Құмар ойынға құныққандар құрдым құдығына құлайды

484

0

Құмар ойынға құныққан бүгінгі ұрпақ бәс тігуден басын ала қашпайды. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың торына түскен отандастарымыз тапқан-таянғанын жеңіл жолмен ақша табамын деп желге ұшырып жатыр. Адал еңбек етіп, бейнеттің берекесіне бөленудің орнына ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп қалта қампайтқысы келетіндердің саны артып келеді. Сөйтіп жүріп жиған-тергенінен, дүние мүлкінен, ең бастысы, абырой-беделінен, отбасынан айырылып жатқандар қаншама?!

«Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің». Алайда бүгінгі «ойыншылар» құмарлықты тәуекелмен, игі іспен шатастырып жүрген секілді. Соның кесірінен отызында орда бұзбақ түгілі, қырқында қамал ала алмайтын масыл, бойкүйез буын өсіп шықты. Бұл мәселеге бұдан әрі көз жұма қарауға болмайды. Еңбекқор, ұстамды, нәпсісін тыя алатын ертеңгі ел жастарын тәрбиелегіміз келсе, қоғам болып қозғау салатын уақыт жетті. Себебі әлденеше жыл бұрын әдептің әңгімесі деп келген ойынға құмарлық әрекеті бүгінде әлеуметтік мәселеге

 айналып шыға келді.

Тыйым тиыннан айыра ма?

Құмар ойын қоғам дерті болып тұр. Өйткені оңай жолмен келетін ақшадан дәмеленіп, «қораға» кіріп кеткендердің салдарынан талай отбасының шаңырағы ортасына түскен. Жақында Мәжілісте депутат Руслан Берденов өткен жылғы статистикалық деректерге сәйкес, 3676 адам суицид жасағанын, оның әрбір бесіншісі құмар ойындарға тәуелді адамдар екенін айтты.

Былтыр сенатта экс-депутат Дана Нұржігіт те осы мәселені көтеріп, букмекерлік компанияларды жарнамалауға мүлдем тыйым салу бойынша қолданыстағы заңға тиісті өзгерістер енгізуді талап еткен болатын.

– Уәкілетті орган, құмар ойынға кіріп кеткен азаматтардың тізімін жүргізіп, тиісті шешім қарастыруларыңызды сұраймын, – деген болатын Дана Нұржігіт үкіметке жолдаған сауалында.

Елімізде қазір жеті казино мен 30 букмекерлік компанияның ғана лицензиясы бар. Өзге онлайн интернет казинолар мен түрлі ақшалай ұтыс беретін онлайн ойындар ресми тіркелмеген.

Бұл мәселеде халықтың пікірі бір жерден шыға береді деуге келмес. Әрине, үлкендер жағы қажет еместігін, жастардың санасын улап жатқанын айтады. Ал спортты қарайтын, арасында бәс те тігіп тұратындардың көзқарасы мүлдем бөлек. Олар Қазақстан шектеу қойса, басқа елдің онлайн кеңселеріне өтушілер көбейеді деп санайды.

– Құмар ойындардан ел қазынасына түсіп отырған салықтың көлемі орасан зор. Егер біз шектеу қойсақ, сол салықтан айырыламыз. Бірақ бәс тігушілердің саны бәрібір азаймайды. Өйткені қазір онлайн кез келген елдің букмекеріне тіркеліп, бәс тігуге мүмкіндік бар. Сосын еліміздегі спорттық клубтар, іс-шаралар, трансляциялардың да демеушілері букмекерлік кеңселер екенін ұмытпайық, – дейді қала тұрғыны Т.Маратұлы.

Сенатордың мәліметінше, Қазақстанда құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асады екен. Ал бір ойыншының орташа қарызы 10 млн теңгені құрайды. Депутаттар бұл мәселеге де назар аударуды сұрады. Ол сондай-ақ ойын бизнесі субъектілерінің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту бойынша тиісті жұмыстар жүргізу қажеттігін де атап өтті. 10 млн – аз ақша емес. Ал халық саны небәрі 19 млн-ға жуық елімізде ондай ойыншылардың саны 350 мыңнан асып отырғаны көңілге кірбің ұялатады. Себебі бұл көрсеткіш жыл санап артпаса, кемімейді.

Мәселен, 2020 жылы 2 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Заңдағы 11-баптың 1 және 2-тармақтарында «Казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар (букмекерлік кеңселердің және (немесе) тотализаторлардың кассалары) Алматы облысында «Қапшағай» су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Бурабай ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген аумақтарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында казиноны, ойын автоматтары залдарын, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды (букмекерлік кеңселердің және (немесе) тотализаторлардың кассаларын) орналастыруға тыйым салынады» деп анық жазылған.

Шектеуден шықпау – ойынға оралмау

Яғни еліміздегі «Қапшағай» мен «Бурабайдан» өзге орындарда орналасқан казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметі заңға қайшы. Сондай-ақ Заңның 15-бабында құмар ойындарға және бәс тігуге жиырма бір жасқа дейінгі жеке тұлғалардың, сондай-ақ құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдардың қатысуына тыйым салынады делінеді. Бұған қоса ондай орындарда құмар ойындармен және бәс тігумен шектен тыс әуестенудің зияны туралы ескерту, шектеу тәртібі туралы мәліметтер болуға тиіс. Ол аз десеңіз, ойынға салынғандарға, олардың жақын туыстарына психологиялық көмек көрсететін мамандардың орналасқан жері мен байланыс нөмірлері көрсетілуі міндеттеледі.

Айтпағымыз, Конституцияда ондай ойындардан келетін зиянды ескерту мен оның алдын алуға бағытталған заң жүзіндегі қадамдар бар. Бірақ оны елеп-ескеріп жатқан ойыншылар шамалы. Байқасаңыз, осы заңның 15-бабындағы құмар ойындарға қатысуы шектелген адамдар туралы айтқан болатынбыз. Олар қандай адамдар? Ондай шектеуді қалай қоюға болады? Бұл үшін жеке тұлға кез келген ойын бизнесін ұйымдастырушыға еркін нысандағы жазбаша өтінішін беру арқылы алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге өзін құмар ойынға қатысудан өз бетінше шектей алады. Өтініште жеке басын куәландыратын құжат деректері, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан шектеу мерзімі, өтініш берушінің жеке қолтаңбасы болуға тиіс. Берілген өтініш қайтаруға немесе кері қайтарып алуға жатпайды. Ондай өтінішті бір ойын мекемесіне берген адам құмары оянған кезде келесі ойынханаға барып қызыққа кенеле алмайды. Неге? Себебі ойын бизнесін ұйымдастырушылардың біріне өтініш беру ел аумағындағы барлық ойын бизнесін ұйымдастырушыларға өтініш беру ретінде қаралады. Ойын бизнесін ұйымдастырушы қабылдаған және тіркеген өтініштің көшірмесі қабылданған күннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірілмей уәкілетті органға жіберіледі.

Сондай-ақ жақын туыстары, отбасы мүшелері ойынға салынған азаматтың теріс әрекетін шектеу туралы өтінішпен уәкілетті органға жүгінуге құқылы. Уәкілетті орган мұндай өтініш келіп түскен күннен кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірмей жеке тұлға туралы мәліметтерді құмар ойындарға қатысуы шектелген адамдар тізіміне енгізеді. Оған уәкілетті органның интернет-ресурсы арқылы ойын бизнесін ұйымдастырушылар ғана қол жеткізе алады. Ал ойынға қатысуы шектелген адамдар туралы ақпарат құпия қалпында сақталады.

«Дәніккеннен құныққан жаман». Өкінішке қарай, құмарлыққа құныққан адамдар «Заң атаулының барлығы оны бұзу үшін жазылған» деген қағидамен ғұмыр кешіп келеді. Анығында, заң адамды адал, алаңсыз өмір сүруге, ал қоғамды дұрыс жолға түсіруге арналғаны анық.

Еуропа елдеріндегі ереже

Италия мен Испанияда футбол клубтарына букмекерлік кеңселерді жарнамалауға толық шектеу қойылған. Есесіне, криптовалюта компанияларының дәуірі жүріп тұр.

Италия заңды 2019 жылы күшейткен. Ол тұста «Рома», «Лацио», «Торино», «Кьево» клубтары жарнамалап жүрген болатын. Басында бұл шектеуге көпшілік қарсы болған. Олар мұндай қатаң шектеу 100 миллион еуродан айырылуымызға және Еуропадағы бәсекеге сай болмай қаламыз деп дабыл қаққан. Бірақ Италия билігі өз дегенінен қайтпады. Клубтар басқа жарнама жолдарын іздеуге көшті.

Қазір Италия командалары криптобиржа, блокчейн-платформалармен келісімге келген. «Ювентус», «Интер», «Лацио», «Милан», «Рома», «Наполи», «Болонья» және «Новара» сонымен қатар фан-токендерді (цифрлік актив) іске қосқан.

Жоғарыда айтқандай, Испания 2021/22 жылғы маусымнан бастап, жейдеге букмекерлік кеңселердің атын жазуды шектеген. Англиямен салыстырғанда, Испания командаларына бұл қатты тиді. Өйткені бірінші және екінші лигадағы 42 клубтың 41-і қиналып қалды. 10 команда титулдық демеушіден айырылды. Шығын көлемі жылына 90 миллион еуроға жеткен. Клубтар шұғыл түрде демеуші іздеп, криптобиржаға қосылды.

Дегенмен, Италия мен Испанияда соған қарамастан әлі де лазейка бар. Бұл тек крипвалюта нарығы ғана емес. Букмекерлік кеңселерді басқа елдерде жарнамалауына болады. Мысалы, топ-лига командалары Азия немесе Америкада бәс тігумен айналысатын компаниялармен әріптестік орнатқан. Сондықтан Еуропаның көптеген командасы соғысқа дейін Ресейдегі букмекерлермен байланыста болған.

Еуропаның өзге топ-чемпионаттары туралы айтар болсақ, Франция мен Германияда шектеу жоқ. Ал Нидерланды 2025 жылы енгізуді көздеп отыр. Бірақ жергілікті федерация бұған қарсылық білдіріп жатыр. Бельгияда талқылау жүруде. Бәстердің жарнамасына елдегі әділет министрі Винсент Ван Квикенборн қарсы.

Шотландияда Англиямен салыстырғанда ондай шектеу қойылмаған. «Селтик» пен «Рейнджерс» секілді елдің маңдайалды клубтарының титулдық демеушілері – букмекерлік кеңселер. Лига қыруар қаржыдан айырылғысы жоқ.

Қызылордада ойын қылмысы қызып тұр

Әлем ойланып жатқанда, сырбойылықтар ойыннан шыға алмай әлек. Сырдың жағасында заңсыз ойын бизнесі тыйылмай тұр. Күн санап құмар ойынның құрығына іліккендер қатары да артып отыр. Бұл тұрғыда Қызылорда облысының үлесі көңілге кірбің ұялатады. Жалпы, елімізде лудомания дерті қоғам қасіретіне айналып тұр.

Өткен жылдың өзінде Қызылорда облысында құмар ойынның құрығына іліккендер саны екі есеге артқан. Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәлімдеуінше, 2022 жылы аймақта ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы 1-бөлігімен 18 қылмыстық істің беті ашылған. Нәтижесінде 18 ойын орны жабылып, 17 қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданған және сот шешімі шыққан.

– Өткен жылы заңсыз ойын бизнесінің өршуі анықталды. Бұл тұрғыда қылмыстық істер бойынша заңсыз айналымнан 1 ойын рулеткасы, 1 ноутбук құрылғысы, 103 монитор, 123 процессор, 6 телевизор тәркіленді. Сондай-ақ 14 кассалық аппарат, 10 терминал, 6 бейнежазғыш және 795920 теңге ақша алынды. Осы орайда жалға берілген ғимарат пен пәтер иелеріне заңсыздыққа жол бермеу қажеттігі түсіндірілді. Бұдан әрі «заңсыз ойын қызметіне үй-жайларын берген жағдайда» қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескерту берілді. Алдағы уақытта да облыс көлемінде заңсыз ойын бизнесінің көрсеткішін азайту және азаматтардың өз әрекетіне құқықтық баға бере алуы назардан тыс қалмайды. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру мақсатында алдын алу шаралары тұрақты жүргізіледі, – дейді Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары М.Таубай.

Ал, облыста биыл 2 заңсыз ойын бизнесі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот үкімі шыққан. Алғашқысы бойынша Алматы қаласының тұрғыны Қызылорда қаласында интернет-казино ашып, ойын бизнесін бастаған. Ол үшін 2022 жылдың мамыр айында Қазыбек би көшесінің бойындағы көпқабатты үйден жалға пәтер алып, 8 дербес компьютер арқылы интернет желісіне қосылған. Қасына екі танысын жұмысқа тартқан. Қылмыстық іс бойынша сот сараптамасы көрсеткендей, компьютерлерге Superomatic бағдарламасын қосу арқылы онлайн ойындар сайтына қолжетімділікті қамтамасыз еткен.

Сот барысында заңсыз ойын ұйымдастырушы өз кінәсін толықтай мойындау туралы процессуалдық келісімге қол қойған. Нәтижесінде оған Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен, ҚР ҚК-нің 307-бабы 2-бөлігі 3-тармағымен қарастырылған қылмыстық әрекеті үшін 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Барлық мерзімге пробациялық бақылау және жыл сайын 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тарту тағайындалды.

Кезекті іс бойынша қала тұрғыны өткен жылдың қаңтар айында заңсыз бизнес ашу мақсатында Қызылорда қаласындағы Панфилов көшесі бойынан келісімшарт негізінде жалға ғимарат алған. Бұл ғимаратқа компьютерлік құрылғылар орнатып, бәс тігу мөлшерлемелерін қабылдауға және төлем төлеуге қажетті «Зенит» бағдарламасын орнатып, букмекерлік кеңсенің кассасын ашқан. Осы арқылы 2022 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында қолма-қол ақшаға бәс тігу мөлшерлемелерін қабылдау арқылы ұтыс төлеу бойынша жұмыс істеген. 2022 жылдың қазан айында әшкереленген бұл заңсыз әрекетке сот компьютер-технологиялық сараптамасының қорытындысы шығарылған. Салдарынан заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған тұлғаның берген жауабымен, жасырын бақыланатын сатып алуды жүргізу хаттамасымен, беттестіру хаттамаларымен дәлелденген.

– Заңсыз ойын бизнесін ашқандардың жазасы да жеңіл болмайды. Жыл басынан осындай заңбұзушылық анықталып, тиісті жазасын алды. Алғашқы іс бойынша оңай ақшаға кенелгісі келген тұлғаның заңсыз әрекеті ЭТД қызметкерлерімен әшкере болды. Оның ойын орнынан 8 компьютерлік жүйе мониторымен, Huawei, TP-Link, Altel модельді 3 модем, Ezviz бейнекамерасы, 1 желілік хап және кассадағы 23000 теңге ақша тәркіленді. Заңсыз бизнестің жұмыс істеген айларындағы барлық кіріс-шығыс есеп құжаттарына «бухгалтерлік және қаржы бюджеттік зерттеу» сот сараптамалары жүргізілді. Сарапшы маманның қорытындысына сәйкес, заңсыз қызметтен түскен табыс көлемі 8 млн 190 мың теңгені құрады. Бұл ірі мөлшерге жатады. Оған екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасы қойылды. Келесі іс бойынша қалалық №2 сотының шешімімен, ойын мекемесін заңсыз ашып, заңсыз бизнес ұйымдастырған азамат та өз кінәсін толық мойындады. Ол Қылмыстық кодекстің 307-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, 612600 теңге айыппұлға тартылды, – дейді Тергеу басқармасының аға тергеушісі Д.Шобдыр.

Қалай дегенде де қаншама қылмыс әшкере болса да, заңсыз ойын бизнесін күнкөріс көргендер қатары азаяр емес. Интернетте құмар ойынның ашықтан ашық жарнамалануы да оған күрес жүргізуде қиындықтар туғызуда. Мамандар заңсыз ойынға қатысты қылмыстар экономикаға орасан залал келтіретінін айтады.

Психологтар пайымы

Психологтардың пікірінше, ойынқұмарлық отбасындағы осал тәрбиеден бастау алады. Тіпті балалардың кішкентайынан компьютерге телміріп, ойынқұмар болып өсуіне ата-ана тәрбиесінің де әсері көп көрінеді. Белгілі психолог Л.Қойшиеваның айтуынша, құмар ойынға тәуелді болудың алғышарты көп: мейірім мен қамқорлықтың жетіспеушілігі, отбасындағы қарым-қатынастың күрделілігі, қатыгездікпен астасқан әсіреталапшылдық пен астамшылдық.

Мамандардың айтуынша, құмар ойынға құныққандардың бастапқы мақсаты басқа болады. Олар алдымен көңіл көтеру үшін немесе сауық құру мақсатында ойнайды. Кейін бұл мақсаты бұрмаланып, құныға ойнау сипатына ауысады екен. Уақыт өте келе, ойынға жіпсіз байланып, бас тарта алмайтын жағдайға душар болады.

– Ойынқұмарлардың эмоциялық көңіл күйі ойынның әрі қарай қалай өрбуіне байланысты. Мысалы, ойыншылардың көбі ұтылған сәтте өздерін жегідей жеп, кінәлау сезімін бастан кешірсе, жеңіске жеткен кезде керісінше, өздерін ұлы құдіреттей сезінеді. Құмар ойыншылардың  барлығының осал тұсы – ерік-жігерін басқара алмауында. Соның салдарынан олар ойынды дер кезінде тоқтата алмайды. Көпшілігі мұны мойындағысы келмейді. Өздерінше құмар ойынның санын қадағалап отырмыз, кез келген сәтте ойыннан шыға аламыз деп ойлайды. Ойынға тәуелді жандардың басым бөлігі жалғызілікті. Бірақ олар жалғыздықтан гемблингке құмартқан жоқ, гемблингтің салдарынан жалғыз қалды деуге болады, – дейді Л.Қойшиева.

Қазіргі заманда компьютер өміріміздің бір бөлшегіне айналғаны шын. Бүгінгінің баласын компьютерсіз елестету қиын. Кейбір жеткіншек үшін компьютер – оқудан да, тіпті достарымен қыдырудан да артық дүние.

Әлбетте, заманауи техниканың пайдасын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ онымен шамадан тыс әуестену кейін бармақ тістеуге әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан балаларды қадағалап, оларға техниканы орнымен қолдануға дағдыландыру қажет.

– Компьютерлік ойындар баланы шынайы өмірден алыстатып, ойдан құрастырылған әлемге таңып қоятынын естен шығармау қажет. Виртуалды әлемге берілген бала шынайы өмірде кездесетін қиындықтарға төтеп бере алмайтын әлжуаз адам болып өсетінін ұмытпаңыз. Ал ерік-жігері әлсіз адам еліктегіш келеді. Құмар ойындарға да күш-жігерін басқара алмайтын, психологиясы әлсіз адамдар көбірек душар болады, – дейді психологтар.

Қазақ «еңбектің наны тәтті» дегенді бекер айтпаса керек. Құдық түбіне құлаған құрбақаға аспан аядай ғана көрінеді. Ал өміріңіздің көкжиегі кең болу үшін жаман әдетке жоламаған жөн.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<