Табиғи апаттар экономикасы

668

0

сурет ашық дереккөзден

Апта басында Мәжілісте орман өрттерінің алдын алу және оған қарсы күрес тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті. Жиында Үкіметтің осы бағыттағы жұмысы баяндалды. Жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағында 650-ден 800-ге дейін өрт оқиғасы тіркеледі екен. Кейінгі 5 жылда олардың саны 3200-ден асып, 610 мың гектар алқап өртке оранған.

Үкімет сағатында шешімін таппаған көптеген мәселелер айтылды. Мысалы, орман қорын қалпына келтіру, өрттердің шығын мөлшерін толық бағалау, саладағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, басқа да мәселелер көп. Өкініштісі, ұлттық қазына-байлығымызды сақтау бағытындағы мұндай жұмыстарға үлкен табиғи апаттар орын алған соң ғана мән беріле бастайды.

Залал көлемі қалай есептеледі?

Еліміз бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар жиі орын алып тұрады. Орман өртінен бөлек, жыл сайын жаз болса қуаңшылық, қыста қарлы боран, көктемде қарғын су, басқа да сын-қатерлер жетіп-артылады. Дегенмен қаңтарда Алматыда болған жер сілкінісі табиғи апаттар мәселесін мүлде басқа қырынан, дәлірек айтсақ сақтандыру тұрғысынан қарау керек екенін тағы бір дәлелдеді.

Жалпы, табиғи апаттар туралы айтқан кезде, бірінші кезекте келтірілген залал көлемі есептеледі. Мысалы, кейінгі жылдары елімізде болған ең ірі табиғи апаттарды алайық. 2022 жылы Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан 1,5 мыңнан астам тұрғын үй, 7,1 мыңға жуық саяжай, жеті денсаулық сақтау ғимараты, 21 мектеп және басқа да ғимараттар су астында қалды. Апат аймағынан 8,7 мыңнан астам азамат қауіпсіз жерге көшірілді. Табиғи апаттан келген шығын 1,6 млрд теңгеге бағаланды.

2022 жылы Қостанай облысында 43 мың гектар орман өртенді. 1,8 мың қазақстандық эвакуацияланды, 90-нан астам тұрғын үй, қосалқы құрылыстары бар 33 аула өртеніп, 120-дан астам мал қырылды. 10 адам әртүрлі ауырлықтағы күйік алды, оның біреуі қайтыс болды. Экономикалық шығын 642,1 млн теңгеге бағаланды. Келтірілген шығынды өтеу және өртті сөндіруге мемлекет бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлді. Ал былтыр Абай ауданындағы орман өртінің экономикалық шығыны 165 млрд теңгеге бағаланды. Табиғи апаттан орман шаруашылығы саласының 15 қызметкері қаза тапты.

Шығынды тек мемлекет төлейді

Табиғи апаттардан болған шығынды өтеуде жеке сектордың үлесі жоқ. Барлығын мемлекет төлейді. Мұндай табиғи зілзала тәуекелдерін қаржыландырудың басқа қандай тетіктері бар? Оларды Қазақстанда қолдануға бола ма?

Қазақстан ғана емес, жалпы Орталық Азия елдері үшін өзекті мәселеге үнемі назар аударып, түрлі зерттеулер жариялап отыратын Дүниежүзілік банктің веб-сайтында мынадай дерек келтірілген. «Орталық Азияда үкіметтер негізінен өз бюджеттеріне сүйенеді. Табиғи апаттар болған кезде Қаржы министрліктері өздерінің резервтік қорларын пайдаланады, бюджеттік ресурстарды қайта бөледі, шекті деңгейде қарыз алады және шетелдің ынтымақтастық қорларынан үміттенеді. Бірақ мемлекеттік сектор үлкен күйзелістерге жалғыз төтеп бере алмайды». Әлемдік қаржы ұйымы аймақ елдерін апат тәуекелдерін қаржыландырудағы бар тәжірибені пайдалануға шақырған.

Қорғау механизмдері қандай?

Атап айтсақ, Дүниежүзілік банк табиғи апат тәуекелдерінің өңірлік пулын құру, апаттық облигациялар шығару және апат тәуекелдерін қаржыландыру үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қарастыруды ұсынған.

Мысалы, Орталық Азия елдерін қамтитын аймақтық пул құрылса, әрбір қатысушы елдің мемлекеттік бюджетіне түсетін жүктеме азаюы мүмкін. Кариб теңізіндегі апат тәуекелін сақтандыру жүйесі (CCRIF) осы схема бойынша жұмыс істейді. Оның құрамына кіретін Антигуа мен Барбуда, Барбадос, Белиз, Доминика, Гренада, Гаити, Ямайка, Сент-Китс және Невис, Сент-Люсия, Сент-Винсент және Гренадин аралдары, Багам аралдары мен Тринидад пен Тобаго сияқты елдер өзіне тән тәуекелдерге сәйкес жыл сайынғы сыйлықақы төлейді. Қатысушы елдің аумағында сақтандыру жағдайы болған кезде жалпы пулдан қаражат сол жерге жіберіледі.

Ал апаттық облигацияларды сақтандыру компаниялары немесе аймақтық апат тәуекелі пулдары шығарады. Мысалы, 2018 жылы Дүниежүзілік банк табиғи апат тәуекелін сақтандырушы ретінде Тынық мұхиты альянсы елдерінің сұранысы бойынша апаттық облигациялар шығарған. Соның арқасында Колумбия, Перу, Чили және Мексика 1,36 миллиард доллар қаржы алды.

Сондай-ақ Дүниежүзілік банк Орталық Азия елдері үшін апат тәуекелдерін бөлісудің негізгі әдісі ретінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті алға тартады. Ынтымақтастықтың бұл түрі заңнамалық деңгейде тұрғын үйді міндетті сақтандыруды енгізуді көздейді. Мұндай сақтандыру түрі Жапонияда жақсы жолға қойылған. Бүгінде Жапон үкіметі өз бюджетіне түсетін салмақты азайтып қана қоймай, елдегі сақтандыру нарығының дамуына серпін берген.

Мүлікті міндетті сақтандыру

Қаңтардағы жер сілкінісінен кейін елімізде түрлі сақтандыру компанияларының өкілдері мiндеттi сақтандыруға көшу туралы айта бастады. Мүлiктiк ерiктi сақтандыруға қарағанда мiндеттi сақтандыруға көшу мемлекет пен оның жеке компаниялары арасындағы ынтымақтастықты ғана емес, сонымен қатар халықаралық қайта сақтандыру нарығына шығуға жағдай жасайды деген пікірлер айтылуда. Сақтандыру компаниялары халықтан міндетті сақтандыру жарнасын алып отырғысы келеді. Сарапшылардың бұл сөзін қарапайым тілге көшірсек, әр адам өзін және жеке мүлкін өз қалтасынан сақтандыруы қажет. Есесіне бюджеттен қаржы жұмсалмайды, жеке компаниялардың қаржылық жағдайы жақсара түседі.

Тіпті кейбір сарапшылар міндетті сақтандыруды енгізген күннің өзінде бірыңғай сыйлықақы белгіленбеуі керек деген пікір айтқан. Мысалы, Алматыда жер сілкінісі қаупі жоғары, оған қоса жылжымайтын мүліктің құны 15-18 миллионнан миллиардтаған теңгеге дейін барады. Сондықтан Алматы тұрғындары үшін бұл төлем қымбатырақ болғаны дұрыс деген пікірде. Бір қарағанда, бұл – сақтандыру компанияларының мүддесі тұрғысынан айтылған пікірлер.

Жер сілкінісі, өрт және басқа да апаттар азаматтардың мүлкіне зиян келтіріп, оларды шығынға батыруы мүмкін. Әдетте сақтандырылған мүлікке зиян тиген жағдайда қазақстандықтар шығын өтемақысын талап етуге құқылы. Бірақ азаматтың мүлкі сақтандырылмағанның өзінде оған мемлекет атынан көмек көрсету қарастырылған.

Жеке мүлкі сақтандырылмағандар мемлекет есебінен көмек алуға құқылы. Әдетте мемлекеттік көмек табиғи апат немесе өрт салдарынан зардап шеккенде, табиғи апат салдарынан отбасы мүлкіне зақым келген, жоғалған кезде немесе ірі шығынға әкелетін залал тигенде ақшалай көрсетіледі. Ал мөлшері болса бекітілмеген жергілікті атқарушы органдарда тағайындалған арнайы комиссияның залалды бағалау нәтижесі бойынша әр қазақстандықтың шығынын өтеу мақсатында берілетін өтемақы мөлшері жеке анықталады.

Құрылыс кодексі нені көздейді?

Мемлекеттен міндетті көмек қарастырылғанымен, сақтандыру мәселесі бәрібір өзекті. Мысалы, кеше ҚР Парламенті Мәжілісінде Құрылыс кодексі жобасының таныстырылымы өтті. Кодексте сейсмикалық аймақтардағы жобалау және құрылыс ерекшеліктері де сипатталған. Зілзала қаупі жоғары аймақтарда құрылыс салу нормалары еліміз үшін өте маңызды. Кейінгі жылдардағы зерттеу нәтижелері көрсеткендей, ел аумағының 45%-ға жуығы сейсмикалық аймақтарға жатқызылған. Бұл ретте құрылысты салған мекеменің жауапкершілігі бірінші кезекте тұруы тиіс. Егер қандай да бір компания салған сейсмикалық төзімді нысан зілзалаға төтеп бере алмаса, мүлікке келтірілген залалды құрылыс салушы өтейтіндей қылуға не кедергі?

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин нысандардың сапасын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылданатынын айтты. Құрылыс компаниялары сейсмикалық оқшаулау жүйелерін қолдануға және алдын ала сейсмикалық қауіпті бағалауды жүргізуге міндетті.

Вице-министрдің айтуынша, жоғары сапалы сейсмикалық оқшаулағыш болса, тұрғындарды эвакуациялаудың қажеті жоқ. Өйткені ондай ғимараттар жер сілкінісіне төтеп бере алады. Мысалы, Түркияда сейсмикалық оқшаулау осындай неміс технологиясы бойынша жасалады.

Айта кетсек, сейсмологиялық жағынан қауіпті аймақтар қатарында Алматы өңірі ғана емес, Қызылорда облысы да бар. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Түркістан облыстары, батыс өңірлер де қауіпті аймаққа жатқызылған. Бұл ретте, табиғи жер сілкінісінен бөлек, техногендік жер сілкінісін де ескерген жөн.

Мысалы, сейсмолог мамандар батыс өңірде техногендік жер сілкінісі көбейіп келе жатқанын айтып дабыл қағуда. Ол облыстар бұрын жазық дала, ірі жер сілкінісі болмайды деп есептелді. Бірақ ешқандай зерттеу жүргізілмеген. Ұзақ уақыт бойы пайдалы қазбалар алынып жатыр. Оның бәрі табиғатқа әсер етіп, адамның әрекетіне байланысты пайда болатын жер сілкінісі көбеюде.

Сондықтан құрылыс саласын жан-жақты бақылау, құрылысты талапқа сай жүргізбеген компаниялар үшін жауапкершілікті күшейту өте өзекті. Бұл мәселені былтыр жыл басында да Төтенше жағдайлар министрлігі көтерген болатын. Дегенмен, сейсмикалық нормативтердің сақталмауы құрылыс саласындағы үлкен мәселенің бірі болып отыр.

Қазір елімізде құрылыс нысандарын ешқандай мекеме бақыламайды. Құрылыстың сейсмотөзімділік зертханалары өз деңгейінде жұмыс істеп жатқан жоқ. Тіпті ешқандай ірі жер сілкінісі тіркелмеген облысымыздың өзінде тұрғындар жаңадан салынған көпқабатты үйлердің сапасына алаңдаушылық білдіріп жатады. Тұрғындардың уайымдауына негіз де жоқ емес. Үйлердің сапасы туралы айтқанда алдымен оларды кім және қалай қабылдап алып жатыр деген заңды сұрақ туындайды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<