Биыл да көмір тапшы бола ма?

746

0

Жылу беру маусымында орын алатын мәселенің бірі – көмір тапшылығы мен оның қымбат болуы. Өндіріс орнындағы баға тұтынушыға жеткенше еселеп өсіп, оған ұзын-сонар кезек пайда болатыны – жыл сайын қайталанатын жағдай. Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы мәселелер айтылды. Алдымен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев аймақ тұрғындарын жылумен және қатты отынмен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Қызылорда қаласы мен аудан әкімдерінің шешімдеріне сәйкес жылу беру маусымы 7 қазанда, облыс орталығында 10 қазанда басталды. Кейбір аудандарда 15 қазанда басталады. Қала және аудан әкімдері, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің мәліметіне сәйкес күнделікті мониторинг жүргізіп отырмыз. Қазіргі уақытта Қызылорда қаласындағы орталықтандырылған жылу желісіне қосылған 743 көпқабатты тұрғын үйдің 46-сына жыл берілген жоқ. Оған 7 үйдегі желі ақауы, қалған 39 үйдегі үй ішінің жылу желілерінің дайын еместігі себеп болып отыр. Қазіргі таңда «Қызылордажылуэлектрорталығы» мен «Қызылорда тазалығы» мекемелері аталған көпқабатты тұрғын үйлердің басқару органдарымен бірге нақты жұмыстар жүргізуде, – деді ол.

Сондай-ақ, орталықтандырылған жылу желісіне қосылған 143 әлеуметтік нысанның 61-і жылумен қамтамасыз етілген. Қалғаны тұтынушылар сұранысына қарай қосылады. Басқарма басшысы облыстағы әлеуметтік нысандарға жылдық жоспар бойынша 33 мың тонна көмір мен 25 мың тонна дизель отыны қажет екенін айтты.

– Бұл ретте жеткізуші мекемелермен келісім-шарттар толық жасалған. Қажетті отын кезең-кезеңімен жеткізіліп жатыр. Әлеуметтік нысандарға 33 мың тонна көмірдің 86 проценті, сұйық отынның 92 проценті жеткізілген. Ал, тұрғындарға жоспар бойынша 140 мың тонна көмір қажет болса, қазіргі таңда 102 мың тонна көмір қоры бар. Бұл қажеттіліктің 73 процентін құрап отыр, – деді Ерлан Жаңабаев.

Дегенмен, көмір бағасы мемлекет тарапынан реттелетін тауарға жатпайды. Сондықтан, тұтынушыға жеткенше бастапқы бағасынан екі есе қымбаттап кетеді. Қазіргі уақытта облысқа көмір делдалдар арқылы келіп жатыр. Бұл өз кезегінде бағаға үстеме қосылуына әкеліп соғады. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов бұл мәселені көмірді тауар биржаларында сатып алу арқылы шешуге болатынын айтты.

– Биржадан көмірді тікелей өндіріс орнынан алуға болады. Сондықтан, делдалдарсыз көмір әлдеқайда арзанға түседі. Біз соны облыстың кәсіпорындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Әрине, оның өз талаптары болады. Шарттары, ең аз мөлшерде бөлінетін көлемі бар. Сол талаптарға облыс кәсіпорындары дайын болмай жатыр, – дейді ол.

Себебі, әр биржаның өз талаптары бар. Бұл ретте өңірлік операторларға тиісті түсіндірмелер берілген. Өткізілетін уақыты тиісті мемлекеттік органдар тарапынан тұрақты хабарландырылуда. Мысалы, мамыр және қыркүйек айында «Каспий» тауар биржасы алаңында «Қаражыра» АҚ, «Астана» әмбебап тауар биржасы алаңында «Шұбаркөл көмір» АҚ сауда-саттық жүргізген. Оған облыстың екі кәсіпорны қатысуға ниет білдірген. Алайда тиеп жөнелтудің ең аз көлемі бойынша талаптарға сай келмеуіне байланысты әрі қарай қатысудан бас тартқан.

– Облыс бойынша барлығы 30 кәсіпорын көмір сатумен айналысады. Көмірді халықтың мұқтаждықтары үшін биржалық сауда арқылы өткізу туралы облыс әкімдігінің хаттамасына сәйкес барлық талаптарға сай келетін 24 кәсіпорын өңірлік көмір сатушы оператор есебінде танылды. Облыс тұрғындарын көмірмен уақытылы қамту және қатты отын балансын ұстап тұру мақсатында аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдіктері көмір сатушы кәсіпорындармен өзара ынтымақтастық туралы 19 меморандум жасасты. Тауарлық биржаның негізгі тиімді тұсы – бағаның төмендігі және бірізділігі облыс бойынша қамтамасыз етіледі. Бұл халыққа барынша тиімді. Кейінгі кезде пайда болған жаңа құрылым болғандықтан, оған кәсіпкерлердің қатысуы әлі де ойдағыдай болмай тұр. Алдағы уақытта бұл мәселеге басты назар аударатын боламыз. Одан бөлек, басқарма қызметкерлері жергілікті, қалалық әкімдіктермен, салалық басқармалармен бірлесіп теміржол тұйықтарында, кәсіпкерлер мен халық арасында тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді, – деді Ф.Қожабергенов.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, қазір халық арасында жоғары сұранысқа ие «Шұбаркөл» көмірінің облыс бойынша ең төменгі бағасы Қызылорда қаласында – 14 400 теңге, ең жоғары баға Қазалы және Қармақшы аудандарында – 18 мың теңгеге дейін. Бұдан бөлек, тас көмірдің ең төменгі бағасы Қазалы ауданында – 13 000 теңге, ең жоғары баға Жаңақорған ауданында – 15 мың теңге.

Ал, көмір тапшылығы мәселесіне келер болсақ, басқарма басшысы облысқа қажетті көмірді толықтай бір мезетте әкеліп түсіріп қою мүмкін емесін атап өтті. Тамыз айынан бастап келген көмірді халық таратып алып отырса, мұндай кезек болмас еді. Жұртшылық «қыстың қамын жазда ойламағандықтан» жыл сайын осы уақытта барлық өңірлерде «Қазақстан темір жолы» АҚ-да вагон жетіспеушілігі орын алады. Әзірге «Қазақстан темір жолы» АҚ жедел ақпаратына сәйкес, Қызылорда облысына бағытталған тағы 159 вагон немесе 10 975 тонна көмір жолда келеді. Сондықтан көмір қоры жеткілікті, оны өңірге жеткізу жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<