөздерді Президент осыдан екі жыл бұрын айтқан болатын. Алайда жыл сайын қымбаттап жатқан бағаға нарық ырық берер емес. Биыл Үкімет әлеуметтік маңызды 19 азық-түлік тізімінен 9 тауарды: тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, нан, сүт, картоп пен тауық жұмыртқасын алып тастамақ, яғни, енді бұл азық-түлік түрлеріне шекті баға белгіленбейді.

9 өнімге шекті баға қойылмайды

Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің хабарлауынша, баға мен тарифтерді мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту жөніндегі Жол картасына сәйкес, келер жылдан 9 азық-түлік түріне шекті баға енгізілмейді. Өйткені жергілікті нарықты отандық өндіріс 100 пайыз қамтып отырған көрінеді. 2024 жылдың 1 жартыжылдығына қарай отандық өндіріс 100% қамтамасыз ететін тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, нан, сүт, картоп, тауық жұмыртқасына шекті баға қойылмайды.

Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімінен 2025 жылы қалған 10 азық-түлік те сызылады. Олар: сәбіз, пияз, ақ қырыққабат, күнбағыс майы, сиыр еті ( жауырын-төс бөлігі), тауық сан еті, жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5% айран, 72,5 пайыздық тұздалмаған сарымай, майлылығы 5-9% сүзбе, құмшекер. Бұл тауарлар бойынша 2025 жылға қарай импорт алмастыру 100 пайызға жетуі тиіс.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев  Үкімет 2024 жылы да әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын реттеу жалғастырылады деп мәлімдеген еді.

– Министрлік әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түрі бойынша жұмыс жүргізеді. Сол тізімдегі тауар өндірушілер және сауда желілерімен тікелей жұмыс істеп, азық-түлік қатты қымбаттамас үшін, үстінен қосылатын үстемеақысын реттеп отырамыз, – деді вице-министр.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) болжамдары бойынша Қазақстан АҚШ, Австралия, Бразилия және Аргентинамен қатар әлемдік азық-түлік хабтарының біріне айналу үшін үлкен әлеуетке ие. Десе де бұл мүмкіндікті пайдалану үшін алдымен ішкі сұранысты қанағаттандыру керек. Олай болмаған жағдайда сырттан келетін бағасы арзан, сапасы төмен азық-түлік сөрелерді толтыратыны анық.

Қазақстан ішкі өндіріс есебінен тұтынылатын 29 негізгі азық-түлік тауарларының 23-ін, оның ішінде  жеміс-көкөніс, жарма, ұн, ет өнімдері және басқа да өнімдермен қамтамасыз етеді. Өнімнің қалған 6 түрі (алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, қант және құс еті) бойынша өндірісті ұлғайту үшін 2024 жылы жаңа құс фабрикаларын, ет комбинаттарын, сүт, қант зауыттарын ашу және алма бақтарының алаңдарын ұлғайту жоспарланған. Бұл отандық өндірісті негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өңірде кейбір өнімдер бағасы өскен

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері (25 қаңтар жағдайында) 6 өнімнің бағасы жоғарылаған. Мәселен, қырыққабат 3,8%, нан 2,6%, сүзбе 2,4%, жұмыртқа 1,1%, сиыр еті 0,4%, тауық еті 0,2%. Ал 3 өнім бағасы төмендеп (бас пияз 10,5%, қарақұмық жармасы 7,5%, қант  1,3%), облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсу индексі 100%-ды құрап отыр (ҚР – 100,2%).

Ал кейінгі аптада (18-25 қаңтар аралығында) 4 өнімге баға жоғарыласа (сүзбе 2,4%, қырыққабат 1,5%, нан 1%, сиыр еті 0,4%), 2 өнім бағасы төмендеп (бас пияз 8,7%, қарақұмық жармасы 5,1%), облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсу индексі 100%-ды құраған (ҚР – 100%).

2023 жылғы күзгі егіннен форвардтық сатып алуды қамтамасыз ету мақсатында 4952 тонна көкөністі сатып алуға келісім-шарт жасалды, оның ішінде картоп – 2945 тонна, сәбіз – 677 тонна, пияз – 800 тонна, қырыққабат – 530 тонна. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен 100 пайыз келісім-шарт жасалса, оның 36%-ы жергілікті өндірушілер, қалған 64%-ы басқа өңірлерден.

– Сатып алу келісім-шарттары бойынша 2791 тонна өнімнің қаржысы төленген, оның ішінде 1545 тонна картоп, 446 тонна сәбіз, 800 тонна пияз бар. Қалған 2161 тонна өнім бойынша төлем кепілмен қамтамасыз етілуіне қарай жүргізіледі. Жамбыл облысының «Марасұлов» ШҚ-мен жасалған форвардтық келісім-шарт бойынша 1500 тонна өнім (800 тонна пияз, 500 тонна картоп, 200 тонна сәбіз) сатып алынды. Бүгінгі күнге тұрақтандыру қорына 1166,4 тоннасы (800 тонна пияз, 225 тонна сәбіз, 141,4 тонна картоп)  жеткізілді. Қалған өнімдер қажеттілікке сәйкес жеткізілетін болады. Жергілікті өндірушілердің көкөніс өнімдері өз қоймаларында сақталып, ӘКК-нің жеткізу кестесі бойынша жүргізіледі. Айналым схемасы аясында 8 кәсіпкерлік субъектінің 4325,6 тонна өніммен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері белгіленіп, 1505,9 млн теңге қарыз беріліп отыр, – деді басқарма басшысы Талғат  Дүйсебаев.

Өңірде баға тұрақтылығын ұстап тұру үшін жұмыс істейтін әлеуметтік дүкендер желісі бар. Алайда көп сынға ұшырайтын бұл жүйенің жұмысын жандандыру қажет секілді. Өткен жылдың шілде айында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы қызметіне тағайындалған Ғизат Майданұлына облыс әкімі сенім білдірген болатын. Салаға серпін беретін маман ретінде таңдалған кадр жарты жыл ішінде қандай шаруалар атқарды? Тұрақтандыру қорының жұмысына қатысты кемшіліктер бұған дейін де орын алған болатын. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңірге кепілдікпен әрі үздіксіз жеткізу, арнайы дүкендер мен ірі сауда желілерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін төмен бағамен сату, тапшылықты болдырмау бағытында не істелуде? Көкейдегі сауалдарды басшының өзіне жолдаған едік.

Оның айтуынша, биыл жаңа 15 әлеуметтік дүкен ашу жоспарда бар. Оның 5-уі корпорация есебінен, 10-ын инвестор салады.

– Бүгінде корпорацияның инвестициялық портфелі 15,4 млрд теңге соммасын құрайтын 34 жобаны қамтыса, оның ішінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының үлесі 4,2 млрд теңге. Корпорацияның үлесін қайтару бойынша инвестициялық жобаларға өткен жылдан бастап мониторинг жұмыстары қарқынды жүргізіліп, нәтижесінде 2023 жылы 1,3 млрд теңгеден астам қаржы қайтарылды. Бұдан бұлай корпорация қолдау білдірген инвестициялық жобаларға енді жарты жылда бір рет көшпелі мониторинг жұмыстарын жүргізетін болады. Онда бірлескен кәсіпорындардың қаржы-экономикалық қызметіне талдау жасалып, проблемалық жобалар бойынша заң қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жүргізіледі, – дейді Ғизат Майданұлы.

«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қаржыландыратын инвестициялық жобалардың басым көпшілігі тамақ өнеркәсібіне, мал шаруашылығына, оның ішінде бордақылау алаңдарына, тау-кен өндірісіне бағытталған. Сонымен қатар, тұқым шаруашылығын дамыту, электр қуатымен жабдықтау, жол бойында қызмет көрсету жобалары да қамтылған. Бүгінде аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсерін тигізетін жаңадан бірлескен кәсіпорындар құрылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, қолжетімді бағадағы өнімдердің жеткілікті көлемін қамтамасыз ету арқылы жоғары сапалы сауда алаңын қамтамасыз ету және негізгі азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне байланысты әлеуметтік шиеленісті жеңілдету үшін «Ырыс коммуналдық базары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Жобаны іске асыруға бірінші кезеңде 500 млн теңге бөлініп, қаржы құрылыс-монтаждау жұмыстарына бағытталды.

Бүгінгі күні тұрақтандыру қорында 2768 тонна өнім (50,6 тонна қарақұмық жармасы, 29,1 тонна қырыққабат, 58,1 тонна картоп, 200,6 тонна сәбіз, 779 тонна пияз, 12,7 тонна рожки, 167 тонна күнбағыс майы, 1061  тонна ұн, 3,4 тонна тауық еті, 213 тонна күріш, 193,5 тонна қант) және 301 мың дана тауық жұмыртқасы бар.

Еттен кейін көп тұтынатын жұмыртқаның бағасы әжептәуір қымбаттаған. Маусымдық кезеңде оның бағасы қалтаға салмақ болып тұрғаны рас. С-1 санатындағы жұмыртқаның бағасын тұрақтандыру мақсатында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Береке-Трейд» ЖШС мекемесі арасында қарыз шарты жасалған. Бұл келісім маусымдық қымбаттау кезеңінде жұмыртқаның бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Аталған қарыз шарты негізінде «Береке-Трейд» мекемесі қаламыздағы 35 әлеуметтік дүкен мен 10 ірі сауда үйіндегі әлеуметтік бұрыштарға 1 млн дана С-1 санаттағы жұмыртқасын жеткізетін болады. Тұрғындарға жұмыртқа әлеуметтік дүкендерде  50 теңгеден, ал ірі сауда үйлеріндегі әлеуметтік бұрыштарда 55 теңгеден сатылуда.

Әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру мақсатында жыл басынан 7480 тонна ұн («Қазақ ұны» ЖШС-нан 7276 тонна, «Адал LTD» ЖШС-нан 204 тонна) сатып алынып, наубайханаларға таратылуда. Бүгінде тұрақтандыру қорында 1061 тонна ұн бар болса, өндіруші кәсіпорындағы ұн көлемі 1524,4 тоннаны құрайды.

Облыста әлеуметтік бөлке нанның орташа бағасы тұрақты 99 теңге. Еліміздің солтүстік өңірлеріндегі қолайсыз ауа райы егін-терімге әсер етеді. Соны ескерген мамандар облысқа «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 3631,8 тонна астық (ұнға есептегенде  2542,3 тонна) сатып алынды. Оның 860 тоннасы ұн түрінде облысқа жеткізілді және наубайханаларға таратылуда. Ұнның келісін наубайханаға 128 теңгемен өткізуде. Бірақ келісім-шарт негізінде наубайхана иелері нанның бағасын әлеуметтік дүкенде  65, ал супермаркеттерде  85 теңгеден асырмауы тиіс.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<