Жастардың жан әлемі немесе тәуекелдер тірек бола ала ма?

842

0

Жастарды толғандыратын ең өзекті мәселе не? Бүгінгі жастар болашақтың иесі бола ала ма? Шынында, ешкім бүгінгі жастар қандай екенін анық білген емес. Себебі, бұрынғылар өткенді аңсайтын. «Бала үшін ең ізгі мұрат – әке жолын жалғау» дейтін. Тарихтың қайталанатынына, әлем спираль тәрізді дамитынына сенетін. Бүгінгіден де жарқын болашаққа, прогресске емес, тұрақтылыққа ұмтылатын.

Одан кейінгі буын жастарға болашақтың жобасы ретінде қарады. Олар үшін жастар жай ғана ертеңгі алып құрылысқа қажет материал болды. Ал, қазіргі аға буын осы идеологтар мен модернистердің барлық ұстанымдарын жоққа шығарды. Сөйте тұра, жастардың жекелеген мәселелері тұрмақ, жастар деп аталатын жалпы ұғымға қатысты берік ұстаным жоқ.

Әйтпесе, жастар саясаты туралы айтпастан бұрын, жастардың өмірін жақсартуға бағытталған жобаларды қолға алмай тұрып, олардың өмірі шын мәнінде қандай екенін жақыннан көрген, олардың жан әлеміне үңілген дұрыс болар еді. Себебі, жастарының жүрегіне жол таба білген елдің ғана болашағы бар. Бұл – қоғам өмірінің жазылмаған заңы десек те болады.

Бірақ елімізде жастардың жекелеген мәселелеріне қоғамда сілкініс тудырған оқиғалардан кейін ғана көңіл бөлініп жүргені жасырын емес. Айталық, былтырғы қаңтар қасіретінен кейін елімізде жастар саясатын тиімді жүзеге асырып отырған бірде-бір институттың жоқтығы ресми түрде мойындалды. Немесе, сәуірде Қазалы ауданында болған оқушылар төбелесі қоғам талқысына түскеннен кейін ғана тәрбие мәселесіне шындап көңіл бөліне бастады. Мұның барлығы – қоғамның реакциясы, яғни, салдармен күресу ғана. Анығында, жастар проблемасы тереңірек үңілуді, қоғамдық сананың өзгеруін талап ететін түйткіл болып отыр. Бұл ретте әлі күнге дейін ашық дискуссияларда талқыланбаған, назардан тыс қалып отырған жайттар бар.

Біріншіден, қалай десек те, бүгінгі жастар – Тәуелсіз Қазақстанның өнімі. Демек, оларға қатысты күрделі мәселелер де қазіргі қоғам өмірінен туындайды. Дәл осы тұрғыдан алғанда, қазіргі жастар «тәуекелдер қоғамында» өмір сүруге мәжбүр. Яғни, қоғам өзінің бүкіл өмірін тәуекелдерді азайту жұмысы ретінде ғана қарастырып отыр. Тәуекелдер қоғамы түсінігі 1990-жылдардан бастап кеңінен қолданыла бастады. Оған неміс социологы Ульрих Бектің «Тәуекел қоғамы» аталатын кітабы себеп болған еді.

Ульрих Бектің теориясын біздің жағдаймен салыстырсақ, қазақ қоғамы кеше ғана Абай облысында бір апта бойы лаулаған, 14 адамның өмірін қиған алапат орман өрті сияқты апаттарды, үш жыл бұрынғы коронавирус пандемиясы секілді ауруларды, басқа да жағдайларды алдын ала болжай алмайды. Бірақ осы апаттарға, тәуекелдерге жауап беру тұрғысынан өмірді оңтайландыра алады. Қорғаныс саласын күшейтіп, жедел жәрдем жұмысын дұрыс жолға қоя алады. Әрине, мұның бәрі өте маңызды.

Бірақ мұндай қоғамның ең негізгі проблемасы – түпкі мақсаттың тек қауіпсіздік болуында. Жастар мәселесінде де олардың әлеуметтік қауіпсіздігі басым бағыт ретінде қаралады. Ал, мәселе бірде-бір оңды саяси бағдарламаның жоқтығында болып отыр. Бұл бағытта қандай да бір ұтымды ұсыныс бар деп айту қиын. Болашаққа батыл қадам басуы тиіс жастар үшін шындап келгенде ең болмаса алдағы бес жыл өмірін елестету мүмкін емес. Ал жастарға қатысты саясат қоғамды тәуекелдерді оңтайландыру бағытында дамытамыз деген уәде ғана бере алады.

Мысалы, «Prague Civil Society Centre» халықаралық ұйымы жүргізген зерттеулерге сүйенсек, қазақстандық жастар ең өзекті деп санайтын проблемалар қатарында баспананың қолжетімсіздігі, сапасыз білім беру, жұмысқа орналасудың қиындығы секілді мәселелер бар. Бұл мәселелердің әлі күнге дейін ушыққан күйінде қалып отырғаны жастар арасында азаматтық белсенділік деңгейін де төмендетері белгілі. Ал осы мәселелерге тап болған жастарды қоғам тек белгілі бір маманға сілтей алады. Қарапайым тілге көшірсек, «бұл мәселе бойынша анда барасың, сол жерде мамандар бар» деген сияқты.

Яғни, қоғам үшін ең жоғарғы мақсат ендігі жерде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» керемет заман емес, тәуекелдерді азайту ғана болып отыр. Сәйкесінше, психологтар, отбасы мәселелері бойынша кеңесшілер, гештальттерапевтер мен коуч-тренерлер көбейді. Олардың барлығы бірдей жан жарасын, «психологиялық травмаларды» емдеумен айналыса бастады. Өйткені, өмір психологиялық жарақаттардан тұрады деген ұғым қалыптасты. Жастар арасында суицид, депрессия сияқты психологиялық ауытқулардың романтизациясы белең алды.

«Wisevoter» ұйымының есебіне сәйкес, жыл басындағы жағдай бойынша суицид статистикасында Қазақстан 178 елдің ішінде 19-шы орында. Елімізде 100 мың халыққа шаққанда, 17 адам өзіне қол салады екен. Ал Білім беру сапасын қамтамасыз ету комитетінің мәліметінше, қазіргі қазақстандық қоғамның ең өткір мәселелерінің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы аутоагрессивті мінез-құлық пен суицид. Республикада балалар арасында бұл құбылыстың жиілігі жыл сайын жоғарылап келеді. Мысалы, 2020 жылы 307 балалар мен жасөспірімдер суицид жасауға әрекет етсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 373, былтыр 309-ға жеткен.

ЮНИСЕФ есебінше, әрбір төртінші қазақстандық жас суицид туралы ойлайды және барлық суицид жағдайларының 60%-дан астамы 15-17 жас аралығындағы жастар. Екінші тәуекел тобына 25-29 жас аралығындағы жастар жатады. Статистика көрсеткендей, елімізде ауылдық жерлердегі жастар суицидке көбірек бейім. Сондықтан бұл мәселе жастарға баспананың қолжетімсіздігі, сапасыз білім беру, жұмыссыздық проблемаларынан әлдеқайда өткір әрі өзекті.

Оған қоса, «селфхарм» деп аталатын дерт те қазақ жастары арасында белең алып отыр. Селфхарм – адамның өз өзіне зиян келтіруі. Жастар, әсіресе жасөспірімдер өз денесін, әсіресе қолын жиі жарақаттайды. Бірақ Қазақстанда жасөспірімдердің өзін жарақаттау жағдайлары туралы ресми статистика жоқ. Себебі, ата-аналар мұндай балаларды медициналық мекемелерге әкелсе, олар психиатриялық тіркеуге алынады. Дегенмен, селфхарм – қазіргі жастардың тәндегі тыртықтардан көрініс тауып отырған «жан ауруы» екені даусыз.

Мұндай үрейлі үрдіс тек бүгін және бізде ғана пайда болып отырған жоқ. 1990 жылдары Америкада психологтар «carter’s» деп атаған жасөспірімдер шықты. Мүмкін, адамның өзін-өзі азаптауы адамзат жаралғалы бері бар шығар. Бірақ, америкалық психологтар олардың әрекеті өз-өзіне қол жұмсау емесін алғаш аңғарып, бұл үрдіске дәйекті баға беруге тырысты. Өйткені, өзін-өзі азаптау – психикалық бұзылыстың симптомы. Ауыр депрессиядағы, бәріне немқұрайлы қарайтын, өмірден мән таппаған адам ғана өзін тірі сезіну үшін өз тәнін жарақаттайды. Осылайша, жан дертін тән ауруына айналдырып, өзінің жан әлемінде болып жатқан арпалыстан басқа да өмір бар екенін сезінгісі келеді.

Когнитивті ғылымдар ерте дамыған Америка бұл құбылысқа қарсы тұруға тырысты да. Соның бір мысалы – бәрімізге таныс «Fight Club» («Жекпе-жек клубы») фильмі. Бұл фильм белгілі бір деңгейде өз дәуірінің жалпақ тілге көшірілген психологиялық портреті, қоғамды жан дертінен айықтыру манифесі болатын.

Қоғам өзінің серпілуі, сілкінуі керегін сезіне бастады. Бірақ санадағы тұман айығып, ойдың сергуі үшін адам күнделікті өмір шындығына соқтығысуы керек болатын. Адам өмірдің қызығына алдануы тиіс еді. Сол уақыттан бастап Америкада, кейін біртіндеп бүкіл әлемде көңіл көтеру орындары көбейді. Түрлі аттракциондар, экстрималды спорт түрлері пайда болды. Адамға жай ғана өзінің өмірде бар екеніне көз жеткізу үшін өткір эмоциялар, таңданыс, қорқыныш сияқты сезімдер қажет бола бастады. Бұл ретте мәдениеттің де негізінен адамдардың сол қажетін өтеуге қызмет етіп жатқаны байқалады.

Бір сөзбен, жастар өзін өмірдің иесі сезінуі үшін үнемі қызықты немесе қорқынышты жайттарды бастан өткеруі қажет күйге түсті. Сондықтан, тәуекелдер қоғамы жастар мәселесінде ең әуелі олардың жан дүниесіне үңілуі керек.

Мүмкін, жастар мәселесіндегі ең түйткілді мәселелердің шешімін когнитивті ғылымдардан іздеуі керек шығар? Жастар психологиясы қоғамдағы тенденцияларды да жақсырақ түсінуге мүмкіндік берер еді. Себебі жастарды түсінуге талпыныстар, ауқымды зерттеулер тек ғылыми қызығушылық емес, сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар бағыт. Бірақ, Үкімет пен түрлі қауымдастықтар, өзге де институттар жастардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескеретін бағдарламалар әзірлеуде мұндай аспектілерді назарға ала бермейді. Салдарынан жастар арасында қоғамға бейімделу, саналы шешім қабылдау, проблемалық жағдайлардан шығу және өмірден өз орындарын табуда көптеген қиындықтар туындап отыр.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

*Сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<