Студенттер сергелдеңге түспей ме?

559

0

Жаңа оқу жылы жақын. Енді студенттердің қалаға ағыла бастайтыны белгілі. Елімізде жылда қайталанатын құбылыс бар, студенттерге жатақханадан орын жетпей жатады. Содан соң үлкен өмірге қадам басқан жастар пәтер жалдауға мәжбүр болмақ. Мұндайда пәтер жалдау ақысы да күрт шарықтап кетері анық жайт. Көпшілікті оқу орындарының әзірлігі толғандырады. Біз осы тұста өңіріміздегі жағдайды бағамдап көрдік.

ЖАТАҚХАНА ЖАЙ МӘСЕЛЕ ЕМЕС

Жалпы бұл тақырыпты әріден қаузасақ болады. Жатақхана жайы билік үшін күн тәртібінен түскен емес. 2020 жылы мамырда Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев алдағы 5 жылдың ішінде кемінде 90 мың орынды қамтитын жатақхана салынуы тиіс екенін айтқан болатын. Сондықтан мәселені назарға алуымыз бекер емес. Бір қызығы, аталған істе Үкімет белсенді бола алмады.

Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша 10 364 орындық 49 жатақхана салынған. Былтыр алғашқы 6 айда 1320 орынды қамтитын 6 жатақхананың құрылысы біткен. Демек, 2019-2022 жылдар арасында 20 мыңнан астам орындық жатақхана тұрғызылған. Сонда 75 мыңдық меже қайда қалды? Үкімет әрі кетсе жоспардың 30 пайызын ғана орындағанға ұқсайды. Дегенмен бұл меже кемі 50 пайыздық шектен асар еді. Оған пандемияның біршама зардабы тигені белгілі.

Қазір елімізде 1 миллионнан астам студент бар. Биыл олардың қаншасы жатақханамен қамтылатыны әзірге белгісіз. Бір белгілісі, 2021 жылы 1,1 миллион студенттің 174 мыңы, яғни 16 пайызына ғана жатақхана берілген екен. Осыған қарап-ақ жағдайды бағамдай беруге болады. Тапшылықтың барын ешкім де жасырмайды. Жылдағы әдет бойынша университеттер бірінші кезекте жатақханаға 1-курс студенттерін орналастырады. Содан кейін университет қабырғасында белсенділігімен көзге түскендерге орын тиеді. Қалғандарының үлгергені алып, үлгермегені қалады. Студент үйіне орналаса алмағандар пәтер жалдап тұруға мәжбүр болатыны даусыз. Бәрінің де қалада уақытша тұрақтайтын туысы бар дей алмайсыз.

Ал өңірдегі жағдай қандай? Біз облыстағы іргелі оқу орны – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің баспасөз қызметіне хабарласып, жаңа оқу жылына әзірлігін білдік. Олар берген ақпаратқа көз жүгіртсек, университет балансында төрт студенттік жатақхана бар: №1 (512 орын), №2 (73 орын),  №3 (260 орын),  №5 (400 орын) және №4 (60 пәтер) Ғалымдар үйі. Дегенмен қазір 512 орындық №1 жатақхананы күрделі жөндеуден өткізу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Сонымен қатар жаңа оқу жылына №8 оқу ғимаратының 3-5 қабаттарынан 60 орындық жатақхана беру бойынша жұмыс атқарылуда екен. Студенттер саны жылдан-жылға артуына байланысты университет ұжымы жаңа оқу жылында әріптестік негізінде келісім-шарт арқылы «Қаржы орталығы» АҚ қаржыландырылатын «Өркениет» және «ДиЛмаш» ЖШС-ның жатақханаларынан 437 орын пайдалануға келісім жасасқан. Сонымен жалпы жатақханалардағы орын саны 1230 болған. Университеттің баспасөз қызметі жатақханаға қабылдаудың 1 тамызда басталып кеткенін жеткізді. Десе де 1230 орын студенттер сұранысын толық өтей алмауы мүмкін.

Біз бұдан соң «Болашақ» университетіне де жай-күйді білмекке хабарласқан едік. Алайда bolashak-edu.kz сайтында көрсетілген байланыс телефоны мүлде жауап бермейді. Университеттерден бөлек, колледждердің де ахуалын білу үшін облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сұрау салдық. Басқарманың баспасөз қызметі сауалымызды жауапсыз қалдырды.

Пәтер құны шарықтап тұр

Ендігі жайт – жатақханадан орын бұйырмаған студенттердің пәтер жағалайтыны. Бірақ нарық заңдылығына сай оқу жылы басталар алдында сұраныс арта сала пәтер жалдау құны да шарықтап шыға келеді. 2021 жылы тамыз бен қыркүйек айларында осы мәселеге қатысты біраз дау туғанын білеміз. Биыл да сол жағдай қайталануы мүмкін бе? Қазірдің өзінде пәтер иелері мен риэлторлардың кейбірі бағаны өсіруге ниеттенетіні анық. Жылда тамыздың ортасынан бастап Krisha.kz-тегі хабарландыруларда «студенттер келетін кез жақындады, сондықтан пәтер жалдау бағасын қымбаттатпаңыз» деген жазбаларды жиі көзіміз шалады. Рас, жаңа оқу жылы таяғанда студенттердің қалаға ағыларын біліп, пәтер жалдау құнын өсіретін әдет бұрыннан бар еді. Әйткенмен, кейінгі екі жылдағы бағалар шектен шыққандай көрінеді. Шынын айтайық, қазір Қызылорда қаласында да пәтер жалдау ақысы біршама өсті. Жаздың басында бұндай бағалар байқалмайтын. Мысалы, Krisha.kz-тің баға аналитикасы ақпаратына сүйенсек, қалада 2 бөлмелі пәтерді жалдаудың орташа құны 130 мың теңге деп көрсетілген. 3 бөлмелі пәтердің орташа бағасы осы межеден сәл жоғары, 143 мың шегінде. Дегенмен 2 бөлмелі пәтерге сұраныс көп. Қаланың орталығы мен жаңа аудандардағы жағдайы орташа 1 бөлмелі пәтердің өзі айына 90-100 мыңнан кем сұрамайды. Шәкіртақы алатын студенттер бірігіп тұрған күннің өзінде ауыр тиері даусыз. Ал ақылы бөлімде оқитындардың хәлін бағамдай беріңіз.

Осы жерде біз Астана мен Алматы қаласындағы бағаларға да шолу жасағанды жөн көрдік. Себебі үлкен қалаларға оқуға аттанып жатқан өңір жастары да көп екені мәлім. Қазір елордадағы пәтер жалдау бағасы жаға ұстатарлық деңгейде. 1 бөлмелі пәтер жалдаудың орташа ақысы айына 184 мың, ал 2 бөлмелі пәтерді 250 мыңға жалдай аласыз. Алматыдағы жағдай тіпті қиын, Krisha.kz аналитикасы бойынша 1 бөлмелі пәтерді 298 мыңға, 2 бөлмеліні орташа есеппен 360 мыңға жалдай аласыз. Бұл қаржыны студенттер түгілі табыс тауып жүрген азаматтардың өзі төлей алатынына күмән бар. 

Бүгінге дейін инвесторлар мен білім беру ұйымдарына жер бөлу мәселесі өте қиын жүргізіліп келеді. Сондай-ақ құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды реттеу бюрократизмге айналғаны жасырын емес. Былтыр Парламент Мәжілісінде мәселені шешу мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Үкімет қаулысындағы қызметтің басым түрлері тізбесіне жатақханаларды әлеуметтік нысан ретінде қосу ұсынылған болатын. Құптарлық ұсыныс, әйтпесе осы ағынмен жүріп, жағдай әр жыл сайын қайталана берсе, бір мәселенің айналасында шарқ ұрып жүре беретінге ұқсаймыз. Бүгінде жатақханадан орын ала алмаған студенттердің жағдайға көндігіп, бірігіп пәтер жалдаудан басқа амалы жоқ. Шарықтаған баға алдағы бір-екі айда түсе қоймасы тағы бар. Осылай үміт арқалап, қалаға аттанған студенттерге оқудан бұрын, тұрақтайтын жері уайым болмаса игі.

Мадияр ТӨЛЕУ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<