Жем-шөп  қымбат

560

0

Мал азығы шаруаға оңай болмай тұр

Күз жеткесін ауылдағы ағайынның алаңы күшейді. Басты мәселе – жем-шөп жайы. Оған себеп те жоқ емес. Биыл кей аймақта құрғақшылық орын алса, бірінде мал азығы аспандап тұр. Тұрақсыз өскен баға шаруаның қалтасына ауыр тиетіні түсінікті. Аз алса, мал ариды, алмайын десе, жиған қоры шамалы. Ал малсыз, ауыл ауыл емес.

БАҚ бетінен республикадағы ахуалды бағамдау да қиын емес. ШҚО, Атырау аймақтарында жем-шөп бағасы қазірден жоғары.  Бірқатар ауылда төрт түлік әлден қолға қарай бастаған. Қуаңшылықтан жайылымда да, шабындықта да көк жоқ. Тіпті бір орама шөп 15 мың теңгеге жеткенін, кей тұрғын қолма-қол қаржыға да жем-шөп таппай отырғанын айтуда. Ал біздегі көрсеткіш қай деңгейде? Жем-шөп жеткілікті ме? Қыстан қысылмай шығу үшін шаруа қанша шашылады? Жағдайды анықтау үшін қала мен аудандардағы жем-шөп бағамын таразылап көрелік.

Байқасақ, аймақтағы баға шамалас. Мысалы, Сырдария ауданында шөпті шабындық басынан алсаңыз, жоңышқа 700 теңге, қамыс пресс  – 350 теңге, бау пішен 150-200 теңгенің айналасында. Ал алып-сатардан алсаңыз, бұл баға екі есе жоғары болары анық. Ауданда қысқа түсетін 44 мыңға жуық мал басы барын ескерсек, 70 мың тонна шөп, 4 мың тонна сабан және 15,7 мың тонна жем қажет екен. Әрине, күріштің ұн жемін (мучка) өндіретін 10 күріш ақтау зауыты бар Сырдарияда жағдайды бақылау қиындық тудырмасы анық.

«Биыл малазықтық дақылдарын қолжетімді бағада сатуды қамтамасыз ету, күріш атыздарындағы сабандарды өртеуге жол бермеу мақсатында өндірушілермен 30-дан астам меморандум жасалды. Маусым айында Айдарлы, Жетікөл ауылдық округтерінде шөп жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге барлығы 10 жүк көлігімен 2130 пресс қамыс, жоңышқа мал азығы өнімдері әкелініп, нарық бағасынан төмен бағада ұсынылды» – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі ұсынған мәліметте.

Шиеліде өткен жылы 600 теңгеден сатылған жоңышқа пресі биыл 700-800 теңге болған. Ал өткен жылы 350 теңге болған табиғи шөп пресі (қамыс, мия жоңышқа аралас шөп) 550 теңгеге көтерілген. Бидай жемнің келісі 130-150 теңгеден саудаланса, кебектің қабы – 2000 теңге.

– Ауылда мал өсіруден басқа тиімді кәсіп жоқ. Балалардың киімі, тұрмыстық зат, құрылыс материалына дейін мал сатып алатынымыз жасырын емес. Енді, міне, жыл сайын қымбаттаған жем-шөп бағасы қалтаға ауыр тиіп отыр. Бағаның қымбаттағаны бір бөлек, аудан орталығынан жем-шөпті әкелу де шығын. Жүк көлігіне қосымша ақы береміз. Осы жағдай ауылдағы төрт түліктің азаюына себеп болуда. Көбі қолында бар малын сатып, қалаға көшуде, – дейді Шиелі ауданының тұрғыны Рыскелді Бейсенбаев.

Ал Арал, Қазалы аудандарында жоңышқа шөптің бағасы 750 теңгеден басталса, қамыс пресі – 700 теңге, кебек жемнің бағасы 1800 теңгеге көтерілген. Күздің алғашқы айындағы баға осындай болса, қақаған қыста жем-шөп құны еселеп өсетіні анық. Мал азығын қалай қамдарын білмеген тұрғындардың басты уайымы да осы. Олар бағаның ендігі түспесін мойындағанымен, бұдан көтерілмесе деп тілеуде. Себебі, ахуалға әсер еткен ауыл шаруашылығы бағытындағы мәселелердің басы ашық қалып отыр.

Сатушы да – халық. Нарық заңын түйсінер-ау, дегенмен халыққа жеңілдік жасауға жағдай келмей отыр деген уәж айтады. Олардың сөзіне сенсек, шөптің қымбаттауына түрлі себеп бар. Алғашқысы – жанар-жағармайдың қымбаттауы, кейінгісі – қажетті заттардың баға өсімі. Айналып келгенде мал ұстаудың өзі шығынға әкеліп отыр.

Осы орайда, заңды сауал туындайтыны сөзсіз. Биыл елімізде жем-шөп шығындарының құнын субсидиялауға 11,7 млрд теңге бөлінген. Қажет болған жағдайда облыс әкімдіктерінің қосымша қаражат жіберуге мүмкіндігі бары да айтылған болатын.

– Шығынды өтемесе, кәсіпті жолға қою мүмкін емес. Бағаны көтеруге шығын себеп болып отыр. Мысалы, дизель отынының бағасы құбылмалы. Өткен айда литрі 260 теңгеден жоғары сатылды. 450-480 теңгеге дейін саудалағандар да бар. Оған қоса шөпті байлайтын жіптің бір бумасы 15 мың теңгеден бір-ақ шықты. Өткен жылы 8 мың еді. Сондықтан, жем-шөп бағасын өсірдік, – дейді сатушы Бақытбек Жақсылық.

Бұл сөздің жаны бар. Апта басында қаламыздағы бірнеше жем-шөп базарын аралағанбыз. Мәселен, КБИ, Саяхат, Тасбөгеттегі жем-шөп базарында жоңышқа пресс 1000 теңгеден, қамыс пресс 750-800 теңгеден саудаланып тұр. Ал күрмек жемнің қабын – 2600 теңгеден, бидайдың кебегін – 2200 теңгеден, бидайдың қабын – 7500 теңгеден беруде.

Сонымен, нарық пен сатушы ортасындағы халық абдырап отыр. Амал жоқ, қысқа дайындық керек. Қымбат болса да қораны шөпке толтыруға тура келеді. Азын-аулақ түлікке жем-шөп аламын деп қорасындағы малын сатып жатқандар да бар, яғни, мал азығын мал сатып алуда. Жағдайдың жай-жапсарына қанық Үкімет те тиісті шараны қолға алған. Жуырда ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі жедел штаб отырысын өткізіп, жем-шөп жайын кеңесті. Министрлік облыс әкімдіктеріне қыстайтын жерлерге жем дайындау, тасымалдау жұмыстарын жандандыруды, жеке қосалқы шаруашылықтарды азықпен қамтамасыз етуді бақылауды тапсырған. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін шара қабылдауды да айта кеткен еді.

Бүгінде облыста мал азығын дайындау жұмыстары жүйелі жүріп жатқан көрінеді. Облыс бойынша қысқа түсетін 700 мыңға жуық мал басына ірі азықтың 83 пайызы, жемның 32 пайызы әзірленген.

– Аймақтағы шаруашылық құрылымдары күтімге алынған 46,1 мың гектар ескі жоңышқаның 3,1 мың гектары тұқымға қалдырылып, орылуға тиісті 43,0 мың гектардың бірінші орымын аяқтады. Бүгінде екінші орым басталып, жиналуға тиісті көлемнің 42,4 мың гектары орылып, 108,4 мың тонна жоңышқа шөбі жиналды. Сонымен қатар, қазіргі таңда 21,2 мың гектар жаңа жоңышқаның 8,4 мың гектары жиналды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері.

P.S. Қаһарлы қыс қамсыздықты көтермейді. Мал азығы – ертеңгі ел азығы болғандықтан бағаның байламы болу шарт. Түйірлеп алатын азық емес, қора толтыруды көздесе, әрбір шаруаның шашетектен шығынға бататыны айтпаса да анық. Оның үстіне қуаңшылықтан енді аяққа тұрған аймақ халқына мал азығы қайта кедергі болса, мәселе ушыға түспек. «Мал ашуы – жан ашуы» деген тағы бар…

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<