Қайтарымсыз қаржы қандай көмек әкелді?

591

0

сурет ашық дереккөзден

Жыл өткен сайын аймақтың экономикалық әлеуеті жақсарып, түрлі көрсеткіште көш бастап келеді. Мәселен, биыл облыс әлеуметтік-экономикалық даму және негізгі капиталға инвестиция тарту индексінде алғашқы орынға тұрақтаған. Мұның бәрі мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуының нәтижесі екені сөзсіз. Оның ішінде бүгінгі тақырып – қайтарымсыз грант жобасы да Сыр экономикасының негізгі тармағына айналуда.

Жеке секторда кәсіпке инвестиция тартудың түрлі жолы бар. Несие алу, баламалы кіріс көзін ұлғайту, серіктес тарту, мемлекет қолдауына жүгіну. Алайда мұның бәрі тиімді көрінгенімен қайтарымы бар. Тек соңғы нұсқада тәуекел аз, табыс мол. Содан болар, кейінгі жылдары мемлекет қаржысына кәсіп бастап, әлеуметтік жоба көмегімен аяққа тұрған азаматтар саны артты. Өткен жылдың өзінде облыстағы 1526 кәсіпкер жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам қайтарымсыз грант алған.

Талапта өзгеріс бар ма?

Әрине, қайтарымсыз қаржы алу – әр кәсіпкердің қалауы. Десе де өтеусіз ақшаны кез келгенге ұстата салмасы анық. Оның да өзіндік ережесі, қояр талабы жетерлік. Әсіресе, басымдық әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілген. Оның қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасы мүшелері, қоныс аударушылар мен қандастар және асыраушысынан айырылған азаматтар бар. Оған қоса мүмкіндігі шектеулі және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдар да грантқа үміткер бола алады. Бұл туралы толығырақ Еңбек мобильділігі орталығы басшысының орынбасары Ақерке Жалғасбекқызынан білдік.

– Қайтарымсыз грант тыңғылықты тексеріс, комиссия бақылауы арқылы беріледі. Талап бойынша үміткер жұмыссыз әрі жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 3 жыл толмауы шарт. Әрине, халықтың әлеуметтік осал тобына жатуы негізгі ереже саналады. Барлық ескертпе орындалса, азаматтар конкурстық негізде 400 АЕК мөлшеріне дейін қаражат ала алады, – дейді ол.

Сондай-ақ грант беру конкурсын ұйымдастыру үшін арнайы комиссия құрылады. Комиссия құрамына қоғамдық бірлестік, білім және ғылым мекемесі, БАҚ және атқарушы билік органы мамандары топтасып, бизнес-идеяларды талқылайды.

Мақсат маңызды

А.Жалғасбекқызы «Қайтарымсыз грант алу үшін қандай жоба ұтымды?» деген сауалға жоба ережесін сабақтастыра жауап берді. Айтуынша, мемлекет тарапынан берілетін қаражат еңбек құралын, технологиялық жабдықты жасақтауға және мал алу үшін нысаналы мақсатта пайдаланылады. 

Ескере кететін жайт, гранттар тұтынушылық мақсатқа, акцизделетін өнім өндірісіне, жылжымайтын тұрғын үй мен жер учаскесін сатып алуға берілмейді. Үміткер болсаңыз несие өтеу мен жалдау ақысы үшін де қайтарымсыз грант ала алмайтыныңызды ескеруіңіз керек.

Сөзіміз салмақты болу үшін өткен жылы грант алған кәсіп түрлеріне шолу жасайық. Ресми мәліметке сенсек, тамақ өнімін шығару бағытында 255, балық, омарта және бал ара шаруашылығы бағытында 20, тігін өнеркәсібі, қолөнер бұйымдарын шығару бағытында 119, егін және мал шаруашылығы бағытында 646 грант берілген. Сонымен бірге сырбойылықтар құрылыс және тұрмыстық материалдарды өндіру, дәнекерлеу бойынша 143 грант алса, түрлі қызмет көрсету аясында 344 жобаны сәтті қорғаған.

Грант арқылы кәсібін дөңгелентуге мүмкіндік алған жерлестер қатарында Нұрлан Смағұлов та бар. Ол өткен жылы жоба аясында бөдене шаруашылығы үшін қаржы алып, кәсібін кеңейткен.

– Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында бөдене шаруашылығын жандандырып жатырмыз. Алынған қаржы құс, жем-шөп алу, қоражай жасақтауға жұмсалды. Нәтижесінде сұраныс артып, өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туды. Бөдене шаруашылығы – табысты әрі тиімді кәсіп. Сондықтан алдағы уақытта республикалық нарыққа шығып, бизнес ауқымын ұлғайту жоспары бар, – деді кәсіпкер.

Кейде тегіннің қадірін түсінбей жататынымыз жасырын емес. Олай дейтініміз, қайтарымсыз грант алған аймақ тұрғындары арасында әр тиынның сұрауы барын ұмытып, қаржыны мақсатсыз жұмсағандар табылған. Өткен жылғы көрсеткішті қорытындылаған сала маманы азаматтарды жауапкершілікке тарту бағытында жұмыс жүргізілетінін айта кетті.

– 2023 жылы грант алған азаматтар ішінде 67 тұрғынның қаржыны мақсатсыз пайдаланғаны анықталды. Оларға грант қаржысын бюджетке кері қайтару бағытында ескертпе хат берілді. Нәтижесінде, 5 азамат грант қаржысын кері қайтарса, 10 азаматқа қатысты өндіріп алу туралы сот шешімі шығарылды. Ал 52 азаматтың құжаты сот процесінде қаралуда, – дейді А.Жалғасбекқызы.

Жеңілдік жолы

Кәсіпкерге қолдау тек 400 АЕК көлеміндегі грант емес. Бұдан өзге ұлттық жоба, жеңілдетілген несие бағдарламалары қарқынды жүруде. Әсіресе, «Ауыл аманаты» жобасы аясында қолдау көрген кәсіпкер көп. Мәселен, өткен жылы аталған жоба аясында 342 бизнес-идея қолдау тауып, қаржы алған. Мұны облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың БАҚ өкілдеріне берген мәліметінен аңғаруға болады.

– Барлық елді мекенде «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы түсіндірме жүргізілді. Жоба өңдеу, егін коорперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығы және басқа бағыттағы бизнес жобаларға арналған. Өткен жылы 342 жобаның құжаттарын несие комитеті мақұлдады. Ал 142 жоба бойынша қарастырылған несие 18 кооператив пен 124 жеке кәсіпкерге берілді. Осының нәтижесінде 288 жұмыс орны ашылады, – деді басқарма басшысы.

Расында, мемлекет қолдауы аймақтағы кәсіпкерлікке жан бітірді. Әсіресе, қайтарымсыз грант арқылы шағын бизнес өкілдерін демеу салаға дем бергенін айта кеткен жөн. Оған дәлел, өткен жылы өңірдегі кәсіпкерлік нысан саны 10 пайызға көбейді. Бұл тұрғыда бизнес саласын қолдау үшін түрлі бағдарламалар арқылы 24 млрд теңге қаралып, 3,5 мыңнан аса жобаға қаржы бөлінген. Осылайша, жұмыспен қамтылған азаматтар саны 125 мыңға жуықтаған болатын.

Ерсін ШАМШАДИН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<