Абыройы асқақ азамат

245

0

Арал топырағынан небір дарабоз дарындар, қара қылды қақ жарған турашылдығымен, қара сөзге қаймақ тұрғызған шешендігімен, көш бастар көсемдігімен ел-халықтың ризашылығына кенеліп жүрген айтулы азаматтар нәр алған. Солардың бірі – бүгінде 75 жасқа келген, сабыр мен сыпайылықты, қарапайымдылық пен қайырымдылықты өміріне серік етіп, абыройы асқақ азамат атанған Әбжәми Құтмамбетов десек, әсірелеп айтқандығымыз емес.

Әбекеңмен бір ауылда құлын-тайдай тебісіп өскендіктен ол туралы көргендерім мен көңілге түйгендерімді ой таразысына салар болсам, туабітті тектілігіне, бітім-болмысына, жылдар бойы сан алуан салада қызмет еткендегі қолтаңбасына ризамын.

Иә, отызында орда бұзып, ел алғысын арқалаумен жүрген оның өмір жолы тағылымға толы. Оның балалық шағынан кіндік қаны тамған жердің табиғатындай қадір-қасиеті қалыптасты. Содан болар Арал теңізінің маржандай мөлдірлігі, қиырсыз көкжиегіндей кең пейілі, ақ бас толқындай асқақтығы Әбекеңнің айтулы азаматтығын бүгінге дейін айшықтап келеді. Айтар ойымыз орнықты, сөзіміз салмақты болуы үшін Ә.Құтмамбетовтің өнегелі де өркенді өмірдерегіне сәл-пәл шегініс жасалық.

Әбекең 1949 жылдың қазан айында Арал теңізінің жағасындағы «Бірлестік» (бүгінгі «Мергенсай» ауылдық округі) ауылында өмір есігін ашты. Арал қаласындағы орта мектепті бітірген соң Қарағанды кооператив институтына оқуға қабылданып, 1970 жылы есепші-қаржыгер мамандығын алып шықты. Сол жылы Қызылорда облыстық атқару комитетінің баға бөлімінде қаржыгер, бертін келе аға қаржыгер болып қызмет атқаруы тектен-тек болмаса керек. Кейін облыстық сауда басқармасының қалалық тамақ сауда мекемесі директорының орынбасары қызметіне тағайындалса, араға бір жыл салып, осы мекемеге қарасты №5 шаруашылық мекемесі директоры қызметіне жоғарылайды. Өзінің іскерлігі мен ұйымдастыру қабілеті арқасында бар-жоғы 28 жасында облыстық «Казбакалейторг» сауда базасы директоры болып тағайындалды.

Әбекең мұнда тектен-тек жіберілген жоқ. Өйткені, осы сауда базасының күрмеуі қиын құрылысы баяу жүргізіліп, қашан пайдалануға берілетіндігі беймәлім еді. Құрылыс жұмысына белін буа, білегін түре кіріскен Әбекеңнің іскерлігі арқасында он мың шаршы метр ғимарат іске қосылды.

– Ғимарат пайдалануға берілгенмен, – деп еске алады Әбекең, – барлық аудандар мен Қызылорда қаласы халқын азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету оңайға соққан жоқ. Базаға азық-түлік алып келетін теміржол мәселесі шешімін таппаған. Күн құрғатпай келетін 5-10 вагон азық-түлікті тасу, оны сауда мекемелеріне тарату керек.

Иә, Әбекең айтса айтқандай, осы бір толғақты мәселені тез арада шешу күн тәртібінде тұрды. Жай-жапсарды облыстық атқару комитеті басшыларының алдына қоюы арқасында қысқа мерзімде базаға теміржол тармағы жеткізілді. Вагонмен келген азық-түлік тауарлары электрокармен түсіріліп, аудандарға вагонмен, ал қала ішіне автокөлікпен тасымалданатын болды. Одақ мемлекеттерінен келетін тауарларды жеткізу бойынша зауыт-фабрикалармен тікелей сауда қарым-қатынасы жолға қойылып, халықтың сұранысы кеңінен қамтамасыз етілді. Сауда базасында Әбекеңнің бастамасымен қант қалталайтын цех ашылды.

Сегіз жыл бойы осы салаға сіңірген еңбегі ескерусіз қалмаса керек. Ол 1986 жылы облыстық сауда басқармасы бастығының орынбасары, ал 1988 жылы облыс бойынша мемлекеттік инспекциясының бастығы қызметтерін абыройлы атқарды. Осы жылдың желтоқсан айында облыстық партия комитеті нұсқауымен облыстық атқару комитеті сауда және тұрмыстық қызмет көрсету бөлімінің бастығы болып тағайындалса, 1991 жылдың қаңтар айынан облыстық сауда басқармасының бастығы қызметін атқарды.

Өздеріңізге мәлім, 1990 жылдардағы мемлекетаралық қарым-қатынастардың үзілуі, өндірістердің тоқырауынан туындаған кәсіпорындар арасындағы алыс-беріс есептерінің шиеленісуі, азық-түлік тапшылығы, жаппай жұмыссыздық оңайға соққан жоқ. Осы жылдары Әбекең кәсіпкерлікпен айналысуға қадам басты. «Мұнай сауда» үйінің директоры болып, жеке кәсібін ашты.

Еліміз еңсесін тіктеп, ел-халықтың тұрмыс-тіршілігі түзелген шақта Әбекең мемлекеттік қызметке қайта оралды. Алдымен Қызылорда қаласы әкімінің кеңесшісі, бертін келе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, 2007 жылы Тасбөгет кенті әкімі қызметіне тағайындалды.

Кентті көркейту, тұрғындардың талап-тілектерін ескеріп, тұрмыстарын түзеуде сіңірген ерен еңбегі бар. Алдымен тозығы жеткен кент көшелерін жөндеу мен жарықтандыруды қолға алды. Көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізіп, аяқсу мәселесін толықтай шешуге қол жеткізді. Осы бір толғақты мәселенің шешілуіне жеке демеушілерді тартып, магистральді каналдың оң жағалауына насос орнатылды.

– Әбекеңнің тікелей қолдауымен атқарылған ауқымды істер жетерлік. Бір ғана деректі айтайын. Тасбөгет кентінің кіреберісіндегі оң жақта жатқан 62 гектар жер жекеменшікке беріліп кеткен. Осыншама жер Әбекеңнің тікелей араласуымен мемлекет меншігіне қайтарылып, ол жерге әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мен көпқабатты үйлер салынды, – дейді кент тұрғыны Б.Әбішов.

Әбекең жеке кәсіпкерлер мен компанияларды кент тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін түзету жұмысына демеушілікке тартты. Нақтылай атар болсақ, «ҚазГерМұнайының» демеушілігінің арқасында белгісіз солдатқа қойылған ескерткіш күрделі жөндеуден өткізілсе, музей мен мешіт қызметіне қомақты қаржы берілді. Сондай-ақ демеушілер №176 және №11 орта мектептеріне құрал-жабдықтар алып беріп, ата-ана қарауынсыз қалған балаларға қамқор қолын созды. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, тұрмысы төмен отбасыларға, Батыр аналар мен жетім-жесірлерге де тұрақты қаржылай көмек ұсынылды.

Ә.Құтмамбетов 2013 жылы зейнет демалысына шықса да қол қусырып қарап отыруды қаламай, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы қызметіне келді. Осы басқарманың «Табиғат» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры болған ол аймақ табиғатын пайдалану мен қорғауға күш-жігерін жұмсады. Облыстағы барлық каналды теңгерімге алу жұмыстары жүргізіліп, оларды жөндеу мен күтіп-ұстауға жете мән берілді. Қызылорда қаласын аяқсумен қамтамасыз ету жолға қойылды. Сондай-ақ «Қызылорда-Шымкент» автожолы бойындағы 23 гектар, әуежайға дейінгі автожол бойындағы 4 гектар жерге ағаш отырғызылып, күтімге алынды.

Бүгінде «Қызылорда облысы орман салалары және табиғат пайдалану қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін атқарып келеді. Асылында зерделі жанға әр күнін босқа өткізбеу тағдырдың бұйыртқан сыйы болса керек.

Иә, Әбжәми Құтмамбетов – сан алуан салада қалтқысыз қызмет етсе де, мадақ пен мансап, атақ пен даңқ қумаған, тек абырой арқалаған азамат. Десе де, оның ел алдындағы ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Басты-бастыларын айтар болсам, Халық депутаттары Қызылорда облыстық кеңесінің, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, сондай-ақ облыс пен қаланың Құрмет грамоталарымен марапатталған. Мерекелік, тағы да бірнеше медаль, «Еңбек даңқы» төсбелгісі, Арал ауданының Құрметті азаматы атағын иеленген.

Ол төңірегінде болып жатқан сан алуан құбылыстар мен тұрмыс-тіршілікке жай ғана қызығушылықпен емес, зерделі ой тоқтатқан азамат көзімен қараған. Мен білетін Әбекең елден бөле-жара дәулет-дәреже, байлық іздеген жан емес. Жанып-сөнетін бір мезгілдік от секілді емес, жылылығын жай ғана себездеп тұратын бітім-болмысын айна-қатесіз сақтаумен жүріп келеді. Құдай қосқан қосағы Шынаркүл жеңгеміз екеуі өмірге төрт ұл мен қыз әкеліп, бүгінде солардан тараған немерелер қызығына кенеліп отыр.

Тағы бір қадірлі қасиеті – көлденең іске килікпейді. Адамдарды қадірлеудің, оларға құрмет пен қошемет көрсетіп, қамқор қолын созудың да құмға сіңген судай із-түзсіз жоғалмайтындығын да толықтай түсінген. Содан болар, 75 жасқа жеткен Ә.Құтмамбетов көпшіліктің ардақ тұтар ағасы, ел алғысын арқалап келеді.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист.

Арал ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<