80 мың бас киік құрбандық. Министрдің өзі мақұлдаған шешім бұл. Кең даладағы киелі саналған жануарды 2023 жылға дейін атуға болмайтын. Бірақ ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешов Орал популяциясына жататын 801 мың бөкеннің 10 процентін азайту жайлы айтты. Себеп біреу-ақ. Ауыл шаруашылығы жерлеріне зардап келтіруде. Киік біткен жайылымдық жерді отап, енді егінге түсе бастағанға ұқсайды. Дабыл қағуға осылар-ақ жетіп жатыр-мыс.
Қазақстан – киіктің атақонысы
Ғалымдар пікірінше, киіктің атамекені – қазақ даласы. 95 проценті осында мекендейді. Негізінен оларды үш аймаққа – Орал, Үстірт және Бетпақдала популяциясына жатқызады. Кейінгісіне біздің облыс территориясы да кіреді.
Қолымызда киіктің өсімі жайлы мәлімет тұр. 2015 жылдан бері қарай есептесек, жануардың қатары қалыңдай түскен. Тек Бетпақдалада жортқан киіктің сол жылы жаппай қырылғаны болмаса, олардың көбею қарқыны тәуір. Мысалы, 2015 жылы Орал популяциясында 51700 бас киік өрсе, Үстіртте 1270 бас, ал Бетпақдалада 242 мыңнан астам киік болған. Жоғарыда айтып кеткендей, Бетпақдаладағы киіктің ғалымдар қойған диагноз бойынша әлдебір аурудан (бұл бәлкім, адами фактор болуы да мүмкін) қырылуынан соң, 2016 жылы 36 мың ғана киік қалды. Керісінше Орал мен Үстіртте саны артқан.
2017 жылдан бастап киік саны үш популяция бойынша артып келген. Барлығына тоқтамай-ақ былтырғы көрсеткішті айтар болсақ, Үстіртте 12 мың, Бетпақдалада 290 мың киік болыпты. Ақбөкеннің ең көп шоғырланған жері Орал популяциясы еді. Мұнда кейінгі алты жылда киік саны он есе өскен. 545 мың бас. Ал биыл осы Орал популяциясында 801 мың, Үстіртте 28 мың, Бетпақдала өңірінде 489 мың. Қуаныштысы сол, 1 млн 318 мың ақбөкен қазақ даласында өсіп-өнуде. Айтпақшы, Үстірт жерінде неге киік аз дейтін сұрақ туатыны заңдылық. Мұндағы киіктің жайылым ауыстыруына басты себеп – су қорының аздығы. Ондағы жерасты суын үнемдеу мақсатында көптеген артезиан құдықтары бітелген еді. Осының кесірінен көп киік шөлге тап келді, өлім-жітімі артып, тірі қалғаны өзге аймаққа өтті.
Киіктің көбейгені рас. Биылғы санақ нәтижесімен 1 млн 318 мың бөкен бар дедік. Бұл – киіктің төлдемей тұрғандағы көрсеткіші. Лақтары әлдеқашан жүгіріп кеткен киіктің дәл қазіргі есебін көзжұмбаймен айтсақ, 3 млн-ға жуықтауы мүмкін. Өйткені, мамандар пікірінше, бұл жануардың 70 проценті аналық болады да, қалған 30 проценті – аталық, яғни текелер. Ілуде болмаса, барлығы егізден табатын ешкілеріне қарап, түз жануарының шынымен көбейгенін байқаймыз. Айта кетейік, киік – өте жылдам өсетін жануар. Биылғы төлі ұрғашы, яғни шыбыш болса, алты айдан кейін ұрпақ әкелуге жарамды. Ал еркек лақтар текелік жасау үшін кемінде бір жарым жыл жетілуі тиіс.
Салалық министрлік киік санын реттеуді күз айларында бастамақшы. Орал популяциясындағы күрт көбейген киікті ата ма, орға құлатып жоя ма әлде тормен қаумалап ұстай ма, ол жағы әлі белгісіз. Қалай жою керектігі туралы министрлік тарапынан әлі айтылмады. Белгілісі, жеке азаматттар киік аулау шарасына қатыспайды. Бұл шаруаны түз тағыларына жауапты «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК атқаруы мүмкін.
Сонымен қазір киікті жануарлардың аңшылық тізімінен алып тастау және санын реттеуді талап ететін жануарлар қатарына жатқызу мәселесі шешілді. Киік атуға арнайы аңшылық лицензия берілмейді, тек олар шамадан тыс көбейсе, ауыл шаруашылығы саласындағы зиянкес ретінде жойылып тұрмақ.
Инспекторлардан именген соң
Мойындау керек, қазір түз тағысын қорғайтын «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК инспекторларының еңбегі ерен. Апталап, айлап жапан далада жүретін бұлардың киік қорғаудағы еңбегін ешкім жоққа шығармас. Дала аңын әбден қуғынға ұшыратқан браконьерлік бүгінде едәуір азайды. Киік өсіміне мұның әсері болмай тұрмайды.
– 1990 жылдары қалаға қарасты Абай ауылының төңірегі, Қаратаудың ең соңғы сілемдері, яғни Шиелі жақ беткейдегі «Сегізсай» жері толған киік еді. Қазір мұнда киік көрмейсіз. Неге? Киік – өте сақ және үркек жануар. Біз олар жүретін аймақтың барлығына кедергі келтірудеміз. Жайылатын жерге мұнай өндірісі келді, қаншама техника жүруде, олардың ортасына осылай кедергі келтірдік. Одан соң 2015 жылғы осы популяциядағы киікке жаппай індет тиіп, тұтастай қырылуын қосыңыз. Бірақ біздің тараптан, табиғат сақшыларының күн-түн демей қорғауының арқасында киік саны лезде көбейді. 2003 жылы «Охотозоопром» ӨБ» РМҚК құрылып, тұяқты жануарлар, оның ішінде киікті қорғауды мемлекет жедел қолға алды. Атуға тыйым салынды. Табиғат тыныштығын бұзатындарға жаза бұрынғыдан да күшейтілді. Инспекторлардан именген соң ғана киік көздейтіндер азайды, – дейді «Охотзоопром «ӨБ» Қызылорда өңірлік филиалының басшысы Берік Жорабеков.
Б.Жорабековтің айтуынша, киік қорғау жолында тым ауыр жағдайлар болды. Тіпті қан төгіліп, кейбір инспекторлардың қаскөйлер қолынан қаза тапқаны да белгілі емес пе?!
– Бұл мемлекеттің қоры десек те болады. Былайынша айтсақ, мемлекет қорғауындағы даладағы мал. 1992 жылдары кеңес өкіметі тараған тұста құрып кетудің сәл алдында тұрғандардың қатарында еді. Сол жылдары санақ кезінде бар болғаны он бес мыңдай қалған деседі. Ал қазіргі көрсеткіш өзіңізге белгілі болып отыр. Ата Заңда айтылғандай, жерасты мен үстіндегі байлық ол – халықтікі. 80 мың бас киікті жоюға қатысты түрлі пікір барын білемін. Меніңше, сол 80 мың бас киік халық игілігіне жұмсалуы тиіс. Еті адал, терісі киім, мүйізі дәрі-дәрмекке аса қажетті. Мұның бәрін сыбайластыққа бой алдырмай іске асырса, мемлекет қазынасын толтыруға бірден-бір сеп болары анық. Үй жануарындай емес, жем-шөбін ен даладан өзі тауып жүрген түз аңын осылай пайдаға асырғанымыз жөн, – дейді Б.Жорабеков.
Киік еті демекші, бұлардың ең төмені 18-20 келі, аса семіздері, әсіресе, аталықтары 40 келіге дейін ет береді екен. Қора соғып, жем беріп, уақытылы шөбі мен суын дайындамайтының тағы бар. Қазақшалап айтсақ, Құдайдың өзі бағып беріп отырған дала аңы. Бұрын кеңес заманында киік етін арнайы дайындайтын орындар болыпты. Тіпті, далада дәруменге бай емдік шөптердің түрлісін жеген киіктің еті құнарлы болатын көрінеді. Ақыры 80 мың басты құрбандық қылады екенбіз, мемлекет тарапынан терісі мен мүйізін пайдаға жаратып, ал етін саудаға шығарса, халықтың осал топтарына төмен бағамен ұсынса, құптарлық әрі қуанарлық нәрсе ғой. Бүгінгі қымбатшылықта бұның өзі жұртқа көп көмек болары сөзсіз.
«Дала санитарлары» тым аз
«80 мың бас киік жойылады». Осыны естігелі әлеуметтік желіде киік жайын түсінетіні бар, тіпті оны мүлде көрмегені де түрлі пікір айтып, аттандап жатыр. Табиғат өзі реттейді, өзі көбейіп, өзі азаяды дейтіндер де жоқ емес. Бұл рас сөз, бірақ…
«Дала санитары» саналатын қасқыр азайып кетті бүгінде. Бұл – бір. Екіншіден, бір уақыттары ақбөкенді қырып азайттық та, оны жейтін бөрі амалсыз малға шапты. Азық керек болған соң, малшы ауылды жиі торуылдайтын қасқырды құртатындар лезде табылды. Көз алдындағы қарасын жығып кеткен соң, малшы біткен мылтық ұстап, көрінген бөрінің ізіне шам алып түскенін жасыра алмаймыз.
– Біз реттемесек те, киік санын табиғаттың өзі реттейді. Мысалы, былтыр қатты қорыққанбыз. Өйткені, Бетпақдала популяциясы бойынша құрғақшылық болды. Оның үстіне жығылғанға жұдырық болып жайылымының 70 проценті өртенді. Далада лақтырған темекі қалдығы немесе шыны ыдыстардың күнге қатты қызуынан ұшқын пайда болып, өзі қурап тұрған шөпке от тисе қалай болары белгілі емес пе?! Бірақ киіктен шығын болмады. Біздің облысқа қыс түсе 50 мың басқа дейін киік келеді. Инспекторлар соны қас қақпай күзетті. Сонда да қылмыстық іс болмай тұрмайды, жыл басталғалы 10 дерек тіркеліп отыр, – деді тағы бір сөзінде «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының басшысы.
Киік санының артуы – 2012 жылғы ҚР Үкіметінің 25 шілдедегі №969 қаулысына сәйкес жүзеге асырылған шаралардың арқасы. Өйткені, қаулыда көрсеткендей, киікті 2020 жылға дейін аулауға тыйым салынды. Ал бұл тыйым ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес 2023 жылға дейін ұзартылды.
Қатаң қорғаудың арқасында
Мемлекет басшысы тікелей назар аударып отырған дала жануарын қорғау бұрынғыдан да күшейтілді. Ал жазасы тіпті ауыр. Мысал келтірсек. Кейінгі жылдары қолданыстағы заң талаптары қайта қаралып, өзгерістер енгізілді. Заңсыз аңшылықпен немесе тасымалдаумен, сақтау, сату, сатып алумен айналысқан тұлғаларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 337 және 339-баптарындағы жазалау санкциялары қатаңдатылған. Бұдан бөлек, мемлекетке келтірілген шығынды да қосып есептейді. Нақты айтар болсақ, бір киіктің текесін жазым етсеңіз, 6 млн 891 мың 750 теңге, ал аналығы мен төлінің шығыны – 4 млн 824 мың 225 теңге. Текелердің құны қаншалықты екенін жоғарыдағы цифрдан-ақ белгілі. Мұнан басқа, киік атып, жазалы болғанның пайдаланған көлігі мен қару құралдары қылмыс құралы болып дәлелденсе, міндетті түрде тәркіленеді.
– Жыл сайын көктем айларында «Киік» акциясы өтеді. ҚР ҰҚК, ҚР ІІМ және ҚР Экология геология және табиғи ресурстар министрлігінің бірлескен бұйрықтары негізінде киікті қорғау жұмыстарына «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК тарапынан дрон, ұшқышсыз ұшу аппараттары, тікұшақ пен автотехника дайындалып, барлық инспекторлар осыған белсене араласты. Облыс көлемінде 8 бағытта мобильді топ құрылып, атап айтсақ, «Қызылорда-Жезқазған», «Қызылорда-Ақтөбе», «Қызылорда-Түркістан» бағыттарында құзырлы органдармен бірлескен табиғатты қорғау шаралары атқарылды. Бұл жұмыстардан табиғат қорғау полициясы, орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлері де қалыс қалмады. Сондай-ақ рейд кезінде жергілікті тұрғындарға киікті бейберекет мазаламауға үндеген үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Рахымжан Бурабаев.
Бір өкініштісі, киікке тікелей жауапты «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК инспекторларының жалақысы көңіл көншітпейді. Сұрастырғанымызда 80 мен 100 мың теңге аралығындағы қаржыға шүкіршілік етіп жүр. Әрине, 15 күндік вахталық әдіспен жұмыс істейтін оларға іссапар шығыны төленеді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Қазіргі нарық бағасын сезіне отырып, жаздың аптабы мен қыстың қаһарлы суығында үй бетін сирек көретін табиғат сақшыларына жарытымды жалақы неге бермеске деген ойдың қылаң бергенін жасырып қала алмаймыз.
Бүгінде осы «Охотзоопром» өңірлік филиалында (Қызылорда және Түркістан облысы) 40 инспектор еңбек етуде. Мақсаты біреу-ақ. Олар қатаң қорғауға жататын және «Қызыл кітапқа» кірген аң-құстың амандығына жауапты. 5 КамАЗ және 18 жол талғамайтын автокөлігі бар. Спутниктік рация, түрлі қажетті техникалық жабдықтарды қоспағанда, инспекторларға маусымдық киім және арнайы атыс құралдары қарастырылған.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<