Пайда ойлағандардан айла артылмайды

391

0

Қызылордада бейнекамералардың көмегімен жылына отыз мыңға жуық құқықбұзушылық анықталады екен. Облыс орталығында құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, орын алған қылмыстарды дер кезінде ашу мен жол қозғалысы ережесін бұзғандарды анықтау мақсатында адам көп шоғырланатын орындарға бейнебақылау камералары орнатылып, көп жағдайда көшедегі жол жүру ережесін бұзғандарды анықтауда септігін тигізіп келеді. Жалпы облыс орталығында 243 бейнекамера бар, олардың барлығы Қызылорда ҚІІБ-ның жедел басқару орталығына қосылған. Аталған бейнекамералардың 96-сы көпқабатты үйлердің ауласында, 133-і көше қиылыстарында орналасқан.

Бірақ, біздің айтпағымыз бұл емес. Осынша бақылауға қарамастан қылмыс қарқыны тоқтамай тұрған сала – интернет-алаяқтық. Ол мұнша камераға да, қолға да түсе қоймайтын қылмысқа айналғаны қашан?! Оны бейнебақылау емес, қатаң бақылау ғана тоқтата алады.

Иә, халықты алаяқтар басынып барады. олардың бұқараға келтірген залалы бір жылда республика бойынша бірден 88 пайызға артқан. Сарапшылар бұған дербес деректердің жарияланып кетуі ықпал еткенін айтады. Республикада бұл құбылыс апатты жағдайға жеткен. Бір жыл бұрын Цифрлық даму министрлігі дерекқорлар сыртқа кетіп қалғанын хабарлады. Салдарынан қазір қаскөйлерге әр қазақстандыққа қатысты егжей-тегжейлі досье жинау, қайда тұратынын, қанша жинағы мен мүлкі барын, тіпті не ішіп-жейтінін білу қиындық тудырмайды. Цифрландыру өрістеген сайын халықтың деректері кең таралуы мүмкін. Сондықтан бұған тосқауыл қоюдың жаңа шараларын қабылдау маңызды.

Интернет – алаяқтықтың апаны

Пайда ойлаған адамнан айла артылмай бара жатыр. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» деп аталатын 190-бабы бойынша тіркелген құқықбұзушылықтар саны күрт көбейген. Сонымен бірге алаяқтардың әрекетінен келген шығындар сомасы да миллиардтарды құрапты.

Биылғы осы қылмыстардың үлкен бөлігі интернет-алаяқтық еншісінде екен. Мұның сыртында төлем карталарын қолдану арқылы жасалған алаяқтықтың дерегі, жалған несие рәсімдеудің немесе алдап қарыз алу, жылжымайтын мүлікті алаяқтық жолмен тартып алудың фактісі анықталған.

Алаяқтардың көбі алматылықтарды алдап соғады. Одан кейінгі орындарға қалған екі мегаполис Астанада мен Шымкент жайғасқан. Басқасы басқа, еліміздің ірі қалалары тұрғындарының сауаты жоғары болуы тиіс еді.

Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының (ЦАРКА) негізін қалаушы және басшысы, IT маман Олжас Сатиевтің байламынша, дербес деректерінің қолды болуына көбіне, азаматтардың өзі кінәлі: кибергигиенаны сақтамайды, көрінген күмәнді сілтемемен өте салады, әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде тегін сыйлыққа ынтығып, түрлі конкурстарға қатысады, сол үшін түрлі анықтама толтырып, барлық дерегін ашып қояды.

Содан әлдебір банк атынан алаяқ хабарласып, алдап кетсе, бар айыпты банкке жабады. Әрине, банктерден де клиенттердің деректері сыртқа шығып кетуі мүмкін, бірақ мұндай жағдай Олжастың сендіруінше, сирек.

Өйткені банктерде бүкіл деректер базасына бірнеше адам ғана толық қол жеткізе алады. Олар негізінен жоғары жалақылы, басшылық лауазымдағы тұлғалар. Ал қатардағы кредиттік менеджерлерге 100-200 адамның досьесі қолжетімді. Сондықтан IT маманның айтуынша, дербес деректердің көп көлемде алаяқтар қолына түсуіне ықпал ететін негізгі фактордың біріншісі – түрлі конкурстарға қатысу, екіншісі – онлайн кредит рәсімдеу. Соңғы жағдайда қашықтан қызмет ететін шағын несие ұйымына клиенттің барлық дерегі WhatsApp арқылы жолданады. Ол ұйымның менеджері бүкіл жүйеге қашықтан шыға алады. Оны әрі қарай алаяқтарға сата салмасына кепіл жоқ.

– Қазақстанда азаматтардың дербес деректеріне иелік ететін компаниялар деңгейінде де проблема жетерлік. Бұл тұрғыда компаниялардың кемелдік деңгейі төмен. Біз батыста бюрократия тиімсіз деп жатамыз. Оларда комплаенс бар, яғни ақпараттық қауіпсіздік бойынша сертификаттаудан дұрыстап өтпесең, сервисіңді іске қоса алмайсың. Ал бізде бұл қауіпсіздікке назар аудармайды, одан қайта қаржы үнемдейді. Деректер сыртқа кетіп қалса, қорқынышты ештеңе болмайды деп тым-тырыс отырады. Еуропада дербес деректерді қорғау заңы пәрменді жұмыс істейді. Компанияның деректер базасын хакерлер бұзса және ол оны тиісті органға хабарламаса, алапат айыппұлдардың астында қалады. Бізде де осыны енгізуге болар еді, бірақ онда IT дамуы кілт тоқтап қалады. Себебі, бізде барлығы жазаға ілігер еді, – деді О.Сатиев.

Қарапайым істің қауіптілігі

ІТ маман бір мысал келтірді: сізге белгісіз нөмірден қоңырау шалынды делік, егер ол нөмірді банк қосымшасында терсеңіз, әлгі адамның атын білесіз. Дамыған елдерде осының өзі ақпараттың сыртқа жариялануы деп танылады: банк әр клиентінің атын жасырын ұстауы тиіс.

Тағы бір мысал. Қытай қалай адамдардың бет-жүзін тану саласында жаһандық көшбасшыға айналды? Өйткені аталған ел азаматтарының дербес деректерін қорғаудан бас тартты. Ал Еуропа мен АҚШ-та көшеге кезекті бақылау камерасы орнатылса, жұрт наразылық білдіреді. Жергілікті билік жұртшылықтан келісімін сұрауы тиіс, яғни, теңгерім-баланс қажет.

– Бір жағынан, көшелерде «Сергек» камералары қаптайды, әр аулаға дейін үңіледі, әр басқан қадамымызды қадағалайды, бірақ сол арқылы қылмысты ашу өседі. Екінші жағынан, ондағы азаматтардың жеке басына қатысты сырлары сыртқа шашылмауы шарт. Біз сан алуан хакерлік форумдарда, жабық чаттарда Қазақстан бойынша барлық «жарияланып кету» деректерін жинаймыз. Қазақстандықтарға қатысты 200 миллионнан астам жазбаны анықтадық. Мәселен, ЯндексЕда, GeekBrains, SkillSoft және басқасынан мәліметтер сыртқа көп тараған. Біз осы деректердің бәрін өзімізде, бір жерде жинастырдық. Енді әр адам алаяқтардың өзі туралы білетініне, дерегін басқа мақсатта пайдалануы мүмкін екеніне дайын болуын қалаймыз, – деді Олжас Сатиев.

Қазіргі кезде отандық IT мамандар электронды Үкіметпен бірге жаңа жобаны жүзеге асыру жолдарын қарастыруда екен. Жоба халықты құлағдар етуге бағытталған. Ол іске асса, онда электронды Үкіметтің мобильді қосымшасын (eGov mobile) жүктеп кірген әр адам киберқауіпсіздік бөліміне өте алады: онда қазақстандық кибергигиенаны сақтауға үйренеді және өзіне қатысты қандай дербес деректің сыртқа таралып кеткенін біле алады. Білсе, сақтана алады.

Халықтың киберсауатын ашпаса, бәрі бекер болмақ. Бүгінде әрбір 100 мың қазақстандыққа кем дегенде 120 мың смартфоннан келетін көрінеді. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ғаламтор кезуге үйренді, әлеуметтік желіге әуес. Алайда соның барысында жеке басына қатысты ақпараттарды (аты-жөнін, мекен-жайын, ЖСН-ін және басқасын) қалай сақтау керегін, тіпті дербес деректерге не жататынын білмейді.

Дербес деректер қорғалған ба?

Жалпы, қолданыстағы «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңына сәйкес, деректер базаларының меншік иелері мен операторлары азаматтардың дербес деректерін қорғауға міндеттелген. Оны қорғай алмаса, заңнамада әкімшілік, қылмыстық жаза қарастырылған. Дегенмен, бір кілтипан бар: заңнамада базалардың бұзылғанын, деректердің сыртқа таралып кеткенін уақытылы хабарлау тетіктері жетілдірілмеген. Салдарынан, әлгілер хабарлап жаза тартқаннан, құлағдар етпей, жауырды жаба тоқуға бейім тұрады.

Осыған орай Үкімет «Кейбір заңнамалық актілерге ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын әзірледі. Ол бойынша базалардың меншік иесі, оператор дербес деректердің қауіпсіздігінің бұзылуы анықталған сәттен бастап 1 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға дереу хабарлауға міндетті болады. Хабарламада өңдеуді ұйымдастыруға жауапты адамның байланыс деректері көрсетілуі тиіс.

Цифрлық даму министрлігі 2020 жылғы маусымнан бері дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган болып бекітілді. Министрлік сол кезден бері электрондық ақпараттық ресурстарда дербес деректерді қорғау талаптарын бұзғаны үшін мемлекеттік органдарға, заңды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерулер жүргізіп, айыпты тұлғаларды жауапқа тарту шараларын қабылдағанын жеткізді. 2020 жылғы маусымнан бері азаматтардың осы саладағы үш жүзден астам шағымы қаралып, оның көбі қанағаттандырылған. Азаматтар мысалы, adata.kz, fa-fa.kz, kompra.kz порталдарында, мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің әртүрлі топтарында дербес деректері заңсыз таратылып жатқанына шағымданып, оны жоюды өтінеді екен.

Әлгі сайттарға кез келген адамның аты-жөні жазылса болды, ол адамның ЖСН-і шығады. Ал ЖСН арқылы ол адамның барлық дерегіне қол жеткізуге, тіпті несие рәсімдеуге болады. Адамның медициналық сақтандырылмағаны интернет арқылы анықталады.

Бұған тосқауыл қою үшін сарапшылар да, қарапайым азаматтар да сол сайттардағы дербес деректердің бәрінің жойылуын талап етіп жүр. Заң қабылданып, жаңа тетік іске қосылса, азаматтардың шағымдары санын 2027 жылы 0-ге теңестіру жоспарланған. Егер заң жобасы келесі жылы қабылданса, онда жаңа тетік осы жылдың соңында іске қосылуы мүмкін. Сонымен бірге, азаматтар арасында ағарту жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет. Дамыған елдерде әр адам өз дербес деректерінің сақталуына аса абай болады, қазақстандықтар да бұған жеңіл қарамағаны маңызды.

Сужұқпастар сайрандап жүр

Қызылорда ОПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция полковнигі Айдарбек Маншариповпен де байланыстық. Ол бізге өңірдегі ахуалды толық айтып берді.

Өткен жылы облыстық полиция департаментінің тергеу және анықтау бөліністері мен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабымен 658 қылмыстық іс тіркеліп, оның ішінде интернет-алаяқтық 296-ны құрапты.

Облыстық полиция департаментінің басқа да құқық қорғау органдарымен бірлескен қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары жүргізілуде. Жыл көлемінде жоспарға сәйкес профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі, яғни, алаяқтардың құрбаны болмау үшін қандай сақтық шараларын қолдану керек екені жөнінде түсіндірме жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылса, көпшілік жиналатын орындарда (сауда үйлері, базарлар және т.б.) плакаттар, билбордтар ілініпті.

Ал биыл облыстық ПД басшылығының ұйымдастыруымен тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті арттыру, қоғамда құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықбұзушылықтарға төзбеуді қалыптастыру мақсатында «Алаяқтық әрекеттен сақтаныңыз!» атты акция өткізілген.

Акция барысында полицейлер интернет-алаяқтықтың түрлерін, жасалу жолдарын, олардың кеңінен пайдаланылатын айла-амалдарын әшкерелеп, халыққа алаяқтардың құрығына түсіп қалмас үшін не істеу керектігін түсіндірді.

Жыл басынан бері өңіріміздегі барлық алаяқтық қылмыстардың саны 560-қа жетсе, соның ішіндегі 441-і интернет-алаяқтық болған. Алаяқтардың құрған тұзағына түскендердің қателерінен сабақ алмай, өзіміздің басымызға түскен кезде ғана бармақ тістеп отырамыз. Әр ауданда, әр қалада, әр ауылда да оңай жолмен алдап ақша табатын алаяқтар баршылық.

Қазір облыстық полиция департаментінің қызметкерлері қылмыстың бұл түрінің алдын алу бойынша кең ауқымды операцияны бастап кеткен. ПД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ілияс Жұмағұловтың айтуына қарағанда, облыс бойынша акцияға жүзден астам полицей тартылыпты. Олардың бәрі әкімшілік учаскелердегі аулалар мен кіреберістерді аралауда. Тәртіп сақшылары кіреберістерге жадынамалар жапсырып және тұрғындарға буклеттер үлестіреді. Ал алаяқтыққа қарсы тұруға ең осал топ – зейнеткерлерге арнапн түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

– Жадынамалар әзірленді, профилактикалық акциялар барысында облыс орталығының барлық шағын аудандарын қамту жоспарлануда. Қызылордалықтарды әлеуметтік желілерде, чаттарда интернет-алаяқтықтың алдын алу туралы ұсынымдарымен бөлісуге шақырамыз. Жас азаматтар қылмыстың осы түрі туралы егде тартқан туыстары мен көршілеріне ескертуі қажет. Интернет-алаяқтармен байланысқан кезде шешім қабылдауға асықпай, банкке тексеру үшін қоңырау соғу, қандай жағдай болмасын, жеке мәліметтерді айтпау не жолдамау маңызды екенін халықтың есіне салудамыз. Алаяқтықтың алдын алу жұмысы ауқымды түрде жүргізіле береді, – дейді Ілияс Жұмағұлов.

Әлеуметтік желіні пайдаланушылар алаяқтардың уәделеріне сеніп, олардың арбауына түсіп, жинақ қорындағы ақшаларынан айырылып жатыр. Атап айтсақ, алаяқтар ұялы байланыс құралдарының абонент номерлеріне қоңырау шалып немесе «WatsАpp» мессенджері арқылы байланысқа шығады. Өздерінің жалған қызметтерін ұсынып, яғни «пәтер, автокөлік және тағы басқа ұтыстар ойнатылады» деп, ол үшін алғашқы жарнасын төлеу керек екенін айтып, есепшот ұсынып, қаражат түскеннен кейін ақпарат жүйесіндегі байланыс мекен-жайларын жойып жібереді екен.

– «OLX», «Kolesa.kz» сайттарына өз тауарларын саудаға қойғандарға алаяқтар ұялы телефон арқылы байланысқа шығады. Саудада тұрған мүлікті сатып алатынын, ақшасын есепшотқа аударатынын айтады. Карточканың деректерін алған соң, мүлік иесіне ұялы телефонына хабарлама арқылы код келіп тұрғанын, соны айтып жіберуін сұрап, осы код санын алған соң, сол арқылы жәбірленушінің есепшотына кіріп, ондағы барлық қаражатты өзіне аударып алады.

Сондай-ақ, қаржы пирамидасын құрушылар «Watsapp» мессенджері арқылы чат ашып, топқа азаматтарды қосады. Оларға «осы чатқа аударған ақшаны еселеген пайызбен қайтарып беремін» деп, алдап ақшаларын аудартып алып, бас пайдаларына жаратады. Сондықтан күмәнді ұтыс ойындарға, интернет ресурстарындағы күмәнді сауда-саттық жасағандарға алданбау үшін сервистік қызмет ұсынғандарға ақша аудармас бұрын, олардың нақты мекен-жайын, шынайылығын тексеріп алу керек екенін ескерткім келеді, – деді А.Маншарипов.

Оның айтуынша, бейтаныс адамдарға жеке куәлікті, банктегі есепшот нөмірін, кодын бермеу керек. Себебі, жәбірленушілер ЖСН, жеке куәлік нөмірін, есепшоттары туралы мәліметтерді, кейбір жағдайда интернет-банкингке кіру үшін банктен жіберілген смс-кодтарын алаяқтарға өздері ұсынады. Осы арқылы алаяқтар онлайн-несиелер рәсімдеп, жәбірленушілердің атынан қаражат, сонымен қатар несиеге тауар иемденіп алған.

Қазақ ала жіпті аттамаған, үйінің есігінде құлып болмаған, ар мен ұяттың, дала заңының қағидатына бағынған текті ел еді ғой. Тектіліктің тіні тарқап, жеңіл табысқа ұмтылған желөкпелер желі арқылы да жемтігін табуда. Бәрібір қылмыстың түбі – жаза!

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<