Үпиттікі сүпитпен…

246

0

Сурет ашық дереккөзден

Мен бір нәрсенің ұшын шығарсам, осы жұрттың жақтырмай қалатынын жақсы біліп отырмын. «Көрмейін десем – көзім бар, айтпайын десем – сөзім бар», ол – футболға және басқа да спорт түрлеріне букмекерлік кеңселер арқылы ақшамен бәс тігіп, ойынмен опынып жүргендер жайы. Футболды неге бөлектеп айтып отырмын, өйткені, ол – ең көп бәс тігілетін ойын. Айтпақшы, әлгі кеңсе дегендеріңнің жұмысы қазір қолға көшіп алған, бүгінде онлайн ойын қызып тұр.

Көшеде де, көпшілік орындарда да телефонына шұқшиған жастарды жиі көреміз. Солардың біразы – онлайн ойынның болашақ құрбандары. Жаманат сөзге барып отырғанымның себебі де, салдары да дайын. Осы Қызылорданың өзінде онлайн ойынмен он миллиондап қарыз болып, үй-жайын сатып, далада қалғандарды да, тіпті өзіне қол жұмсағандарды да білеміз.    

Ал шұқшиғандардың телефоны не дейді? «Қолданбаны орнатып алыңыз, жұрт біртіндеп жұмыс істеуді қойып, осы қосымша арқылы миллиондап ақша таба бастады» дейді. «Каспий казино» деген мықты. Бір қазақтың баласы жарапазан оқығандай жарнама жасап отыр: «Мынау «Плинко» деген ойын, ақымақ, сенен ұтуды білмейді, тек ұтыс береді, өкінбейсіз». Жоқ, бауырым, өкінесіз, бұл да аз, өкіресіз!

Мың асқанға бір тосқан, құзырлы заң орындары мұндай алаяқтық астары бар әрекеттерге тыйым салып келеді.    

Жақында журналистердің қатысуымен Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жартыжылдықта атқарған жұмыстары туралы брифинг өткізілді. Департаменттің негізгі қызметі – елдің экономикалық дамуына кедергі келтіретін қылмыстарды анықтау, тергеу және олардың алдын алу, азаматтар мен кәсіпкерлердің заңды құқықтарының бұзылуына, әлеуметтік шиеленістің өсуіне, кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарын бұзу фактілеріне жол бермеу.

Бүгінгі күні департамент қызметкерлері «QNet» және «Атамекен-2021» пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты 3 қылмыстық іс жүргізіп, сотқа жіберген. 302 млн теңгеден астам сомадағы мүлікке тыйым салынған.

Сонымен қатар «Чиа-Тай» қаржы пирамидасы бойынша қылмыстық іс аяқталыпты. Аталған қаржы пирамидасының Қызылорда қаласындағы құрылымдық бөлімшесін басқарған күдікті бойынша сот үкімі шығып, 5 жылға кесілген.

Бұдан бөлек адамдардың сеніміне кіріп, қасақана ниетпен пара алу арқылы сыбайлас жемқорлық сипатындағы ауыр санаттағы қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасаған ерлі-зайыптылардың сот ісі аяқталып, оларға 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Ал заңсыз ойын бизнесі желісі бойынша 4 іс тіркеліп, 3 іс аяқталған және сотқа жіберілген. Сонымен қатар департамент мамандары «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы «Шиеліқошқар лото» рулеткасы аталатын заңсыз ойын қызметін ұйымдастырған Қызылорда қаласының екі тұрғынына қатысты қылмыстық істі анықтап, кінәлі адамдар екі жылға сотталған. Онлайн «Суперматик-казино» заңсыз ойынын ұйымдастырған екі қызылордалық азамат анықталып, іс сотқа жолданған.

Осылай болса, ойынқұмарлар жауыннан кейінгі ажырықтай атойлап неге көбейе береді? Мәселе қайда, жақпай қалатын жерге енді келдік.

Заңсыз дей ме, ендеше, ойынның заңдысы да бар. Мысалы онлайн казинолардың бәрі лицензияланған, яғни, заңдастырылған. Біздің жастардың жата жастанып ермек ететіні, құрдымға кіріп жатқан зауалы осы заңды ойындар болып отыр.

Әлгі ойындар әуелі ұттырады. Мүмкін жүз, мүмкін миллион ұттырар, бірақ, ол ақшаның берекесі болмайды. Себебі, ол еңбекпен келген ақша емес. Еңбекпен келмегеннің қадірі болмайды, қалай келеді, солай кетеді. Құныққан ойыншы орға қайта түседі. Содан кейін ол ұтамын деп емес, ұтылғанымды қайтарамын деп шырмала береді, шырмала береді…

Еңбекпен тапқан ақша мен еңбексіз келген ақшаның қандай болатыны туралы мына бір ескі әңгімені естіңіз.

Баяғыда бір байдың әйелі баласын бетінен қақпай бағыпты. Үнемі түзде жүретін бай қартайған шағында баласының еңбекке икемсіз, даңғой болғанын байқап, өзі төсек тартып жатқанда оны қасына шақырыпты:

– Балам, жасың жиырмаға келді, менің тапқаныммен күн көріп өстің, өлер шағымда сенің өз еңбегіңмен тапқан ақшаңды қолыма ұстап көргім келеді, – депті.

Баласы мұны шешесіне айтады. Сонда шешесі:

– Ауырып жатқан адам не демейді, бір апта нағашыңа бар, қыдырып қайт, – дейді. Бала қыдырып қайтады. Келген соң шешесі баласының қолына бірталай ақша беріп, әкеңе апарып бер дейді. Бала пеш түбінде жатқан әкесіне ақшаны апарып береді.

Сонда шал:

– Сен мұны өз еңбегіңмен тапқан жоқсың, – деп ақшаны жанып жатқан отқа тастап жібереді. Бала шешесіне келеді. Шешесі баланы тағы қыдыртып жібереді. Он-он бес күннен соң әнеукүнгі ақшаны азсынған шығар деп баласына көбірек ақша ұстатып әкесіне кіргізеді.

– Бұл сенің еңбегіңмен тапқан ақшаң емес, – деп әкесі оны да пешке салып жіберіпті.

– Шынында да жұмыс істеп, ақша тауып келмесең болмас, – дейді сонда шешесі.

Бір ай жұмыс істеп, кіре тартып, бала бір уыс ақша тауып келеді. Төсек тартып жатқан әкесінің жанына барып, хал сұрайды:

– Әке, міне өз еңбегіммен ақша тауып келдім, – дейді.

Ақшаны ұстап көрген шал:

–  Жоқ, балам, бұл өз еңбегіңмен тапқан ақша емес, – деп ол ақшаны да пешке тастап жібереді.

Сонда баласы:

– Әке, мұны өз еңбегіммен таптым, – деп ақшаны жанып жатқан оттан суырып алыпты.

– Міне, балам, өз еңбегіңмен тапқан ақша осындай болады. Сен алдыңғы ақшаларды пешке тастағанымда үнсіз тұра беріп едің, енді күйгеніне қарамай қолыңды отқа тықтың. Өйткені, өз еңбегіңмен тапқан нан тәтті, дүние қымбат, – депті әкесі.

Атам заманнан бері ешкім де еңбексіз тапқан дүниенің рахатына батпаған. «Бай болып көргеніміз жоқ, кедей болып өлгеніміз жоқ» деген екен бір әжеміз, сол айтқандай, өз еңбегіңмен тапқан дүниеден артық байлық жоқ, бауырым.      

Қазақ әу бастан оңай олжаны сүймеген. «Еңбексіз тапқан мал – есепсіз кеткен мал» деп оның баянсыздығын әдемілеп жеткізген. Сол сөзді қаперіне ілмей, қадірін жоғалтқандарға «үпиттікі сүпитпен кетеді» деп жек көре қараған. Осы жерде қазақ мақал қыларлық сөз таппай отырған жоқ, оңай олжа қуғандарға артық сөз шығындағысы келмей отыр.    

Сол оңай ақша тауып жүргендер мынаны түсінсін. Қолыңда ақшаң барда, айналаңда «достарың» да көп, ертең ұтыласың, көлігіңді қоясың, үйіңді тігесің, сол кезде сол «достарың» саған бір тиын да бермейді. Бұл – ащы, ащы да болса ақиқат.

«Бақытың артқан шағыңда – жапалақ салсаң, қу ілер, бақытың тайған шағыңда – сұңқар салсаң, су ілер» деген баяғылар. Басынан өткесін айтқан, ұрпағым ұғынсын деген.

Қашан ұғамыз, қайдам…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<