Байрақты бабаларымыздың нәзікжанды әйел затын ерекше құрметтегені әлімсақтан белгілі. Ес білмес ескі заманнан ошақтың, отбасының пірі ретінде Ұмай Ананы қадірлеп-қастерлеуіміз көп нәрсені аңғартса керек.
«Алып та анадан туады» дейді халық даналығы. Олай болса, бірінші кезекте, әйел затының қоғамда алар орнын, әлеуметтік мәртебесін ұдайы көтеріп отыру – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Бұл бағытта біраз нәрсеге «қолымызды кеш сермеп» жататынымыз жасырын емес. Кезінде есімін ел білген көптеген аяулы аруларымыз бен айбынды айымдарымыз деректерге ілікпей, ұрпақ жадынан ұмыт бола бастады. Тұлғатану деген ғылым саласының кенжелеп қалғаны да рас. Бір қарағанда, танымал тұлғаның өмір жолы алақандағыдай айқын болғанмен, түрлі сезімдерге, әлеуметтік иірімдерге толы ішкі жан дүниесі, табиғи бітім-болмысы, отбасылық немесе жеке басының жағдайы көпшілік үшін жұмбақ. Басқаша айтсақ, оларды түгел танып-білу мүмкін емес. Ондай адамдардың қасиет-қабілеттерін, кісілік келбетін біз тек өз өреміз жеткен шамада ғана сипаттаймыз. Міне, осындай қисынмен қарасақ, Сыр өңіріндегі нәзікжандылар арасынан қайраткерлік деңгейге көтерілгендер қатарында Аңсатова Меруерт Нағыметқызының тұлғасы дараланып тұрады. Ол сонау 1951 жылы 29 желтоқсанда Арал ауданына қарасты Аралсульфат қыстағында дүниеге келіпті. 1967 жылы Арал ауданына қарасты №19 Сольтрест орта мектебін бітірген соң, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне түсіп, 1971 жылы оны үздік дипломмен аяқтаған. Арал қаласының Т.Шевченко атындағы орта мектебінде еңбек жолын бастап, 1976 жылдың 1 желтоқсанынан күні бүгінге дейін Қорқыт ата атындағы университетте үзбей ұстаздық қызмет атқарып келеді. Бар саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнаған М.Нағыметқызы толағай табыстарға жетті, кәсіби тұрғыдан байыды, ұстаздық және адами қасиеттері арқылы көптің құрметіне бөленді. Терең білімді оқытушы, шебер ұйымдастырушы ретінде ол 1992-1994 жылдары «Отан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, 1994-1997 жылдары университет жанынан ашылған элитарлық «Қабілет» мектеп-гимназиясының алғашқы директоры болды. Бұл мектеп ел ішінде «ММ», яғни, «Меруерт мектебі» атанды. 1997-1999 жылдары гуманитарлық білім беру орталығының директоры, 2003 жылдан 2008 жылдың қыркүйегіне дейін Музыка-педагогикалық факультетінің деканы қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінгі күні «Тарих» кафедрасының профессоры. Тәжірибелі ұстаз, білікті оқытушы, көрнекті ғалым ретінде кәсіби қызметін жемісті жалғастырып келеді.
Сондай-ақ, ол ұстаздық қызметімен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де үздіксіз айналысуда. Ғылымға құштар жас маман 1979 жылы желтоқсанда С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің кеңесінде «Қазақстан коммунистік партиясының ұлт саясатын жүзеге асырудағы қызметі» (1966-1970 жж.) тақырыбындағы кандидаттық диссертацияны абыроймен қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты, 1984 жылы доцент дәрежесін алды. Халықаралық және республикалық баспалардан 120-дан астам мақаласы мен 20-ға жуық ғылыми-әдістемелік құралы жарияланды. Облыс тарихшыларымен бірігіп, «Сыр өңірі тарихы» еңбегінің шығуына үлесін қосты. 2015 жылғы «Қызылорда» ғылыми-танымдық кітабының, «Қазақ этнопедагогикасындағы отбасы тәрбиесі», «Тәуелсіз Қазақстанның демографиялық саясаты» және т.б. еңбектердің авторы.
Меруерт Нағыметқызы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның алғашқы мүшелерінің бірі, «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Бірлестік отбасының беделін көтеру, отбасындағы тәрбиенің рөлін күшейту, отбасы құндылықтарын насихаттау, қоғамда әйел-ананың беделін арттыру сияқты сан салалы бағыттардағы жобаларды іске асыруда белсенді жұмыстар атқарып келеді. Бұған дәлел ретінде ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның 10 жылдығына орай «Отбасылық-демографиялық саясатты іске асыруда бірлесіп жұмыс жасағаны үшін» номинациясының (2008), «Жұлдызы жанған елімнің жұлдыздай жанған қыздары» атты облыстық ақпараттық-насихаттық-танымдық жобасының (2009), «Қанатты әйел-3» идея мен тауарлар жәрмеңкесінің (2010) жеңімпазы болғанын айтсақ жеткілікті. Бұл да – үлгі, өнеге. Нағыз ғалымның шынайы азаматтық және ғылыми позициясы қоғамды алаңдататын күрмеулі мәселелермен белсенді айналысуы арқылы танылуы, өлшенуі тиіс деп ойлаймыз. Басқалай болса, ғалымдықтан не қайыр, білімпаздықтан не пайда? Осы ретте «Алаш айнасы» интернет газетінің өткен сенбідегі санында Марфуға Шапиянның «Алла сүйген құлдың мынандай ерекше белгілері бар» деген постына зер салсақ. Автор «Ауру адамды өзіне зиян әкелетін белгілі бір тамақтан сақтандырғанымыз секілді Алла тағала да сүйген құлын дүниеден қорғайды. Дүние берсе де, оны жүрегіне кіргізбейді, соңынан қудырмайды» деп Жаратушымыздың шексіз қамқорлығында болатындардың бойындағы ізгі қасиеттер мен көркем мінездерді сипаттайды.
Солардың бірі сүйген құлының «жүрегінен Өзінен алыстататын істі алып тастайды және даудан қашырады» деген сипаттар М.Аңсатованың болмысына қаратып айтылғандай. Расында басы жиі дауға қалатындардың ісінде қандай береке болуы мүмкін? Сол сияқты жүрегі жатпайтын жұмыс жасап, көңіліне жақпайтын іспен шұғылданғандарды үйлесімді өмір сүре алады деп те ешкім айта алмас.
Ал М.Нағыметқызының біреулермен бір нәрселерге бола дауласып, я болмаса қабақ шытысып, ашу шақырып жатқанын көрген де, естіген де жоқпыз. Ол кісі нендей жағдай болса да, сұлу да кербез қалпын сақтап, үнемі күлкінің табы сезіліп тұратын келбетті жүзінен иман нұрын төгіп, өзін әркез тұрақты қалыпта ұстайды. Сезімтал жанның осынау шыдамдылығы мен тегеурінді төзімділігіне үлкенді-кішілі университеттің басшысынан қосшысына дейін таңғалатын. Сірә, тұрмыс билеген санадағы сұрықсыз сұрақтар мен күрмеулі мәселелер ол кісіні айналып өтетін шығар деп ойлап қаласың.
М.Нағыметқызының адамды тәнті ететін тағы бір кісілік ерекшелігі – мәрттігі, яки, жомарттығы. Бұл оның өмірлік мұратының кемелдігінен шығар деймін. Расында, ол кісі әйел адамдарда сирек кездесетін мәрттік қасиетке ие. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жуырда ғана жарық көрген «Толық адам» деп аталатын ғылыми-теологиялық кітапта «Кемел адамның аса жоғары қасиеттерінің бірі – жомарттық. Жомарттық дегеніміз – өзгеге жақсылық жасау. Ол тек материалдық жағдайға байланысты ғана айтылатын қасиет емес. Керісінше, ол – рухани байлыққа тікелей байланысты айтылатын ізгі қасиеттердің бірі» делінген. Марқұм Ә.Кекілбай ағамыз бір еңбегінде «шын кемелге күншілік жат» деген ой айтады.
М.Аңсатова – қоғам қайраткері. Қазақ қызының қайраткерлігі деген мәселе төңірегінде ой өрбітсек, есіме сөз зергері Ғ.Мүсірепов сомдаған Ұлпан анамыздың образы түсе кетеді. Оқырманға кеңінен таныс романда Ұлпан ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы, сөзі куәлі қоғам қайраткері. Оның сезім байлығы, адамгершілігі, адалдығы мен моральдық келбеті, зеректігі мен зерделілігі, парасаттығы мен өткірлігі келісті бейнеленген. Салыстыра қарасақ, кешегінің Ұлпаны мен бүгінгінің Меруертінің арасында ұқсастық көп секілді көрінеді.
Туған өлкемізде тұтас дәуірдің сұлулық символына айналған Меруерт Нағыметқызы осылайша әркез абырой биігінен көрініп, адамдықтың шыңына шыққан бүтін болмыс, бітім тұлға. Ол өзінің мыңдаған шәкірттерінің алдында ұстаз деген ұлық атағына кір келтірмей, кісілік келбетіне көлеңке түсірмей, мәнді де мағыналы өмір сүріп келе жатқан мінезге бай, сөзге сараң сырбаз жан. Аяулы азамат, ұлағатты ұстаз, ардақты ана, асыл әженің өмір деген теңіздегі Ар кемесінде жетпіс жастың желкенін көтергені баршамызға құтты болғай!
Н.Мыңжас,
тарих ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<