Лотереядан лудоманияға дейін: қызығушылықтан туған құмарлық

750

0

Үлкен ойын-сауық орталықтарына кіре қалсаңыз, лотерея билеттерінің саудаланып жатқанын көресіз. Сатып алатындардың қарасы қалың. Дегенмен біреу білсе, біреу білмес, елімізде лотереялық монополизм бар. 2017 жылы дәл осы мақсатта арнайы құрылған «Сәтті жұлдыз» компаниясы Қазақстандағы оператор ретінде танылып, 15 жылға бекітілді. Ақыры республикада 2032 жылға дейін басқа бірде-бір компания бұл бизнеспен айналыса алмайтын болды. Әйтсе де, мұның кері жақтары болғанына қазір көз жетті.

Шырғалаңға ұласқан шикілік

Осы кезге дейін «Сәтті жұлдыз» компаниясына қатысты сын аз айтылмады. Мәселен, лотерея ұйымының бір міндеті – ел спортына табысының 15 пайызын аударып отыру. 2020 жылы аталған компания бар болғаны 2 пайыз шегінде ғана ақша бөліп келгені баспасөз беттерінде жария болды. Дегенмен сол кезеңде «Сәтті жұлдыз» өкілдері өздерін ақтап алған болатын. Қош делік, мәселе спортқа ақша аудару немесе аудармауында емес, компанияның өз саласында орнатқан монополизмінде еді. Енді Үкімет осыған зер сала бастады. Мәдениет және спорт министрлігінің түсіндіруінше, қазіргі уақытта лотерея өткізу шарттарын уәкілетті органның қатысуынсыз, оператор өз бетінше, дербес бекітеді және қабылдайды. Кейінгі кезде әлеуметтік желіде қазақстандықтар монополистің құмар ойындар ұйымдастыратынына назар аудартып жүр. Министрлік қазір соған тосқауыл қою шараларын пысықтап жатыр.

«Лотерея атын жамылып, құмар ойындарын өткізу фактілерін жою үшін уәкілетті органға тиісті өкілеттіктер берілуі керек, яғни, «Сәтті жұлдыз» АҚ шарттарды ведомствомен келісуге міндетті болады. Өз кезегінде уәкілетті орган ол шарттардың заңнамаға сәйкестігін және онда құмар ойындарын ұйымдастыру белгілерінің бар-жоқтығын тексереді», – деп мәлімдеді ведомство.

Бұл ұсыныс «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасына енгізілген. Құмар ойында, мәселен, букмекерлік кеңселер ұсынатын ойында қатысушылар оқиғаның немен аяқталатынын болжайды. Онда оқиғаның, футбол матчының қалай тәмамдалатынын алдын ала ешкім білмейді. Ал лотереяда бәрі қарапайым: тұтынушының сатып алған билеті, квитанциясы немесе бингода белгілеген сандары не ұтады, не ұтпайды. Бұл ретте оқиғаның қалай аяқталатыны операторға алдын ала белгілі, ұтысты билеттерді соның өзі ғана тіркейді. Құмар ойындарының тағы бір нышаны – ол құрбанын ойынды тоқтаусыз жалғастыруға еліктіреді. Ақырында адамды лудоман етіп тынуы мүмкін. Құмарлық жайлы неге айтып отырмыз? Өйткені сарапшылар лотерея операторының да елді ойынқұмар етуге үлес қосып жатқанын айтып жүр. Мұны енді тиісті министрлік те мойындаған.

«Лотерея шарттарына сәйкес, жекелеген ойындарды өткізу кезінде қатысушылардың оқиғаның ақырғы нәтижесіне әсер ететін белсенді әрекеттер жасауы көзделеді. Бұл ойындар механикасы мен жүлде қорының құрылымын сипаттайтын шарттар қосымшаларда көрсетілген. Нақтыласақ, кейбірі бонустар беру арқылы қатысушыларға ұтыс сомасын көбейтуді, екі еселеуді ұсынады. Іс жүзінде қатысушыға таңдау құқығы беріледі: бірден ұтыс сомасын алып кетеді немесе оны көбейте алады. Ол үшін келесі батырмалардың бірін басу арқылы белсенді қатысуын жалғастыруы шарт: «Тәуекел: иә/жоқ», «Екі еселеу», «Бонус», «Супершанс» және басқасы. Егер ұтыстың ұлғаюына келіскен қатысушы сәтсіздікке ұшыраса, онда ол бастапқы ұтысынан да айырылып қалады. Ал бұл – құмар ойындардың белгісі» деген байламға келіпті Мәдениет және спорт министрлігі.

Жаңа заңның жаңалығы қандай?

Ендігі мәселе, ұсынылған заңды Үкімет пен Парламент өткізбей қоюы әбден мүмкін. Ал егер заң қабылданса, онда келесі алгоритм енгізілмек. Біріншіден, өз лотерея өткізу шарттарын бекіткенге дейін оператор «Сәтті жұлдыз» АҚ оларды заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан тексеріп, келісуі үшін уәкілетті органға жіберуге міндеттеледі. Екіншіден, уәкілетті орган, яғни министрлік шарттарды келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қарап, тексереді. Лотерея өткізу шарттары ел заңнамасына сәйкес болса, келіседі және лотерея операторына кері жібереді. Үшіншіден, егер шарттар немесе оның жекелеген ережелері заңнамаға қайшы келсе, уәкілетті орган келісуден бас тартып, оларды операторға тиісті ескертулермен қайтарады.

Бұл жағдайда Қазақстанда лотерея өткізу доғарылады. Себебі, жаңа заң жобасына сәйкес, «Сәтті жұлдыз» уәкілетті органның келісімін алған және сол бекіткен шарттарсыз лотерея өткізуге құқығы болмайды. Мәдениет ведомствосының тұжырымдауынша, шарттарды мемлекетпен келісуден мемлекет те, халық та ұтады: қатысушылардың мүдделері алаяқтықтан қорғалады, жүлделер ұтысының ашықтығы мен адалдығы қамтамасыз етіледі. Бұдан бизнеске де еш залал келмейді, өйткені онсыз да билік бизнестің бұл салаға кіруіне тыйым салған.

Айтпақшы, ведомство «Сәтті жұлдыз» АҚ-ға заңнамаға осындай өзгеріс енгізілгелі жатқаны туралы хабардар етілгенін мәлімдеді. Егер алдағы уақытта заң қабылданбаса, онда лоббистер іске қосылды деген сөз.

Алаяқтар араға түсуде

Бүгінде құзырлы органдар алаяқтардың жалған ойын терминалдарын орналастыру үшін «Сәтті жұлдыздың» «Lotomatic» лотерея терминалдарының атын жамылып жүргенін мәлімдеді. Мысалы, ер адам Ақмола облысы Целиноград ауданындағы дүкендерде «Сәтті жұлдыздың» ойын терминалдары деп алдап, өзінің заңсыз ойын автоматтарын орнатып шығыпты. Осы арқылы 17 миллион теңге заңсыз табыс тапқан. Ал Қарағандыда заңсыз ойын бизнесінің 3 нүктесінің қызметі тоқтатылыпты.

Мұндай іспен тіпті ұйымдасқан қылмыстық топтар да айналысады екен. Алматы, Шымкент, Қарағанды, Тараз және Қызылорда қалаларында заңсыз ойын қызметін ұйымдастырды деп күдікпен Германия азаматы басшылық еткен ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленген. 2 заңсыз казино ашқан және 60 түрлі сауда нысанында 230 «сары-жасыл» ойын аппараттарын орнатқан.

Әлеуметтік желіде отандастарымыз лотереялық ойын терминалдарын толық жауып тастауды талап етіп жатқанын білеміз. Сонда ол терминалдарды қалқан ететін қылмысқа да тосқауыл қойылар еді. Дегенмен мұны іске асыруға шенділердің құлықсыз екенін байқадық.

Әлем тәжірибесін арқау етсек…

Негізі жоғарыда атаған жаңа заң жобасын дамыған елдердің тәжірибесіне ұмтылу ретінде бағаласақ болады. Әлемнің көптеген елінде мемлекет лотереяны өткізу ережелерін заңнамаға сәйкестігі және құмар ойындарды ұйымдастыру белгілерінің болмауы тұрғысынан тексеріп, бекітеді. АҚШ-та федералды және штаттық деңгейде реттеледі. Әр штаттың лотерея ережелерін жергілікті реттеу органдарымен келісуді талап ететін заңдары мен талаптары бар.

Кәрі құрлыққа ойыссақ, Ұлыбританияда Ұлттық лотерея және басқа коммерциялық лотереялар Gambling комиссиясынан лицензия алуы керек. Ұйымдастырушылар өз ережелері мен шарттарын реттеушімен келісуге міндетті. Германияда құмар ойындарды бақылаушы Glücksspielstaatsvertrag ұйымы реттейді. Операторлар заң талаптарын орындап, тиісті лицензия алуы керек. Францияда лотерея әлдебір жеке компанияның емес, толығымен мемлекеттің қолында. Оны Француз Ұлттық лотерея операторының өзі өткізеді.

Қорыта айтқанда, лотереядан ұтыс шығару мүмкіндігі жерді қазып алтын тапқанмен бірдей екенін әр адам ескерсе екен дейміз. Дегенмен әділ өткен ойын кімді болса да қызықтыра алар еді. Сондықтан Мәдениет және спорт министрлігі заң жобасын соңына дейін жеткізіп, лотерея ойындарын аз да болса ретке келтіргені абзал.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<