Елі үшін еткен еңбегін, төккен маңдай терін пұлдамайтын, күннен жұмыс, түннен тыныс сұрайтын, барға қанағат, жоққа салауат айтатын бала көңілді азаматтар тасада қала береді. Осындай айтулы азамат, бүгінде 80 жасқа келген Аралдың ақиық азаматы Ән-ағам.
Ән-ағаның шын есімі – Әнес, тегі – Әуезов. Бұлай атауымның да өзіндік бір сыры бар. Өйткені, сегіз қырлы, бір сырлы азамат білікті басшы бола жүріп, күмбірлете күй төгетін, асқақтата ән салатын. Айтқандай, оның қарымды қаламынан туған жазбалары аудандық, облыстық қана емес, республикалық басылымдарда жарыса жарияланып та жүр.
Ән-ағаң сонау 1946 жылы ақ қайраңда сары сазаны тулаған, ақ шағалалары шулаған Арал теңіз жағасындағы Қарақалпақ АССР-нің Мойнақ ауданына қарасты Үшсай портында өмір есігін ашқан. Мектеп бітірісімен балықшылар кемесінің матросы болуы оны Арал теңізімен тамырлас та тағдырлас еткен. Содан болар, теңіздің тумасы әке жолымен жүруді мұрат тұтып, Арал қаласына қоныс тебеді.
1972 жылы еңбек жолын №177 мектепте мұғалім болудан бастаған. Бертін келе мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, аудандық білім бөлімінде әдіскер, мектеп инспекторы болған Ән-ағаң білім саласында қолтаңба қалдырған.
Конфуцийдің «Жаңаны түсінген, ескіні қастерлеген адам ғана ұстаз бола алады» дегеніндей, Әнекең Арал аймағында ұстаздықтың қадір-қасиетін асқақтатып, ел мақтанышына айналды. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, небір айтулы азаматтарға сапалы білім, саналы тәрбие береді. Жоғары санатты ұстаздың ерен еңбегі ескерусіз қалмай, лайықты бағасын алған. Кезінде «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын, Қазақ ССР Оқу министрлігі мен оқу-ағарту, жоғары мектеп және ғылыми мекемелер қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің «Құрмет грамотасын» иеленді.
Арал аудандық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке келгенде билік басындағылардың ғана емес, көптің көкейіндегісін дөп басты. Содан болар, сан алуан қызметке сатылай өсті. Саралап айтар болсам, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, халық депутаттары аудандық кеңесі төрағасының орынбасары, аудан әкімшілігінің іс басқарушысы, аудандық тіл бөлімінің бастығы, тағы басқа қызметті абыроймен атқарады.
Сөз орайы келгенде Ән-ағаңның 1999-2012 жылдары екінші, үшінші, төртінші шақырылымдағы аудандық мәслихаттың хатшысы болғанына тоқталайын. Бір емес, үш шақырылым бойы ел-халықтың аманатын арқалап, талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлерін таразыға салып ғұмыр кешу екі адамның бірінің басына бұйыра бермейтін бақ болар.
Он үш жыл бойы «Аманат арқалаған азамат» атанды. Өйткені, ол елмен етене араласып, халықтың мұң-мұқтажын құзырлы орындарға жеткізіп, халық пен биліктің арасына алтын көпір салды десем, асыра айтқандығым болмас. Сайлаушылар алдындағы жауапкершілігіне баса мән беріп, тұрғындардың талап-тілектерін орындау мақсатын көздейтін. Арал қаласында жылдар бойы қордаланып қалған аяқсу мен ауызсу, жол жөндеу, коммуналдық қызметтер, көркейту-көгалдандыру бағытындағы толғақты мәселелерді биліктің алдына батыл қойып, оң шешім табуына өз үлесін қосты. Сондай-ақ оқу-ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау салаларының мәселелерін шешу ісінде өзіндік қолтаңбасы бар. Адамдармен қарым-қатынастағы қарапайымдылығы, әр азаматтың жеке мәселесіне баса мән беріп, дарқандық танытатын кең пейілі ұлағат боларлық асыл қасиет.
Ән-ағаңның аудандық мәслихат хатшысы кезінде атқарған қызметі өз бағасын алып, марапаттар иеленді. «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталып, Қазақстан Республикасы Президенті мен облыстық мәслихаттың Алғыс хатын алды. «Арал ауданының құрметті азаматы» атанды.
Әнекең 2009 жылы зейнет демалысына шықты. Десе де, үшінші шақырылған аудандық мәслихаттағы хатшылық өкілеттігі аяқталғанша төрт жыл, яғни 2013 жылға дейін міндетін мінсіз атқарады. Еңбек десе ішер асын жерге қоятын жаратылысы жайлы том-том етіп жазуға әбден болар еді. Ол – уақыт еншісінде.
Иә, жоғарыда айтқандай, Әнекең сегіз қырлы, бір сырлы азаматтық қалпынан бүгінге дейін айнымаған. Алтын уақытын босқа өткізбейді. Тамылжыта ән салады, күмбірлете күй шертеді. Тұрдықылыш Ізтайдың әні «Нұрикамалды», Ілия Жақановтың әні «Еділ мен Жайықты», халық әні «Алқоңырды» домбырамен тамылжыта орындайды. Кезінде Аралдың Қазанғап атындағы оркестрінің құрамында Мәскеуге барып, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктер көрмесі сахнасында қарақалпақ әні «О, Мария, Мария» әнін шырқағаны бар. Қызметте жүрсе де айналасын әсем әнге бөлеп, қазақ әндерін ғана емес, өзбек, қарақалпақ әндерін де тамылжыта орындайды.
Тағы бір қыры – бағбандығы. Оның ауласына енгенде еңсең көтеріліп сала береді. Жарыса жайқалған жасыл желек пен жеміс ағаштары көз жауын алады. Аяқсуы жоқ аймақта Әнекеңнің берекелі бағбандығынан алма, алмұрт, өрік, жүзім, шие, жиде, тағы басқа ондаған ағаш жемісін төгіп беріп отырады.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әнекеңнің тағы бір қыры – қарымды қаламгерлігі. Оның жазбалары мен ой-толғамдары аудандық, облыстық қана емес, республикалық басылымдарда жарыса жарияланып жатады. Өткен жылы «Адам – керуен, өмір – жол» атты деректі хикаяты жарық көрген.
Ән-ағаң зейнет демалысына шықса да қол қусырып қарап отыруды қаламайды. Бүгінде аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі. Жоғарыда айтқандай, таң білінер-білінбесте қолына кетпен-күрегін алады. Жүрек жазбаларын ақ қағаз бетіне төгілте түсіреді. Асылында зерделі жанға әр күнін босқа өткізбеу тағдырдың берген сыйы болса керек.
Бүгінде төңірегінде болып жатқан сан алуан құбылыстарға жай ғана қызығушылықпен емес, зерделі ой тоқтатқан азамат көзімен қарайды. Құдай қосқан қосағы Күләш жеңгеміз екеуі өмірге екі ұл мен екі қыз әкеліп, бүгінде солардан тараған немере-шөберенің қызығына кенеліп отыр. Атам қазақ: «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, балалары ата-ана жолымен жүріп келеді. Бәрі дерлік жоғары білім алып, сан алуан салаларда қызмет етеді.
Адам деген ардақты ат – шын мәніндегі адамға ғана лайық. Еліне, жеріне, халқына қолдан келер қамқорлығын, ізгілік-ілтипатын дарытпаса, оны адам деуге бола ма?
Лайым осылай жүре бергейсің, текті әулеттің тұяғы, еменнің иір бұтағы, Аралдың ақиық азаматы – Ән-аға!
Еркін ӘБІЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның құрметті журналисі





