Әділдіктің ақ үйі

366

0

Биыл Қызылорда облыстық сотының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осынау ғасырға жуық тарихында облыс соттары еліміздің тұрақты дамуына зор үлес қосып, қоғам және мемлекет өмірінде туындайтын жанжалдар мен дауларды әділ шешу бағытында небір күрделі, тағдырлы істерге төрелік етті. Бүгінде облыстық соттың судьялар корпусы азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуына, заң үстемдігінің берік орнығуына және сот тәуелсіздігінің нығаюына сүбелі үлес қосып келеді.

Еліміз өз Тәуелсіздігін жариялаған жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, елде мемлекеттік билікті заңнамалық деңгейде: заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу қағидаттары енгізілді. Содан бері сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды заңдарды қабылдау, шығару жұмыстары кеңінен жүргізілді. Сот жүйесінің тәуелсіздігі қағидаттарының негізгі кепілдіктері Конституцияда қаланды. Осының негізінде Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Сот жүйесінде түбегейлі өзгерістер орын алып, мемлекеттік биліктің дербес тармағы – соттың іргетасы қаланды.

Сол уақыттан басталған реформа кезең-кезеңімен заң-ережелер, бағдарламалар, халықаралық тәжірибе және сарапшылардың талқылауымен жетілдіріліп келеді. Қызылорда облыстық соты да сот төрелігін тәуелсіз де бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізуіне алқабилер институты енгізілді. Тұтқындауға санкцияны соттың беруі бекітілді, экономикалық, әкімшілік, әскери, кәмелеттік жасқа толмағандар, аса ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылып қызметін бастады.

Тәуелсіздік алған жылдардағы реформалар заман ағымына сай кезең-кезеңімен үздіксіз жетілдіріліп отырды. Соның жалғасы ретінде 2000 жылы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның қабылдануына орай жаңа қарқын алды. Заңда республикадағы сот құрылымының принципті жаңа нормалары, соттардың қызметін ұйымдастыру тәртіптері белгіленді. Арада екі жыл өткен соң мемлекеттік Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Бұл тұжырымдамада сот жүйесін жетілдірудің, судьялардың тәуелсіздігін нығайтудың негізгі критерийлері тағы да айқындалды. Сот жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында экономикалық, әкімшілік, ювеналдық және басқа да арнаулы соттар институтын дамыту мәселесін қарастыру, сондай-ақ азаматтық-құқықтық дауларды шешудің балама әдістерін, мысалы, аралық соттардың қызметін заңмен реттеу, оларды халықаралық стандарттарға жақындата отырып, қарастыру көзделді. Аталған тұжырымдамаға сәйкес, Президенттің Жарлықтарымен мамандандырылған ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттар, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылды.

Азаматтық құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды шешудің баламалы әдістерін енгізу мақсатында 2004 жылы 28 желтоқсанда «Аралық соттар туралы» және «Халықаралық коммерциялық төрелік туралы» заңдар қабылданды. 2006 жылы 16 қаңтарда «Алқабилер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданып, аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық істерді қарауға алқабилердің қатысуы қарастырылды. 2007 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына түзетулер енгізудің нәтижесінде Қазақстанның сот жүйесі азаматтардың құқықтарын қорғаудың қуатты тетігіне, соның ішінде қамауға алуға соттың санкция беру құқығына ие болды.

«Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2008 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгерістер енгізіліп, қамауға алуды санкциялауды соттың ерекше құзырына беру қарастырылды. Сол жылы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі республиканың сот жүйесі үшін маңызды оқиға болды. Осы заң сот ісін жүргізудің үш буынды жүйесінің негізін қалады. Сонымен қатар, 2009 жылғы «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап сот ісін жүргізудің үш буынды жүйесі іске қосылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы судьяларының VIII съезінде жасаған баяндамасында сот төрелігінің әділ және заңды жүзеге асырылуына мемлекет те, бүкіл қоғам да мүдделі екенін атап өтіп, алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірқатар басымдықтарды айқындады. Сонымен қатар адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз етуді бірінші міндет ретінде атап көрсетті. Әділ сот төрелігі және азаматтардың сот билігіне деген сенімін арттыру міндетті шарт болу керек екені, сондай-ақ кәсіби судьялар корпусы барынша сот реформаларының шешуші факторы екеніне баса назар аударды. Барша міндеттерді тиімді шешу арқылы сот жүйесіндегі оң өзгерістерге қол жеткізуге болатынын және азаматтардың сотқа деген сенімі арта түсетінін атап өтті.

Осындай сот саласындағы ауқымды реформалардың нәтижесінде барлық деңгейдегі соттар, оның ішінде бүгінде 85 жылдық тарихы бар Қызылорда облыстық соттары жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті. Сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейнежазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары түгелдей дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті. Жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына жол ашты. Электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесі енгізіліп, сот ісін жүргізуде заманауи бағдарламалық өнімдер пайдаланылып, ақпараттық технологиялар арқылы халыққа көптеген ақпараттық қызметтер көрсетіліп, сот жүйесінің тиімділігін, қолжетімділігі және ашықтығын, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін одан әрі арттыруға қажетті жағдайлар жасалған.

Жоғарыда атап өткендей, осы қолданылып жүрген сот процестерінің аудио және бейне тіркеуінің жетілдірілген жүйесі шын мәнісінде, сот төрелігі ашықтығымен қамтамасыз етудің ғаламат құралына айналды. Сотта жариялылықты шектеуге жол берілмейді және барлық мүдделі адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот отырысы залына еркін кіру мүмкіндігі қамтамасыз етілген.

Сот залына кірген судья бір сәтке ағайын-туыс, жора-жолдас атаулыны ұмытып, тек заңға ғана бағынады. Себебі бізге «мен әділет үйіне келдім, ол жерде мені күтеді, түсінеді, қабылдайды, мәселемді әділ шешеді» деп келеді. Сондықтан біз осындай құрмет пен сенімді ақтап, өз қызметімізді тиісті дәрежеде атқару, халықтың сотқа деген сенімін арттыру басты міндетіміз һәм парызымыз десек, артық айтқандық емес.

Бірер жыл бұрын «Сот төрелігінің 7 түйіні» атты жаңа бағдарламалық құжат әзірленді. Осы құжаттың негізінде соттың даму бағыты айқындалған. Бұл 7 түйін – «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Үлгілі сот», «Сапалы нәтиже», «Оңтайлы орта», «Мінсіз судья», «Сотсыз татуласу орталығы» дегенді білдіреді.

Қазір Сот жүйесінің көп сатылығы жойылды, судьялардың кадрлық іріктеу жүйесі жаңғыртылды, судьялар әдебінің жаңа кодексі қабылданды. Тараптарды бітістіру рәсімдері мен дауларды соттан тыс реттеу тетіктерін жетілдіру қолға алынды. Сот жүктемесі азайтылды, сот актілерін ұғынықты тілде түсіндіру тәжірибесі енгізілді, жаңа электрондық сервистер мен жобалар іске қосылды, сот жүйесінің материалдық базасы нығайтылды, өңірлерде фронт кеңселер ашылды. Бұл батыл қадамдар мен сан салалы жұмыстар сот жүйесін белсенді дамытудың жаңа қырын қалыптастырып, судьялардың жұмысына тың серпін беріп отыр. Соттарға енгізілген жаңа технологиялар сот ашықтығының кепіліне айналды. Бұл дегеніміз – облыстық сот жүйесі құқықтық мемлекеттің қажеттілігіне және заман талабына сәйкес үздіксіз жетілдіріліп келе жатқанының айқын көрінісі.

Тұрар ТЕМІРБАЕВ,

Қызылорда қаласы №2 сотының судьясы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<