– Ойы терең екен, – деп қуанды әкесі өзі сөйлескен адам үйден шығып кеткесін. Оған баласы елең ете қалды.
– Әке, үнемі сіз осы сөзбен қоса кейде «Өй, жаңағының ойы тайыз екен» деп отырасыз. Неге адамдарға «терең, тайыз» деп суға айтылатын теңеуді қолданасыз? – деді.
Әкесі кейін баласын теңізге ертіп апарды.
– Қарашы, балам, қарашы, теңіздің тереңі қай тұс, тайызы қай тұс?
– Әрине, әке, буырқанып, толқыны ұрып, шулап жатқан жер терең ғой.
– Жоқ балам, таппадың. Керісінше, тайыз жердің шуы көп, толқыны қатты, адуынды болады. Ал терең жер тып-тыныш, білдірмей толып ағып, үн-түнсіз сырғып жатыр, – деген екен.
Сағат Жүсіп көкеміздің де өмірі сол теңіздің терең жері сияқты. Толып ағып, үн-түнсіз сырғып жатыр. Әкесі Есмахан жаны сірі, бейнеткеш, мықты кісі болды. Артық әңгімесі жоқ, ауыр жұмыстың мойындығын киген, самурайдай қайтпас қайсар мінезді еді.
– Балам, егер біреу бір нәрсені ойнап сұраса, сен оған шындап жауап бер, – деп құлағына құйып өтті. Сәкең солай тәрбиеленді, өмірге өз-өзін солай шыңдады. Шындықты сүйді, әділеттілікті аңсады. Сонан болар өмір жолы қиын болды. Өйткені шындықтың жолы тым алыс, шырғалаң. Оған жеткенше алдыңнан жығар оры аз емес. Әкесі тура жолдан тайқыма деп үйретті. Сонда шешесі «Турашылдығы туғанына жақпай, шындықтан тәпіріш көрмесе нетті. Өмір жолына кес, ауырлық жүрегіне қаяу салмаса» деп күрсінетін.
Сол ұстанымның туралығы ма, қайсарлығы мен өжеттілігі, намысы, абыройы асу алдырмас биікте болды. Теңіздің тереңіндей ғұмырында үнсіз ағып-ақ, қыруар шаруаны тындырды. Бүгін сексенге келіп отырған Сағат Жүсіп 20-дан аса кітаптың авторы. Жан-жақты бағыттағы жанрларды қамтыған шығармалары – ақиқаттың алдаспан қылышындай, өткір тарихи деректерді қаузаған, өміршең дүниелер.
«Ерінбеген етікші болады». Күндіз архивті аударып, түнде көз майын тауысып тарихтың ақтаңдағын оқырман қауымның алдына тартты. Сонау қазақтың соры болған алапат аштықтың, онан кейінгі қуғын-сүргін зобалаң тұстарды қамти отыра, кешегі кеңестік кездегі ұлтқа жасалған қиянаттың қиқымын түсірмей бүгінгі ұрпаққа жеткізуші осы біздің Сәкең, Сағат аға…
Лық толған автобусқа мінгендер бір-біріне иық тіреп тұр. Кейде ол кілт тоқтағанда немесе бұрыла кеткенде бірінің үстіне бірі құлай жаздағандай бір-бірін тірей қалады. Іші қапырық, қысылып-қымтырылып келе жатса да қабақ шытпайды. Бірақ автобустан түскесін онысын адамдар ұмытып кетеді. Өмірде де адамдар солай бір-біріне сүйеу, қиналғанда, құламақшы болғанда тіреу болса ғой шіркін! – дейді ол.
Сәкеңнің бір рахат, ләззат алатын хоббиы бар. Қиналған жанның қасынан табылу, оның қашаннан қанына біткен қасиеті сол. Өз қалтасы жұқа болса да, қиыншылыққа түскен жанға қол ұшын беру басты парызы іспетті. Өйткені өзі сондай тауқыметті көп тартқан жан. Сөйтеді де өз жүрегіне өзі «бергеніңді ұмыт» дейді Ал өзіне біреу қиналғанда жәрдемдессе, кейін қиналып жүрген өзге жанды тауып сол көмектің қарымтасын қайтарады. Үйіндегі қалың қара дәптерді оқысаң «Ертең пәленшенің көңілін сұрау керек, пәленшеге он кітап апарып беру керек, пәленшенің туған күні, істі болған адамның, ауруханаға түскен жанның артынан тамақ апарып беру керек, пәлен кітапханаға пәлен кітап апарып өткізу керек» деген жазбалардан көз ашпайсыз. Шетел классиктерінен бастап, бүгінгі жас қаламгерлердің туындыларынан тұратын кітап қоры 4,5 мыңға жуық. «Кітапханасы мен бағы бар адамға, басқа байлықтың қажеті жоқ» деген принципті қатты ұстанған.
Ал өмір бойы жазып келе жатқан күнделігіне үңілсең, бүкіл өмірі, сол жазбада. Адамгершіліктің ақ туын желбіретіп тұрғандай. Пендешіліктен ада ақжелең, кімге де жақсылық жасауға ұмтылып тұратындығын көресіз.
Аударманың хас шебері де Сәкең! О кісінің қолынан шыққан «Мағұлымат», «Сыр жолбарысы», «Тақ үстіндегі үрей», «Мәңгүртстан» сияқты аударма кітаптары оқырманның сұранысына көбірек ие болғандығы да соның айғағы. Тілі түсінікті, желісі қазақы. Ал «Ашаршылық ақиқаты» ол болса да тарихи-қасіретнәме. Алда «Ашаршылық ақиқатының» үшінші кітабы баспадан шықпақ.
Жазушы десек, шығармасы көп. Ол жағынан мәліметтер тізіп, алға тартсақ, өзінше бір-бір дастан. Жорналшы десек, республикалық, жергілікті мерзімді басылымдарда кезінде жарияланған әртүрлі бағытта жазған мақала, эссе, публикациялары ұшан-теңіз. Тарихшы десек, сонау Қоқан хандығынан бастап Ақмешіттің сол кездегі болмысын сол күндегідей көз алдымызға қайта әкеп жазған да осы Сәкең. Саясаткер десек, елдің демократиялығын сауатты түрде дамуына үлес қосқан жұмысы бір төбе. Тәуелсіздіктің, азаттықтың құны қымбат екенін айтып, алғашқы жылдардан бастап қалам тербеген де осы Сәкең. Қаншама мақала, зерттеу жазбаларының ұзақ саны 700-ден асады екен. Шетелдік тәжірибелерге сүйеніп, қазақи менталитетімізді ескере отырып ұлттық қалыпта жазған бұл материалдарының да болашағы зор.
Өлкетанушы десек, қолына түскен көне жәдігерлерді жинап, облыстық музейге тапсырады. Қай жерде ескі зат көрсе, өз ақшасына сатып алса да табандап жүреді. «Бір үйде ескі диірмен тұр, соны әкеп музейге өткізудің реті келмей жүр» деп қиналғанын талай естігем. Сәкең ешнәрсеге «Бұл менің шаруам емес» деп бей-жай қарамайды.
Қызылорда қаласының 200 жылдығы қарсаңында ұсынған «Қызылорда қаласының тарихы» атты шығармасы – архив түбінде көміліп қалған шежірелердің шаңын қағып, жарқыратқан дүниесі. Өлкетанудағы көпшіліктің тісі бата бермейтін, инемен құдық қазғандай еңбегінің жемісі. «Бірқазан», «Талсуат» деректі кітаптары да белгілі деректерге толы.
Сағат ағаның бір қағидасы, өмірлік ұстанымы бар. Ол «адам табытта ғана қауқарсыз, қалған кезде оның өмірі күрес» болуға тиіс дейді. Бүгінде бірінші топтағы көз мүгедегі болса да шахмат, дойбыдағы жарыстан қалмайтыны да сондықтан. Бұл қырын ол кісі «ми шынықтыру тәсілім» дейді. Дойбыдан спорт шебері. Сәкең көз мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында өтетін додаларда талай рет чемпион атанды. Дойбының майын ішкен республикалық деңгейдегі шеберлерге дес бермей, осы спорттың түрінен облыс намысын қорғап жүр.
Айтпақшы, осы жерде сөз кезегі келгенде айта кетейік, тұңғыш рет дойбыдан КСРО спорт шебер атағын алған жерлесіміз бала кезден зағип Бақ Иманәлиев туралы кітап жазған да осы Сәкең. «Қамыстыбас» ауылынан шыққан жарық жұлдыз» деген мақалаға Бақтың спорт жетістігі адами тұрғыдан алғанда табиғи ерекшелік табиғи феноменге пара-пар екендігін арқау етті.
Бірде:
– Сәке, алысқа құлаш сермеген адам сіздей-ақ болар, – дедім.
– Асыра мақтаған сөз. Солай болғанның өзінде жақынға қолым жетпей жатыр. Көз нашар жазудан қалып барам. Мен үшін дүниедегі ең жаманы жазбаған қиын екен.
Алатаудың басындағы мәңгі ерімес аппақ қардай ақ шашы Сағат ағамның елі үшін, жері үшін, ұлтына қылған қызметінің символындай. Бекер ағармаған шашта көп сыр жатыр. Бұл тек біздің әңгімеміздің бір ұштығы ғана
Самат БАЙМАХАНОВ,
журналист
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<