Жер үлесі: Күрмеу кілті қайда?

905

0

Кеше Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» облыстағы жер үлестерінің мәселесі бойынша мәжіліс өткізілді. Оған облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Гүлжахан Бимендина, басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен үлескерлер қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов сөз басында өңірдегі егіншілік жерлер инженерлік жүйеге келтірілген суармалы егістікке негізделгенін атап өтті. 2004-2005 жылдарда жерді игеру шығынының жоғары болуы байқалды. Сол кезеңде қабылданған Жер кодексінің ереже тәртібіне сәйкес шартты жер үлестерінің иелері оны шаруашылық серіктестерінің жарғылық капиталына салым есебінде рәсімдеуге мүмкіндік алды.

Облыста инженерлік суармалы егістің көлемі – 178,6 мың гектар. Шаруа қожалықтары мен серіктестіктер оның 95 пайызға жуығын (170 мың гектар) пайдаланады. Бұл бағытта 958 агроқұрылым жұмыс жасайды. Онда 61 мыңнан астам үлескер бар. Дегенмен, 2015 жылдан бастап жер үлесінен құралған 13 агроқұрылымда жер үлесімен бөліну, құрылтайшылар, банк кепілі және өзге де мәселелер бойынша даулар туындады. Олардың бірқатары сот тәртібі және өзара келісім бойынша шешімін тапты.

Кейінгі 15 жылда аталған үлестерден құралған ірі шаруашылықтар материалдық-техникалық базасын нығайтты. Бұл мақсатта инвесторлар тартылып, табысты өндіріске көшіп, егістік жерлерге сұраныс артты. Кейбір шаруашылықтарда үлескерлер бұған дейін берілмей келген дивидентін өтеуді талап етуде. Сондай-ақ, олардың тарапынан жарғылық капиталдағы үлестің теңсіздігі жөнінде сын айтылады. Өзге де жанама әсерлер салдарынан наразылық жағдайы көрініс беруде.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, мұндай проблема еліміздің егін егетін өңірлеріне тән. Сондықтан аталған түйткіл өзектілігін жойған емес.

– Бүгінгі күндері Қызылорда облысының кейбір шаруашылықтарында кездесіп отырған жағдай кезінде заң шығаруға байланысты кеткен олқылық деп бағалауға болады. Ендігі кезекте елдің мүддесін ойлай отырып, оларды жетілдіруге назар аударуымыз тиіс. Депутаттық сапар барысында Солтүстік Қазақстан облысында Зинченко есімді азамат басқаратын ауыл шаруашылығы құрылымының тыныс-тіршілігімен танысқан едік. Аграрлық сала жұмысын жетік білетін маман бұрынғы шаруашылықты бөлмей сақтап қалған. Үлес иелеріне тиісті дивидендті уақытылы беріп отырады. Мұндай құрылымдар біздің өңірде де бар. Десе де, кейбір шаруашылық басшылары мұндай талаптарды сақтай бермейді. Сондықтан олардың жұмысына наразы болған үлескерлердің бөлініп шығу талабын жеңілдету жағдайына назар аударғанымыз жөн, – деді Сенат депутаты.

 Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Гүлжахан Бимендина елімізде жерге байланысты мәселелер әрдайым өзекті екеніне тоқталды. Жалпы, Жер кодексіне байланысты ел арасында көптеген ұсыныстар айтылуда. Қазір олардың барлығы жинақталуда.

– Көп жағдайда ұсыныс-пікірлер жерге байланысты үлескерлерге қатысты болып отыр. Олардың шаруашылықтан бөлініп шығуына байланысты көптеген түйткіл кездеседі. Ұсыныс-пікірлер құзырлы орындарда талқыланып, келешекте осыған байланысты қабылданатын заңдарға енгізу жоспарланып отыр, – деді ол.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Медет Усаиннің айтуынша, үлескерлер арасында туындап отырған даулар және оны шешу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қолданыстағы заңнамалар бойынша мемлекеттік органдарға кәсіпкерлік нысандарының ішкі мәселесіне араласуға тыйым салынған. Дегенмен, жергілікті әкімдіктер, салалық мемлекеттік органдар прокуратурамен бірлесе отырып үлескерлер арасында шаруашылықтардың үлесін бөліп алудың заңды жолын тұрақты түрде түсіндіріп келеді.

Мұндай жағдай 2019 жылдан бері Қармақшы ауданы ІІІ Интернационал ауылындағы «Достық-жер МК» ЖШС, Сырдария ауданындағы А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин, Қоғалыкөл және Шаған ауылдарында туындап, бүгінгі күнге дейін өз деңгейінде шешімін таба алмай келеді.

– Бұл жағдай үлескерлердің шаруашылық құрамынан жедел түрде өз үлесімен бөлініп кетуіне заңдарда көзделген нормалар мүмкіндік бермейді. Ол заң нормаларының практикалық қолданыстағы әлсіздігін аңғартады. Шаруашылық қатысушыларының жалпы жиналысы мерзімінде өтпейді. Сот процестері әртүрлі сатыда ұзақ қаралады және өзге де себептер жер үлесін бөліп алудың ұзаққа созылуына итермелейді. Осы орайда үлесшілер мәселесінің алдын алу мақсатында заң шығару шеңберінде шаралар қабылдануы тиіс. Атап айтқанда, Жер кодексіне, «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңға үлестен тұратын шаруашылықтардағы қатынастарды реттеуге байланысты арнайы нормалар енгізілуі қажет деп санаймыз, – деді басқарма басшысы.

Мамандар үлес иелерінің ұсыныс-пікірлерін жинақтай келіп, аталған нормаларда бірқатар мәселелер қаралғаны дұрыс екенін айтады. Алғашқысы – шаруашылықтан шығу тәртібін оңтайландыру мен мерзімін қысқарту. Жалпы, жиналысқа қатысушылар санында кворум жоқ. Сондықтан жиналыс өтпегені жарияланып, мәселені шешу созбалаңға салынады. Осыған байланысты Жер кодексінің 54-бабы 2-тармағында белгіленген жалпы жиналысқа қатысушылар санын 50 проценттен 30 процентке төмендету ұсынылады. Сондай-ақ, жиналыс өтпей жасалатын сырттай хаттамаларды жою үшін аталған кодекс негізінде тиісті іс-шаралар қолға алу ойластырылуы тиіс. Ол үшін жиналыс хаттамасына міндетті түрде барлық қатысушылар қолының қойылуы, оны мемлекеттік тіркеу кезінде қойылған қолдың түгел болуын талап ету нормасын енгізу басты назарға алынғаны жөн. Оған қоса жиналысты өткізу мерзімін қысқарту мақсатында аталған кодекстің 101-бабының 4-тармағына өзгеріс енгізілгені дұрыс.

Үлескерлер құрылтай шартының типтік үлгісін енгізуге байланысты ұсынысын білдіріп келеді. Аталған шарт бойынша жыл сайын үлес иелерін түгендеу, дивиденд мөлшерін нақты белгілеу, бөлінетін жағдайға резервтік учаскені бекітіп қою, қаржылық ауыртпалық, материалдық-техникалық базасын бөлісу мөлшерін айқындау жөнінде пікірлер айтылды. Құрылтай шартында көзделген міндеттер орындалмаған жағдайда шаруашылық басшысының жауаптылығын белгілеу қарастырылуы тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, тұрғылықты мекен-жайын тұрақты өзгерткен (шетелге және басқа өңірге көшіп кеткен) жағдайда жер үлесін сол ауылдың үлесі жоқ азаматтарына беру мәселесі ойластырылғаны артық етпейді.

Мәжіліс барысында Қармақшы, Сырдария аудандары әкімдерінің орынбасарлары Жандос Қойшыбаев, Ғалымжан Еркебай аталған аудандарда жер үлесіне байланысты болған дауларды шешу бағытында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды. Ал Қармақшы ауданындағы «Ақтөбе және К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев, Жаңақорған ауданындағы «Орда Агротехнология» ЖШС басшысы Керімхан Егізбаев және өзге де азаматтар ой-пікірін білдірді.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<