Жол сапасы: кемшілік кімнен?

597

0

Кейде байқасаңыз, жаңа салынған жол немесе тротуар үстінен дөңгелене ойылған шұңқырлар пайда болады. Соны көргенде «ау, мұнысы несі, тым жақсы салынған жолдың әптер-тәптерін шығарғаны» деп қарадай ашуға булыққанбыз. Түсінбестік қой мұның бәрі.

Мұның төркіні тым әріде. Біздегі тендер деген бәсеке арқылы жол салуды ұтқан компания болады емес пе? Құрылысты бітірген сол мердігердің жұмысын тексеретіндер бар. Әлгі сіз бен біз көрген жолды тесетіндерді айтамын. Асфальт жолдың керек жерінен дөңгелете ойып алып, зертханаға әкетіп жүрген осы мамандар.

Бұл – «Жол активтерінің ұлтық сапа орталығы» деп аталатын құзырлы мекеме. Біздің облыста филиалы бар. Орталық төрт жыл бұрынғы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан соң жұмысын бастады. Елдегі жолдардың сын көтермейтінін, сапасыз һәм жүрдім-бардым салынатынын қатаң ескерткен Мемлекет басшысының сөзінен соң жауапты сала етек-жеңін енді жинай бастағандай.

Басынан айтсақ. 2019 жылдың наурызында Үкімет қаулысы шықты. Соның негізінде республикалық мемлекеттік кәсіпорын құрылды. Атауын жоғарыда айттық. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК. Негізгі міндеті – республика аумағында салынып немесе жөнделіп, жаңартудан өткен автожолдардың сапасын сараптау. Жол қалай салынды, қалыңдығы, ұзындығы мен ені құжат бойынша сәйкес пе, асфальт құрамы, битум сапасы, бәрін-бәрін арнайы зертханада анықтап, қорытындысын бере қояды.

Кемшілік өтемі – 205 млн теңге

Шынымен әр жолдың салынуы әртүрлі. Кейбір жолдың ені 4 метр, қалыңдығы 3 сантиметр болады. Кейбірінің қалыңдығы 5 сантиметр деп көрсетіліп, ені 6 метр болуы да мүмкін. Мұның барлығы сол жоба-сметалық құжаттың қалай дайындалғанына байланысты. Сметалық құжатқа сүйене отырып, жол зертханашылары әлдеқандай кемшілік тапса, тапсырыс берушіге де, мердігер компанияға да хат жібереді. Ол кемшілікті жөндеуге мердігерге уақыт беріледі екен. Ал тендерден жеңімпаз болған жол салушы мекеме өзі салған құрылыстың сапасына кепілдікті өздері береді. Мысалы, «біз салған жол екі жылға жарамды» дегендей. Егер осы мерзім аралығында жолда ақау пайда болса, онда мердігер кеткен қателікті жөндеуге міндетті.

– Алыс елді мекенге жол салынды дейік. Оның маңында асфальт зауыты жоқ. Қала орталығынан тасиды. Бұл «салқын асфальт» деп аталады. Салқын асфальт төселіп болған соң арнайы зертхана қызметкерлері екі аптадан кейін, ең жоқ дегенде бір айдан соң барып тексере алады. Салқын асфальтты қыста төсеуге мүлде болмайды. Күзде ауа райы 5, ал көктемде 10 градустан жоғары болғанда ғана рұқсат етіледі. Ал ыстық асфальт аты айтып тұрғандай, жолға ыстықтай төселеді. Бір тәуліктен кейін барып сапасы тексеріледі. Екінші айта кететін жайт, жол салушы мекеме зертханалық орталықпен келісім-шартқа отырған соң ғана сапасын анықтауға рұқсат беріледі, – дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Қызылорда филиалының жол инженері Ғалымжан Төремұратов.

Айтпақшы, орталық мамандарынан естігеніміздей, филиал ғимараты биыл күрделі жөндеуден өтіпті. Мемлекет қолдауымен заманауи автоматтандырылған зертхана қайта жасақталған. 200-ден астам жол сапасын анықтауға қажетті зертханалық сынаққа арналған құрал-жабдықтар алынған. Соның ішінде 50 құрылғы осы жылы берілді. Бұл – мамандардың жұмыс өнімділігін арттыруға үлкен көмек.

Иә, осы орталық құрылғалы жол салушы компаниялар жұмыс сапасын ақсатпауға тырысады. Дегенмен көп кемшілік анықталып жүр. Мысалы, филиал мамандары жыл басынан бүгінге дейін 2190 шаршы метр астыңғы қабатынан, 11681 шаршы метр жол жабындысынан және 2259 тонна инертті материалдардан ақау тапқан. Кеткен кемшіліктің барлық сомасы 205 млн 473 мың теңгеден асады. Жалпы осы күнге дейін облыста жолға қатысты 150 нысан тексеріліпті. Бұл жерде зертханашылар 1373 сынама алған, 460 сынама нормативке сәйкес емес. Нәтижесінде жолға төселген материалдар ішінен 150 кемшілік шыққан. Тапсырыс берушілерге кемшіліктер көрсетіліп, 32,5 млн теңгеге қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліпті. Жыл соңына дейін әлі қанша ақау шығатыны беймәлім. Бұл асфальт құрамы немесе басқа да жұмыстардың сапасыз істелгенін көрсетіп тұр.

Екінші мәселе, өз жұмысына немқұрайлы қараған техникалық қадағалаушыларға да шара көрілуде. Филиал тарапынан былтыр облыс бойынша бақылау жөніндегі басқармасына 10 жол нысаны туралы ұсыныс жолданып, нәтижесінде бір техникалық қадағалаушыға 180 айлық есептік көрсеткіш (551 мың 340 теңге) айыппұл салынып, 6 айға лициензиясын тоқтатқан. Биыл да кемшілік жоқ емес. Айыппұл арқалаған техникалық қадағалаушы мамандар бар.

Тексеру демекші, тақырып басында айтылғандай, орталық қызметкерлері жаңа салынған жолды тексеріп бітісімен, сынама алынған жерді (сапасын тексеру кезінде жол немесе тротуар үстінен дөңгелене ойып алынған шұңқырларды айтып отырмыз) қайта қалпына келтіру мердігер мекеменің құзыретіне жатады. Өйткені, жолдың талапқа сай салынуы үшін сапасын тексертіп отырған солар. Тапсырыс беруші (ауылдық әкімдік, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі немесе осы салаға қатысты облыстық басқарма) қабылдап аламын дегенше, жолдағы кемшілік дереу қалпына келуі тиіс.

Техникасы болмаса да…

Кейде жол сапасына сын айтушылардың көбісі Еуропа елдерімен салыстырады. Рас, бізде асфальтты күрекпен төсеп жүргенде, олар цифрлық технологияны өндіріске енгізді. Мамандардың айтуынша, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жол салмақ түгілі, халық тұрмысын түзеуде көп қиындық болды. Сондықтан жол саласын шет мемлекеттермен салыстыру қисынсыз. Біз халықаралық стандартқа енді бет бұрып келеміз.

Екіншіден, жол құрылысымен кім көрінген айналысып кетті. Не техникасы, не маманы жоқ мердігер мекемелер арзан баға көрсетіп, жол салуға тендер ұтып алуға әуес. Әрі қарай бөлінген қаржының бір үлесін жырып, қосымша техникасы бар компанияны жалдайды. Әр тараптан жұлмаланған ақшаның берекесі болмайтыны белгілі. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы өткір сын айтты. Жол салу саласындағы жемқорлықты атап өтіп, Үкіметке кейінгі он жылда жіберілген олқылықты мұқият тексеруді тапсырған еді.

Иә, мемлекеттік тапсырыс заңдылығын қайта қарап, жол салушы жеке компанияларға талапты күшейту керек. Сонда ғана осы салада тәжірибесі мол, білікті мамандары бар, заманауи техникасы жеткілікті компаниялар қалыптасады.

Тағы бір қарын ашатын дүние бар. Бізде мердігерлер асфальтты қара күзде не қыс айында төсеп жатады. Олай болмайтынын біле тұра солай істейді. Бір жағынан бұл мердігердің жауапсыздығы, екіншіден, тендерді кеш жариялап, құрылысты қара күзге дейін созып жүретін тапсырыс берушілердің жүйесіз тірлігі.

Сондай-ақ сарапшылар жол- құрылыс материалдарына тұрақты баға қою керектігін айтады. Қазір баға мың құбылып тұр. Әсіресе, маусым кезінде асфальт бағасы көтеріліп, битум тапшылығы пайда болады. Жанармай бағасы да осындай. Шалғайдағы ауыл жолын салатын мердігер мұндайда біраз шығындалып қалатыны анық. Алыс ауылдарға асфальт тасудың өзі қып-қызыл шығын. Осындай қолдан жасалған қымбатшылық кесірінен мердігерлер жол салудан бас тартып жатады. Өйткені, шығыны тендерден бөлінген қаржыдан асып кетеді.

Білікті маман аз

Бұған дейін айтқанбыз. Тілшілік тіршілікте жол мәселесін жиі қозғай жүріп байқағанымыз, бұл салада маман тапшы. Техникасы да онша келісіп тұрған жоқ. Шыны керек, жыл сайын республикада шамамен 10 мың шақырым жергілікті жол жаңғыртудан өтеді. Бірақ сапаға көңіл тола ма? Түрлі баспа, телеарна мен әлеуметтік желіде жол сапасына деген сынның көбі рас.

– Жол құрылысында білікті маман тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Тәуелсіздік алған жылдардан бері жол мамандарын даярлауға аса қатты көңіл бөлінген жоқ. Есесіне, заңгерлер мен қаржыгерлерді шектен тыс оқытып, қазір екінің бірі осы мамандықтың иесі. Сондай-ақ, жол салғанда техникалық қадағалаушының талаптарын күшейтіп, үнемі құрылыс басында болуына ықпал жасау қажет. Себебі, көп жағдайда осындай мамандар болмауынан тапсырыс берушілер бюджет есебінен техникалық қадағалаушы жалдайды. Ал олар жол салына бастағанда не аяқталғанда бір рет қана төбе көрсетіп кетіп жүр, – дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының зертхана меңгерушісі Мағжан Қасымхан.

Расымен жол саласының мамандары жастардың техникалық мамандықтарға қызығушылығын ояту қажет деп есептейді. Бүгінде білікті жолшылардың жалақысы мұнайшылардан кем түспесе керек. Тек оның насихаты аздау болып тұр.

– Жолшы атанып, осы мамандықты жақсы игерген жас мамандар қазір қат. Мәселені шешу үшін жастарды жол саласында еңбек етуге шақыру мақсатында орталық тарапынан «2000 мектеп» жобасы қолға алынды. Содан бері еліміздің әр өңіріндегі филиал мамандары білім ордаларында оқушылармен кездесіп, жол саласы бойынша кәсіби бағдар беруде. Жыл басынан бері жергілікті филиал мамандары Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандарындағы барлығы 54 мектептің оқушыларымен «ZOOM» платформасы арқылы онлайн жүздесті. Сонымен қатар, сәуір-маусым айларында қаладағы 5 оқу орнының студенттеріне ашық есік күнін өткізіп, өндіріс барысымен таныстырды. Мұндағы мақсат – біздің мамандыққа деген олардың қызығушылығын ояту. Мойындау керек, жалғыз зертханаға ғана емес, жол салушылардың өзі түрлі техникалық маманға зәру, – дейді Мағжан Қасымхан.

Бір жақсысы, мұндай насихаттың нәтижесі де көңіл қуантарлықтай. Кейінгі уақытта осы салаға қызығушы жастардың саны артқан. Облыс орталығындағы И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық колледжінде былтыр алғаш рет «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану» мамандығы ашылған еді. Өткен жылы 23 студент қабылданса, биыл бұл мамандықты игеру үшін 24 студент оқу орнына түскен.

Маңызды мәселені мықты кадр шешеді. Ресми дерекке сүйенсек, республика бойынша бұған 10 мыңнан астам маман жетіспейді екен. Ал қазіргі жол саласында жүргендер көбі маман емес екенін ашық айтуымыз керек. Төселіп жатқан асфальт не басқа да материалдың жағдайы жіті зерттелмеген соң сапасы оңды бола ма?! Кеше салған жолдың бүгін тозатынына тағы бір себеп – осы. Ал жалпы жоғарыда айтып өткен жұмыстардан соң жол құрылысы саласына қызыққан жігіттердің қатары көбейіп келеді. Бәлкім, нағыз қат мамандыққа сұраныстың жоғары болатынын олар да түсінген болар.

Биылғы меже – 87,5 пайыз

Жалпы республика бойынша 96 мың шақырым автожолдың ішінде біздің Қызылордаға тиістісі 3420 шақырымға жуық. Оның ішінде республикалық – 1014,5, облыстық – 555 және аудандық маңыздағы жол ұзындығы – 1849 шақырым. Мұнда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны мен «Қызылорда-Жезқазған» жолы республикалық статусқа ие. Ал былтыр облыстағы жолдың индикаторлық көрсеткіші 82 пайыз, биылғы көрсеткіш қорытындысы жыл соңында белгілі болады. Қазір жол құрылысы қарқынды жүруде.

Биыл жол инфрақұрылымына қатысты республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 36 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл – былтырға қарағанда екі есе көп сома. Бұған ұзындығы 569 шақырым автожол, көшелер және көпірлер жөнделуде. Егер қаржы толық игеріліп, өңірдегі биыл бітуі тиіс жол құрылыстары уақытында аяқталса, облыс пен аудандық маңыздағы жолдардың индикаторлық көрсеткіші 87,5 пайыз болмақ. Жыл соңына дейінгі меже осы.

Иә, биылғы жобалардың қатарында үш жыл бұрын басталған, құны 5,6 млрд теңге болатын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанындағы көлік айрығының құрылысы бар. Жақында құрылысы аяқталмақ. Сондай-ақ Қазалы ауданындағы Сырдария өзенінің арғы бетіндегі 8 ауылды орталықпен байланыстыратын «Қарлаң» көпірін салу жұмыстары жалғасуда. Облыс орталығы мен ауданға қарасты ауыл жолдарын, ішкі көшелерін жөндеуге бөлінетін қаражат та жоғарыда айтқан миллиардтардың ішінде. Айтпақшы, талай жыл жыр болған «Қызылорда-Жезқазған» жолының құны 106 млрд теңгеден асады. Қазір құрылысы басталған жолды аяқтауға 3 жыл уақыт беріліпті.

Сөз соңында. Ел дамуындағы басты міндеттердің бірі – жол инфрақұрылымын дамыту. Республикалық дәрежедегі ғана емес, ауыл-аймақтағы автожолдардың өзі тақтайдай тегіс, сапалы салынуы қажет. Өйткені, жылдан-жылға жол құрылысына бақылау күшейіп келеді.

«Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс». Президент дәл осылай деді.

Бір сөзбен айтқанда, жол инфрақұрылымы – өте маңызды әрі күрделі сала. Кез келген мемлекеттің даму деңгейі де жол сапасымен бағаланады. Ал биыл жолға бөлінген қаржы мол. Тек қарымтасы қалай боларын алдағы уақыт көрсетеді.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<