Тарифтің өсуі тозықты бүтіндей ала ма?

410

0

Елімізде жылу мен энергия жүйесі әбден тозғаны көпке аян. Себебі желілердің басым бөлігі кеңес кезінен қалған. Оның үстіне былтыр еліміздің бірнеше өңірінде болған апат мәселенің барын айғақтай түсті. Енді мұндай апаттардың қайталанбауы үшін Үкімет өзіне жаңа міндет жүктеуде. Сол шараның бірі ретінде тариф бағасын көтеру жайы айтылып жатқаны белгілі. Дегенмен «тығырықтан шығар жол қаржыға байланысты ма?» деген заңды сауал туындайды.

Желілер жаңармаса, жағдай қиын

Сонымен таяуда Үкімет «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын тиімді әрі уақытылы жүзеге асырып, қазақстандық жылу энергетикасы мен энергия жүйесін құтқарып қалуға міндеттейтін жүк артты. Осыған дейін бұл мәселе аз талқыланған жоқ. Сарапшылар алдағы онжылдықта барлық өңірде желілер жаппай күйрей бастауы мүмкін екенін айтып, дабыл қаққан. Десе де депутаттар осындай бағдарлама бұрынғы билік тұсында да іске асып, сала монополистері халықтан тариф көтеру арқылы алған 1 триллион теңге қаржыны жоқ қылғанын ескерткені есімізде, яғни, күмән келтіруге болатын тұс бар. Жүйе әбден тозды, бақылау күшеймесе, бұрынғы дағды қайталануы мүмкін.

Саланың ең басты проблемасы – монополия. Монополистердің инвестиция салмауы кесірінен шамадан тыс тозығы жеткен электр және жылу энергетикасы жүйесі жүздеген миллиард теңге жұмсауды қажет етеді. Ондаған жыл бойы табыс сауып, осындай күйге жеткізген олигархтар бұл активтерді тегін-ақ мемлекетке өткізе салуға дайын. Алдағы уақытта бір нысан күйресе, жауапкершілік арқалаудан қашады. Мәселен, былтырдан бері бірнеше рет апат болып, мемлекетке де, қоғамға да шығын әкелген Риддер ЖЭО-ның қожайыны шалқып өмір сүргенін білеміз. Қаржы мониторингі агенттігі  «Риддер ЖЭО» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Қайыржан Мимикенов пен кәсіпорынның экс-президенті Олеся Имашеваның үстінен қылмыстық іс қозғады. Ақпарат құралдары олардың кәсіпорынның жылу желілерін және жабдықтарын жөндеуге, лайықты күйде ұстап тұруға бөлінген 2,5 миллиард теңге қаржыны ұрлады деген күдікке ілінген. Бүгінде Риддер қаласының жылу-электр орталығында жөндеу әлі жалғасып жатыр. Үкіметке оны жылу маусымы басталғанға дейін бітіру жүктелген. Үкіметтің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының жылу жүйесін жөндеуге 8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Шағын қаланың жылу желісіне осынша қаржы кететін болса, арғы жағын ойлай беріңіз. Құжатқа сәйкес, мол ақша Үкіметтің кезек күттірмейтін шаруаларға арналған резервінен алынған. Қаражаттың басым бөлігі қазандықтар мен жылу желілерін күрделі жөндеуге жұмсалмақ. Мұның бәрі шығынның басы ғана. Үкімет резервінен Семейдің желілерін жаңғыртуға 16,3 миллиард теңгеден астам қаржы тартылады.

Осы тұста өз өңіріміздің хәлін айта кетсек. Жалпы, ЖЭС-тің орташа тозу деңгейі елімізде 60 пайызға, кейбір облыс орталықтарында 80 пайызға жетіпті. Ал Қызылордада бұл көрсеткіш 48 пайыз шегінде. Қалада жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 190 шақырым, оның 35,7 шақырымы магистральдық жылу желілері болса, кварталаралық жылу желілері – 154,3 шақырым. Биыл 190 шақырымның 12 шақырымына жөндеу жүргізіліп жатыр.

Бағадан басқа бағыт бар ма?

«Тарифті инвестицияға айырбастау» тетігін қарапайым тілмен айтатын болсақ, мемлекет жылу, жарық, су алпауыттарына тариф қымбаттатуға жол береді. Сол арқылы халықтан жиған қосымша миллиардтарын монополистер жылу, электр, су мен кәріз желілерін жаңғыртуға салуы шарт.

Биыл 22 маусымда өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын тиімді әрі уақытылы жүзеге асыру бұдан былай Үкіметтің басты міндеті болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ сала нысандары білікті кадрлармен қамтамасыз етілмегенін тағы бір өзекті мәселе ретінде атап өтті. Кадр тапшылығы мәселесін жедел шешу жөнінде тапсырма берді. Саладан жылдар бойы жалақысы өспеген білікті мамандар жаппай кетіп жатқаны анық. Дегенмен бұған дейін Сенат депутаты Сергей Ершов бұл жаңа бағдарламадан Үкіметтің нәтиже шығара алатынына күмәнданатынын жеткізген.

– Үкіметтің болжамынша, тарифтерді көтеру салаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бірақ «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бұдан бұрын да, 2009-2015 жылдары жүзеге асырылған. Алты жыл ішінде алпауыттардың тарифтері екі есеге көтерілді, осы арқылы тұтынушылардан олар 1 триллион теңгеден астам қаражат жинады. Сонымен бір мезгілде энергия өндіруші кәсіпорындар инвестициялық міндеттемелерден босатылған. Ақыр соңында жылу-электр жүйесінің тозуы бұрын-соңды болмаған алапат ауқымға жетті. Бағдарлама  күтілген үміттерді ақтамады, – дейді С.Ершов.

Нарықтық экономикада қызметтердің құны да нарықтық болғаны жөн. Бірақ Мемлекет басшысының өзі айтқандай, елдің бүкіл байлығының жартысы 162 тұлғаның қолында шоғырланған, ал халқының жартысына жуығы 50 мың теңгеге күн көретін елде тарифті көтере беру әділетсіздік болуы мүмкін. Сондықтан сенатор Үкіметке басқа жолды іздеуге кеңес беріпті.

– Үкімет барлық проблеманы тұтынушылар есебінен шешуін тыйғаны жөн. Шешудің басқа нұсқаларын пысықтағаны, тарифтік емес реттеуді қарастырғаны абзал. Үкімет тариф көтерген сайын елде барлық тауар мен қызметтің бағасы өседі, инфляция шарықтайды. Ақырында оның бәрі азаматтардың отбасылық шығысын арттырып, тұрмысына соққы береді. Мұны түсінуіміз керек, бұл әрбір қазақстандыққа қатысты. Менің ойымша, реттелетін қызметтердің тарифтерін жоғарылату мәселесін Үкімет өзі шеше салмай, Парламенттің келісімін алып отырғаны дұрыс, – деген сенатор С.Ершов.

Енді тікелей қаржы жайына келейік. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бүгінде іске асырылып жатқан «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында 2023-2029 жылдары шамамен 3 триллион теңге талап етіледі. Бұл республика бойынша жалпы ұзындығы 62 мың шақырым инженерлік желілерді жаңарту үшін қажет. Тек 2023 жылдың өзінде 5,8 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеу үшін шамамен 250 млрд теңге қажет. Қынжылтары сол, тариф көтеруден табылатын осынша қаражат жүйені толық жаңартпайды екен. 2029 жылға қарай желілердің тозуы қазіргіден 20 пайызға төмендейді.

Елімізде жылу мен жарық бағалары қазірден бастап көтерілуде. Биыл екінші тоқсанда Ұлттық экономика министрлігі ТКШ кәсіпорындарының тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге қатысты 212 өтінімін бекітті. Салдарынан коммуналдық қызметтердің тарифтері орташа есеппен 30 пайызға дейін өседі. Елді тағы да қымбатшылық әуреге салуы мүмкін.

Табыс текке кетпесе игі

Үкіметтің жалдауымен жаһандық KPMG халықаралық аудиторлық компаниясының мамандары Қазақстанның 57 электр стансасына, оның ішінде 37 жылу-энергетикалық торабына техникалық аудит жүргізген. Компания сарапшылары өз есептерінде саланың жағдайы еш сын көтермейтінін бетке басқан. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, барлық стансаның жабдықтары тозған. Энергетикалық қазандықтардың 62 пайызы және турбиналардың 58 пайызы ескірген.

Сонымен, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында тарифтерді көтеріп жатқанын жариялады. 1 маусымнан Энергетика министрлігі түскен өтінімдерге сәйкес, 47 энергия өндіруші ұйымның 27-нің электр энергиясына шекті тарифтерін өсірді. Орташа өсім 24 пайызды құрайды. Сондай-ақ электр қуаты нарығында шекті тарифті айына 1 МВт үшін 1,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтып отыруды жоспарлаған. Нәтижесінде жылу-жарық алпауыттары жыл сайын 160 млрд теңге көлемінде қосымша табыс табады. Оның бәрін қолданыстағы стансаларды жаңарту мен жөндеуге жұмсаса жөн. Ал егер өз мүддесі үшін жымқырса, бақылау болмаса, алдағы онжылдықта еліміз үшін жылу мен жарық ең бірінші проблемаға айналады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев ең үлкен қауіп төніп тұрған өңірлерді атады: коммуналдық желілердің ең қатты тозуы Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ұлытау облыстарында тіркелді. Өзгелерінде де ахуал мәз емес.

Не де болса Үкімет басшысы «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа бағдарламасының қаражаты талан-тараж болмайтынына уәде етті. Әйтеуір қаржының ретімен жұмсалатынына сенуден басқа шара жоқ.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<