Облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде ерлермен иық тіресе он жылға жуық еңбек етіп жүрген нәзік жандар бар. Олардың бірі – қалалық пробация қызметінің инспекторы, әділет капитаны Мөлдір Серікбайқызы.
Мөлдір форма киюді мектеп қабырғасында жүргенде-ақ армандап, полиция қызметкері болам деп шешім қабылдаған. «Қыз балаға қиын мамандық» деген сөздер де кедергі болмапты. Арманын іске асыру үшін бойжеткен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің заңгер мамандығына түскен.
Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы тергеу изоляторынан бастаған. Байқоңыр қалалық пробация қызметінің инспекторы болып та еңбек етті. Қоғамның маңызды мәселелерінің бірі − бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеу. Олардың жұмысқа орналасып әрі қарай азаматтық қоғамға сіңіп кетуіне ықпал ету. Мөлдір қызметінде осы мақсаттар жолында еңбек етіп жүр. Байқаусызда заң бұзған адамдар болса, оларды бірден түрмеге қамамай, қоғамға бейімделуіне әлеуметтік мәселелері болса, шешуге мүмкіндік береді. Психологиялық, құқықтық әлеуетін жетілдіруге ықпалын тигізіп жүр. Сотталғандардың әрбір іс-әрекетін бақылап отырады. Бұл – қиындық пен қауіпке толы болса да, оның сүйікті жұмысы.
Ішкі істер органы болғасын ерлер немесе әйелдер деп бөлінбейді. Бәріне қойылар талап пен тәртіп бірдей. Жаны нәзік болса да кейіпкеріміз өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындап келеді.
− Жұмысым үлкен жауапкершілік, күйзеліске төзімділік, кез келген жағдайда өзін ұстай білуді талап етеді. Сотталғандар мен олардың жақындарын толық тыңдап, нақты жауап беруге тырысамын. Іс-қағаздарды сауатты орындап, тапсырманың дер кезінде жауабын беру − күнделікті жұмысым. Күрделі әрі жауапты сала болғандықтан үйренерім көп. Еңбек жолым ізденіс пен тәжірибеге толыға түсуде, − дейді кейіпкеріміз.
Мөлдір − білікті маман ғана емес асыл жар, бір әулеттің ибалы келіні, екі бала тәрбиелеп отырған ардақты ана. Қызметі мен отбасын қатар алып, әлі де талай жемісті еңбек етпек.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<