Абыз тілші, аңыз тілші

660

0

Біз білетін қаламгер атаулының бәрінің дерлік жазу-сызу өнеріне бейімделуі мектептегі, мекемедегі қабырға газеттерінен бастау алғаны белгілі. Солардың бірі – тоқсан бес жастың төріне озған белгілі журналист, ұзақ жылдар облыстық «Сыр бойы» (бұрынғы «Ленин жолы») газетінің Арал, Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі қызметін абыройлы атқарған, ҚР Мәдениет қайраткері Шәкірат Дәрмағамбетұлы.

Өткен ғасырдың жиырма сегізінші жылының жиырма тоғызыншы желтоқсанында теңіз аттас ауданның Қаратерең балықшылар ауылында дүниеге келген Шәкең одан әрі өмір соқпағымен өрлей береді. Бірақ бұл айтуға ғана оңай. Айтпақшы, Шәкірат көкеміз – туған ауылында тұңғыш ақпарат құралын ұйымдастырған кісі. Сол тұстағы Шевченко атындағы колхоздың радиоторабынан аудан, ауыл жаңалықтарын «Тоқпан», «Қосарал», «Терістүбекке» тегіс таратқан.

Әкесі Дәрмағамбет, анасы Набат отбасындағы жас балаларының тәрбие-тәліміне баса көңіл бөлген кісілер еді. Соның себебімен осы шаңырақтан қанат қаққан Шәкірат та, інісі Шәкізат та оң-солын ерте таныды, оқыды-тоқыды.  Шәкірат көкеміз Қаратерең орталау мектебін тәмамдаған соң, бірден үлкен өмірдің ұшанына құлаш ұрады. Қазалы теміржол училищесін бітірген соң, одан әрі оқу қамын ойлап 1946-1950 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында жоғары білім игеріп, одан әрі талпынды. Институт қабырғасында болашақ білікті журналистің кейін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері атанып, Қармақшы, Қазалы аудандық партия комитеттерін басқарған, бірқатар облыстық деңгейдегі қоғамдық ұйымдарға жетекшілік жасаған Елеу Көшербаевпен бірге оқығанын, бір нанды бөліп жегенін ғұмырбаяндық кітабынан оқып, танысқаным бар. Онда екі достың бозбала студент шақтарындағы қызықты кезеңдері әдемі ой, әсерлі әңгімелерімен кестеленеді.

Адамға арман қанат, еңбек талап бітіреді. Осы екеуін өмірлік серігі, ұстанымы еткен Шәкеңнің еңбек жолы одан әрі төмендегіше өріледі. Жоғары оқу орнының жолдамасымен Жайық өзені жағасындағы Атырауда алғашқы ұстаздық еңбек жолын бастаған ол біршама уақыттан кейін туған жерге оралды. Әуелі Шөмішкөл, Шижаға, Қаратерең орта мектептерін басқарған, көп ұзамай Көпбірлік колхозы партия ұйымының хатшысы қызметіне тағайындалды. Осындай қат-қабат қызметтердің арасында, қолы қалт еткенде бала жастан бойына біткен жазу-сызу өнерін де өгейсітпейді. Жазғандарын сол тұстағы аудандық, облыстық, аракідік республикалық басылымдарда да жариялап жатады.

Ұстаздық қызметтен кейін партия-кеңес жұмыстарына жегілген Шәкеңнің алдында осы кезде екі тарау жол тұрған еді.  Соның ең біріншісі, ең бастысы – халқына қуатты қалам қарымымен қызмет көрсету. Бір айта кетерлігі, бұл жол Шәкеңді адастырмады. Бозбала шақтан алдына қойған мақсатына алып келді. Бірақ жазу-сызу өнері былайғы адамға әншейін әурешілік көрінгенімен, құр босқа қаламға қанат, ойға қиял бітіріп, алдындағы ақ қағазды ертелі-кеш ермек етіп шимайлау емес еді.

Осыдан аттай алпыс төрт жыл бұрын, нақтырақ айтқанда 1960 жылы журналистика әлеміне жүрек қалауымен біржолата атбасын тіреп, аудандық «Социалистік Арал» газетінің табалдырығын аттаған Шәкең бөлім меңгерушісі болып тағайындалды. Газет редакторы Тәжмағамбет Тәжіков бұрынғы партия ұйымының хатшысы қызметінде жүріп редакция ұжымымен тығыз қарым-қатынаста болған, мазмұнды мақалалары, ойлы очерктері, сырлы суреттемелері жиі-жиі газет бетінде жарияланып келе жатқан Шәкеңді құшақ жая қарсы алды.

О кезде редакцияның аты дардай болғанымен, заты қылдай болатын.   Сыбағасына тиетіні – аупартком мен ауаткомның ескі-құсқы үстел, орындықтары, жазу машинкалары. Жертөленің астында орналасқан аудандық баспахананың материалдық-техникалық базасы мардымсыз, тәжірибелі, тісқаққан баспагерлердің іскерлігі нәтижесінде жоқтан бар жасалып, аптасына аудандық газет әрең дегенде екі мәрте жарық көретін. Соған қарамастан сонау 1930 жылдан бері аудан тұрғындарының айнасына айналған газет беттерінде еңбек озаттарын мадақтау, қоғамда орын алған кемшіліктерді келістіре сынау, бір сөзбен айтқанда оқырмандарға ой салған мақалалар тізбек-тізбегімен жарияланып жататын. «Сен тұр, мен атайын» дейтін газет қызметкерлерінің сапында енді Шәкең де білек сыбана іске кірісті.

Журналист те құдды бал арасы іспеттес. Гүлден гүлге қонып, қажетіне жарайтынды іздеп тыным таппайды. Бір шеті «Бекбауыл», «Ақбай», «Ақирек» алқабынан бастап, екінші шеті «Құланды», «Қарақұм», «Атанши» жақтарын аттылы-жаяу аралап, еңбек адамдарымен дидарласады. Оқырманға ой туғызатын небір оқиғалар ортасында болады. «Түйенің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деген сөз тура журналистерге қарата айтылған. Жаздың ми қайнатар аптабында, қыстың қарлы-боранды, қызылшұнақ аязды күндерінде редактор тапсырмасымен елдің шетінде, желдің өтінде сүрніккен қаламдастары қатарын өйстіп Шәкең де толықтырған болатын.

Бүгінде тоқсан бес жастың томағасын сыпырып, төрдің төбесіне озса да, қаламы қуатты, қабағы шуақты қарт журналист сол бір қызығы мен қиындығы қат-қабат кезеңдерді еске алатын болар. Сол кездегі хрущевтік «жылымық» тұсында бүгінгі облысымыздың бұрынғы Шымкент, Жамбыл облыстарымен үштік құрамда Оңтүстік Қазақстан өлкесі атанып, аудандық газеттердің басына қара бұлт үйірілген жылдарды ұмытпаған шығар. Сонда ғой Арал аудандық «Социалистік Арал» газеті редакциясының есігін қара құлып күзетіп, журналистердің тұс-тұсқа тарап кететіні. Шәкең болса төскейде малы, төсекте басы қосылған екі ауданға ортақ газет Қазалы қаласынан жарық көргенде солай қарай жылжиды. Қазалылық Сейіл Боранбаев, Киікбай Изетов және басқалармен осында қанаттас, қатарлас қалам сілтеді. Өсті, өнді.

Көп ұзамай араға үш жыл салып өлкелік құрылым таратылып, аудандық газеттерге қайта еркіндік берілді. Өз қолы өз ауызына жеткен аудан басшылығы газет шығару жұмысын қайта қолға алды. Бұл – 1965 жылдың тамыз айы болатын. Аупартком жабылып қалған газет редакциясын жаңадан жасақтап, бұрын республикалық «Лениншіл жас», облыстық «Ленин жолы» газеттерінде жауапты қызметтер атқарған белгілі журналист Мәлік Сәрсеновті бұрынғы «Социалистік Арал» атын «Толқын» болып еншілеген басылымға бас редакторлыққа тағайындады. Бұған дейін «Ленин туы» атымен Арал, Қазалы аудандарына тараған газетте жауапты хатшы қызметін абыроймен атқарған Шәкірат Дәрмағамбетұлы «Толқын» газетінде де осы жұмысқа жегілді. Ұзамай редактордың орынбасары қызметіне жоғарылатылды.

Осы тұста ғой, Шәкеңнің аудандық ауруханада жатқан науқастардың жағдайын баяндап жазған «Аурулар аш қалыпты» атты аңызға айналған сын мақаласының аупарткомнан бастап денсаулық сақтау бөлімі басшыларының екі аяғын бір етікке тығатыны. Соның нәтижесінде аудандағы басқа мекемелер басшылары да мұнан тиісінше сабақ алды. Мұндай өткір де өзекті мақалалар тізбегі Шәкең 1965 жылдан бастап 1991 жылға дейін өзі бір кездегі облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің Арал, Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарған жылдары жиі-жиі жарық көргені есімізде. Сол жылдары Шәкеңнің Қазалы мен Аралда бармаған жері, баспаған тауы қалмаған шығар. Жүздерін күн қақтаған күрішшілер мен маң далада мал өсірген малшылардың, теңіз айдынындағы ақжал толқындармен алыса жүзіп, су маржанын аулаған ержүрек балықшылардың арасында жиі болды. Олардың жанқиярлық ерен еңбегі туралы жарық көрген мақалалары том-том кітапқа жүк болған шығар. Бұл жердегі күнделікті өмір тынысы, алуан-алуан қызықты-шыжықты оқиғалар мазмұнды мақалалар өзегіне айналып, облыстық басылым беттері арқылы мыңдаған оқырман оясынан шығып жататын.

Қарт журналистің көкірегі көмбе іспеттес. Өткені тарих. Бүгіні шежіре. Ретін тауып суыртпақтап сыр тартсаң, төсекте басы, төскейде төрт түлік малы қосылған қос ауданның арғы-бергі кезеңдерін сөйлеткен болар еді. Бұған бірер мысал.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары абыз тілші, аңыз тілші Ш.Дәрмағамбетұлының республикалық «Қазақстан» баспасынан «Арал арайы» атты деректі кітабы жарық көрген еді. Ондағы топтастырылған Социалистік Еңбек Ері, атақты балықшылар Ұштап Өтеулиева, Төлеген Әлімбетов, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, үш бірдей «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері Нарғали Демеуов және даңқты дала еңбеккерлеріне қоса теңіздегі алапат дауылда мұз үстінде ыққан Баймақан қарт пен оның келіні туралы хикаяты шынайы шығармалар болатын. Оларды ажал тырнағынан құтқарған ержүрек ұшқыш Хамит Қалиевтың әбжіл іс-қимылы осы мақаланы оқып, оның ұңғыл-шұңғылына терең бойлаған адамды еріксіз тәнті ететін.

2005 жылғы сәуір айында Президенттің Арал қаласында орталық алаңдағы тұрғындармен кездесуінде мінберге шыққан ардагер журналистің Арал тағдыры туралы айтқан сөздері аралдықтардың әлі күнге дейін есінде. Сол сәтте қайтқан теңіз болып тебіренген қарт қаламгер Кіші Арал айдынына зор үміт артқан болатын. Шәкеңнің сол үміті алдамады. Байырғы ұлы айдынды екіге бөлген алып «Көкарал» бөгеті салынып, балық шаруашылығы қайта өркендеді. Соны өз көзімен көрген, көңіл тезіне түйген Шәкеңнің сол жылдары облыстық «Сыр бойы» басылымының беттерінде топтама мақалалары түйдек-түйдек жарияланып, жаңалыққа жаны құмар облыс оқырмандарының ойынан шыққаны бар. Ойы жүйрік, қиялы қырандай ұшқыр қарт тілшінің сөз саптауы, диалог құру, тақырып таңдаудағы, оны талдаудағы шеберлігі – өз алдына бөлек әңгіме. Әсіресе кейіпкерлерінің ауызына күнделікті шаруасына байланысты сөз салып, сол арқылы жазып отырған адамының жан-дүниесін, мінез-құлқын мінсіз сипаттайды. Бұл Шәкеңнің кез келген жазбасынан анық аңғарылады. Әрине, оны зерттеп ғылыми айналымға енгізу – тілші-ғалымдардың төл міндеті. Біз мұны тек сөз реті келген соң айтып жатырмыз.

Ардагер журналист осы күндері өзімен аралас-құралас қызмет атқарған, облыстық газетке басшылық жасаған қазақ және облыс журналистикасының жампоздарын сағынатын тәрізді. Оқта-текте әңгіме тиегі ағытылғанда Ұзақ Бағаев, Қалқабай Әбенов, Нұрділда Уәлиев, Әскербек Рахымбеков, Мырқы Исаев, Айжарық Сәдібеков, Қомшабай Сүйенішов, Арзымбек Мәдединов, Омар Әбдуалиев, Қайырбек Мырзахметов, Арал мен Қазалы аудандық газеттерінде бірге қызмет атқарған Тәжмағамбет Тәжіков, Мәлік Сәрсенов, Сағынжан Ермағамбетов, Кеңес Өмірзақов, Өмірбек Төлепов, Сейіл Боранбаев, Киікбай Изетов және басқалардың аттарын атап, түстерін түстеп отырады. Бір кездері өзі әңгіме-дүкен құрған бұрынғы Талдықорған облысының әкімі Шалбай Құлмаханов, облыс әкімі қызметінде болған Серікбай Нұрғисаев және басқалармен бірге түскен бейнелері қарт тілшінің архивінде сақтаулы.

1991 жылы құрметті демалысқа шыққан Шәкең қолынан қаламын тастамады. Алуан түрлі тақырыпқа қалам тартты. Өндіріп жазғандары облыстық, аудандық, оқта-текте республикалық басылымдарда кідіріссіз жарық көріп жатты. Сонан бір күні еңбекпен етене шұғылдану үміті оянды. Осы қалай деген бір топ зейнеткерлермен ақыл-кеңес құрғаны сол, олар Шәкеңнің ойын бірауыздан қолдай кетті. Бұл – 1992-1993 жылдар болатын. Сол жылдардан бастап «Шымкент-Самара» трассасының бойындағы «Ақбай» алқабынан бақша дақылдарын егуге бел буған. «Ардагер бақшашылар» ұйымының құрамындағы қырықтан астам ақ самайлы ардагерлер таңның атысы, күннің батысы тізе бүкпей тер төкті. Соның  нәтижесінде Шәкең басқарған «Ардагер бақшашылар» бригадасы жиырма жыл бойы өздеріне бекітілген алқаптан мол өнім алғаны қазір аңыз іспеттес.

«Еңбек түбі – береке» деген осы да. Мұндай еңбекқорлық қасиетті бүгінгі жастарымыздың бойына сіңіре білсек қанекей. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқан болатын. Ендеше ардагер журналистің жастарды адал еңбекке баулу жөніндегі өнегелі бастамасы нағыз үлгі тұтарлық іс емес пе?

Адал еңбек абыройға бөлейді. Сонау 1979 жылы ҚР еңбегі сіңген Мәдениет қайраткері атағына ие болған, тоқсан бес жасқа толған абыз тілші, аңыз тілші бұдан кейін әр жылдары Президенттің Құрмет грамотасымен, Ұлы Отан соғысының 50, 60, 70 жылдық мерекелік медалімен марапатталған. Ұлы Отан соғысына қатысқандарға теңестірілген тыл ардагері. 2007 жылы Арал ауданының Құрметті азаматы атанған. Облыстық «Сыр бойы» мен Арал аудандық «Толқын» газеттерінің өткен жылдардағы әр санын ақтарсаңыз, Шәкірат Дәрмағамбетұлы есімі алдыңыздан шыға келеді. Оның қолтаңбасы қойылған әр мақаладан түрлі мамандық, сан алуан тағдыр иелерінің, еңбек адамдарының ақжарқын келбеті, олар өмір сүрген өткен кезеңдердің сыры, ажарлы сөзбен айшықталған бейне-бедерлері менмұндалайтыны сөзсіз. Соны ой сарабына салып оқығанда, олардың қарапайым болмыс-бітімін көңіл кестесіне тоқығанда алыста қалған әлгі кейіпкерлердің өткен кезеңге деген сартап сағынышын, ағыл-тегіл аңсау атты сезімін туғызатыны шүбәсіз. Сонан соң журналист шынайы жаза білуі керек-ақ деп ойлайсың. Сол сәтте тоқсан бес жастың тұғырына қонған алмас тілді, айшықты ойлы ардагер журналист Шәкірат Дәрмағамбетұлы сияқты белгілі қалам қайраткерінің, біртуар тұлғаның шыққан биігіне еріксіз көз салып қарауға мәжбүр боласың. Таулар алыстан көрінеді деген осы шығар.

Кітап – асыл қазына. Жақында қарт журналистің «Қаламгер асуы» атты деректі әңгімелері, мазмұнды мақалалары, ойлы очерктері топтастырылған екі томдығы жарық көрді. Оқырмандарымен көзайым болған бұл жаңа кітаптарды парақтаған жанның автордың шуақты қаламына, қуатты қадамына тағы да куә болары сөзсіз.

Арал – біздің анамыз, атырап бай,

Сол Аралда көкем бар Шәкіраттай.

Айтқан сөзі данышпан Сократтай,

Жазған сөзі киелі жапырақтай.

Аймақ қанық абырой, атағына,

Қоса көрме көп шалдың қатарына.

Кіші жүздің әйгілі Әйтекедей

биіне ұқсас ақ күміс сақалы да.

Алдың асу жүз деген,асықпа енді,

Жамбылға ұқсап қыз-қырқын ғашық болды.

Сөйтіп жүріп бұл Шәкең тоқсан беске,

Алшаң-алшаң атандай басып келді.

Осы ағамыз сияқтан сияқтансаң,

Тұлпар ізін басады тұяқтар сан.

Ағамыздың есімі шыға келер,

«Сыр бойының» өткенін жиі ақтарсаң…

Шапағатын шашқандар түгел елге,

Мың жасаңдар!

Жоқ менде тілек өңге.

Ақыл қосқан адам ол біз сияқты,

Ақын түгіл,

Алғашқы Премьерге.

Қашан көрсең қаламы жалын атқан,

Көсемсөзші жазғанын жамыратқан.

Мақтап еңбек адамын,

Жалқауменен.

Жебе-сөзін жемқорға аңыратқан…

Қартайса да қаламы қартаймайды,

Ортайса да ойы оның ортаймайды.

Еңкейгенге ешқашан еңкеймейді,

Шалқайғанға бұл Шәкең шалқаймайды.

Жазса шайыр мадақтап, жыр ұсынып,

Құлақ асар көзі ойлы, түрі сұлық.

Шал дейсің-ау, Шәкеңді шал дейсің-ау,

Шалбарының көрмепті қыры сынып.

Заман тыныш,

Ай менен күн аманда,

Асулары аз емес шығар алда.

Жұбаныш боп қаншама жылағанға,

Қанатымен су сепкен қарлығаштай,

Қаламымен қосты үлес бұл Аралға.

Жиі есіне түседі жігіт ғұмыр,

Ақ қағазда арманы, үміт түгіл.

Бір сөйлеммен түзетіп қисайғанды,

Бүтіндейді кез келген сынықты бір.

Мүжілмейтін бейне бір мұнаралар,

Дүние қызық сендермен дүр ағалар.

Көшеге шыға келсе кес-кестеген,

Көбік ауыз көп тентек тұра қалар…

Аспан таулар сияқты басы нұрлы,

Алшысынан тұрғызған асығымды,

Алақанға салыңдар асылымды.

Тоқсан бесің тәйірі сөз болып па,

Нартәуекел!

Сыйладым ғасырымды.

Толыбай АБЫЛАЕВ,

Арал ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<