Тіршілік көзін дұрыс тұтынып жүрміз бе?

353

0

Сурет ашық дереккөзден

Жаз жақындап, бақша егу маусымы басталғанда Қызылордада ауызсу өзекті мәселенің бірі болуы дәстүрге айналған. Жыл сайын дәл осы уақытта қала тұрғындары ауызсу сапасына жиі сын айтады. Әлеуметтік желі қолданушылары да кейінгі уақытта судың сапасына наразылық білдіруде.

Олардың айтуынша, ауызсу құбырынан кәдімгі қоңыр түсті су ағады екен. Бұл суды, әрине, пайдалану мүмкін емес болғандықтан, оны тазарар деген үмітпен ағызып қоюға мәжбүр. Одан бөлек, судың қысымы төмен, жоғарғы қабаттарға көтерілмейді. Тұрғындар арнайы құрылғы көмегінсіз мүлде су ақпай қалатынына да наразы.

Мәселеге қатысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Ізмағамбетов жауап берді. Айтуынша, су сапасы жалпы Қазақстан Республикасында бекітілген стандарттарға сәйкес. Қызылорда қаласын «Қызылорда су жүйесі» мекемесі ауызсумен қамтамасыз етеді. Сапа кәсіпорынның базалық зертханасында күнделікті бақыланып, талданып отырады.

– Облыс орталығында ауызсу тұтыну көлемі – тәулігіне 61-62 мың текше метр. Жаз айларында бұл көрсеткіш екі есе, 100-130 мыңға дейін өседі. Кейінгі кезде әлеуметтік желіде ауызсу сапасына қатысты сыни материалдар жариялануда. Көпшілігі «Арай», «Арай-2», «Арай-3» пен қаланың сол жағалауы тұрғындары. Қаланың бұл аумақтары «Арай» су алу құбырынан ауызсумен қамтамасыз етіледі. Бұл 2013 жылы пайдалануға берілген. Қазір 13 ұңғыма бар. Ережеге сәйкес таза су жинау резервуарларын екі жылда бір рет тазарту қажет болса, «Қызылорда су жүйесі» бұл жұмыстарды жылына екі рет жүргізуде, – дейді Бауыржан Ізмағамбетов.

Сонымен қатар, басқарма басшысының орынбасары «Геоинвест» ЖШС мекемесімен судың сапасын талдау жұмыстарына келісім-шарт жасалғанын да атап өтті. Қазіргі уақытта ұңғымалардан су сынамасы алынып, зертханаларда талдануда.

Ал «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің директоры Бауыржан Әбдіқаппарұлының айтуынша, аталған мекеме жақын күндері ұңғымаларды тазартуға кіріседі. Қазір барлығынан анализ алынып, зертханаға тапсырылған. Қорытындысы Алматыдан 13-14 мамырда шығады. Сол қорытынды бойынша жұмыс жүргізіледі.

– «Арай», «Арай-2», «Арай-3» шағын аудандары тұрғындарының мәселесі үнемі назарда. Бізде ұңғымадан 400 милиметр құбырмен шыққан су «Арай» шағын ауданына барып құяды. Одан әрі кварталішілік 200-250 милиметр диаметрлі құбырмен таралады. Бұл құбырлардың барлығы ақпан айының соңынан бастап әлі де тазартылуда. Әр аптаның жұма күні кешкі 16-18 сағат аралығында судың бәрін ағызамыз. Себебі сенбі-жексенбі күндері судың қысымы, оның салдарынан шөгінді лайдың барлығы жоғары көтеріледі. Сондықтан қазір біз сол құбырлардың барлығын тазалап жатырмыз. Әрқайсысы мың текше метрлік 4 резервуар бар. Соның екеуі тазартылды. Үшіншісі тазартылуда. Төртіншісін де осы айдың аяғында тазарта бастаймыз, – дейді Бауыржан Әбдіқаппарұлы.

Мамандар облыс орталығынан бөлек, аймақтың өзге елді мекендерінде де ауызсу сапасы үнемі бақылауда екенін айтады. Қызылорда қаласынан басқа 7 ауданның, қаланың айналасындағы шағын ауылдардың барлығына ауызсу таратумен «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы айналысады. Облыс бойынша 190 елді мекен, 475 мың халыққа, яғни 91 мың абонентке қызмет көрсетіп отырған мекеме жылына екі рет құбырлардың бойын тазартып, залалсыздандырып отырады.

– Ауызсу топтық су құбырлары мен оқшау су желілері арқылы беріледі. Сапасын ұдайы қадағалап отырамыз. Жыл сайын конкурс арқылы мекеме ұтып алып, бізге талдау қорытындысымен ұсыныстар береді. Филиалдарымыздың теңгерімінде 2 мың шақырым магистральді су желісі, 4600 шақырым ішкі тарату желілері бар. 223 ұңғыма, 197 сорғы станциясы, 11 кәріз сорғы станциясы, 2 кәріз тазарту станциясы бар. Осылар арқылы залалсыздандыру жұмыстарын уақытылы атқарып отырмыз. Биыл сәуірде бұл жұмыстар атқарылды, – дейді «Нұра» топтық су құбыры ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД филиалы директорының орынбасары Ержан Әмиша.

Айта кетсек, биылғы 4 айда «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы 4 831 мың текше метр су өндіріп, халыққа таратқан.

Жалпы, ауызсу мәселесі қалада, облыста өз шешімін тауып келеді. Қала халқы жыл сайын өсіп, аумағы да кеңеюде. Сол үшін таза ауызсумен тұрақты қамтамасыз ету – ең басты мәселе. Оның жетпеуін, қысымының азаюын мамандар жүйелі түрде шешімін табатын шараларды қажет ететін мәселе деп түсіндірді.

Сонымен қатар жаз мезгілінде ауызсуды тұтыну екі есе өсетінін, тұрғындар онымен бақша суаратынын да тілге тиек етті. Мұның барлығы насос қондырғыларының жұмысын күшейтеді. Одан бөлек, техникалық су тасымалдайтын желі болмағандықтан, көлік жуу секілді орындарға да таза су беріледі.

– Мәселе ауызсуды аяқсу ретінде пайдаланудан болып отыр. Негізі Су кодексіне сәйкес оған тыйым салынған. Бірақ тұрғындардың басым көпшілігі пайдаланып жатыр. Соған қарамастан қазіргі таңда қолдағы инфрақұрылымнан бөлек жаңадан кен орындарын қосу қажеттілігі туындап отыр. Халық саны көбейіп, жаңадан әлеуметтік нысандар салынуда. Тұрғын үйлер көбеюде. Сол себепті сол жағалаудың арғы жағында «Тораңғыл сай» жерасты суы кен орнын пайдалану үшін жоба-сметалық құжаттар әзірлеудеміз. Себебі, «Арайдан» шығып жатқан ұңғыма сол жағалауға көзделмеген.

«Тораңғыл сай» кен орны тәулігіне 47 мың текше метр су беруге қауқарлы. Егер қосылса, сол жағалауды толықтай ауызсумен қамтамасыз етіп, артылғаны қаланың өзге аудандарына бағытталады, – дейді Б.Ізмағамбетов.

Тұрғындардың ауызсумен бақша суаратыны – ең түйткілді мәселенің бірі. Қаланы аяқсумен қамту күн тәртібінен түспей, мәселенің толыққанды шешімін тауып, түйткілдің түйінін тарқату жолдары қарастырылуда. Негізгі міндеттерінің бірі каналдар мен арық жүйелерін тазалау саналатын «Жасыл Қызылорда» мемлекеттік мекемесінің мәліметінше, бұл жұмыстарға қаржы бағытталған.

– Қазір қала әкімдігі тарапынан аяқсуға көп көңіл бөлінуде. Қаланың 60 пайыздан астамы қамтамасыз етіліп жатыр. Дегенмен, мәселе әлі де бар, – дейді мамандар.

Мысалы, жылу беру маусымы басталғаннан кейін Қызылорда халқы аяқсуды пайдалануды тоқтатады. Сол кезде 105-110 мың текше метр күнделікті беріліп тұрған ауызсу тұтыну көлемі 45 мың текше метрге дейін азаяды. Қарап тұрсаңыз, судың жетіспеушілігі, қысымының төмен болуы халықтың оны аяқсу орнына пайдалануынан.

– Мысалы, өткен сәуір айында су тұтыну көрсеткіші бірден 45 мыңнан 75 мың текше метрге көтерілді. Бұл – халық оны аяқсуға пайдаланып жатыр деген сөз. Соған қарамастан, қысымын көтеру бойынша жұмыстар жасалуда. Мысалы, былтыр көпқабатты үйлердегі судың қысымын көтеру үшін қаржы бөлінді. Бұл қаржыға арнайы қондырғылар алынды. Қазір орнатылуда. Жоба облыс орталығында орналасқан 63 көпқабатты үйдің су қысымын реттеуге бағытталған, – дейді мамандар.

Қазір жауапты мамандар тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Аяқсу бола тұра, бақша суаруға ауызсуды пайдаланып жатқандарға айыппұл салынатыны ескертілуде. Бұдан бөлек, облыс орталығында 200-ден астам көлік жуу орны бар. Оның ішінде қазір жұмыс істеп тұрғаны – 106. Бұлардың барлығына өздерінің жеке ұңғымасы болуы керектігі немесе техникалық су пайдалануы қажет екені ескертілген.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<