Қарызға батқан халықтың мәселесі қалай шешілмек?

863

0

*сурет ашық дереккөзден

Халықты толғандырған ең бір өткір мәселе – несие қарызы. Жасыратыны жоқ, қазір банктерден шектеусіз кредит алып, борышкер болып отырған азаматтарымыз көп. «Халық несие қамытын киді» десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналды. Қазіргі уақытта халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар екен.

Осыған орай ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушылық несиелеу шарттарын қатайтатын шаралар ұсынды. Мақсаты – халықтың жүктемесін азайту. Әрине, алушының қаржылық жағдайына қауіп төндіретін қарыздың өсуіне жол бермеу бастамасы құптарлық. Дегенмен, сарапшылар пікірінше, макроэкономика тұрғысынан бұл тәсіл қауіпті. Себебі ол жиынтық сұранысты төмендетеді, жосықсыз қарыз алушылардың көбеюіне алып келеді.

Айта кетсек, кейінгі жылдары тұтынушылық несие көлемінің айтарлықтай өсуі 20 қазанда өткен парламенттік тыңдауда талқыланған басты тақырып болды. Билік халықтың қарызға батқанына алаңдаулы. Өткен қыркүйек айындағы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та азаматтардың шамадан тыс қарыз ауыртпалығына назар аударып, жағдайды түзету үшін жаңа жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін айтқан болатын.

Парламенттік тыңдауда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасы Мәдина Әбілқасымова банктерде 90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің деңгейі 5,2% немесе 0,5 трлн теңге екенін айтты. Мерзімі өтіп кеткен несиесі барлардың саны 516 мың адамды немесе жалпы қарыз алушылардың 7 пайызын құрады. Микроқаржы секторында 90 күннен астам мерзімі өткен несиесі барлардың саны 347 мың адам, жалпы сомасы 98 млрд теңге.

Кімнің қарызы көбірек?

Халықтың бұлай борышты болуының жалпы қабылданған бірыңғай критерийі болмаса да, төлемді төлеу деңгейі қарыз деңгейін бағалаудың ең жақсы көрсеткіші емес. Ең қарапайым әрі танымал әдіс – оны елдің жалпы ішкі өніміне пайызбен есептеу.

Осы көрсеткішке сүйене отырып, Қазақстан халқын қарызға батқан деп айту қиын. Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша 2022 жылы қазақстандықтардың қарызы ЖІӨ-нің 13,7 пайызын құрады. Ресей мен Польша да Қазақстан сияқты 1990 жылдардың басында экономикалық трансформацияны басынан өткерген елдерде бұл көрсеткіш 21,1 және 26,7%. Дамыған елдерде қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы әлдеқайда жоғары. Германияда 55,1%, Францияда 66,2%, Ұлыбританияда 83,1%.

Бірақ бұл тәсілдің де кемшіліктері жоқ емес. Әртүрлі елдердің экономикалары құрылымы жағынан ерекшеленеді. Ал кейбір елдерде басқаларға қарағанда жұмыспен қамту және табыс тұрақтылығы жоғары. Неғұрлым дұрыс бағалауды Дүниежүзілік банктің аналитикалық шолуларынан табуға болады. Ондағы сарапшылар ауыртпалықты қарыздың әр отбасының кірісіне қатынасы арқылы өлшейді.

Көктемде жарияланған «Kazakhstan Economic Update» шолуында бұл көрсеткіштің өскені көрсетілген. Былтыр жыл соңында қарыздың кіріске қатынасы 40%-дан асты. Елімізде бұл көрсеткіштің ең жоғары деңгейі 2008-2009 жылдары болды. Ол кезде бұл көрсеткіш 60%-ға жақындады.

Біріншіден, Дүниежүзілік банк сарапшылары 2020 жылы коронавирустық дағдарыс салдарынан қарыз алудың өсуі мен кірістердің төмендеуінен қарыз деңгейі жоғарылағанын айтады. 2021 жылы билік зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға пайдалануға рұқсат берді. Бұл да тұтынушылық несиелеудің өсуіне әкелді. 2022 жылы борыштық жағдайдың нашарлауына, Дүниежүзілік банк сарапшылары атап өткендей, Ресей-Украин қақтығысы аясында пайда болған жағымсыз әсерлер және одан кейінгі Ресей Федерациясына қарсы жаңа санкциялар әсер етті. Бұл тізімге өткен жыл бойы жоғары деңгейде болған инфляция қосылды. Сайып келгенде, мұның бәрі қазақстандықтардың сатып алу және олардың қарызға қызмет көрсету қабілетін төмендетті.

Екіншіден, 2008-2009 жылдардағыдан қазір несиелік жүктеменің сипаты басқаша екенін ұмытпаған жөн. Ол кезде несиелік жүктеме көбіне ипотекамен байланысты. Әрі оның жартысы шетел валютасында болды. 2009 жылдың басындағы теңгенің құнсыздануы көптеген ипотекалық несие алушылардың қаржылық әл-ауқатын нашарлатты.

Жасқа шектеу қою жағдайды реттей ме?

Енді агенттік ұсынып отырған шектеулерге тоқталсақ. Қазіргі уақытта клиент кірісінің деңгейін бағалайтын 12 критерийдің төртеуін алып тастау жоспарлануда. Олар – коммуналдық қызметтерге, интернет-дүкенде сатып алуға жұмсалған шығыстар сомасы, мүліктің және депозитте қалдықтардың болуы. Тағы бір жаңалық – 21 жасқа дейінгі азаматтарға ресми кірісі расталғаннан кейін ғана несие беріледі. Бұл ретте қаржы сарапшылары жас шектеуі жастардың эмоционалды сатып алуын азайтатынын айтады. Бірақ, дәл осы жаста жастардың көпшілігі экономиканың бөлшегіне айналатынын, жоғары білім алуға, еңбекке араласа бастайтынын естен шығармаған жөн.

Шектеулер онлайн несиелеуге де қатысты болады. Агенттік 45 күнге дейінгі мерзімге және 50 АЕК-ке дейінгі сомаға шағын несие беруді жоюды жоспарлап отыр. Бұл шектеу онлайн режимінде жалақыға дейін берілетін несиелерге қатысты. Онлайн шағын несиелендіруді реттеу халықтың әлеуметтік әл-ауқаты тұрғысынан негізделген. Себебі, мұндай несиелерді, айталық, қаржылық тәртібі өте төмен, банктердің «қара тізімінде» бұрыннан бар адамдар алады. Оны рәсімдеу жеңіл әрі сомасы мардымсыз болғандықтан, қарызды қайтармайтынын біле тұра алатын адамдар да бар. Оған қоса, мұндай шағын несиелердің онлайн-казиноларда және спорттық іс-шараларға ставка жасайтын ойыншылар арасында танымал. Сондықтан, онлайн шағын несиені шектеу бұл салалардағы жағдайды жақсартуы керек.

Экономикаға әсері қандай?

Кейбір сарапшылар тұтынушылық несиелендіруді шектеу экономикалық көрсеткіштерге кері әсер ететінін айтуда. Несиелендіру күрт қысқарған жағдайда жиынтық сұраныс төмендеуі, нәтижесінде бұл сауда мен қызмет көрсету саласына әсер етуі мүмкін. Бұл ретте сауданың экономика үшін маңыздылығын естен шығармаған жөн. Сауда жалпы ішкі өнімнің 15,6 пайызын, корпоративтік несие портфелінің 22 пайызын құрайды.

Тұтынушылық несиелендіруді шектейтін шараларды сұраныс пен ұсыныстың классикалық үлгісін пайдалана отырып талдауды ұсынатындар да бар. Бұл тұрғыдан қарасақ, соңғы жылдары сұраныс артып келеді. Себебі, туу көрсеткіші де, зейнеткерлер саны да өсті. Сәйкесінше, еңбекке қабілетті адамдардан еңбекке жарамсыз адамдар саны көбейді.

COVID-19 пандемиясы, локдаун, Украинадағы соғыс, ізінше елімізде рекордтық инфляция болды. Аймақтар арасындағы табыс айырмашылығы да өз әсерін тигізді. Оған қоса халық арасында басқалардан қалысқысы келмейтін құбылыс бар. Кім де болса, той-салтанатын жұрттан қалмай өткізгісі келеді. Мұндай жағдайда көптеген отбасылардың кірісі шығынға ілесе алмайтыны өздігінен түсінікті. Салдарынан, бөліп төлеуге және несиеге сұраныс артты.

Сондықтан банктердің несие беруіне шектеу қоюмен мәселе шешілмейді. Сұраныс болған жерде, ұсыныс та болады. Қарыздың басқа түрлері пайда болуы мүмкін. Кейбір сарапшылар бұрынғыдай айына 10-15% көлемінде бейресми несие беру тәжірибесі жергілікті жерлерде қайта жанданатынын айтуда.

Несие нарығындағы бәсекелестік бұзылуы да мүмкін. Мысалы, қай банктер жеке тұлғаларға қызмет көрсетуге, қандай банктер заңды тұлғаларға, әсіресе мемлекеттік меншікке маманданғанын білу үшін сарапшы болудың қажеті жоқ. Алдағы уақытта қаржы ұйымдары көлеңкелі кіріспен кім табысты жұмыс істеп жатқанын, азаматтардың өзара аударымдарын көріп отыруы мүмкін.

Банктер қарыз алушылардың кірісін бағалай алатын критерийлер тізімінен төрт параметрді алып тастамақ. Бірақ елімізде ересек тұрғындардың кем дегенде жартысы мемлекетке нашар көрінеді. Олар мемлекеттік, ірі және орта жеке компанияларда толық жалақыға жұмыс істемейді. Олардың қатарында 1 миллионға жуық кәсіпкерлер де бар. Бұрын көпшілігі зейнетақы жарналары арқылы банкке кірістерін растай алмағандықтан несие алуда қиындықтарға тап болатын. Енді банктер өздері құрған төлем қабілеттілігін бағалау жүйесін пайдалана алмайтын жағдайда.

Кибералаяқтық пен коллекторларға да тыйым бар

Өткен айда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова қазақстандықтардың несиесі бұрынғыдай кешірілмейтінін айтқан болатын. 2019 жылы несие кешірілгеннен кейін қаржы секторында кредит көлемі қайтадан өсіп кетті. Оның ішінде проблемалық кредиттер де бар. Егер мемлекет қаражатын бөліп, қайта-қайта кешіре берсе, жаңа кредиттер көбейеді. Агенттік төрағасы сол себепті коллекторлық агенттіктерге жауапкершілікті күшейту көзделіп отырғанын атап өтті.

Енді заң бойынша проблемалық берешекті реттеудің міндетті рәсімін жасау керек. Егер қарыз алушы банкке жүгінсе, ол осындай рәсімді өткізуі тиіс. Осы рәсімді жүйелі түрде қолдану үшін биылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық банктер мен микроқаржы ұйымдары, коллекторлық ұйымдар жеке жобаларын әзірлеп, проблемалық кредиттермен жұмыс істеудің жеке жоспарын дайындаған. Оның ішінде банктердің кредиттерді қайта құрылымдауы, екіншіден қарызды ішінара немесе толық есептен шығару шаралары бар. Мысалы, төлеуге қабілеті жоқ болса немесе қарыздың сомасы тым үлкен болмаса, бірнеше жыл проблемалық кредиті болса, онда банктер өз есебінен ішінара немесе толығымен жауып тастайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі проблемалық клиенттермен жұмысқа қатысты да ұсыныстар келтірген. 2020 жылдан бастап несиелік ұйымдарға банктік тұтыну несиелері мен жеке тұлғаларға микрокредиттер бойынша 90 күн кешіктірілгеннен кейін өсімпұлдар мен комиссияларды алуға тыйым салынады. Бір жыл бұрын бұл тыйым кеңейтілді. Енді 90 күн кешіктірілген несиелер бойынша пайыздар есептелмейді. Бірақ бұл жаңашылдық енгізілгеннен кейін жасалған жаңа несиелік келісімдерге ғана қатысты болатын. Енді агенттік барлық тұтынушылық несиелер, соның ішінде бұрын берілген несиелер бойынша да 90 күн кешіктірілгеннен кейін сыйақыны есептеуге тыйым салуды ұсынып отыр.

Сондай-ақ агенттік коллекторлық компанияларға азаматтардың тұтыну несиелері мен шағын несиелерін сатуға тыйым салуды ұсынып отыр. Қарызды өндіру нәтижесінде банктер өздерінің меншігіне айналған баспананы жалға бере алатын модель қарастыруда.

Бір сөзбен, проблемалық қарыз алушылардың 7%-ы үшін жағдай жеңілдеуде. Ал өндіріп алу керісінше қиындай түсуде. Қарызды уақытында өтеу уәждемесі төмендеп, банктерге өндіріп алғанға дейін есеп айырысу бойынша жауапкершілік артып келеді.

Қарыз алушылардың құқықтарын сақтауға және кибералаяқтық құрбандарының мүдделерін қорғауға бағытталған шаралар да қамтылып отыр. Агенттік банк омбудсмені институтының азаматтардың барлық несиелеріне қатысты дауларды қарау жөніндегі өкілеттіктерін кеңейтуді ұсынған. Қаржы институттары ақпаратты қауіпсіздік процедураларын бұзу салдарынан кибералаяқтықтың құрбаны болған клиентке келтірілген зиянды өтеуге немесе талап қоюды тоқтатуға міндетті болады.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<