Ол – саналы ғұмырында теңіз жағалауынан табан тайдырмаған шайыр. Теңіз жағдайын теңіз жағалауындағылардан сұраңыз. Теңіз жарықтықтың мінезі ала-құла; таң құланиектене аспан төсіндегі ақша бұлттарға сүйсіне қарап тыныш жататын айдын кенет әлдекім сауырын дырау қамшымен осып жіберген айдаһардай, бұлқан-талқан ашуға мініп шыға келетінін қайтерсің. Одан соңғы тірлігі құдай салмасын, құм жағаны аяусыз тепкілеген түйе толқындар көктем мезгілінде буырқанған бурадай аузынан ақ көбігі ақтарылып, содан іңір қараңғысына дейін бір басылсайшы. Сондайда мейлі бітіретін түгің болмаса да жалаңаяқтанып, соқпа толқын ілгері-кейін армансыз ұрғылап, әбден ақ жемін шығарған ақ қайраңды арлы-берлі кезгілегенге не жетсін!
Көз алдыңда алас ұрған көк теңіз. Осы сәтте пенде байғұс күнделікті митың тірліктен қажыған, дел-сал күйге түскен жан әлемінің бөлек күйдің бүлкіліне түсіп, теңізден ескен салқын самалдың тұла бойын ақы-пұлсыз таңғы шықтай тазартып жатқандығын сезе ме екен десеңші?! Теңіздің мұндай құдіреті барын, сірә, жағалауда тірлік кешкендерден артық кім білер! Орыстың тамаша жазушысы К.Паустовскийдің «теңізде туғандардың ақын болмасқа қақы жоқ» дейтіні де содан болар.
Жә, біздің де теңізге деген сағынышымыздың әсері-ау, кіріспені сәл созыңқырап жібердік. Ақын Толыбай Абылаев – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Шағала», «Арал көшіп келеді», «Аралдан соққан жел», «Арал Атлантидасы», «Махаббат дәптері», «Қыран шайыр», «Нұртуған шайыр» атты жыр жинақтарының авторы. Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері. Республикалық жазба ақындар мүшәйрасының бірнеше дүркін жеңімпазы. Ақынды ақын танитыны рас, Толыбайдың алғашқы аяқалысын байқап, алыста жатса да артынан еретін бір тегеурінді інісі барына қуанып, бәрінен бұрын қазақ поэзиясына олжа салатын жас ақынға жанашырлық танытқандай Қадыр Мырза Әлі ағасының қат-қабат шаруасы бастан асып жатса да, Аралға әдейіліп хат жолдағаны бар. Толыбай оны көзінің қарашығындай әлі күнге дейін сандығына салып сақтап жүр. Айтатын тілегінің бірі – «айналайын-ау, ел ішінде болғаның дұрыс, оныңды құптаймын. Ауылдың, үйдің тірлігі белгілі ғой, оның бәрін тындыруға уақытың да, шамаң да жетпейді. Сөйтіп, шығармашылықтан қол үзіп қалма, жағдайың келсе әдеби ортаға жақындағаның абзал…»
Ақын ағасының ескертпесін елемегендігі емес, Арал мен адам тағдыры таразы басына түскен сәтте, соңғысының ауыр салмағын түк білмегендей жүрек сүзгісінен елеусіз өткізіп жіберуге шайырдың шамасы жетпеді. Не болса да, қандай қиындық көрсем де, балықшы бауырларымның ортасында болайын деп шешті. Қолымнан анау айтқандай бір керемет бетбұрыс жасау келе қоймаса да, соқыр ниет солақай саясаттың арқасында көз алдарында шалқып жатқан көк теңізінен айырылған ел-жұрттың ең болмаса өлең-жырыммен маңдайларынан сипайын деп ойлады. Сөйтіп бойындағы бар-барлық шығармашылық қуатын теңіз тақырыбына арнады. Әрине, «Арал тағдыры – адам тағдыры» деп жан-жақтан жандары ашығансып, ел болып жұмыла көтерген таныс тақырыпты жырлаушылар жетіп-артылатын. Бірақ Толыбайдың толғанысы ерекше-тін. Себебі, ол жылдан-жылға теңіздің аумағы кішірейіп, ұлы дариядан теңізге құлайтын су мөлшері азайып, атакәсіп – балықшылықтың басынан бағы тайып, теңіз табанындағы тұзды шаңдақтың енді адамдарға «шабуыл» жасаған тұсында; жағалаулықтардың қайда барып бас сауғаларын білмей, дағдарысқа ұшыраған сәтінде де солардың қалың ортасында болды. «…Қасіретін ел шегіп, Келіншектей қаралы, Тебіреніп, теңселіп Арал көшіп барады. Мынау заман түсі жат, Аждаһадай араны, «Ақ табанға» ұшырап, Арал көшіп барады…» деп жырлады. Іші-бауырын өрттей жайлаған өкінішті өстіп, сыртқа шығаруға тырысты. «Арал көшіп барады…» – Кешегі күннің маңдайға басылған тағдыр таңбасы.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында теңіздің тартылу процесі айқын байқалды. Баттиып көзге көрініп тұрған шындықты бүркемелеуге, «ертең бәрі дұрыс болады» дейтін әдеттегі өтірік уәдені үйіп-төгуге үкіметтің қауқары жетпеді. Жұрт нулы, сулы, жайлы, тіршілікке қолайлы қоныс іздеп, жан-жаққа көше бастады. Кеше ғана адуынды толқынның қақпақылына шыдамай, зіп-зілдей үлкен кемелерді құдды ағаш жаңқасы секілді қораның маңайына теңкитіп шығарып тастайтын ұлы теңіздің қуат-күші біртіндеп бәсеңси бастады. Ол біздің жадымызда сақталған өлместей сурет болса да, ойламаған тұстан ертегі әлеміне басы бүтін жұтылған көрініс тәрізді елестеді. Түнемелікке қарай теңіз жақтан бірін-бірі кимелеп, бірін-бірі басып-жаншығысы келетін түйе өркеш толқындардың өжет сарыны ыңырсыған, талықсыған, мұңлы үнге лажсыз орын ауыстырды. Біз бала болсақ та соның бәрін байқаушы ек, Толыбай екеуміз ала жаздай әкелерімізбен бірге ескек есіп, теңіздің қуыс-қолтығынан балық аулайтын тамаша дәуреннен амалсыз айырылдық.
Біздің кіндік қанымыз тамған теңіз жағалауындағы Көнебөген ауылы қас пен көздің арасында жетімсіреп қалды. Кезінде іргелі, дүрілдеп тұрған ауылдың стандартты үйлерінің есіктеріне біртіндеп құлып түсе бастады. Қазір малдың жайымен отырған екі-үш үйдің ғана төбесі қарауытады. «…Тартылып телегей су, қашқанда ауыл, Құм борап, көшті бұлттар аспанда ауыр. Артына қарай-қарай ел көшкенде, Мен қалдым жағалауға басқан бауыр…» Ақынның ішкі монологы. Абылаевтың Аралсыз қағазға түскен жыр шумақтары некен-саяқ. Тақырыптарының өзі айқайлап тұрғандай «Арал Атлантидасы», «Мен – Аралмын», «Теңіз түбіндегі кент», «Бөлебай-Бутаков туралы баллада», «Аралды оралдық ақынға таныстыру», «Қызғыш құстың Арал теңізімен қоштасуы», «Біздің ауылдың жігіттері», «Арал жиһанкезі немесе алпысыншы арал туралы жыр», «Біздің Аралдың адамдары»… болып жалғасып кете береді. Бұл өлеңдердің өн бойынан теңіз түбіндегі ақселеу балдырлардың толқынды тербелісі, балықшылардың ауларына үлкен балық түскендегі қуанышы, теңізге аттанған әкелерінің тілеулерін тілеп, жағада жүгірген бүлдіршіндердің жүрек лүпілі, жаңадан тұрмыс құрған жас келіншектің үлкендерден жасырынып, орамалын тістелеген күйі тоқал тамның төбесіне шығып, ерін күткендегі тебіренісі… секілді әдемі штрихтар ешкімнің қолқалауынсыз көңілге бірден қона кететін. Мұның себебі, ақынның теңіз жағалаған жерлестерінің адуын толқын тәрізді бірде дүлей, бірде жаймашуақ жан тебіреністеріндегі психологиялық ахуал-ауанын тап басуынан десек қателесе қоймаспыз.
Жер бетіне көрік берген Арал тарихта өте ерте заманда белгілі болған. Бір кезде ол Көк теңіз, сақтар теңізі, оның жағалауында мекендеген тайпаның атымен Кердері теңізі деп те аталған. Арал теңізі деп алғаш рет араб жазушысы Ибн-Рушд атады. Арал жайлы деректер Мәскеу мемлекетінің картасында (1627 ж.) Көк теңіз деген атпен берілген… «Ер Төстіктің аты Шалқұйрық Арал түбінен алтын қазанды алып шығады» деп болжам айтыпты профессор Ә.Қоңыратбаев. Арал теңізінің арнасы тартылғанда оның табанынан жүздеген, мыңдаған жылдар бұрын қабырғасы қаланып, адамдар тіршілік еткен ерте заманғы қалашықтар табылды. Ғалымдар теңіз табанында іргелі мемлекет болғандығын дәлелдеп отыр.
Біз мұны неге айтып отырмыз, Абылаевтың «Арал Атлантидасы» атты тарихи дастаны бар. Сонда ежелгі тарихтан бастап, бүгінгі Аралдың кескін-келбеті сан түрлі дәлелдермен айқын суреттеледі. Аралдың бүгінгі келбеті демекші, тәуелсіздік жылдарында бұрынғы теңіз келмеске кеткенімен әсіресе, жағалаулықтардың жарияға жар салып, әлем жұртшылығына дабыл қаққан жанқиярлық еңбектерінің арқасында Сырдарияның өзімізге тиесілі суын өзге шаруашылықтарға рәсуә етпей, Кіші Аралды қалпына келтірген-ді. Үміт оянды. Құм жағаға шағалалар қайта оралды, теңізге қайық түсті, азды-көпті балық ауланды. Бұрын нулы-сулы жер іздеп үдере көшкендер «теңізсіз өмір сүре алмайды екенбіз» деп атбасын атамекенге кері бұрды. Міне, осы құбылыстың бәрі Толыбайдың шығармашылық әлеуетіне тосын, өз қолтаңбасын айқындай түсетіндей тамаша шабыт сыйлады.
«Арал көшіп барады», «Арал көшіп келедіге» амалсыз орын ұсынды: «…Күн батыстан алқынып, Күміс керуен келеді. Шағалалар шарқ ұрып, Толқын төсін емеді. Құмды жарып лайлап, Аққан судың кемері, Айдынында күн ойнап, Арал көшіп келеді… Бұйдасынан жетелеп, Ақ желкенді кемені, Аласұрып асығып, Арал көшіп келеді…» Әдемі сурет. Арал тағдырына байланысты орамды ойлар, тосын теңеулер ақын шығармаларында молынан ұшырасады. Экологиялық ауыр зардаптың дәл ортасында өмір сүріп келе жатқандықтарына қарамай, Арал халқы қашанда өжет, әлдекімдердің ішектерін тартып мүсіркегендерін қаламайды, болашақтарының бүгінгіден де беймарал болатындықтарына сенімді, сол үшін ертеңді-кеш бел жазбастан тырбанып еңбек етеді. Теңіз самалы жағалаулықтар бойындағы жалқаулықты жымын білдірмей сорып алуға бейім. Ал мұны былайғы жұрт біле бермейді. Әдебиетіміздің аса көрнекті өкілі, классик Ә.Нұрпейісов «Соңғы парыз» романының бір жерінде былай дейді: «..Ана дүниенің азабының қандай болатынын кім білсін; ал мына дүниенің азабы мен тозағын бұл жалғанда Арал өңірінің халқынан артық кім көрген; егер күндердің күнінде халық шеккен қасыретке ескерткіш қойылар болса, келешек ұрпақ тек аралдықтарға ғана қояр-ау!»
Бәлкім, бүгінде жетпіс жастың желкесіне шығып, шығармашылық тұрғыдан кемеліне келіп, толысқан Толыбай Абылаев қағазға түскен әрбір жыр шумақтарын жерлестеріме қойылған ескерткіш деп те пайымдар. Жарасымды. Оның біз құрметтейтін қайсарлығы сонда, ол жылы орнын суытып, ешқайда қоныс аударған емес. Әрқашан аралдық жерлестерімен бірге. Оның кітаптарын жағалаулықтар жата-жастана оқиды. Өлеңдерінен өз бейнелерін іздейді. Жиын-тойларда Толыбайдың жырлары алдымен ауызға ілігеді. Оған мұнан артық награданың қажеті шамалы еді.
Қуаныш ЖИЕНБАЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<