Интернеттің қолдану аясы кеңейген сайын ақпараттық кеңістікте адамның қауіпсіздігіне байланысты небір терминдер өмірге келуде. Олардың пайда болуына жаңа факторлардың ықпалы бар. Кейінгі жылдары ғаламторда балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың көбейгені көңілге алаңдаушылық тудырады. Ғалымдар осы құбылысты «кибербуллинг» деп атады.
Кибербуллинг – адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсету. Оған кез келген адам тап болуы мүмкін. Бірақ бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп, колледж оқушыларын нысанаға алады. Өйткені, балалар қорыққанынан өзіне қысым жасалып жатқаны туралы ешкімге айтпайды. Тіпті ата-анасы мен жақындарына тіс жармай, шабуылшының айтқанынан шықпайды.
Балаларды ғаламтор қысымынан қорғайтын заң 21 елде бар. Ал Қазақстанда кибербуллингтің құрбандары туралы ешкім статистика жүргізбейді. Сондықтан мамандар Ұлыбритания мен Ресей тәжірибесінің негізінде буллингтен қорғану туралы кодекстің үлгісін әзірлеген. Онда тек виртуалды кеңістікте ғана емес, жалпы зорлық-зомбылық көрген балаларға көмектесу жолдары туралы ата-аналар мен ұстаздарға нұсқаулар жазылған.
Ата Заңда тұлғаның жеке басын басынуға, азаптауға, зорлық-зомбылық көрсетуге, адамның ар-намысына нұқсан келтіретін қатынас көрсетуге не жазалауға болмайтыны, әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бары нақты атап жазылған.
Бұл 1966 жылғы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде де көрініс тапқан. 1989 жылғы Бала құқықтары туралы Конвенцияға сәйкес, қатысушы мемлекеттер баланы кемсітуге жол берілмейтінін нақтылаған.
Мектептегі қудалау (буллинг) – білім беру процесіне қатысушылар тобының бір немесе бірнеше тұлғаға қатысты жүйелі түрде психологиялық немесе физикалық агрессив мінез-құлық көрсетуі.
Күш көрсету – адамның тәніне зиян тигізумен, оның дүние-мүлкіне зардап әкелумен сипатталатын буллинг түрі. Мәселен, иықпен қағып өту, ұру, төбелесу. Әдетте буллинг бірден күш көрсетуден басталмайды. Дегенмен ақыр соңында соған алып келеді.
Реляцион – бір адаммен қарым-қатынас құру арқылы оған зиян келтіру. Кейде әлеуметтік агрессия деп те аталады. Реляцион сырт көзге жақын араласатын адамдар болып көрінетін ортада болуы мүмкін. Сондықтан ол ұзақ уақыт бойы басқа адамдарға байқалмай, бірнеше жылға жалғаса береді.
Айқай, дауыс көтеру және күліп, кекетіп-мұқату арқылы көрсетілетін буллинг түрі де бар. Намысына тию, сыртынан ол туралы өсек айту, өсек тарату, дөрекі сөйлеумен сипатталады.
буллинг санатына бойкот, яғни қудалау құрбанына қарсы бір топтың сөйлесуден, сұрақтарына жауап беруден, өзара әрекеттесуден бас тартуы, елемей қоюы, топтан шығарып тастауы, намысына тиетін ат беруі, мүлкін зақымдауы, ұрлауы, дене немесе ақыл-ой ерекшеліктері мен кемшіліктерін көп алдында сөз етуі жатады.
Мұндайда баланың мінез-құлқында және психоэмоционалды күйінде өзгеріс болады. Мектепке барғысы келмейді, сабақ оқуға зауқы болмайды және үй тапсырмасын нашар орындайды, көңіл-күйі түсіп жүреді, үнемі уайымдайды және өзіне сенімсіз болады. Ешкіммен әңгімелесуге зауқы соқпайды және оқшау жүреді, қорқып сөйлейді, тамақ ішуге тәбеті тартпайды, үйден қашып кетуге тырысады. Суицид жасайтынын айтып қорқытады, түнде дұрыс ұйықтамайды және шошып оянады, өзіне не болғанын айтудан қорқады, жиі ақша сұрайды не ұрлық жасайды, ғаламторды не гаджеттерді қолдануға үрейленеді, телефонына хабарлама келсе, ашуланады.
Бала тәрбиесін әлеуметтік желіге, интернетке табыстаудың зардабын ең алдымен ата-ана тартады. Заманауи технологияның мүмкіндігі күн санап түрленіп жатқан ХХІ ғасырда осы мәселеге мән беретін кез келді. Бауыр етіміз жамандыққа бармасын, ала жіптен аттамасын десек, алдымен өзіміз үлгі болып, балаға барынша көп көңіл бөлуіміз қажет. Ол – өз қолымызда!
Лаура АХМЕТОВА,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің
тарих және құқық пәнінің оқытушысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<