Қыз босаға аттай ма, әлде аттана ма?
Сыр бойында Сәнімкүл Желдербаева деген ақын бар. Көпті көрген кейуана, өзі педагог ғалым, әлденеше ғылыми еңбектердің авторы. Биыл торқалы 90 жасқа толған осы асыл апаның кезінде әнші, ақын Нартай Бекежановтың шәкірті болған Мұхамеджан Рүстемовтың әніне жазған (керісінше, Мұхамеджан аға Сәнімкүл апаның сөзіне ән жазған болуы да мүмкін) «Ақ босаға» әнін сонау бала кезімнен, мектеп қабырғасында жүрген шағымнан орындаушы едім. Ақыры репертуарымнан ойып орын алды.
Кейінгі жылдары фольклорлы-этнографиялық Президент ансамблінің сүйемелдеуімен әнді сахнаға шығарып, телевидение мен радионың Алтын қорына тапсырдым. Бір қызығы, соңғы жылдары біреулер бұл әнді «Халық әні» деп орындап жүр екен. Кейде әуе толқынынан «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай» деп хабарлайтынға да ұқсайды. Иә, кейде жақсы әннің ізінде осындай жойдасыз хикаялар ілесе жүретіні бар. Десе де, шығарманың авторын біліп, атын атап, түсін түстеп отырудың өзі үлкен мәдениетке келіп тіреледі. Әрине, оны үнемі сақтап жүре алатын пенде болса.
Өз орындауымдағы сол «Ақ босаға» әнін жұрттың назарына жеткізу үшін әлеуметтік желіге жүктеген едім. Көбіне мақала, ой-толғам, сын пікірімізді жариялап, орындаған ән, тартқан күй, толғаған мақамды жылтыңдата бермеуші едік, сахнагерлігімізді сәдеттемеу үшін. Алайда, Оралдағы Бауыржан Халиолла деген бауырдың «Беке, сіз сол әнді орындаушы едіңіз ғой. Қиындық тудырмаса, маған салып жібере аласыз ба?» деген өтілінен кейін, арнайы жұмыс қылып, шаңырақ көтерген кезімнен бастап, бүгінге дейінгі көне һәм жаңа суреттермен әдіптеп, ескерткіш болсын деген ниетпен, алқаға салғанмын. Алла разы болсын, тыңдаушылардың жақсы лебіздері келіп жетті.
Алайда, сол жылы сөздерге ілесіп бір түйткілді мәселенің де ізі шығып қалған сияқты. Өз басым мұны жақсылықтың нышанына жорыдым. Мұндай талқылаудан кейін кәдімгідей, желіге ән жүктеуге деген ниет пайда болады екен. Әңгіме ауаны «Ақ босаға» әнінің мәтініне, соның ішінде «Қыз аттаған келін боп ақ босаға» деген сыңар жол қатарындағы жалғыз ауыз сөзге қатысты болып отыр. Бұл жайында пікір жазған, кезінде консерватория қабырғасында бізден азын-аулақ дәріс алған Лаура Қынтаева қарындас ізгі тілегін білдіре келіп, «Өлеңнің бірінші шумағында «Қыз аттанған» еді, сіз «аттаған» деп орындапсыз» депті.
Алтынай Жүздібайқызы деген желі қолданушы да осы ойды қуаттай келе, «Бұл бір босағадан қыз аттанып жатса, келін келіп жатады дегендік-ау. Себебі қыз өз босағасынан келін боп аттанбайды ғой. Сәнімкүл апаның өзінен сұраған жөн шығар» деп жазыпты. Дұрыс қойылған сұрақтың жарым жауабы да өзінде тұрады ғой. Жөн айтасыз, қыз ақ босағадан аттанбайды, өзге босағаның табалдырығынан аттайды. Олай болса, көтерілген мәселеге қатысты бірсыдырғы толымды ойымызды ортаға салып көрейік.
Ғылымда орындаушылық интерпретация деген бар. Бұл – белгілі бір шығарманы алқаға салған сәтте айтушының ой-санасында саналы әрі бейсаналы түрде жүріп жататын жанды үдеріс. Кез келген орындаушы ерте ме, кеш пе, бұл психотехникалық ерекшелік жүйесімен бетпе-бет келетіні хақ. Біріншіден, оған әуелде шәкірттің мәтінді белгілі бір ұстаздан қате үйренуі себеп болады. Екіншіден, дұрыс үйренген мәтінді түрлі себептің салдарынан (жаңылысу, ұмыту, саналы, бейсаналы түрде ауыстырып алу, мән бермеу, салақсу, жады жаңылысу, жады көнеру, ұмытшақтық әдет пайда болу, т. б.) ұмытып қалуы жаңсақтыққа ұрындырады. Үшіншіден, айтушыға саналы түрде белгілі фактордың әсер етуі мәтіннің өзгеруіне жол ашады.
Мен өз басым орындаушылық дәстүрдің заңды мұрагері әрі осы саланың маманы ретінде өзім орындап, халықтың алдына алып шығатын ән мен жыр мәтіндеріне ерекше мән беріп отырамын. Өйткені, көп жағдайда мәтін атаулы құбылмалы әрі көп нұсқалы болып келеді. Біз авторлық мәтіннің жайын сөз етіп отырғандықтан, бұл жердегі жағдай ерекше. Әрине, кейде бейсаналы түрде, орындау үстіндегі түрлі эмоция әсерінен жаңылысатын кезің болады. Ал мына «Ақ босаға» әнінің мәтініндегі сыңар жолдағы бір ауыз сөзге қатысты біз саналы түрде түрлемеге (интерпретацияға) барғанбыз. Бірақ ол шумақта емес, үшінші қайырмада. Кінәрат артушылар оны байқамаған сияқты.
Иә, негізі көзі тірі автордың мәтініне редакция өзінің рұқсатымен жасалғаны абзал. Солай десек те, мәтінге қатысты белгілі бір кәсіби заңдылықтарды ескермеуге болмайды. Мәтін атаулыда логикалық сәйкестікке қоса, кереғар қайшылықтар да кездеседі. Қанша жерден түпнұсқа болса да, маған салса, бұл мәтінді мен «аттанған» деген нұсқада орындамаған болар едім. Неге? Өйткені қыз ешқашан босағадан аттанбайды, ата-анасының оң жағында отырып, шаңырағынан ұзатылып, тұз-дәм бұйырған жердің босаға табалдырығынан аттауы мүмкін. Ал аттана қалған күннің өзінде сүйегі тек өзгенің шаңырағынан шығады. Бірақ бұрынғы істің ығын, әңгіменің жымын білетін қазақ сөзді ешқашан бұлай қолданбаған болар еді.
Аттану сөзінің мағынасы мүлдем бөлек. Құдай бетін әрі қылсын, елге тұтқиылдан жау шапса ғана, амалың жоқ, Отан-анаңды қорғау үшін аттануға тура келеді. Сол үшін қазақ бұл сөзді өте сирек қолданады. Онда да қыз аттанбайды, қару ұстау үшін ер-азамат аттанады. Құдайға шүкір, әндегі баян бойынша бұл жерде ол (қыз) өз еркімен ерге тұрмысқа шығып (күйеуге тиіп), ұзатылып келіп тұр, біреудің ақ босағасының табалдырығын аттау үшін. Ден қойсақ, мұндағы ситуатив те «Қыз аттаған келін боп ақ босаға» жайында ғой. Сондықтан әуелде түпнұсқадағы сөз «аттаған» болса керек. Мәтін «аттанған» деген өзгеріске кейін, ән халық арасына кең тараған кезде түсуі мүмкін екенін де естен шығармаған жөн. Олай болса, біз белгісіз орындаушының немесе жаңылысқан жадтың бейсаналы түрде жіберген қателігін орнына қайта келтірген боламыз. Мұндай лирикалық сәтті суреттейтін мәтінде жаугершілік ұғымын білдіретін сөздің «арпа ішіндегі бір бидай» болып жүруінің өзі түсініксіз.
Иә, мұның ақиқатын автордан сұрап білмей-ақ басылымдарды ақтарып, оңай көз жеткізуге болады. 2009 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген жинақтағы нұсқада «аттаған». Ақын Сәнімкүл Желдербаева әуелде бұл мәтінді қандай жағдаятқа (ситуацияға) қатысты жазған екен, түп ниетінде нені көздеді? Ал композитор әуелде мәтінге сүйенді ме, әлде ән өмірге бірінші келіп, соған орай мәтін түзілді ме? Міне, шығармашылық лабораторияға қатысты «бір сөзді бір сөз түртедінің» кері осындайда келеді. Сондықтан да сөздің «аттанған» нұсқасы кейінгі айтушылар тарапынан кеткен бейсаналы «қателік» деп есептеймін һәм солай қабылдауға бейімбіз. Қалай болғанда да, мәтінтану ғылымы алдымен мұздай логикаға жүгінетіні анық. Ол жағынан келгенде «аттану» сөзі өзін ақтай алмайды.
Кеңес Одағы тұсында мұндай мәселелер қатаң қадағаланып отыратын. Әр баспаның жанындағы цензура тезін айтпағанда, бір сөздің қылын қисайтып пайдаланудың жауапкершілігін аға буын ұрпақ әлі ұмыта қоймаған шығар. Тұтас сөзді айтпағанда, тыныс белгісі дұрыс қойылмағанда (Казнить нельзя помиловать) қандай саяси қателік кетіп, оның ақыры неге апаруы мүмкін екені жайында көп айтылмаушы ма еді? Осы сөйлемде үтір «нельзя» сөзінің алдына қойылса бір адамның тағдыры күл-талқан болып, одан кейін қойылса бағы жанып, бостандыққа шыққалы тұрған жоқ па? Сондай-ақ сөз нормасына қоса сөйлеу нормасы да бар. Орфоэпия заңдылығы бойынша осы екі нұсқаны әуеннің өн бойына төсеп жіберіп айтар болсаңыз да, сөз «аттаған» деген қалыпта еш кедергісіз, сары майдан қыл тартқандай болып өте шығар еді. Өйткені, бұл жерде сөздің мағынасына қоса әуезділігі қоса сақталып тұр. Қай кезде де автор мен редактордың одағы – кәсіби шығармашылықтың кепілі ғой. Ал менің жасағаным түрлеме редактура болса тұтастай мәтін, соның ішінде «аттанған» сөзі қасірет шегіп тұр деп ойламаймын. Керісінше, ұғым өзінің логикалық қисынын тауып, «аттаған» сөзінің желең астында жетіліп, күйеуге кетіп бара жатқан арлы қыз сияқты бағы жанып кеткен сияқты.
Сырдың бір аруы сөзін жазып, бір перзенті әнге бөлеп бағын жандырған «Ақ босаға» әні келін түскен шаңырақтың әнұранына айналғанына, міне, тура жарты ғасырдан астам уақыт өтіп бара жатыр. Бұйырса, жер бетінде ана тілін, салт-санасын, ата-баба дәстүрін сақтаған соңғы қазақ қалғанша, дәстүрлі неке заңы шеру тартып тұрғанда, ғашық жүректер бір-біріне деген ынтызарлығын тоқтатқанша мәңгі шырқала беретін әннің бірі – осы! Талайдың қыз күнін сағындырып, басынан қызыл орамалын алып, ақ жаулық салып, келін болып түскен ең бақытты сәтін есіне салып, көзіне қуаныш моншақтарын үйіретін осы бір қарапайым әнге және оның авторлары – ақын Сәнімкүл Желдербаева мен композитор Мұхамеджан Рүстемовке арнап Сыр бойынан һәм әр облыстың орталығынан шаңырақ көтерген жастар тәу ететін монумент орнатып, техникалық жағын үйлестіріп, сол жерде осы әнді күні-түні сайратып қойса да артық болмас еді-ау.
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<