Жақсы адамдар туралы жазған қандай ғанибет! Өйткені жақсы адамдар – адамзат қоғамының қазынасы. Олар туралы сөз қозғағың келе беретіні де сондықтан.Адамзат қоғамының жер бетінен жоқ болып кетпей, қиын да болса өркениетке қарай жылжып келе жатқаны – осы жақсы адамдардың арқасы. Әйтпесе адам баласы бірін-бірі аяқтан шалудан, тобықтан қағудан, бірін-бірі орға итеруден көз аша алмай келе жатқан жоқ па?
Адам адам болғалы әлі күнге дейін бейбіт өмір сүре алмай келе жатса, ол да жамандықтың жақсылыққа жол бермей, үнемі кедергі келтіруінің кесірі. Осыны еске алғанда жақсы адамдар туралы ғана ойлағың келеді. Жақсы адамдар туралы ойлау – жақсылықты аңсау деген сөз. Себебі біздің әлеміміз жақсылыққа зәру ғой.
Жақсы адамдар деп өзің жақсылығын көрген адамдарды айтпаймыз, адамзат қоғамына жақсылық ұрығын себетін ұрпақ өргізген адамдарды айтамыз. Адамзатқа үлгі cолар болсыншы. Жақсылық деген жақсы ой ойлау, жақсы сөз айту емес пе? Ылғи да жақсы сөз айтатын адамдар – бейбіт өмірдің бастаушысы.
Сәбит ағам мен Зүбайра апай туралы айтқанда басыма ылғи да осындай ойлар келе бастайды. Ағай тоқсаныншы жылдардың басында Қызылорда қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметінде еді. Қоғамның кеңсесі облыстық телеарна орналасқан ғимараттың бірінші қабатында болатын. Сәбит ағам сол кеңсеге асықпай-аптықпай келіп-кетіп жүретін. Облыстық телеарна редакторы болып жұмыс істеп жүрген мені інім деп бауырына тартқанын қалай ұмытайын. Ақыл-кеңесін аямайтынын, алғаш танысқан-біліскен кезден-ақ жылы сөзінен, ыстық ықыласынан кенде етпегенін қалай айтпайын. Сол жылдарды ойласам, ағайдың жылы жүзі, ұстамды қалпы көз алдыма көлбеп келе қалады. Ел ағасы елу жасқа толған кезі екен. Осы байыпты қалпынан айнымай, аман-сау сексен жасқа да жетті.
Кейін ағалы-інілігіміз Алматыда жалғасты. Мен Қызылордадан Көкшетау кетіп, одан айналып Алматыға 1996 жылы көшіп келдім. «Ана тілі» газетіне журналист болып жұмыс істеп жүрген жылдары, ұмытпасам 1999 жыл болар, кездейсоқ көк базар маңынан ұшырастырып қалайын. Шұрқырасып қауышып жатырмыз. Алматыға қоныс аударған кезі екен. Содан бері ол аға, мен іні болып аралас-құраластығымыз үзілмепті. Көптеген жақсы адамдармен, ауыл жақтан біз сияқты көшіп келген, мен әлі араласа қоймаған, бірақ әке-шешемді жақсы білетін, сыйлайтын ағайындармен таныстырды. Ағайынның той-қуанышы мен қаза-қайғысынан қалып қоймауымды қадағалап, күнібұрын ескертіп отырады. Бұның өзі ауылдан ерте кеткен мені ағайынға жақындастыра түседі. Ағайын мен ағайынды жақындастыру – жақсы адамдардың ісі.
Сәбит ағай мен Зүбайра апайдың мінезіндей жібек мінезді, бұл кісілердің жұбындай жарасымды жұпты өмірде көп көрмеген шығармын. Отбасындағы бала тәрбиесі ше? Айтпақ болғаным да осы еді ғой. Адам деген кейде сезімге беріліп, асып-тасар болар еді, шеңберден шығып, ақылын тұсаулап, мінез көрсетер еді… Ойлап қарасаң бұл деген адамның әлсіздігінен, сол себепті өзін-өзі тізгіндей алмауынан ғой. Сәбит ағайдан осы күнге дейін ондай мінез байқамаппын. Ұлдары ағайға ұқсап қалған, қыздары апайдан аумайды. Артық сөзі жоқ. Істеген ісін ғана біледі. Бақыт еңбекте деп түсінеді.
– Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға!
Данышпан Абайдың осы өлеңі Сәбит ағай мен Зүбайра апайдың отбасына арналғандай.
Бірде маған Бауыржан мектептен соң ҚазМУ-ға оқуға түсе алмай қалған кезі жайында сөз қозғады. Сәбит ағай «онда бір жыл жұмыс істе» депті. Содан Қызылордадағы жөндеу механикалық зауытына (РМЗ) слесарь болып жұмысқа тұрады. Сірә, қара жұмыстың қиындығын білсін, оқудың қадірін түсінсін, нан табудың оңай емесін сезінсін дегені шығар. Бауыржан болса, ата-ана сынынан қорытынды шығарып, келер жылы өзі аңсаған ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға түседі.
Отбасындағы бес баланың бесеуі де еңбекқор. Ата-анасы сияқты адалдыққа үйренген. Бауыржан мен Гүлназ – филология ғылымдарының кандидаты. Сәтжан – заң ғылымының кандидаты. Гүлжан да – ағартушы, Абылайхан атындағы әлем тілдері университетінің аға оқытушысы. Ал Гүлсара болса, ҚР Қаржы министрлігінің бас маманы. Бәрі шаңырақ көтеріп, отбасын құрған ата-ана. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қағиданы ұстанған.
Сәбит ағайдың өзі кеңес дәуірінде қазақтың тілі қалай шектелгенін, діннен қалай ажыратылғанын білді, ұлт қаймағының «халық жауы» деген желеумен атылып кеткенін сезінді. «Қазақ тілі» оқулығында «…орыс тілінен енген сөздер, сол тілде қалай жазылса, қазақ тілінде дәл солай жазылуы тиіс» деген ереже мен қазақ тілінде жоқ дыбыстарды әліпбиге ендіруінің өзі басыну екенін түйсінді. Соны ерте сезінген ол тоқсаныншы жылғы Тәуелсіздіктің елең-алаңынан-ақ ұлт ағарту жұмысына кіріседі. 1990 жылы Қызылорда қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметіне тағайындалғанда, бұны қызмет деп емес, саяси күрес деп ұғынып, іске белсене араласады. Содан былайғы істеген ісінің барлығы еліміздің Тәуелсіздігіне бағытталады. Ұлттың тілін қорғау, өзін қорғаумен тең. Жүрген-тұрған жерінде тіліміздің қамын жеп, насихатын айтып отырады. Ана тілін менсінбей асып-тасқан қазақтың бетін қайтарып тастағанының да куәсі болдым. Бұдан бірер жыл бұрын Алматыдағы Сац атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында үлкен жиын болып жатты. Залда лық толып отырғанның бәрі қазақ. Сахнаға шыққан жігіт кенет желпініп, сөзін орысша бастап кетіп еді. Ол да Атыраудың қазағы. Сәбит аға да, мен де ол жігітті бұрыннан танитынбыз. Қазақша сөйлей алатынын да білеміз. Ағай сол арада орнынан ұшып түрегеліп, әлгі суырылып сөйлей жөнелген жігітті тыйып тастады. Қазақша сөйлеуін талап етті. Зал «ду» етіп қол шапалақтап ағайды қолдап жатыр. Анау амалы түгесіліп, қазақшаға көшуге мәжбүр болды сонда.
Үйде де талап осы. Теледидардан Ресейдің «Маша и медведь» мультфильмін көріп, тілі орысшаға икемделген немерелер де ата-әжесіне келгенде қазақша сөйлеуге тырысады. Осыны көргенде «Отан от басынан басталады» деген сөздің жай ұйқас үшін айтылмағанын ұға түсесің. Әрбір ата-ана осы кісілер сияқты өз балаларын ана тілінде баулыса, мәселе тап бүгінгідей күрделеніп кетпес еді-ау деп ойлайсың.
1990 жылдары Сәбит ағам жер-жерде қазақ тілі үйірмелерінің ашылуына атсалысып, ұрпағымыз нағыз тәуелсіз елде өмір сүрсін деген ниетпен іс қағаздарының қазақша үлгісін жасады. Оны жеке кітапша етіп шығарып, «Орысша-қазақша сөздік» құрастырды. «Қазақ тілі» қоғамы атынан мекемелерге қазақша әрпі бар жазу машинкаларын сонау Украинадан алдыруға күш салғаны қазір отыз жыл бұрынғы тарихқа айналды. Алғашқы жылдары ана тіліміз мемлекет тарапынан тәп-тәуір қолдау тапқанымен, соңы сұйылып, сиырқұйымшақтанып кетті. «Балаларын орыс мектебіне беретін ата-аналардың көбейіп кеткені содан» деп күйінеді Сәбит ағам. Осы мәселені көтеріп республикалық газетке былтыр көлемді, өткір мақала да жазды. Ал 1993-2016 жылдар аралығында Қазақстанның әр кездері астанасы болған Қызылорда, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының көшелері туралы үш тілде көлемді кітаптар жазып көпшілікке ұсынды. Ол бөлек әңгіме.
Сәбит ағай мен Зүбайра апайдың 2008 жылы халықаралық «Заман-Қазақстан» газеті ұйымдастырған «Үлгілі отбасы» байқауының жеңімпазы атанғаны бар. Ал 2018 жылы тәуекел деп, Алматы қаласы бойынша 131 отбасы бақ сынаған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысып, оның да бас жүлдесін жеңіп алды. Осы байқаудың республика көлемінде өткен жалғасында да жүлдегер болды. Бас жүлдегер болатын себебі бұл отбасының жеткен жетістіктері өте көп. Оның бәрін айтпай-ақ, бес баланың үшеуінің ғалым болуы, бір отбасынан екі Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, екі ауданның құрметті азаматы шығуы, осы отбасы мүшелерінің он жеті кітап жазғаны неге тұрады? Ол аз десеңіз, Зүбайра апайдың Қызылорда пединститутында оқытушы болып жүріп, 1989 жылы «Мектеп» баспасынан 17 мың таралыммен 9-11 сынып оқушыларына арналған «Қазақ тілі» оқулығын шығарғанының өзі жеткілікті.
Осы кейінгі байқауға қатысқанда ағай жетпіс алты жаста екен. Сонша жасқа келген кісілерге бұл оңайға соқпағаны белгілі. Бірақ бұның бәрі жүз жылға кететін ұлы тәрбие екенін олар әріден ойлағанын айта кетуім керек.
Алматыға қоныс аударған соң Алматы экономика және статистика академиясында екеуі де аға оқытушы болған Сәбит ағамыз бүгінде сексеннің сеңгіріне, ал апайымыз Зүбайра 75 жасқа келіп отыр. Жақсы жандарға тек амандық тілеймін!
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<