Жақсы сценарий – жарты кино. Бір ғана диалог немесе оқиғаның шешімі арқылы адамды басқа әлемге әкетіп, санасын селт еткізер картиналарда сценаристің ұйқысыз түндері, үздіксіз ізденісі мен көпке елеусіз еңбегі жатыр.
Нарық пен маркетинг дәуірі режиссерларды бизнесмен болуға итермелегенін алға тартсақ, шығармашылығын кәсіпке айналдырып, кинодан табыс тапқандардың қатары аз емес. Осы орайда қазақ қоғамы үшін коммерциялық мақсаттағы танымал жанр, «тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиетіні – комедия болып тұр. Әрине, мемлекет қаржысына түсірілген түрлі тарихи жанрдағы кинолардан режиссердің өз қалтасынан қаржы шығарып ұсынған туындысы тақырыптық жағынан белгілі бір шектеулерден шығып, өз дүниетанымы мен таңдауына сай кез келген жанрға ие бола алады. Сонымен қатар шығармашылық тобына ақша әкелетін де, танымал болуға түрткі болатын да – жекелеген режиссерлардың тапсырыссыз түсірілген кинотуындылары. Ал «әй дейтін әже, қой дейтін қожаның жоқтығы» қазақтілді фильмдердің сапасын нашарлатып жіберген жоқ па? Көркемдік ерекшелік, адам жанын қозғамай қоймайтын тереңдікті таразының екінші басындағы қаралым жинау тәсілдері басып кетпеді ме? Кинопрокаттағы туындылардың бәрі сұраныстағы фильмдер ме?
74 киноның 56-сы комедия жанрында
Қазақстанның тәуелсіз болғанына биыл 33 жыл толғанын ескерсек, қазіргі қазақ көрермені не көріп жүр? Кинотеатрларда бір күнде 24 фильм көрсетілсе, соның алтауы өзіміздікі екен. Өткен жылы кинопрокатқа 400-ден астам фильм шықса, оның 74-і – қазақ киносы. Ал осы назарға ұсынылған 74 киноның 56-сы комедия жанрында екенін естігенде, не күлерімізді, не ұяларымызды білмей қалдық. Сандарды сөйлетсек, кассалық табыстан да рекорд жаңартып жатқан – отандық фильмдер. Мысалы, «Таптым-ау сені» деп аталатын комедия 2023-тің ең табысты фильмі ретінде 1,5 миллиард теңге кассалық табыспен жылды қорытындылады.
Сонда кинотеатр мен режиссерға табыс әкелетін де, көрерменнің көп баратыны да комедия болғаны ма? Бұған Ермек Тұрсынов бастаған кейбір киносыншылар мен тәжірибелі режиссерлар келіспейді. Мәселен, сценарист Сламбек Тәуекел facebook парақшасында: «Комедия – жалпы әлемдік кинодағы ең қиын жанр. Адамды күлдіру оңай нәрсе емес. Бірақ аталған жанрдың мақсаты арсыз күлкіні тудыру емес, шынайы күлдіру. Кинопрокаттағы жаңа туындылардан әсер алғандардың айтатындары арсыз күлкілер ғой. Комедия – бөлек жанр, бөлек күлкіні қажет етеді», – дейді.
Иә, қаржының көзі – комедиада. Алайда комедиядан шаршаған көрерменнің пікірі қаржы мен сұраныстың бір жерден шықпайтынын дәлелдегендей. «Қандай жаңа кино шықса, соны бірінші көруге тырысып, достарымызбен жиі фильм көруге барып тұрамыз. Әрине, Қызылордада басқа бас қосар жер жоқтың қасы. Әрі фильм көру арқылы білім алып, жаңа елге саяхаттап келгендей құндылықтарды сіңіруге болады. Бірақ тұрақты көрермен ретінде айтарым, прокаттағы қазақстандық фильмдер жалықтыра бастады. Иә, эмоция сыйлайды. Әзілдері түсінікті. Бірақ рухани, эстетикалық ләззат алу мүмкін емес. Кино басталғанда-ақ немен бітерін біліп отырамыз. Сондықтан сананы сілкитін, сұрақ қоятын, комедиядан өзге жанрдағы кинолар көбейсе екен деген тілек бар», – дейді Айжан Жақсыбекқызы.
Көрерменнің көзін ашқан – «Оян, қазақ!»
Мемлекет қаржысына түсірілген фильмдер халық сұранысына ие емес деген пікірдің кеңінен тарағанын жоғарыда атап өттік. Шынымен солай ма? Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға отандық киноиндустрия мәселесі бойынша бірқатар пікірін білдірген болатын.
– Мемлекет тарапынан бөлінген қаржының көбі өз араларында қалып жатқандай көрінеді. Өйткені Ұлттық киноны қолдау орталығының фильмдері не сұранысқа, не халық тарапынан қолдауға ие емес. Тіпті халық қазынасындағы қаржыны миллиардтап құмға құйып жатқандаймыз. Мысалы, 2019-2023 жылдар аралығында отандық жүз фильмге шамамен 23 миллиард теңге бөлінген. Ең қызығы, оның барлығы 100% игерілген, есебі тапсырылып, кино түсірілген. Atlas Entertainment компаниясы түсірген «Время патриотов» фильміне 1 миллиард қаржы жұмсалса, оның кассалық жинағы небәрі 10 миллион теңге, бұл – жұмсалған сомманың 1%-ы ғана. Сондай-ақ Sataifilm түсірген «Боксшы» фильміне 900 миллион теңге жұмсалса, кассалық жинағы небәрі 25 миллион теңге. Тәуелсіздіктен бері мемлекет қаражысына 600 фильм түсірілсе, соның ішінде өзін-өзі ақтағаны біреу ғана, ол – «Дос-Мұқасан» фильмі», – деді ол.
Алайда өткен жылы-ақ киноиндустрияда жыл келгендей жаңалық жария болды. Мемлекеттік тапсырыспен түсірілген «Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмі биыл осыған дейінгі қалыптасқан пікірді өзгертті. Өйткені, тарихи қазақ фильмдері касса жинап, кинотеатрларда аншлаг болмайтын. Фильм осы стереотипті бұзып, үш күннің ішінде 107 миллион теңге жинап, қазан айында кассалық рекордты жаңартты.
Туындыда Алаш арысы Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітабын жазу, басу, тарату кезі, түрмеге қамалған тұста басына түскен қиын сәттері, қызы Гүлнардың әкесін ақтау жолындағы күресі көркем түрде көрсетілген. Кинодан шыққан жастар рухтанып, әлеуметтік желіге әсерлерін жарыса жазды. Тіпті, «Осыдан кейін тек қазақша сөйлейміз, қазақша жазамыз» дегендері де жетерлік. Ал «Міржақып. Оян, Қазақ!» мемлекет қаржысына түсірілген 7 фильмнің біреуі екенін ескерсек, мемлекеттік тапсырыспен түсірілген дүниенің табысты болмайтынына кім кепіл? Сонда қазына қаражатына түсірілген туындылар неге тасада қалуда? Біріншіден, киноның табысына тікелей әсер ететін – жарнама. Екіншіден, көрерменнің алған әсерінен жақсылы-жаманды пікірлердің көп болуына, сол арқылы киноның қаралымы мен танымалдығының артуына қолғабыс жасайтын да – жарнама. Біздегі киноиндустрия мамандары маркетинг жағын шұғыл қолға алуы қажет секілді…
Озық шыққан отандық туындылар
Жалпы отандық туындыларды жарыққа шығару мақсаты тұрғысынан екі топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топқа жекелеген режиссерлардың кино арқылы касса жасау үшін түсірілген коммерциялық фильмдері енсе, екінші топты кәсіби сценарист, режиссерлардың қолынан шыққан, прокатқа шықпаса да, түрлі әлемдік фестивальден жүлдесіз келмейтін туындылар құрайды.
Мәселен, былтыр қазақстандық көркем туынды «Ұлы дала зары» фильмі Лондонда өткен Еуразиялық фильмдер фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Фильмде ашаршылық кезінде қырылған қазақ халқының шынайы тарихи оқиғалары суреттеледі. Гран-при үшін Ресей, Армения және Ұлыбританиядан ұсынылған фильмдер де таласқан. Қазақстандық өнім сарапшылар мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды. «Фильм авторлары 100 жылдан астам уақыт бұрын қазақ халқы өткерген трагедиясын кейіпкерлер арқылы шынайы әрі шебер жеткізуге тырысқан. Бұл оқиғалар қазақ халқын әлі де мазалайтыны аңғарылып тұр» деген пікір білдірді қазылар алқасының мүшесі Натали Вонг.
Сонымен қатар өткен жылы мемлекеттік қолдаумен түсірілген 8 қазақстандық фильм халықаралық кинофестивальдерде үздік марапаттарға ие болғанын айта кетейік. «Паралимпиадашы» фильміне Үндістанның Мумбай қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің кинофестивалінде «Үздік ер адам рөлі» сыйлығы берілді. «Арқау өзек» Бакуде өткен Қорқыт ата фестивалінде «Үздік деректі фильм» атанса, «Жамбыл. Жаңа дәуір» тарихи-көркем фильмі қазылар алқасының арнайы жүлдесімен марапатталды. «Бауырына салу» фильмінің әлемдік премьерасы Испанияның Сан-Себастьян қаласында өткен 71-Халықаралық кинофестивальдің «Жаңа режиссерлер» конкурстық бағдарламасына өтті. Сондай-ақ фильм Австралиядағы Asia Pacific Screen Awards Азия киносының жүлдегері болды. «Ағайындылар» фильмі Австралияда Asia Pacific Screen Awards Азия киносыйлығының жүлдесіне ие болып, XV Ташкент халықаралық кинофестивалінде «Үздік режиссер» номинациясын иеленді. «Обучение Адемоки» кинокартинасы XV Ташкент халықаралық кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы сыйлығын алды.
Австралияда өткен Asia Pacific Screen Awards азиялық беделді киносыйлығы жеңімпаздары қатарына үш қазақстандық фильм – Асхат Кучинчирековтің «Бауырына салу», Дархан Төлегеновтің «Ағайынды» және Айсұлтан Сейітовтың «Қаш» картиналары енді. Айта кететін жайт, үш фильм де – режиссерлердің дебюттік жұмыстары. «Бауырына салу» «Үздік жастар фильмі» номинациясында жеңіске жетсе, «Ағайынды» картинасында басты рөлдерді сомдаған Айбар Салы мен Әлішер Исмаилов «Үздік жаңа қойылым» үшін жүлдеге ие болды. Ал «Қаш» туындысы «Үздік операторлық жұмыс» номинациясында марапатқа ие болды, яғни, төл туындыларымыз әлемдік киноиндустрия саласы саңлақтарының назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Ал біздің назарымыздан ше? Ақша, атақ үшін кино түсіріп, арзан комедияға кірісе салмайтын шынайы таланттарды бағалап жүрміз бе?
Даулы «Дәстүр»
Жаңа жылда прокатқа шыққан отандық «Дәстүр» фильмінің қоғамда резонанс туғызғаны жасырын емес. Режиссер Қуаныш Бейсек түсірген фильмде ұлттық дәстүр үлгілерінен бөлек дау тудырған тағы бір мәселе – кинокартинаның атауы.
Қаншама сын айтылғанмен, даулы «Дәстүрге» барған көрерменнің қатары қалың. Статистиканы сөйлетсек, «Дәстүр» фильмінің кассалық табысы алғашқы аптаның өзінде бір миллиард теңгеден асқан. Ал «Тикетон» билет сатып алу жүйесінің ресми дерегінше, аталған туынды прокаттың төрт күнінде (28-31 желтоқсан аралығы) 445 миллион теңге жинаған. Жарыққа шыққалы бері билет сатылымы бойынша бірінші орыннан түспеген туындының ерекшелігі неде? Пікірлерге назар аударайық.
– Керемет фильм демеймін, бірақ хоррор деген жанрға толық жауап бере алатын фильм екен. Ең әуелі оны жай хоррор деп қараңыздаршы, сосын діни түсінікті осы жанрдың құралы қылды, болды. Сонда сіз нақты талқылайтын шынайы мәселе жарқ етіп ортаға шыға келеді. Басты тақырып – адам хақы, әйел тағдыры және жемқорлық болып отыр, – дейді филолог Есбол Нұрахмет.
Иә, фильмде шиеленіс тудырған сәт – қыздың зорлануы. Диана – зорлаушының, ата-ана, қоғам алдында тек жәбір көрген әлсіздіктің образы. Ол мәхірге сұраған еркіндігіне тек өлім арқылы жетеді. Тәуелсіз, бақытты, шынайы болашақты аңсаған, өзіндей жасқа ғашық боп, домбыраны күмбірлеткен қазақ қызының образы.
– Туындыдан байқалған басты мәселе – қоғамда ер адамдардың қызға сексуалды объект ретінде қарауы. Қыз балаға тыйымды көп айтамыз, ал ер балаға ше? Мектепте, жұмыста, қоғамдық ортада, автобуста қызға харассмент жасалып жатқанын байқаймыз. Ер адамның қызға тимек түгілі «сен бүгін тартымды, ерекше сұлу болып тұрсың» деген сөзінің өзі жеке шекараны бұзу. Бірақ қоғамда мұндай әрекеттерге жол беріледі және оған қыз кінәлі болады. Күйеуі ұрса, оған өзі кінәлі. Фильмде де соны көрсеткен. Егер бүкіл ауыл болып бар кінәні қызға артпағанда, зорлағанды жазаға тартуды талап еткенде, Диананың әке-шешесі оны тұрмысқа бермес еді, – дейді фильм туралы пікірін бөліскен психолог Ақдидар Әуез.
Қазақша контентке ашпыз
Жыл басында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильм» киностудиясы мен отандық киноиндустрия мәселелері туралы сөз қозғаған болатын. Ол кино туралы заңға түзетулер енгізу арқылы киностудияға фильмдер түсіру, фестивальдер ұйымдастыру, дубляж жасау құқығын және басқа да жаңа мүмкіндіктерді заңды түрде бекіту керектігін атап өтті. Аталған мәселелердің ішіндегі маңыздысы – қазақтілді контенттің санын да, сапасын да арттыру.
Қазақтардың қазақша контентке шөлдегенін мойындау керек. Оның бір ғана дәлелі – «Хабар» арнасының тапсырысымен түсіріліп, әр сериясы миллиондап қаралым жинаған «Келінжан» телехикаясы. Тіпті, 25 сериядан тұратын алғашқы маусымы аяқталғаннан кейін екінші, үшінші, көптің сұранысына орай төртінші маусымы да түсірілген болатын. Қазір көрермен бесінші маусымның да түсірілгенін қалайтындарын, әр серияны асыға күтетіндерін жарыса жазуда. Сериалдың құдіреті неде? Шынайы, шұбарланбаған қазақ тілінде.
Сериалдың продюсері, сценарист, «Жыл патриоты» атанған Гүлнұр Мамасарипова: «Ұлттық идеология тек тілге, мәдениетке, салт-дәстүрге ғана байланысты дүние емес. Сол ұлтқа, мемлекетке зиянын тигізбейтін нәрсенің бәрі де идеологияның көрінісі сынды, яғни, оны жасаушы – біз бен сіз, әрқайсысымыз. Әр адам өзінің сүйікті ісімен айналысып, өз саласын дамыта алса, идеология жұмыс істеп жатыр деген сөз. Өзім әр жобаны бастар кезде «Бұл туындымен қазаққа, өзімнің ұрпағыма не бере аламын? Қазақ екенін есіне түсіріп, жанын қозғай аламын ба?» деп ойлаймын. Сондықтан алдымнан өткен жобалардың барлығы қазақ тілінде түсіріледі», – дейді.
Ойлап қарасақ, қазір адамдардың, көрерменнің назарына сауда жүріп жатыр. Кім өз көрерменін табады, кім көрерменді ұстап қалады – қаржы да, идеологиялық мықты қару да соның қолында. Ал өзіміздің өнімді қазақтан басқа кім қолдайды? Өз қолдаушысын тапқысы келетін кино мамандары көрерменінің талғамы мен талабын да ескере жүрсе екен.
Дина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<