Қант тапшылығы дәл қазіргі уақытта анық сезіле бастады. Өйткені супермаркеттердің өзінде санаулы сағатта өтіп кетуде. Әлеуметтік дүкенде оның бағасы 370 теңгеге көтерілсе, облыста жалпы орташа баға 491 теңгені құраған. Мұның себебін мамандар тәтті тосап, сусындар дайындайтын кезеңдегі сұраныстың артуы мен логистикалық тасымалға телиді. Ал бүгінге дейін келісі 263 теңгеден сатылған қант бағасы былтырғы тұрақтандыру қорындағы өнімнің таусылуына байланысты көтерілген.
Кейінгі бір аптада облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарлар бағасы өсу индексі 100,4% құраса, оның ішінде күріш 2%, қант 4,5%-ке жоғарылаған. Қырыққабат 7,1%-ке төмендесе, қалған өнімдер бағасы тұрақты. Бағаны ырықтандыру үшін тұрақтандыру қорында қарыз алушылардың өнімдерімен бірге 10 мың тонна өнім қалыптастырылған болса (8784,5 тонна қарыз алушылардың міндеттемелері және 861 тонна тұрақтандыру қоры), 6,5 мың тонна өнім келісілген. Сонымен қатар, облыс тұрғындарын арзан бағада азық-түлік тауарымен қамтамасыз ету үшін апта сайын жәрмеңке өткізіліп, 600 тоннаға жуық өнім сатылған.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, қант мәселесі облыс бойынша ғана емес, республикада өзекті күйінде қалып отыр.
– Оның негізгі себебі – Ресей мен Украина арасындағы қалыптасқан жағдайға байланысты. Облыс негізінен қант нарығында импортқа тәуелді. Өңірге қант Жамбыл, Алматы облысындағы қант заводтарынан және Ресейден тасымалданып келген. Сондай-ақ, елімізге келетін шикізат (сахарный тростник) Бразилиядан Ресей арқылы жеткізілетін. Қазір Ресей арқылы әкелінетін шикізат басқа логистикалық жолдармен тасымалдануда. Бұл өз кезегінде қант бағасының өсуіне әсерін тигізді. Себебі, логистикалық тасымалдау арақашықтығының ұзаруы қосымша шығын. Сонымен қатар, тосап (варенье) консервілеу кезеңі басталып, тұрғындар қантты жаппай сатып алып жатыр. Жыл сайын жазда баға жоғарылайды. Тіпті кейбір дүкен сөрелерінде тез таусылып, иесі қайтадан толықтырып үлгірмеуде. Осы жағдайды пайдаланып, кейбір шағын дүкен иелері қант бағасын көтеріп сатады. Бүгінгі күні ресми статистикалық мәліметке сәйкес, облыс бойынша қанттың орташа бағасы – 491 теңге.
Ал, әлеуметтік дүкендерде, әлеуметтік бұрыштарда қант 370 теңгеден, яғни орташа статистикалық бағадан 121 теңгеге төмен. Біздің тарапымыздан бағаны тұрақтандыру үшін «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы тұрақтандыру қорына 272 тонна қант алынды, 38 әлеуметтік дүкен мен 14 әлеуметтік бұрышқа төмен бағамен жеткізілді. Бүгінгі күні облыс бойынша 247 тонна қант бар. Сонымен қатар, тікелей қант зауыттарынан 680 тонна сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жыл аяғына дейін 3315 тонна алу жоспарда, – деді басқарма басшысы.
Өзіміздің күріш пен тұз облыстың ішкі нарығын қамтамасыз етеді. Бірақ ендігі уақытта күріш бағасы да қымбаттауы мүмкін. Оған қажетті тыңайтқыштар 3 есе, жанар-жағар майдың да жоғарылауы әсер етеді. Күріш бағасы кейінгі 3 жыл көлемінде небәрі 8 процентке қымбаттаған. Ал қарақұмық үш жылда 57 процентке өскен. Ауылдағы диқандардың күнкөрісі осы өнімге байланысты. Сондықтан олардың да еңбегі лайықты бағалану керек. Бағасы артатын өнімдер қатарында жұмыртқа, күнбағыс майы да бар.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Ринат Сұлтангереев әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының негізсіз өсуіне мемлекеттік бақылау жасалатынын айтады.
– Қазір бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті өнімді сатудың барлық делдалдық схемасы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізді. Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті күнбағыс майы, қант, тауық жұмыртқасы, қырыққабат және бас пияз өнімін сату бағасына үстемақы мөлшерінің сақталуын тексеруде. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласының тұрғындарынан «Magnum» гипермаркетіндегі және «Small» супермаркетіндегі азық-түлік тауарларының бағаларына қатысты 6 арыз келіп түскен. Осыған байланысты 4 арыз-шағым бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді, – деді Р.Сұлтангереев.
Облысқа қант зауыттарынан апта сайын 3-4 вагон өнім келуде. Алайда бұл да тұрғындарды толық қамтамасыз етуге жетпей жатыр. Бір адамға бір келі қант берілетін жағдай мен әлеуметтік дүкендердегі ұзын-сонар кезектің қашанға дейін созылатынын әлі ешкім дөп басып айта алмайды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<