Қазақ мұнайының машақаты көбейді

722

0

сурет ашық дереккөзден алынды

Қарашаның соңында «Каспий құбыр консорциумы» Қазақстан мұнайын тасымалдауды тағы да тоқтатқаны мәлім болды. Ізін ала елдегі барлық ірі мұнай кен орындары «қара алтын» өндірісін жаппай қысқартуға көшті. Өндіріс шамамен екі есе құлдырап, сала бір теңселіп алды. Кірісінің біраз бөлігін мұнайдан табатын мемлекет үшін бұл алаңдатарлық жағдай. Мәселеге қандай фактор әсер етті?

Қазаққа жат құбыр

Қарашада Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елімізде биыл 10 айда 74,8 миллион тонна мұнай өндірілгенін, ал мұнай өнімдерінің өндірісі 11,2 миллион тоннаға жеткенін жария еткен еді. Сала керемет дамып жатқандай көрінген. Алайда аз уақыттың ішінде проблема көбейді. 27 қарашада «Каспий құбыр консорциумы» қазақстандық мұнайды жаһандық нарықтарға жіберуді тоқтатты. Компания өкілдері бұған күрделі метеоахуалды, Қара теңізде басталған дауылды маусымды сылтау еткен. Оның үстіне компанияның резервуарлық парктері шикізатқа мелдектей толып тұрғаны, салдарынан жаңа жеткізілімдерді қабылдау күрт шектелгенін ескертті.

Мәселенің бәрі сонда басталды, Атырау облысындағы «Теңіз» супергигант мұнай-газ кен орнын игеріп жатқан «Теңізшевройл» бірінші болып мұнай өндірісін кемітетінін жариялады, яғни, мәжбүр болды. Күнделікті өндіріс 43 мың тоннаға кеміді.

«Дауылдарға бола «Каспий құбыр консорциумының» Новороссийск портындағы теңіз терминалынан мұнай артуды тоқтатуына байланысты «Теңізшевройл» компаниясы өндірістік қызметіне түзету енгізетін болады», – деп хабарлады «Теңізшевройл».

Энергетика министрлігі жанындағы Отын-энергетикалық кешенінің жағдаяттық-сараптамалық орталығының дерегінше, Қазақстанда бұған дейін, яғни 24 қарашада тәулігіне 257,4 мың тонна, 25 қарашада 253,1 мың тонна мұнай мен газ конденсаты шығарылған. Ал 26 қарашада бұл көрсеткіш 214,5 мың тоннаға дейін кілт құлдырады. Артынша Қашағанмен қоса, Қайраң және Ақтоты кен орындарының мұнайы мен газын алып жатқан NCOC компаниясы да тәуліктік өндіріс көлемін бірден 38 пайызға азайтты. Бұған да сол мұнай жеткізудің тоқтауы себеп болған.

«NCOC компаниясы мұнай өндірісін 54 мыңнан 33 мыңға дейін кемітті. Бұдан бұрын, 26 қарашада ТШО компаниясы өндірісті 50 пайызға, 28 қарашада тағы 10 пайызға азайтқан болатын», – деп мәлімдеді жоғарыда аталған орталық.

Енді осы тұста бір астарлы жайт жол тосады. Желтоқсанның басынан бері Қара теңіздегі дауылдар азайды, метеоахуал біршама жақсарды. Танкерлер қатынасы қайта жолға қойылды. Соған қарамастан «Каспий құбыр консорциумы» қазақ мұнайын қабылдауды шектеп отыр. Демек, солтүстіктегі көрші белгілі бір мақсатпен үйреншікті қыспағын қайталауда.

«Каспий құбыр консорциумы» танкерлерге мұнай тиеуге 30 қарашада рұқсат етіп қойған. Компанияның кезекті сылтауы дайын: жылжымалы айлақтық қондырғы бұзылып қалғанын алға тартқан.

«Штормнан соң қалқымалы шлангтерге, жылжымалы айлақтық қондырғыларға тексерулер жүргізілді. ВПУ-3-тің сыртқы жеңінің қалқымалы шлангтерінің біріне зақым келгені анықталды. Бұған аномальды дауылдар ықпал етті. «Каспий құбыр консорциумы» қоршаған ортаны қорғау мәселесінде ымырасыз, компромиссіз позицияны ұстанады. Осы ұстанымымызға сай, сондай-ақ консорциумның Қара теңіздегі терминалының жабдықтарын пайдалануда өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, апаттық жағдайларды болдырмау, мұнайдың төгілуіне жол бермеу мақсатында, ВПУ-3 қолданыстан шығарылды», – деп түсініктеме берген компания.

Ал расында ВПУ-3-тің сыртқы жеңінің қалқымалы шлангісінің бұзылып қалғаны тек дауылдар саябырсыған соң әшкереленген. Бірақ мұнай да төгілмепті. Компания «төтенше жағдайдың туындауына түрткі болар ешқандай шарттар жоқтығына» сендірген. Алайда жап-жаңа саналатын ВПУ-3 бәрібір жұмыс істемейтін болған. Оны жөндеу мерзімі ұзара беруі мүмкін, яғни, сәйкесінше қазақ мұнайының да тасымалы тежеле бермек.

Жартылай тәуелділіктен толық тәуелділікке өту қаупі

Еліміз 2023 жылы мұнай өндірісін 89 миллион тоннаға жеткізуді жоспарлағаны белгілі. Енді дүниежүзілік нарыққа теңізбен мұнай жеткізу шектелгендіктен, «қара алтынды» амалсыз ресейлік «Транснефть» магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы құрлықпен тасымалдауға тура келуде. Бірақ оның тасымалы қымбатқа түседі, тарифі де жоғары. Оның үстіне «Транснефть» толығымен Ресейдің иелігінде. Қазақстан «Каспий құбыр консорциумының» ірі акционері саналатын. Оның акцияларының 24 пайызы Ресейге, 19 пайызы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына, 15 пайызы Шеврон Каспиан Пайплайн Консорциум Компаниге тиесілі. Егер «Транснефть» арқылы мұнай тасымалдауға көшсек, онсыз да шайқалып келген сала толығымен Мәскеуге тәуелді болып қалады.

Энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов ұсынған дерекке жүгінсек, Теңізде тәуліктік мұнай өндірісі 27 қарашада 43 мың тоннаға, 28 қарашада 44 мыңға, 29 қарашада 54 мыңға, 30 қарашада 54 мыңға, 1 желтоқсанда 59 мыңға, 2 желтоқсанда 59 мың тоннаға дейін азайды. Бұрын бұл кен орнындағы стандартты тәуліктік мұнай өндірісі 84 мың тоннаны құрайтын. Құлдырау масштабын осыдан-ақ аңғаруға болады. 3 желтоқсаннан бастап ақырындап барлық кен орындары стандартты нормаға орала бастады, әйтсе де мұнай жеткізудің машақаты әлі біраз әуреге салатындай.

Көршінің кәсіби қыспағы

Бұл мәселе сөз болғанда біз тағы бір жайтты айтқымыз келеді.  Осыдан тура бір жыл бұрын Германия ресейлік мұнайды сатып алудан бас тартып, орнына Қазақстанның шикі мұнайын импорттауға ықыласты екенін мәлімдеген болатын. Геосаяси ахуалдың себеп болғаны анық. Алайда жоспардың толықтай іске аса қоймайтыны белгілі еді, өйткені еліміз мұнай тасымалдауда солтүстіктегі көршісіне тәуелді. Мұндайда қарсы тарап өз мүддесін оңай бергісі келмейді. Қанша жерден санкция салып жатқанымен, кәрі құрлық елдері мұнай мен газ тақырыбына келгенде Ресейден алысқа бара алмайды. Былтыр да солай болды, бірақ Bloomberg Германияның Экономика және климатты қорғау министрлігі Шведт пен Лойндағы мұнай өңдеу зауыттары Ресейден мұнайға тапсырыс бермейтінін, Қазақстаннан мұнай айдауға өтінімдер берілгенін жазған еді. Дегенмен Шведт қаласында орналасқан мұнай өңдеу зауыты жылына 10 миллион тоннадан астам шикі мұнайды қажет ететіні, Қазақстан осынша көлемдегі «қара алтынды» жеткізе алмайтыны тағы айтылған. Тіпті, біз жоғарыда айтып өткен «Транснефть» ресми өкілі Игорь Демин сол кезде ТАСС-қа Қазақстан өзінің мұнайын Германия бағытында айдау үшін жүгінбегенін айтқан.

«Бізде қазақтармен келіссөздер немесе қазақтардың қандай да бір жеткізу келісім-шарты жасалатыны туралы ақпарат жоқ. «Транснефть» басшысы Николай Токарев бұл техникалық жағынан мүмкін екенін айтты, бірақ транзит туралы шешімді тек Ресейдің Энергетика министрлігі қабылдай алады. Бәрібір Ресейден Германияға жеткізілген шикізат көлемін Қазақстан алмастыра алмайды», – деп кесіп айтқан Демин.

Әңгіменің ауанынан сол кезде-ақ Ресейдің қазақстандық мұнайды тасымалдауға рұқсат беретін сыңайы байқалмаған. Германияға Ресей мұнайын жеткізу жылына 19-20 миллион тоннаны құрайды, тағы 10 миллион Польшаға жеткізіледі. Ал Қазақстанның «Атырау-Самара» мұнай құбыры арқылы айдай алатын қосымша көлемі тек 3-5 млн тоннаны құрайды, сонымен қатар «құбырдың техникалық жай-күйіне» байланысты 7 млн тоннаға жетуі мүмкін. Міне, осылайша қазақстандық мұнайды тасымалдауда Ресейдің рөлі айқын сезілген, өз мүддесін оңай босатқысы келмейді. Себебі олар үшін Еуропаға тек өзінің мұнайын саудалаған тиімді. Саяси ахуалдарға қарамастан Германия сияқты елдер шикі мұнайға мұқтаж. Сондықтан тасымалдау жолы көршісіне байланған Қазақстан үшін мұнай тақырыбы машақатқа айналды. Ал басқалай жолды тез арада табу мүмкін емес.

Мадияр ТӨЛЕУ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<