Сергелдеңге салған тасқын су

410

0

Сурет ашық дереккөзден

Алты ай қыстан кейін көктемді асыға күтетініміз рас. Жер бусанып, тіршілікке жан бітіретін көктем бұл жолы қазақстандықтарды біраз әбігерге түсірді. Апат айтып келмейді. Сәуірдің басында тасқын еліміздің батысындағы Ақтөбе, Орал өңірлерінен бастау алып, аз уақытта бірнеше елді мекенді су шайып кеткен болатын. Тіршіліктің көзі саналатын табиғи ресурс шығынның көзіне айналарын кім білген? Сандарды сөйлетіп, бүгінгі күннің статистикасына үңіліп көрейік. Басындағы баспанасынан айырылған қазақстандықтар қалай күн көріп жатыр? Тілсіз жаудың бірнеше себебі анықталғанымен, салдары қандай болмақ?

Сандар сөйлейді

Мамандардың сөзіне сенсек, қазір Абай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарында жағдай тұрақталған. Аталған өңірлерде тұрғындарды ауызсумен қамту, жарық және көлік қатынасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 26 сәуір күнгі ақпарат бойынша, ТЖ департаменті, жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар мен тұрғындар су тасқынына қарсы іс-шараларды белсенді жүргізуде. Су тасқыны кезеңінің басынан бері елді мекендердің көшелері мен аула аумақтарынан 759.000 текше метрден астам су сорылды, 252 мың метрден астам арық тазартылса, 291 мың дана қапшық дайындалды.

24 сәуір күнгі мәлімет бойынша 4948 жеке тұрғын үй, 1054 аула аумақтары, 17900 саяжай үй және 97 әртүрлі мақсаттағы ғимарат су астында қалып отыр, 119095 адам құтқарылып, эвакуацияланған. Оның 344-і мүмкіндігі шектеулі адам болса, 44731-і – бала. Зардап шеккендердің арасында 78630 адам туған-туыстарын паналауда, 31938 адам үйлеріне оралды. Өкінішке қарай, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, аталған табиғи апат кезінде 7 адам көз жұмды. Су тасқынына байланысты адам өліміне әкелген қайғылы оқиға бірнеше өңірде болған. «Мысалы, Атырау облысында 4 адам, Түркістан облысында кішкентай бала суға батып кетті. 6 сәуір күні Атырау облысы Жылыой ауданындағы Құлсары қаласында 1974 және 2000 жылғы әкелі-балалы екі адамның із-түссіз жоғалғаны да мәлім. 14 сәуір күні таңғы сағат 9-да төтеншеліктер 1974 жылғы ер адамның мүрдесін су астынан алып шықты. Одан кейін 24 жастағы ер адамның мәйітін тапты. Ол жоғалып кеткен кісінің ұлы екені анықталды. Екі мүрде де тасқын судың 1,5 метр терең тұсынан табылды. Әкелі-балалы құлсарылықтар өз үйінің маңында көз жұмған» деді Марат Қожаев.

Тасқын кезінде 8119 бас мал су астында қалды, 26 елді мекен көлік қатынасынсыз отыр. Осындай сындарлы сәтте гуманитарлық көмек көрсетіп, қаржылай қор ашып жатқандар да жоқ емес. Мәселен, әуе, теміржол және автомобиль көлігімен 5532,71 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.

Су тасқыны сейілмей тұр

ТЖМ су тоғандарына тәулік бойы мониторинг жасауды жалғастыруда. Бүгінде өңірлерде су тасқынына қарсы іс-шаралар, яғни, азаматтарды құлақтандыру, тасқынның салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр.

24 сәуірдегі ақпарат бойынша, су тасқынының екінші толқыны Қазақстандағы 2 тас жолды шайып үлгерген. Бұл туралы Astana TV телеарнасы хабарлаған болатын. «Екатеринбург-Алматы» тас жолының 686-729 шақырымы Сарыкөл ауылы СҚО шекарасы аумағында көліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелді. Сонымен қатар Қостанай облысында да су тасып жатқандықтан аталған тас жолдың 729-768 шақырымы Қостанай облысы шекарасы мен Тоқсан би ауылы аумағында көліктің барлық түрінің қозғалысына тыйым салынуда.

Өтемақы жыртықты жамай ма?

Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының мәліметінше, Қазақстанда су тасқыны қаупі жер сілкінісі қаупінен әлдеқайда айқын. 1990-2019 жылдар аралығында елде 150 мыңнан астам адам су тасқынынан және 36 мыңнан астам адам жер сілкінісінен зардап шекті. Ал экономикаға келтірілген шығын 350 миллион АҚШ долларын құраған.

Елде жойқын су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтардың шығынын өтеу процесі жалғасуда. Үкімет бұл жұмыстарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүргізуде.

Арнайы құрылған өңірлік комиссияларға бүгінде 16 862 өтініш келіп түскен. 20 сәуірдегі жағдай бойынша 8814 отбасы жалпы сомасы шамамен 3,2 млрд теңге болатын 100 АЕК көлеміндегі біржолғы төлем, 2 мыңнан астам отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 1 млрд теңгеге жуық өтемақы алды. Мал шығыны үшін берілген өтемақының жалпы сомасы 89 млн теңгеге жетті. Қазір зардап шеккен өңірлерде 3210 тұрғын үй тексеріліп, олардың 1969-ына бағалау жүргізілді. 311 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 447 млн теңгеден астам қаржы бөлінуде, 35 отбасыға ескі үйдің орнына жаңа баспана және пәтерлер берілді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға төленетін өтемақы қолма-қол берілмейтінін атап өтті.

– Мемлекет ешқандай қаражатты ешкімге қолма-қол бермейді. Әр адам әртүрлі. Қоғамда жауапкершілігі бар немесе жауапкершілігі жоқ адамдар бар. Қазіргі таңда үйді қайта салу үшін қолға қаражат берсек, ол адам басқа мақсатына жұмсаса, қыста қиналған адамдарды не істейміз? Сондықтан мемлекеттің шешімі осындай.

Зардап шеккендерде екі таңдау бар. Не үйді қайтып тұрғызады, болмаса әкімдік арқылы екінші нарықтан пәтерлер алады. Бірақ жөндеу жұмыстарын әкімдік пен құрылыс компаниялары жасайды. Әкімдік шешімі бойынша тек бірнеше өңірде қолға қаражат береміз. Бұл тек жөндеу жұмыстарына ғана, – деді Қ.Шарлапаев Үкіметтің баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, Қазақстанда су тасқыны туралы барлық қажетті ақпаратты жинақтайтын qoldau.gov.kz ресурсы іке қосылды. Ресурстың соңғы ақпаратына сүйенсек, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында 49 отбасыға қираған баспаналарының орнына үйлер мен пәтерлер берілді.

Президент «Апатты ортақ жеңуіміз көпке созылмайды. Судың көп бөлігі тартылған соң, бұзылған аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары басталады. Ең алдымен азаматтарымыздың шығыны өтеледі, тұрғын үй құрылысы басталады, пәтерлер бөлінеді, қираған инфрақұрылымдар жөнделеді. Біз осы жан-жақты зерттеулерге қысқа уақыт бөлдік. Бірге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін» деді. Сондай-ақ басталатын кешенді құрылыс жұмыстары азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер тудыратынын алға тартты. Бұл ретте зардап шеккен азаматтардың экономикалық әлеуеті жоғары және экологиялық жағдайы жақсы елді мекендерге көшіп кетуіне мүмкіндік туып отыр.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<