пендешілік пейілдің бұл қай көрінісі?
Кейде біздің қоғам мүшелерінің кейбір қисынсыз әрекеттеріне қайран қаласың. Мұны жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған «Қазақстан халқына» қорынан той жасауға, үй алуға және несиесін төлеуге көмек сұраған адамдарға қатысты айтып отырмыз. Сонда олар бұл өтініштердің қисынға соқпайтынын шын мәнінде білмей ме, әлде «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегеннің кері ме екен?
Бұл ұзынқұлақтан естіген әңгімеміз емес, «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі Әлібек Әділовтың «үй, көлік сатып алу, несие және басқа да қаржылық займдар бойынша міндеттемелерді төлеу, отбасылық іс-шаралар мен мерекелік шаралардың қаражатын өтеу туралы өтініштер әлі де түсуде» деген мәлімдемесін оқығаннан кейін қозғап отырғанымыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 11 қаңтарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында:
«Әлеуметтік әділдік те маңызды мәселенің бірі болып қала береді. Қазақстан – Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет. Мемлекет аз нәрсе тындырып жатқан жоқ. Республикалық бюджеттің 50%-тен астамын әлеуметтік шығындар құрайды. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бізде Ұлттық қор бар, ол – еліміздің қаржылық тірегі. Бүгін «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорын құруды тапсырамын. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешумен айналысады. Мысалы, сирек ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетіледі. Өйткені көптеген отбасы емдеу ақысын төлей алмайды. Қалаларда, аудандарда, кенттер мен ауылдарда балаларға спорттық нысандар салынады. Дарынды балаларға көмек көрсетеміз. Мәдениетті қолдаймыз. Алматының сұмдық қасіретті оқиғадан оңалуына көмектесеміз. Осы қор есебінен қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетеміз» дегені белгілі.
Мемлекет басшысы сонымен қатар ол Президенттің, Үкіметтің немесе басқа мемлекеттік органның қоры емес, барша қазақстандықтардың қоры, халықтық қоры болатынын атап өтіп, жаңа Әкімшіліктің немесе Үкіметтің жанында жұмыс істемейтінін, беделді байқаушылар кеңесі құрылып, адал да жауапты басшы тағайындалатынын жеткізген еді.
Көп ұзамай аталған қор құрылып, оның басқарма төрағасы болып еліміздегі қаржы саласының мықты мамандарының бірі Болат Жәмішев тағайындалды. Ол алғашқы сәттен Президенттің қор қызметінің толық ашықтығын, қоғам алдындағы есептілігі мен бақылануын қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындауды қолға алды. Бұл мақсатта «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорының арнайы сайты ашылды.
– Қорға қаржы аударған әр адамның оның қайда жұмсалып жатқаны туралы білуге толық құқығы бар. Қордың жұмысы ашық жүргізіледі. Қызметіне қатысты барлық ақпараттар біздің сайтта жарияланады, яғни, қанша қаржы түсіп жатыр, ол қайда жұмсалып жатыр барлығы ашық көрсетіледі. Ашықтық – біз көздеп отырған басым бағыттың бірі, – деді Б.Жәмішев.
«Қазақстан халқына» қорының қамқоршылық кеңесі құрылғаннан кейін қордың негізгі міндеттерін көрсететін тұжырымдаманы, мақсатын және қағидаттарын бекітті. Жаңадан құрылған қор қызметтің ашықтығы мен айқындылығы қағидаттарын ұстанады.
Құжатқа сәйкес, қордың қызметі болашақта аурулардың және мүгедектіктің ықтимал дамуын болдырмау мақсатында сәбилерге медициналық қызмет көрсетуді дамытуға және оның қолжетімділігін арттыруға жәрдемдесуге, спорт және білім беру инфрақұрылымы, сондай-ақ балаларға арналған басқа да әлеуметтік маңызы бар қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ, қор мүгедек, науқас немесе әлеуметтік бейімделу проблемалары бар баланы асырап алған, қорғаншылық немесе патронаттық тәрбиені ұйымдастырған отбасыларға көмек көрсетумен және аз қамтылған отбасылардағы балаларға көмек көрсету үшін мектептермен өзара іс-қимыл жасаумен айналысады.
Тізімге Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау немесе адамдардың өмірін сақтап қалу және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету кезінде қайтыс болған немесе ауыр жарақат алған құқық қорғау органдары, арнайы органдар, ҰҚК қызметкерлерінің отбасыларына, әскери қызметшілеріне, төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен адамдарға қолдау көрсету кіреді.
– Бұл қызмет бағыттарын қамқоршылық кеңес бекітті, ал басқа салалар қор қызметіндегі басым бағыттарға жатпайды. Сондай-ақ, біз азаматтардың қаржылық проблемалары болуы мүмкін екенін түсінеміз. Алайда бұл мәселелердің барлығын қор шеше алмайды. Сондықтан тұжырымдамада көрсетілген қызмет бағыттарын мұқият оқып шығуыңызды сұраймыз, – деді «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Қор құрылғаннан бері ірі корпорациялар, қаржы құрылымдары, кәсіпкерлік нысандары секілді заңды тұлғалар және жеке тұлғалар демеушілігін қосқанда барлығы 115 млрд теңгеден астам қаржы түсті. Ал келіп түскен саны 13 мыңнан асты.
Қорға демеушілік жасауға ниет қылған тұлғалар немесе көмек сұраған азаматтар қаржы аудару тәсілдерін немесе өтініш беру жолдарын «qazaqstanhalqyna.kz» және «атаmekenim.kz» сайтынан оқып таныса алады. Жалпы «Қазақстан халқына» қорының арнайы сайтынан қордың тұжырымдамасы мен қағидасы, мақсаты және міндеті, көмек көрсету бағыттары туралы толыққанды ақпарат алуға болады. Сондай-ақ демеушілер тізімі мен түскен қаржы көлемі туралы мәліметтер бар.
Мақаланың басында қордан өз мақсаттарына (қарызын жабу, тойын жасау, үй сатып алу және т.б) қаржылай көмек сұраған адамдардың әрекеттеріне қынжылыс білдірген едік. Ол ештеңе емес екен. Мұндай өтініштер білместіктен туындауы да мүмкін. Ал келесі әрекеттер адамдардың ашу-ызасын тудыратыны анық. Дұрысын айтқанда қылмыстық әрекеттер.
Қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай платформасын пайдаланып, қазақстандықтар атына несие рәсімдеуге талпынуға тырысқан алаяқтар пайда болуда. Тек демалыс күндері «Атамекен» ҰКП байланыс орталығына осындай шағымдармен 250 адам жүгінсе, 7 ақпанда осы тектес тағы 186 қоңырау түскен. Өтініштердің бірінде Шымкент қаласының тұрғыны «атаmekenim.kz» сайтында көмекке өтініш беріп, барлық мәліметті толтырғаннан кейін экранда несиенің сәтті өңделгені туралы ақпарат пайда болған, содан кейін оған одан әрі ақшалай несие рәсімдеу туралы ұсыныспен бейнеқоңырау түскен. Дәл осындай оқиға Өскеменде де қайталаныпты. Онда қала тұрғынына электронды үкіметтің жалған порталы атынан SMS-хабарлама жіберіліп, одан кейін ақшалай көмек түрінде 1166000 теңге алу үшін жолданған SMS кодын атауды сұраған алаяқ телефон соққан.
Қордың әлеуметтік желідегі мессенджерлеріне «Қазақстан халқына» қоры атынан телефон соққан алаяқтар төлеуге уәде еткен 42000 теңге көлеміндегі әлеуметтік жәрдемақыға қатысты сұрақтар келіп түскен.
– Қор мессенджерлер арқылы бейне немесе аудиоқоңыраулар жасамайды. Жалғыз байланыс құралы – «qazaqstanhalqyna.kz» сайты және «atamekenim.kz» қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай платформасы. Біз азаматтардың қауесеттерге сенбеуін және алаяқ ұйымдардың арандатуына берілмеуді сұраймыз. Тек ресми ақпаратқа сеніңіз, – дейді «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі Әлібек Әбділов.
«Малымды алсаң да, пейілімді алма» деген халықпыз. Жаңадан құрылған қор қиындыққа душар болған адамдарға көмек көрсетуге және арнайы бағдарламаларды жүзеге асыруға арналған. Сондықтан ондағы қаржыға қызығып, пейілі бұзылған кей адамдардың іс-әрекеттерін басқалар қайталамаса екен дейміз. Халқымыздың «Адамның құлқы түзелмей, өмірдің құлпы түзелмейді» деген дана сөзі бар. Ойланайық!
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<