Еңбек қауіпсіздігі неге еленбейді?

629

0

Қарағандыда болған жағдай дүйім жұртты есеңгіретіп тастады. Осыдан соң барлық құзырлы мекеме шахталардағы жайтқа зер салуда. Алайда елімізде түйіні тарқамаған бір мәселенің барын айту қажет. Ол – еңбек қауіпсіздігі. Жыл сайын құрылыс алаңдарында, зауыт пен өндірістік мекемелерде, шахталарда жүздеген адам қаза табады. Ескертулер мен қомақты айыппұлдарға қарамастан компаниялар өндірістегі қауіпсіздік жайын шетке ысыруда. Ал бұның соңы неге апарып жатқанын көріп отырмыз.

Жазатайым жағдай жұмысшыларды жалмауда

Жалпы Қазақстанда 6,7 млн адам жұмыс істейтін 340 мыңнан астам кәсіпорын бар. Ондағы жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуын бақылауды 246 мемлекеттік еңбек инспекторы жүзеге асырады. Осы инспекторлар 2021 жылдың өзінде 5130 тексеру жүргізіп, 11 мыңға жуық заңбұзушылықты анықтаған. Жұмыс берушілерге 3 371 ұйғарым беріліп, 278,2 млн теңге сомасында 1,3 мың айыппұл салынған. Алайда анықталған заңсыздықтан анықталмағаны көп. Оған жыл сайын өндірісте қаза табатындардың саны дәлел. Мәселен, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің дерегіне сенсек, 2021 жылы Қазақстанда өндірістегі жазатайым оқиғалардың кесірінен 1 465 қызметкер зардап шеккен, олардың 200-і қаза тапты. Көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда, 2,5 пайызға ғана азайған екен.

Әсіресе мұндай жағдай алпауыт «АрселорМиттал» орналасқан Қарағанды облысында көп болады (238 адам зардап шекті). Одан кейін Шығыс Қазақстан (204 адам), Қостанай (122 адам), Павлодар (114 адам), Ақтөбе (107 адам) облысы мен Алматы қаласы (107 адам) тұр. Бір қызығы, жауапты ведомстволардың дерегі біркелкі емес.

Ал былтыр қаза тапқандардың саны тағы өсті. 203 адам жұмыс орнында жан тапсырған. Алғашқы орында тұрған тағы сол Қарағанды облысы. Алпауыт «АрселорМиттал» айылын жимаған.

Айтпақшы, біз Еңбек комитетінің дерегіне күмәнмен қараймыз. Шынында жапа шеккендердің саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Неге? Біріншіден, 2021 жылы да, 2022 жылы да жалпы зардап шеккен жұмысшылар саны 1465 деп көрсетілген. Бұндай сәйкестіктің бола қоярына сену қиын. Екіншіден, 2021 жылы Еңбек комитеті зардап шеккен жұмысшылар азайды деп мәлімдегенде, Ұлттық статистика бюросы мүлде басқа сандарды алға тартып, кәсіпорындардағы адам өлімі бірден 6 пайызға көтерілгенін айтқан. Былтыр сұрау салғанымызда, комитет деректің неліктен біркелкі болмағанын түсіндіріп бермеген еді. Қайткен күнде де түйткілдің төркіні сол баяғы өндірістік қауіпсіздікке назар аудармаудан шығып отыр.

Шетелдік гиганттар адам шығынына бас қатырмайды

Қазақстанда 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданған. Оның негізінде 2030 жылға қарай зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер санын 15 пайызға дейін төмендету, өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккендер санын азайтып, еңбек заңнамасының сақталуын тексеру нәтижелері бойынша анықталған заңбұзушылықтардың жалпы санын 15 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Бірақ жоспар іске аспайтын сыңайда. Өйткені кәсіпорындарға жауапты компаниялар өндірістік қауіпсіздік саласына салғырт қарайды. Мәселен, былтыр Ranking порталы еліміздегі шетелдік гиганттар да, отандық компаниялар да еңбек қауіпсіздігін елемейтінін жария етті.

«Егер шетелдік корпорациялардың кәсіпорындарында қайғылы жағдайлар мезгіл сайын бола берсе, шетелдік иелер өндірістегі қауіпсіздікке ақша салуға асықпайды. Ал біздің отандық кәсіпорындардағы осындай қайғылы жағдайлар одан да көп сұрақ туғызады. Жұмысшылар еңбек шарттарына қатысты бұған дейін де талай шағымданған. Кәсіпорындарда қауіпсіздік шаралары баяғыдан сақталмаған, ал техникалар әбден ескірген» деп жазды.

Заң солқылдақ па?

Демек, еңбек қауіпсіздігі мәселесінде тікелей компания басшыларына жауапкершілік жүктеген абзал. Бәлкім, мемлекет ендігі жерде жұмыс берушілерге қатысты жазаны күшейткені жөн шығар. Ал қазіргі заң жұмыс берушілерге нені міндеттейді? Қызметкер жазатайым қаза болғанда жұмыс беруші ұйымдар да заң бойынша оңай құтылатындай. «Құқық қорғау қызметi туралы» заңның 66-бабында «Қызметкер қызметтiк міндеттерін атқару кезiнде не орындалуы міндетті қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақат салдарынан қаза тапқан жағдайда асырауындағы адамдар мен мұрагерлерiне оның соңғы атқарған лауазымы бойынша 60 айлық ақшалай бiржолғы өтемақы төленеді» делінген.

Басшылық тек өтемақымен құтылады. Себебі оқыс оқиғалардан соң көбіне «жаттанды амалдар» жүзеге асады. Комиссия құрылып, оқиға болған жерге барып, қалай болғанын зерделеп, ескертуін айтып, жалпы алғанда салдарын шолып шығумен бітеді. Рас, кей кезде басшылар жауапқа тартылады, бірақ үлкен басшылар емес, жұмысты ұйымдастырып, басы-қасында жүретін «кіші басшылар». Олардың кәдімгі жұмысшылардан артықшылығы аз. Қылмыстық кодекстің 156-бабында (Еңбек қорғау қағидаларын бұзу) абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет үшін жауапты басшылардың бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiн айырылып, бес жылға дейін бас бостандығы шектелетіні жазылған. Ал осы баптың төртінші тармағында өндірісте 2 не одан да көп адам қайтыс болса, жауапты басшылардың 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген. Дегенмен бұл бап бойынша соңғы жылдары қанша жауапты қызметкер жазаға тартылғаны жайлы нақтылы деректер жоқ. Әйтеуір, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті еңбек талаптарының бұзылуы бойынша 56 тұлға қызметінен босатылып, 127 қылмыстық іс қозғалғанын жария еткен.

Салдарымен күресу – салғырт саясат

Тағы бір дүниені ұмыт қалдырмаған абзал. Бұндай жазатайым оқиғалар облыс аумағында да жиі болады. Мысалы, тамызда мұнай өндіру ісімен айналысатын «Жанрос» ЖШС бұрғылау кешенінде апат болып, бірнеше адам қайтыс болды. Бәрінен бұрын, осындай ақпараттардың көпшілікке ашық айтылмайтыны қынжылтады. Бұған қоса, заңда көрсетілген өтемақыны төлеуден бас тартып, жай ауызекі келіссөз арқылы мәселені жабуға тырысады. Мысалы, Қызылорда қаласының тұрғыны Қуаныш Майлыбай бірнеше жыл бұрын ет өңдейтін шағын кәсіпорында жұмыс істеген. Әуелде қауіпсіздік ережесі түсіндірілмеген. Соның кесірінен азаматтың сол қолының саусақтарын ет турағыш құрылғы орып кеткен. Бірнеше сағат қансырап, көп қан жоғалтып, ақыры саусақтарын кесуге тура келеді. Оқиғаны жұмыс беруші компания барынша жасыруға тырысыпты. Заңбұзушылық үшін мемлекетке төлеуі тиіс айыппұлдан жалтармақ болып, мәселені зардап шеккен азаматпен екеуара жасырын шешуге талпынған. Ақыры кәсіпорында қауіпсіздік ережесін білмейтін, сақтандырылмаған қызметкерлер жұмыс істеп келгені анықталады. Міне, өндірістегі жағдайдың бір көрінісі – осы.

Қазіргі кезеңде еңбек нарығында шешілмеген мәселе тым көп. Саладағы жауапты мекемелер жұмыс орындарындағы жалақының да уақытында берілмей, кешіктірілетін жайттар жиілегенін мәлімдеп отыр. Қоғамдық толқулардың көбі жұмысшылар наразылығынан басталатыны да белгілі. Қызметкерлері алдында миллиардтаған берешегі бар компаниялар жетерлік. Осы тәрізді сансыз кемшіліктен кейін жұмыс берушілердің де, жұмысшылардың да қауіпсіздікке тиянақты қарай қоюы екіталай. Іс жүзінде еңбек инспекторларының жеке басы тәуелсіз емес. Оқиғаның салдарынан кейін ғана жүргізілетін тексерулердің еш мәні қалмады. Еңбек адамы жайлы ұрандататын елде бұлай болмаса керек еді.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<