Әйелдің бақыты – отбасында

564

0

Халқымызда «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейді» деген тамаша тәмсіл бар. Расында, қазақ қоғамында отбасының ғана емес, сонымен бірге елдің өркендеуіне, ұлттың ұйысуына, мемлекеттің нығаюына үлес қосып, ер азаматтармен қатар белсене еңбек еткен әйелдер аз емес. Олардың ғибратты ғұмыры, қажырлы еңбек жолы – дана жас буынға қашан да үлгі-өнеге.  Сондай жанның бірі – аяулы жар, бақытты әйел, асыл ана, дана әже Дариха Ақмағанбетова. Сыр өңірінде бұл кісіні білмейтін адам кемде-кем. Өйткені оның еңбек жолы халықтың көз алдында өтті деуге болады. Ол 1943 жылы Арал ауданында дүниеге келген.

– Биыл міне, 80-ге толдым. Бұл жас та жаман емес екен, Алла берген денсаулықтың арқасында қатардан қалып жатқаным жоқ. Мерейлі жасыма орай облыс әкімі қабылдап, құттықтады. Өте әдемі, жылы жүздесу болды.  Жалпы менің қоғамдық, қайраткерлік жұмысым сонау мектептен басталды. Мектепте староста, комсомол ұйымының хатшысы болдым. Одан кейін Гоголь атындағы институтқа түстім, қазіргі Қорқыт ата университеті ғой. Онда да белсенді болдым. Жоғары оқу орнын бітірген соң жолдамамен Шымкент облысы Сайрам ауданы «Қайнарбұлақ» совхозының «Ленин жолы» бөлімшесіне жұмысқа бардым. Екі жыл мұғалім болып, осында қайтып келдім. Келген соң аяқкиім фабрикасында комсомол ұйымын басқардым. Сол кезде Сырдария ауданы құрылды. Ол 1967 жылдың қаңтары болатын. Маған аудандық комсомол ұйымының хатшысы қызметін ұсынды, – дейді Дариха апай.

Онан кейін облыстық комсомол ұйымына қызметке келеді де, бөлім меңгерушісі болды. Сол жерде жүріп тұрмыс құрады. Екі баланың анасы атанады. Отбасын да, қызметін де қатар алып жүрген Дариха апайға сол уақытта Жоғарғы партия мектебіне оқуға бару туралы ұсыныс түседі. Әйел адам үшін бірінші кезекте  қашан да отбасы, жары тұратыны белгілі ғой, Дариха апай да бұл ұсынысқа бірден келісе қоймайды. 

– Ол кезде әйелдердің қызметке араласуына, әсіресе, қазақ қыз-келіншектерінің өсуіне партия тарапынан қатты мән берілетін. Осылайша маған Жоғары партия мектебіне оқуға ұсыныс жасалды. Мен бірден келісе қоймадым. Өйткені жолдасым бар, екі балам бар дегендей. Үйге келген соң жолдасыма жағдайды баяндадым. Тіпті ұсыныстан бас тартатынымды да айттым. Алайда ол кісі маған ұсыныстан бас тартуға болмайтынын, мұндай ұсыныс кез келгенге жасала бермейтінін айтып, баруға көндірді, – дейді ол.

Осылайша Дариха апай Жоғары партия мектебінде екі жыл оқиды. Оны бітірген соң да еңбек жолы осы партия саласында, басшылық қызметте жалғаса берді. Қалалық, облыстық партия комитеттерінде лауазымды қызмет атқарды. Сонан соң Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне ұсыныс жасалады. Бұл жолы да жолдасы Ақмұрат Мадияровтың қолдауының арқасында аталған лауазымды алаңсыз атқарады. Жалағашта алты жыл еңбек етті. Онан кейін Қызылорда қалалық партия комитетінің хатшысы болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдегі жағдай белгілі еді. Мәскеуден тапсырма күтіп, солардың нұсқауымен жүріп-тұрып үйренгендерге алдағы күннің не боларын болжау қиын. Сондай сындарлы шақта  азаматтар азат елдің тізгінін ұстап, істі қолдарына алды. Дариха Ақмағанбетқызына Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқару тапсырылды. Ер азаматтармен қатар егемен еліміздің еңсесін тіктеуге атсалысып, тынбай еңбек етті.  Кейін зейнетке шыққан соң да қарап қалмады. Өмірде, еңбек жолында жинаған тәжірибесін әрі қарай білім саласында ұштастырып, осы саланың өркендеуіне жұмсады. Ол Қорқыт ата атындағы университет жанындағы «Қабілет» мектебін басқарды. Облыстық мәслихаттың ІІ шақырылымдағы депутаты ретінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің оң шешімін табуына атсалысты. Кейінгі жылдары облыстық әйелдер кеңесінің, «Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрайымы ретінде азаматтық сектордың дамуына, қоғамдық көзқарастың орнығуына өзіндік үлес қосты. Ұзақ жылғы табысты еңбегі лайықты бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Президентінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2010 жылы облыстың бас шаһарының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атанды.

– Қарап отырсам, зейнет жасқа келгенше басшылық қызметтерде жүріппін. Партия қайда жіберсе сонда барып қызмет істедік. Әйел адам үшін отбасы мен үлкен лауазымды қатар алып жүру оңай емес.  Соның барлығында маған үнемі өмірлік жолдасым – Ақаң қолдау білдірді. Бүгінде қандай жетістіке жетсем де осы кісінің қолдауының, түсінігінің арқасы деп айтамын. Отбасы болғасын біздің де басымыздан не түрлі жағдайлар өтті ғой. Жұмысымыз бар, үй болған соң келетін қонағымыз тағы бар, оған екі баланың тәрбиесін қосыңыз. Соның бәріне үлгеру үшін әйелге шыдам мен сабыр керек.  Қазіргі кезде жастар арасында ажырасу көп. Негізінен отбасының қалыптасуы, сақталуы әйел адамға байланысты. Әйел отбасының ұйытқысы ретінде әрдайым байсалды шешім қабылдап, бәріне сабырмен, шыдаммен қараса кез келген қиындықты жеңеді деп ойлаймын. Ерлі-зайыпты болғасын бір-біріне көмектесуі керек, кешірімді болғаны жөн, – дейді Дариха апай.

Айтпақшы, Ақмұрат аға мен Дариха апай 56 жылдан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Екеуі де – бір ауылдың тумасы. Бір мектепте, бір класта оқып жүргенде басталған бала махаббат кейін жұбайлық өмірге ұласты. Ақмұрат Мадияров – құрылыс саласында түрлі басшылық қызметтерде болған. Алтын асықтай ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде 5 немеренің сүйікті ата-әжесі.

– Жастау кезімізде 80-90 жас деген ұзақ көрінетін. Көзді ашып-жұмғанша өзіміз де міне, 80-ге келдік. Адамның арманы таусылған ба, қазір  немерелер қызығын көрсек, шөберелер қолынан су ішсек деген тілегіміз бар. Өткен өміріме көз жүгіртіп қарасам, мағыналы, мәнді, саналы ғұмыр кештім деп айта аламын.  Жалпы өзімді бақытты жар, бақытты ана, бақытты әйелмін деп есептеймін. Алладан елдің тыныштығын, халықтың амандығын тілеймін, – деді Дариха апай.

Иә, екі дәуірдің куәгері, екі заманның жасампазы Дариха Ақмағанбетқызының дара жолы осындай. Мақтауға да, мақтануға да тұрарлық қазақ әйелінің бейнесі осындай-ақ болар. 

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<