Этнография – әлеуметтанулық зерттеу әдістерінің негізі деп айтылады ғылымда. Демек этнографиялық зерттеу аясында өлке тарихы және тарихты жасаушы тұлғалар, әр кезеңдегі әлеуметтік сипат алған оқиғалар жайын терең талдап, деректер жинақтау және таспаға түсіру қарастырылған.
Осынау ғылым жолында ұзақ жыл еңбек етіп, ұлт мәдениетінің қалыптасуындағы талай-талай тарихи деректердің алтын қорға айналуына айрықша үлесін қосқан жерлесіміз, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Әлеуметтік ғылымдар академиясының Құрметті академигі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қармақшы, Жалағаш аудандарының Құрметті азаматы Тынышбек Дайрабай ағамыз биыл 80 жаста.
Туған елдің тарихын зерделеп, әдебиеті мен мәдениетін тануға саналы ғұмырын арнаған ғалым – Жалағаш ауданына қарасты Жаңаталап ауылының тумасы. Ол жастайынан зерек болды. Ауылдағы орта мектепті бітірген соң 1969 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде жоғары білім алды. Әдебиетке, мәдениетке, жалпы руханиятқа деген құштарлығы оны ғылым жолына жетеледі. Осылайша Сыр өңірінен шыққан атақты би, батыр, көсем, шешен, ақын, жыраулардың шығармаларын жинаумен айналысты.
Еңбек жолына зер салсақ, 1969-1974 жылдары Тереңөзек ауданы «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі болудан бастап, «Қараөзек» кеңшары партия комитетінің хатшысы, аудан әкімінің орынбасары сияқты лауазымдардың тізгінін ұстап, атқарушы биліктің әр саласында абыройлы қызмет етті. Ал 1995 жылдан бері қарай халықаралық «Түркістан» газетінде еңбек ете жүріп, білімі мен тәжірибесін ұштай түскен қаламгер қарым-қабілетін ғылым мен шығармашылыққа арнады.
Әр жылдары оның қаламынан туған «Тоғанас батыр», «Қаңлы Жүсіп», «Кете Шөмекей шежіресі», «Қорқыт ата» энциклопедиясы, «Төребай», «Кете Жүсіп», «Дүр Оңғар», «Мұзарап ақын», «Сырдың сырлы сыры», «Түркістан альбомы», «Сыр перзенттері», «Билер сөзі киелі», «Жеті тараудағы жеті анық», тағы басқа кітаптары ел тарихының қазынасын еселей түсті.
Этнограф Т.Дайрабайдың тағы бір үлкен еңбегі – Ресей мемлекетінде сақталған «Түркістан 1866-1872» атты альбомын елге әкелуі. Бұл жәдігердің қазақ тарихы үшін құны жоғары. Өйткені альбом Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты өлке халқының тұрмысын бейнелеуге арналған. Айталық, 459 беттен тұратын «Түркістан» альбомында 1866-1872 жылдар аралығында түсірілген 1300 сурет берілген. Сондай-ақ, альбомда «Этнографиялық заметкалар», «Орта Азиялықтардағы кәсіпшіліктер», «Орта Азияға орыстар жорығының очеркі», «Сырдария облысы мен Заравшан округіндегі көне ескерткіштердің археологиялық сипаттамаларына арналған материалдар» сынды маңызды деректер орын алған.
Ғалымның айтуынша, «Түркістан» альбомының түпнұсқасы 1871-1872 жылдары Ташкент қаласында, фотограф Н.Нехорошевтің баспа-шеберханасында дайындалып, 1872 жылы Санкт-Петербургке жеткізілген. Осы жылы цензураның тексеруінен өтіп, шаһардағы Б.Мордуховский атындағы №1 баспаханасында басылып шыққан. Ең алғаш алты-ақ данамен шыққан кітаптың екі данасы Мәскеуде, екеуі Санкт-Петербургте сақталады. Ал «Самарқандтың ежелгі ескерткіштері» деп аталатын бір данасы Ташкенттің қара базарында 36 сомға сатылған болса, тағы біреуі 1875 жылы Францияда өткен кітап жәрмеңкесінде қойылған екен.
– «Түркістан» альбомында сол тұстағы Орталық Азия аймағы халықтарының, оның ішінде қазақтардың да тұрмыс-тіршілігі жайлы көптеген фотомәлімет жинақталған. Әсіресе, Сыр бойы, Түркістан өңірі қазақтарына қатысты фотолар – біз үшін баға жетпес құнды дүниелер. Айталық, сол кезеңдегі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сырдария өзені бойындағы Қорқыт мазары, Сауран мұнарасының фотолары осы альбомнан өзге жерде кездеспейді. Бұдан бөлек, Қазалы, Қармақшы, Перовск (қазіргі Қызылорда), Әулиеата (Тараз), Сайрам қалалары тұрғындарының өміріне қатысты суреттерден қазақ халқының тұрмыс-салтын, киімдерін, бұйымдарын, кәсібін көруге болады. Біздің қолымызға тигені – «Түркістан» альбомының Санкт-Петербургтегі Ресей Ұлттық кітапханасында сақталған нұсқасы. Аталған кітапхана директорына хат жазып, құнын төлеп, альбомының көшірмесін сатып алдық. Сөйтіп, Қазақстан Әділет министрлігінің авторлық құқықтар жөніндегі комитеті «Түркістан альбомын» менің интеллектуалдық меншігім ретінде бекітіп, оны басып шығаруға авторлық құқық алдым, – дейді Тынышбек ағамыз.
Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың көмегімен 2005 жылы «Түркістан» альбомының шағын түрі жарық көреді. Алайда тарихи салмағы бар жәдігерді қаз-қалпында сақтап қалу қажет. Осындай ойға келген Тынышбек Дайрабай 2019 жылы қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат жолдайды. Мемлекет басшысы ғалымның өтінішін қабылдап, Мәдениет және спорт министрлігіне тапсырма береді. Соның нәтижесінде көлемі 43 баспа табақтық үлкен форматтағы сапалы кітап мемлекеттік тапсырыспен басылып шығады. Міне, қарап отырсақ, ғалымның ұлттық құндылықты зерттеу, оны бағалау жолындағы шығармашылығы мен ізденісі өз алдына, мемлекет мүддесі үшін жауапкершілігі соншалықты биік екеніне көз жеткіземіз.
Сөзімізді сабақтасақ, Қорқыт ата университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бағдат Кәрібозұлы «Сыр мәдениетінің қабырғалы қайраткері» деп аталатын мақаласында Сыр елі әдебиетінің жиналуы мен зерттелуі деген мәселелерде этнограф ғалым Тынышбек Дайрабай еңбегінің ұшан-теңіз екенін айтады. «Әйгілі 200 томдық «Сырдария» кітапханасын ғалыммен бірге жасадық. Оның жинаған материалдары тіл көмегі, ой бөлісуі, азаматтық жүрекпен осы кітапхананың абыройлы аяқталуына жанашырлық танытуы бізге үлкен демеу болды. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Сыр сүлейлері шығармашылығына 200 томдықтың 22 томы арналса, осының 4 томының материалдары тікелей ғалым Т.Дайрабайдан алынып еді. Ешқандай ақысыз-пұлсыз қолындағы барын ел үшін, сол елдің мәдениеті мен руханиятының бүтінделуіне беру, жұмсау кез келген адамның қолынан келе беретін шаруа емес. Демек, ғалымның сырбойылық ақын-жыраулардың, сүлейлердің мұрасын көздің қарашығындай сақтауға үлес қосып келе жатқанының астарында осындай терең мағына, ұлттық мүдде бар» деген екен автор.
Айта кетейік, осыдан бес жыл бұрын, яғни, ғалым Т.Дайрабайдың 75 жылдық мерейтойында Қорқыт ата университетінің ұйымдастыруымен «Сыр өңірінің рухани әлемі: зерттелуі және келешегі» тақырыбында республикалық ғылыми-танымдық конференция өткен болатын. Сол жиында Қорқыт ата университетінің ғалымдары Тынышбек Дайрабайдың тұлғатанудағы еңбегін ерекше атап, оның ішінде Сыр бойы тарихындағы рухани қайраткерлердің өмірі мен еңбегін танытуда жазушының қаламынан туған көрнекті дүниелерге жоғары баға берген еді.
Иә, осынау ғұмыр белесінде ғылым жолындағы инемен құдық қазғандай ізденіске толы еңбегімен, ұлттық құндылықтың жоғын түгендеп, барын бағалай білуде азаматтық ұстаным, адами қалыбымен танылған ғалымның ғибратты жолы ұрпаққа үлгі.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<