Әзиза ана

580

0

Әжеміз кезінде сауыншы болған. Сол уақыттағы совхоз деп аталатын, бүгінде ауылдық округ деп жүрген елді мекенде өмір сүреді.  Қолында қос шелегі, тауық ояна қоймаған шақта бір топ қыз-келіншек фермаға қарай асығатын. Сондағысы – таң атпай өріске беттейтін сиырларды сауу. Кеңестік кезеңдегі сүтті ірі қара мал өсіретін ауылдардағы тіршілік осылай еді.

Кейіпкеріміздің есімі – Әзиза Қожамжарова. Қазалыға қарасты Алға ауылдық округінде тұрады. Бұл ел арасында батыр Үрмәш Түктібаев атындағы ауыл деп те аталады. 1921 жылы дүниеге келген кейуана бүгінде 101 жастың көжесін ішіп отыр. Бұрынғылардың сүйегі асыл дейміз ғой, қажырлы қайратты кісі болғанын сауыншы әжеден байқау қиын емес. Алдына келген ас-ауқатын өз қолымен ішіп, анда-санда қызы Балдырған апамен шүйіркелесіп отырғаны.

– Ол заман солай еді. Жұмыс істемеу, еңбектен қашу деген болмаған. Анам сол бейнетпен жүріп, үш қыз, бір ұлды өсіріп жеткізді. Совхоздың сиырын сауып, зейнетке шықты. Әттең-айы, отбасында еркек кіндіктен жалғыз болған Асан бауырым қайтыс болған соң шаршаңқырап қалды. Қазір екі жылдай болды. Өлім дейтін кімге жеңіл тиеді дейсің, ұлының қайтқаны шешеме ең ауыр соққы болғаны рас. Басы ауырып, балтыры сыздайды. Уайым деген дүние адамды жеп қояды екен. Әйтпесе, оның алдында ширақ еді. Құдайға шүкір, ұлдан 5 немере көрді. Соған тәуба дейміз, – дейді қызы Балдырған апа.

Иә, бүгінде қарт ана екінші қызы Балдырған анамыздың қолында. Бұдан бөлек, үлкені Баян, ең кенжесі Күнқияш. Осы үш қыздан көрген жиендері де жетерлік.

Әзиза әже сынды ғасырды толықтырған адам сирек болатыны көпке мәлім ғой. Күнделікті жұмыстың қарбаласынан уақыт тауып, түрлі мерекеде ауыл азаматтары барып құттықтайды, батасын алады.

– Мерекеде анамызға әдейілеп барып тұрамын. Мұндай жаста қарттыққа қажымай жүру оңай емес. Әжеміз көп сөйлемесе де, барған сайын қос қолымды аялы алақанымен қысып, біраз ұстап тұратыны бар. Ол кісінің тарамыс саусақтарына қарап отырып,  еңбек іздерін, ауыртпалық кезеңдегі бейнет көрінісін көремін. Таңмен таласа бір емес, бірнеше сиыр сауып, мал жағдайын жасау – әйел адамға оңай емес. Әзиза әже – өткен күндердің тірі шежіресі, куәсі ғой, – дейді ауылдық округ әкімі Олжас Ахметов.

101 жастағы қария артта қалған ауыр жылдарға шүкірін, дұғасын іштей айтып отыр. Жаратылысынан тура сөйлеп, түзу жолдан таймаған әже тілеулестігінен айнымаған.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<