Қарыз қайда апарады?

531

0

*сурет ашық дереккөзден

Ұлттық банк деректеріне сәйкес, кейінгі бір жылда Қазақстанда банктердің жеке тұлғаларды несиелендіруі 30,9 пайызға, заңды тұлғаларға берілген несиелер 10,1 пайызға, яғни, бизнеске қарағанда, қарапайым азаматтардың несиеге сұранысы үш есе өскен.

2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша, елдегі әрбір азаматқа шаққанда, кез келген жастағы қазақстандықтың банктерге қарызы 768 мың теңге. Кейінгі бір жылда бұл сома 26,8 пайызға, яғни 162 мың теңгеге артқан. Оған қоса, банктік емес кредиттік ұйымдардан алынған несиелерді қоса есептегенде, бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

Ал облыс халқының банктерге қарызы жан басына шаққанда, аймақтың әрбір тұрғынына 485 мың теңгеден келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 387 мың теңгені құраған еді, яғни, облыс тұрғындарының қарызы да бір жылда 25 пайыздан астам өскен.

«S&P Global Ratings» халықаралық агенттігінің мәліметінше, Қазақстан азаматтарының 75 пайызының жабылмаған тұтынушылық несиесі бар. Қарыз жүктемесінің негізгі үлесі үш мегаполис еншісінде. Бұл ретте аймақтық тұрғыда да, жалпы халық арасында да бөлінісі біркелкі емес. Кейінгі екі жылда қазақстандық екінші деңгейлі банктерде ипотекалық несие беру де күрт өсті. Агенттік болжамынша, алдағы уақытта қаржы нарығындағы бәсекелестік артады. Өйткені алдағы екі жылда цифрлық инфрақұрылымы дамыған қаржы институттарының табысы ұлғаяды. Олардың кірісінің басым бөлігін комиссиялық табыс құрап, сондай-ақ банктік емес қызметтен түсетін табыс үлесі де көбеймек.

Қазіргі кезде Қазақстандағы жеке тұлғалар алған несиенің жалпы көлемі 18 трлн теңгені, ал қарыз алушылардың саны 8 миллион адамды құрайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, тұтынушылық кредит беру сегментінде кейінгі 3 жылда өсім байқалған. 2021 жылдан бастап кепілсіз тұтынушылық кредиттердің орташа жылдық өсуі 33%-ды құрады. Кейінгі 8 айда тұтынушылық кредит портфелі 9,2 трлн теңгеден асты. Мерзімі өткен кредиті бар қарыз алушылар саны 516 мың адамды немесе жалпы қарыз алушылар санының 7%-ын құрады.

Осы 18,1 трлн теңге несиенің тең жартысы тұтынушылық кепілсіз несиеге тиесілі. Ал микроқаржы ұйымдары проблемалық қарыздардың 48%-ын коллекторлық компанияларға сатып жіберген. 2022 жылғы тамыздан бері проблемалық қарызды коллекторлық компанияларға жаппай сату есебінен микроқаржы ұйымдары іс жүзінде өз несие портфелін «жасанды түрде» 2 есеге жақсартып алған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<