Бала тәрбиесіне жауапсыздық – ұлт мүддесіне жауапсыздық

1217

0

Бүгінгі қоғам алдындағы басты мақсат – өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін  ұрпақ тәрбиелеу. Ол үшін еліміздің болашағы, бала тәрбиесімен айналысатын отбасы, мектеп, қоғам және жұртшылықтың тәрбие ісі кіріктіріліп жүзеге асуы тиіс.

Адамның бұл дүниедегі басты табиғи құқығы мен міндеті – ұрпақ келтіру, тәрбие мен білім беру, өмірге баулу. Артымызда қалатыны – құдайдың берген ұрпағы. Қалғанының бәрі – соның айналысындағы пендешілік іс-әрекеттер.  Осы тұрғыдан келгенде, биылғы тамыз мәслихаты қарсаңында бірнеше пікірлеріммен бөліссем деймін.

Бірінші, ата-аналармен бөлісеріміз жөнінде.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Сондықтан, қоғамның барлық мүшесі бұл жұмыстан тыс қала алмайды. Баланың тәрбиесі дұрыс болса – бағың, бұрыс болса – сорың. Баланы тәрбиелеуді өзімізді тәрбиелеуден бастағанымыз жөн. Өйткені ол саған тартады. Әкесі дұрыс болса өзіме тартқан, кемшілігін нағашысына тартқан десе, анасы дымы жоқ бәрі өздеріңе тартқан деп әзіл-шыны аралас отыра беру жарамас.

Бір мектептің әдіскері бастауыш сынып оқушыларына барып: «араларыңда кімде ақыл жоқ?» деп сұраса, бірнеше бала қол көтеріпті. Зерделеу барысында  ол балаларға ата-аналары үнемі сенде ақыл жоқ, ми жоқ деп айта беретіндігі анықталады. Ұяда көргенін өмірде жасайтын ұрпағымыздың әттеген-айы болса, әуелі өзімізден іздегеніміз дұрыс болар. Ол үшін өзіңе деген сенім мықты болуы тиіс. Әйтпесе, «менің қолымнан келмейді», «туа бітті мінезім осындай», «істеген ісім үнемі нәтижесіз», «менің тұзым жеңіл», «жұрттың баласын қарашы», т.б. саны таусылмас сылтауларды жиі естиміз. Оны көрген, естіген бала қандай болып өсуі тиіс. Керісінше, жетістікке жеткен адамдар ерекше бір қасиеті бар адамдай көрініп, «ондай болу қайда?» деген сенімсіздік сананы шырмап тастайды. Адамның бәрі бір-біріне ұқсас, қабілеті де алшақ емес болып жаратылған. Уақыт өте келе, әркімнің тәрбиесі, білімі, тәжірибесі арқылы ішкі-сыртқы ресурстары дамып, өз нәтижелерін бере бастайды. Яғни, жетістікке жеткен адам аспаннан салбырап түскен емес.

Баланың болашағын қамтамасыз еттім деп, оған мол дүние-мүлікті мұра ғып қалдырған адамды емес, еңбекқорлықты бойына сіңіре білген жанды айтса керек. Еңбек етсе ғана тіленбей, ешкімге жәутеңдемей өмір сүретініне деген сенімді арттыруға тиіспіз.

Әркімнің ерекше өзі мән бермей жүрген қабілеті болады. Соны тауып, күшейтіп еңбек етсе, ақсақ түйе секілді көштің соңында қалмасына сенемін. Ал ақсақ түйенің арманы көш кері бұрылса деп ойлайды. Ол көштің бағыты алға жүру, ол саған бола орнында омалып отырмайды.

Баланы мен тудым мемлекет асырасын, мектеп тәрбиелесін деп, қол қусырып отырудың арты орны толмас зардаптарға әкелетінін әсте ұмытуға болмайды. Уақыт өткесін баланың бұрыс жолға түскеніне кімді кінәлаймыз?! Ол кезде мұғалім де, сала басшылары да, басқа да ауысып кетеді. Сонда қалатыны артыңа ерген балаң. Кезінде әкесі баласына «түзу жүр, қалдырар ізің түзу болсын» дегенде, баласы әкесіне, «әке мен сіздің ізбасарыңмын ғой, менің басар ізім түзу болсын десеңіз, сіз түзу жүріңіз» депті ғой.

Бізде өмір жолын үлгі етер, үйренер тұлғалар жеткілікті. Жақсылардан үйренуден жалықпайық.

Баласына салауатты жаны ашитын, әрбір ата-ана білім саласы жөніндегі  алып-қашпа жел әңгімеден аулақ болуы тиіс. Кейбір қоғам алдындағы жауапкершілігін толық сезінбейтін адамдар мұғалімнің, мектептің, директордың, т.б.  кемшілігін көрсе, жерден жеті қоян тапқандай  таратып жатады. Жазылғанды, айтылғанды өз баласы да оқитынын, еститінін, сөйтіп ортақ мүддеге зиян келтіріп жатқанын сезіне бермейді. Өйткені өзі тек біреудің кемшілігін көруге дағдыланған. Оны үнемі іздеумен жүреді. Таба алмаса да алыстан айбат шегіп, алдағы уақытта кемшілікті бетіне шығарамын деп үркітіп, сыныққа сылтау іздеп әр нәрсені түрткілеумен, кіжінумен болады. Осындай «өнегені» күнде көріп жүрген баласының болашағы не болады деп те ойланбайды. Баланың бойына жақсыға ұмтылуды, жасампаздық қасиеттерді сіңдірудің орны ерекше маңызды.

Өзгенің айыбын ашып, елге шашқанды көргенді іс деп айта алмаймын.

Мұғалімді сыйлау-сыйламау  әркімнің өз пікірі, ал сыйластықпен қарау – әркімнің тәрбиесінің деңгейі. 

Пенде болып жаратылғасын, адамның қателесуі, кемшілігі, өмірде сүрінуі болады. Диванда жатқан адам ғана сүрінбейді. Адамды кемшілігіне қарап емес, содан сабақ ала білуімен бағалау керек. Әрбір отбасы – өзінше бір мектеп. Ата-аналар отбасы тәжірибелерінен өте отырып балаларына  білгенін үйретеді.

Әрине, әр ата-ананың тәрбие саласында өмір тәжірибесі, кәсіби білімі жете бермейтіні рас.

Бұдан, екіншіден, педагогикалық ортамен бөлісер ойымыз шығады.

Яғни, отбасына мектеп тарапынан білікті көмек қажет. Үйде ата-ана баулыса, мектепте мұғалімдер тәрбие береді. Тәлім-тәрбиедегі жарасымдылық, бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады. Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы өзін қоршаған ортасына: мұғалімге, ата-анаға, бірге оқыған құрбы-достарына, олардың күнделікті іс-әрекеттеріне, жан-жақтан алатын ақпараттарға  байланысты.

Мұғалім мен оқушылардың қатынасуында көптеген жағдайлар бар. Педагог кез келген нақты жағдайда оқушының психологиясына ерекше дұрыс жолды таба білуі қажет. Өйткені, ол – маман. Ол – оның, адам ретінде ар-ожданының алдындағы, азамат ретіндегі мемлекеттің алдындағы, маман ретіндегі заң алдындағы міндеті мен жауапкершілігі.

Баланы оқыту дегеніміз – мұғалімнің күнделікті көмегінсіз дамуына қабілетті болуға үйрету. Шәкіртіне үйретер жақсы өнегелері көп ұстаз ғана шәкірттің есінде ұзақ сақталады.

Ертең шәкіртің танымай қалса, неге танымайсың деп ренжу ретсіз болады.

Біз, білім саласының қызметкерлері қоғам мүшелерінің назарында, сын садағының ұшында жүреміз. Сондықтан, жүрген жүрісімізге, сөзімізге, киген киімімізге, жеген тамағымызға, әсіресе ісімізге өте абай болуымыз қажет. Жақсы шәкірт шықса, менің шәкіртім деп иеленіп шыға келеміз. Жетістікке жете алмай, өмірден орнын таба алмай жүрген шәкірттерімізді сонда кім оқытқан, кім тәрбиелеген?

«Оқу – ғанибет, білім алу – ғажап, ұстаз көру – керемет», – дейді. Оқу ордасының есігін ашқанда ұстазын көреді, шын мәніндегі ұстазын көргенде білімге құштарлығы ашылады. Құштарлығы ашылмаса, ұстазын сезінбегені. Оқу-тәрбиені көркем ететін мектептің жүрегі – мұғалім.

Өмірден түйгенім, ұстазын таппаған адамның тәрбиесінде кемістік көп болады. Ұстаздық – таза ағын су. Артық нәрсенің бәрін ағызып, тазалап отыратын.

Қоғам талқысындағы негізгі мәселенің бірі – педагогикалық кадрлардың сапасы. Білім беру мекемелері басшыларының кадр таңдаудағы субъективті іс-әрекеттері жайлы әңгімелерді естіп жатамыз. Осы бағытта облыс басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев қатаң талап қоюда. Талап өте орынды. Жұмысқа тұру үшін блогерлерге айту керек дегенді естігенде қатты қапаландым.   Жұмысқа қабылдағанда  сыйыақы  алатындарды да жоққа шығару қиын. Осындайға саналы түрде баратын адамдарды «ұлттық мүддеге сатқындық жасаушы» деп айтқым келеді. Білім ордаларындағы жұмысын тек күнкөріс көзі ретінде қарайтын адамдар ол жерден кетіп, басқа жұмысқа барғаны дұрыс. Ұстаз болуды рухы мықты, ұлтын сүйетін нағыз мықтылар атқарар ма еді, шіркін?!

 Жаңа заманда қоршаған орта түсінігі де өзгеруде. Бұрын біз қоршаған орта ретінде достарын, сыныптастарын, көршілерін, т.б.  қабылдап үйренгеміз. 

Жаһанданудың қазанында қайнап жатқандықтан, осы бағытта жұртшылықпен   бірнеше мәселе туралы ой бөлісейік. 

Қазір баланың ең жақын «досы» – интернет адамды өзінің иіріміне тартып алар күшке айналды.

Анасынан еңбектеген бала сүт емес, телефон сұрайтын сұр заманды да көрудеміз. Ата-анамен баланы, ұстаз бен шәкірттің арасын ажырататын да, жақындататын да осы гаджеттер. Мәселе оны қалай пайдаланатындығымызда. Дұрыс пайдалансақ жетеміз, бұрыс пайдалансақ өшеміз. Менің білетінімде, салауатты ойлайтын адамдар балаларын белгілі бір жасқа дейін интернеттен алыс ұстайды. Уақытты тиімді пайдаланып, өз өмірін жетілдіру жолдарына бас қатырудың орнына қалта телефонына үңіліп, өзгелердің өміріне саяхат жасап, басқаның арманына араласып, өзімізді  алдайтынымызды байқағымыз келмейді.  Ең қиын жұмыс – ойлану мен дұрыс тұжырым жасай білу. Ал бұлардан қашу өз өмірінің алдындағы жауапкершіліктен қашу.            

Ұрпағымыз интернеттегі біреудің арманымен емес, өзінің өмірлік арманымен өсуі тиіс. Күніне үздіксіз 15 минут қана негатив ақпарат көретін бала түбі психологиялық ауытқуға ұшырайды.  Содан кейін оның бойында сенімсіздік, қорқыныш, дамуға тырыспаушылық, күмән, сын, кінәнің бәрін басқаға артуға ұмтылу, қызғаныш, көреалмаушылық сияқты жағымсыз қылықтар арта бастайды. Бұл адамдарда дамудың болмайтыны айтпаса да түсінікті.

Игромания зомбиіне айналған қаншама жастарымыз ортамызда жүр. Тапқан-таянғанын ойынға тігіп, арты ұрлыққа барғандар, отбасынан ажырағандар да қаншама?!

Әлемнің шулап жүрген бір тақырыбы – балалардың тамақтануы. Қазір адамның аштықтан гөрі тоқтықтан, семіздіктен өлуі үш есе көп. «Қазақстанда әрбір төртінші балада семіздіктің белгілері байқалуда» деп дабыл қағуда мамандар. Баланың денсаулығы – басты міндетіміз. Қазіргі таңда тез дайындалатын тағамдар индустриясы өркендеуде. Тез дайындалатын ас мәзіріне кіретін тағамдар: гамбургер, фри, чипс, ходдог   және т.б. Күнделікті ішіп жүрген  тәтті сусындар қауіпті аллерген болып саналады. Тәтті газдалған сусынға көп мөлшерде қант қолданылады. Сондықтан тек диабетпен ауыратын адамдар үшін ғана емес, бауыр, бүйрек, асқазан ауруларының қозуына бірден-бір себеп. Бір порция фри жесек, онда 2, 5 қорап темекі шеккенмен бірдей болады екен.

Бір гамбургер құрамында 46% тұз, 45% майлар бар, ал бұл – бір күндік норма. Бір хот-догты қорыту үшін жеті шақырым жаяу жүру керек екен.

Осының бәрі дұрыс тамақтанудың маңызын көрсетіп тұр.

Қазір әлемде көп білімнен – пайдалы білімге деген тұжырым күшейіп келеді. Оқитын ақпарат көзі де көп. Нені оқымау керек деген де талап қалыптасуда.  Бізде демократия, еркін шығармашылық деген желеумен аузына келгенді айтып, ойына келгенді жазып,  жастардың санасын улап жүргендер жеткілікті. Бүгінде айналамыздағы  жемқорлық, алаяқтық, ұрлық, соққыға жығу, кіс ақысын жеу, атыс-шабыс сияқты жағымсыз әдеттер жастардың санасына сіңіп жатыр емес пе? Оқығаныңды ойға сала білу де маңызды. Ойсыз оқу – пайдасыз. Ал білімсіз ой қауіпті. Ақпаратты игеру әрі – дәрі, әрі – у. Себебі ол жол көрсетумен бірге, бағытыңнан тайдырып, адастырады да. Оның жаныңды жадыратар мейірімді күші де, жаныңды күйдірер залымдық жүзі де бар. Осыларға неге тыйым салынбайды деп жиі сұрақ қояды. Технологияның дамыған кезінде ақпарат ағынын тоқтату қиын. Технологияға технологиямен қарсы тұрамыз. Интернетте, телефонда бағдарламаларды шектейтін жүктемелер бар. Соларды барынша тиімді пайдалануды үйренейік. Әйтпесе біреу шектейді деп күтудің тек зиянын шегіп қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан   айқайласам ақиқатшыл, шырылдасам шыншыл, сынасам сыншыл, ойбайласам ойшыл көрінемін дейтіндердің  қоғамға кері әсер ететін жазбалары үшін заң алдында жауап бергізіп, әлеуметтік желіден өшіретін  тетіктердің де уақыты келді деп ойлаймын.

Бүгінгі уақытта әріп тану, жаза, сыза білу сауаттылық белгісі емес.

Алып жатқан білімін, оқып жатқан ақпаратын не үшін игеремін деп рационалды ойлана білетін адамды сауатты деп айтады. Жаттап алып, өмірде пайдаланбай, «жүретін энциклопедия» болудың  пайдасы шамалы. Ертең біреу айтуы мүмкін «ілім ұрып кеткен» деп.

Жан-жақты тұлғаның  қалыптасуына   әсер ететін мәселе – мамандық таңдай білу. Диплом алу маңызды емес, кәсіби маман болу маңызды. Бірнеше оқудың дипломын алып, жұмыс таппай жүргендер қаншама?! Өзі оқыған жоғары оқу орнының атауын дұрыс айта алмайтын мамандарды да көрудеміз. Бұл көбіне білім арқылы қаржы табуды ғана ойлайтын оқу орындарын бітірушілерден көрінеді. Кейіндері кейбір мамандықтарға дипломның да керегі болмай қалмас. Баланың неге ыңғайы бар, соған күш салуымыз қажет. Үшпен оқитын пәніне емес, беспен оқитын пәніне көп көңіл бөлгеніміз жөн.  Отбасы мен мектеп өзара байланысып, әр баланы жеке зерттеуі өте маңызды.   Жалған намысқа шауып, әйтеуір «қатырма» қағазын алса болар деп, баланың обалына қалғанымыз қателік деп санаймын. Білім мен ғылымға  құрмет – бұл  өз болашағыңа, ұрпағыңа  құрмет. 

Қазіргі кезде, кең тараған түсінік – әлем азаматын тәрбиелеу. Менің пайымымша, әлем азаматын емес, әлемнің төрт бұрышында тең жүре алатын, бәсекеге қабілетті қазақ азаматын тәрбиелеу керек. Рухани бай адам өмірден орнын табады.

 Бесік ішіндегі әр перзент – Алланың берген ұлы сыйы, аманаты. Келешегімізге сенімді боламыз десек, бірінші ұрпағымызға ие болайық! Бұл – үлкен төзіммен оң нәтиже беретін құбылыс. Адам баласының қолымен жасағанның бәрі – уақыт пен төзімнің жемісі. Жан-жақтан әртүрлі ақпараттар ағыны кезінде баланың өзімен қатар тәрбиесі де қымбат бола түсуде. Жаратқан иеміз имансыз ұрпақпен, жетесіз баламен, ынтасы жоқ шәкіртпен сынамасын! Бабаларымыз «Әке – асқар тау, ана – басындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» дей отырып, әке-шеше және перзент мұраттарын ұрпағына, яки бізге аманаттап кетті. Сол аманатқа қиянат жасамайық, ағайын!

 Наурызбай Байқадамов,

облыстық мәслихат хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<