Ұн қымбаттады: Баға неге бағынбай барады?

878

0

Көпшілік ұнның қымбаттап жатқанын айтып, шағымдана бастағанын естіп жүрміз. Бағаның өскені жасырын емес. Енді халықтың әлеуметтік көңіл-күйі құбылуда. Кейінгі 3 жыл көлемінде маусым сайын қымбаттаған ұн құнына бұл жолы да тежеу болмайтын сыңайлы. Оның өз себебі бар.

Кәсіпкер кәсібін көксейді, бидай жетпейді

Әуелі мәселенің түпкі мәніне үңілейік. Расында ұн бағасы Қызылорда өңірінде ғана емес, басқа өңірде де көтеріліп жатыр. Бұған байланысты Сауда комитеті де шұғыл мәлімдеме жасады. Сонымен, кейбір өңірлерде кәсіпкерлер бидайды қымбат бағамен сата бастаған. Күз басталғаннан жиі жаңбыр жауып, бидай кеппей, қайта көктеп кеткен, яғни, азық-түлік ретінде тұтынуға жарамайды.

«Оның үстіне қазір 13 аймақта ұн бағасы өсіп жатыр. Бұған ажиотаждық сұраныс себеп, яғни, «ойбай, бидай жетпей қалады» деген дүрбелең бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі бидай қоры жеткілікті екенін баяндады. Дегенмен кейбір аймақтарда 50 пайызға дейін ұн қымбаттады. Оны біз көріп отырмыз» деген Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.

Оның айтуынша, Азық-түлік корпорацияларының қоймасында 95 мың тонна бидай сақтаулы тұр. Жергілікті уәкілетті органдарға оны диірмендерге жеткізу бойынша тапсырма беріліпті. Ол үшін корпорация мен диірмен арасында меморандум жасалуы тиіс. Бір апта бұрын берілген тапсырмаға сай, қазір бұл бағытта жұмыстар жүріп жатқанға ұқсайды. Енді оператор ақшасын төлеген соң, ҚТЖ бидай жеткізуге кіріседі.

Бұл тұста комитет басшысы кәсіпкерлерді де кінәлап отыр. Тапшылық байқалса болды, бірден бағаны көтереді. Сол себепті комитет өкілдері Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне хабарласып, ұсыныс енгізген. Олар нарықтағы ірі «ойыншыларға» сұраныс жіберіп, тергеуді бастаймыз деп жоспарлап отыр.

Дүрбелең дәйексіз емес

Ұлттық статистика бюросы биыл елімізде ұнның 3,7 пайызға қымбаттағанын жария етті. Қаңтар-шілде аралығында 1,7 млн тонна ұн өндірілген, 716 мың тонна ұн сатылған. Өндіріс өткен жылмен салыстырғанда сәл артық, дегенмен сатылған ұн аздау. Осыған қарап ұн бағасын ірі кәсіпкерлер қолдан көтеріп отырғанын аңғарамыз.

Өзіміздегі жағдайға келейік. Біз алдымен «Өңірде ұн тапшылығы жоқ па?» деген сауалмен ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласқан едік. Ондағылар тапшылық болмаса да, бағаға қатысты мәселе туындағанын растап отыр.

«Облыстың табиғи-климаттық ерекшіліктеріне сәйкес, өңірде астық өндірілмейді. Осы себепті ұн республиканың солтүстік аймағынан, Қарағанды облысының кәсіпорындарынан жеткізіліп келеді. Биыл солтүстік өңірлерде құрғақшылық болып, бұған қоса егін жинау кезеңінде жауын-шашынның тым артық жауғаны салдарынан астық жинау ісі кедергіге тап болды. Ақыры қыркүйектің екінші онкүндігінде жалпы республика бойынша ұн бағасының өсуі тіркелді» делінген басқарма жауабында.

Облыстағы көтерме ұн жеткізушілердің қоймаларында осыған дейін 170 теңгеден сатылған бірінші сортты наубайханалық ұн қазір 230 теңгеге жетіп, 35,2 пайызға қымбаттаған. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, кәсіпорындар алда жеткізілетін ұнды облыстың көтерме таратушыларына 230 теңгеден саудаламақ. Қазір облыста бірінші сортты бидай ұны мен әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру үшін Қостанай облысының «Қазақ ұны» ЖШС-мен келісі 128 теңгеден 4760 тоннаға келісім-шарт жасалған. Оның 1379 тоннасы жеткізіліп, наубайханаларға 128 теңгеден таратылыпты. Енді жеткізілетін 3381 тонна ұн нан бағасын тұрақты ұстауға мүмкіндік беруі тиіс деп жоспарланған.

Жеті аудан мен қаланың қоймаларында наубайхана үшін сақталған 1000 тонна ұн бар екен. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ өңірге 3631,8 тонна астық бөлу мүмкіндігін қарастыруда. Ең бастысы, тапшылық жоқ.

Наубайхана жайын айтқанымызбен, дайын нанды емес, ұн сатып алатын халықтың қарасы көп екенін білеміз. Осы тұста баға қарқынын өзіміз бағамдауға кірістік. Мәселен, қазір қалада жоғары сортты ұнның 50 келісі 11-13 мың теңге арасында саудалануда. Бір қызығы, аудандарда жағдай басқа. Мәселен, Тереңөзек кентінде шілде айының ортасында бірінші сорттағы ұнның 50 келісі шамамен 9500 теңгеге саудаланған. Ал қыркүйектің басында 11 мың, айдың соңында 13,5 мың теңгеден сатылуда. Айналдырған 2 айдағы бағаның өсімі тым көп.

Сауда комитеті мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің шұғыл шара қарастырып жатқаны жөн. Әйтсе де талайдан бері тұрақтылықтан жаңылған ұн бағасына тоқтау боларына сенім аз екенін де жасыра алмаймыз.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<