Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер, ақын Махмұтбай Әміреұлының 80 жасқа толуына орай облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Қызылорда қалалық А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Жыр жайсаңы» атты мерекелік шара өтті.
Салтанатты шараны облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай құттықтау сөзбен ашып, мерейтой иесіне ұлттық дәстүрмен шапан жауып, сый-сияпат тарту етті.
Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы төрағасы Қаршыға Есімсейітова ақынның қаламгерлер ортасындағы лайықты орнын атап өтіп, қазақы құрмет көрсетті.
Сондай-ақ, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Аманжол Оңғарбаев ардагерге қаламгер ізбасарларының атынан жүрекжарды лебізін арнап, сый мезірет жасады.
Ал, облыстық ардагерлер кеңесіңнің хатшысы Мақсұт Баекеев ақынды құттықтап, алдағы кезеңде ардагерлер ұйымы тарапынан арнайы шара өткізетіндіктерін мәлім етті.
Облыстық Жастар театрының артистері ақын өлеңдерін нәшіне келтіре оқыды. Облыстық филармония әншілері автор сөзіне жазылған әндерді шырқады.
Махмұтбай Әміреұлының композитор Тәңірберген Қалауовтың әніне жазылған «Қызылорда вальсі» алпыс жылдан бері сахнадан түспей, Сыр елі жастарының гимніне айналған дүние. Осы шарада атақты әнді жергілікті өнерпаздар Сымбат Тасбергенова мен Айдос Иманжапбаров орындап, жұртшылық жүрегін көнермейтін әуен ырғағымен тербетті.
М.Әміреұлы есімі жырсүйер жұртшылыққа «Жүзім бағы», «Қызыл жыңғыл», «Ақ сәуле», «Сырдария-жырдария» секілді бірнеше жыр жинағымен таныс.
Тәуелсіздік жылдары ақпарат айдынына «Сыр мектебі», «Сыр ардагері», «Ардагер айнасы» секілді газеттерді қосып, аймақтың рухани өміріне жаңа леп әкелді.
Облыстың мәдениеті мен өнеріне сіңірген осындай еңбектері бағаланып, М.Әміреұлы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сырдария ауданының және Қызылорда қаласының құрметті азаматы атағын алған.
Үш мәрте «Алтын домбыра» сыйлығының иегері, айтыскер ақын Мұқтар Ниязов жүргізген мерекелік шара өз көрермендеріне ұмытылмас әсер, шаттық шалқытқан көңіл күй сыйлады.
«СБ» ақпарат
АҒА
(Махмұтбай Әміреұлына)
Дарияда кемелдіктің кемесі,
Сахарада хантөбенің төбесі.
Бұрынғы өткен Сексенбайдың әкесі,
Бүгін жеткен сексен жастың егесі.
Соңыңызға ердік, аға, тайлақтай,
Желе шаптық басымызды байлатпай,
Ошарыла қарап қоям сіз жаққа,
Өлеңімде ой айтқанда оймақтай.
Өмір деген біз білетін осы екен,
Қасыңызда көрінбейді Әсекең.
Кешегінің қуанышы бүгінгі,
Көзімізден тамып кеткен жас екен.
Арқа төсеп, жерге қойып тіземді.
Атқа салар болам сізге үзеңгі.
Отырыңыз тағыңызды алтындап,
Ортамыздай абыздай боп сіз енді.
Ағаларды асқақтатам дархан деп,
Сізден бөлек шалқаюға арқам жоқ.
Аға болғым келмейді, аға, өтінем,
Жүз жасаңыз ініңізге қалқан боп.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<