Ардақты азамат ажары

312

0

Өмірдің тосын сыйы таусылған ба, сірә? Осынау қым-қуыт тірліктің сан тарау сүрлеуінде атқа мініп, ағындап жүргенде талай жайсаң жандармен жолың түйіседі. Бір ауылда болмаса бір қалада тұрып, күн сайын жүздеспесең де, солардың жақсы да жайсаң жаратылысына аса бір ризашылығың болады екен. Осындай жүрегінің кірі жоқ жайсаң жанды, ардақты азаматтың бірі – Биманов Барлыбай.

Жақында 75 жасқа толған Барлыбаймен кездесіп, ағыл-тегіл әңгімелесудің сәті түсті. Қашанда қарапайым қалпынан айнымайтын, барға қанағат, жоққа салауат айтатын ол өмір жолы жайлы байыппен баян еткен еді.

– Мен 1949 жылдың желтоқсанында Жалағаш ауданына қарасты кезіндегі «Ақарық» колхозында (бүгінгі «Ақсу» ауылы) өмір есігін ашыппын. Балалық шағым сұм соғыстың ауыр салдарынан ауылдықтар әлі де арыла алмаған кезбен тұспа-тұс келді. Содан болар, ерте есейдік.

Әкем Тоқсанбай адалдыққа, еңбеккештікке үйретті. Аманат арқалап, оның жолымен жаза баспай жүруді мұрат тұтқан мен де бұл өмірдің белестерінен өттім, – деді ол.

Ол Ф.Энгельс атындағы №116 сегізжылдық мектебін бітірген соң Қызылорда қаласындағы медициналық училищеге оқуға қабылданып, 1967 жылы фельдшер мамандығын алып шықты. Еңбек жолын Жалағаш кентіндегі №14 жылжымалы механикаландырылған колоннаның медициналық пунктінің меңгерушісі қызметінен бастаған. 1968 жылы Қызылорда педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне оқуға қабылданып, химия және биология пәнінің оқытушысы мамандығын алды. Жолдамамен №150 Жалағаш кәсіптік-техникалық училищесіне қызметке кіріскен ол бастауыш комсомол ұйымының хатшылығына сайланды. Жастармен жүргізген жүйелі жұмыстарының жемісі болар, араға бар-жоғы бір жыл салып, яғни 1974 жылы Жалағаш аудандық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімі меңгерушілігіне шақырту алып, тағайындалды.

Еңбекте шыңдалған Барлыбайға жастармен жұмыстың барлық салаларын ұйымдастыру мен бақылау жүктеліп, аса жауапты сыннан сүрінбей өтті. Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеп келген соң облыстық комсомол комитетінің студент жастар мен оқушылар бөлімінің меңгерушілік қызметіне тағайындалып, жұмыс жолы жалғасын тапты.

– Ол партияның дүркіреп тұрған шағы ғой. Жоғарғы жақтың нұсқауымен сан алуан қызметке сатылап барасың. Өзіме келер болсам, 1980 жылы мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағы облыстық комитетінің хатшылығына, кейін төрағасы қызметіне, 1983 жылы облыстық партия комитетінің ғылым, жоғары оқу орындары бөліміне нұсқаушылыққа тағайындалдым. 1986-1988 жылдары облыстық партия комитетінің жолдамасымен СОКП Орталық комитетінің Алматы Жоғары партия мектебінен дәріс алған соң облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы қызметіне келдім. Сол жылы Қызылорда қалалық партия ұйымын кадрлармен нығайту тапсырмасы жүктеліп, идеология бөлімінің меңгерушісі болдым, – деді ол.

– Осы қызметте, яғни идеология бөлімінің меңгерушілігінде жүргенде сіздің бастамаңызбен жаңа игілікті істер атқарылған көрінеді, осы жайлы айтсаңыз? – деген сауал қойғанбыз.

Ол үзілген әңгіме желісін қайта сабақтады.

– Жасыратыны жоқ, осы қызметте жүргенде елеулі жұмыстарды қолға алдық. Атап айтқанда, қаланы көркемдеуде Қазақстан Суретшілер одағы аймақтық ұйымының ұсыныстары ескеріліп, қалалық атқару комитеті жанынан суретшілер штаты ашылды. Сонымен үш жыл бойы орталық алаңнан бастап шағын аудандар әрленді. Бұл – бір. Екіншіден, 1989 жылдан бастап қазақ халқының мерейі үстем мерекесі Наурыз мейрамын өткізудің дайындығын жүргізуге бас болдым. Осыған байланысты арнайы жұмысшы комиссиясы құрылып, оның құрамына белгілі азаматтар Е.Омаров, М.Кереев, Қ.Әбенов, Е.Хан, А.Дәулетбаев, Ш.Әбдібаевпен бірге есімі аймаққа ғана емес, республикаға танымал тарихшылар мен мекеме басшылары енгізілді.

1989 жылдың желтоқсан айында аймақта Наурыз мерекесін тойлау облыстық іс-шаралар жоспарына енгізіліп, 1990 жылы облыс орталығында дүркіреп өтті. Сол бір керемет көріністерді, халықтың қуанышын әлі күнге дейін сағынышпен еске аламын. Игілікті істің бастамашысы болғанымды мақтан етемін. Еліміз тәуелсіздігін алған соң, Наурыз мерекесі жыл өткен сайын жаңарып тойлануда, – деді.

Басқару жүйесі өзгеріп, жаңадан жасақтала бастағанда Барлыбай Тоқсанбайұлы Қызылорда қалалық әкімиятының әлеуметтік және халықаралық қатынастар бөлімі меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Содан соң облыстық әкімияттың бас инспекторы қызметіне жоғарылады. Кейін «Харрикейн Құмкөл мұнай» акционерлік қоғамы бірлескен кәсіподақ комитетінің консультанты қызметін атқарды.

Ал 1999 жылдың наурыз айында осы акционерлік қоғам президентінің кеңесшісі, көп ұзамай Құмкөл мұнайшыларының тәуелсіз кәсіподақ комитетінің басшылығына барып, осы қызметте 2003 жылға дейін болды. Еңбек жолын өндіріс саласына бағыттаған соң 2002-2005 жылдары Қорқыт ата атындағы университеттің мұнай өңдеу факультетінен білім алды.

«Қызылқия-Арысқұм-Майбұлақ» кенішінің атқарушы кеңесшісі, кенішке қарасты «Құмкөл-Жосалы» бағытындағы мұнай тасымалдау инженері, аға инженері қызметтерін атқарып, аймақтағы мұнай өндіру мен өңдеу саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Нақтылай айтар болсақ, облыстың экономикалық дамуына тәжірибесі мол білікті маман, абыройлы азамат ретінде біркісідей атсалысты.

Зейнет демалысына шыққан соң Барлыбай Биманов университеттің «Қазақстан халқы ассамблеясы» кафедрасында аға оқытушы қызметінде болып, студенттерге білім берді. Бүгінде «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы, сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесі алқасының мүшесі, билер кеңесінің мүшесі.

Барлыбай Биманов іскер маман, үлкенге ізетті іні, кішіге ақылшы аға атанып жүр.

Ел алдындағы ерен еңбегі ескерусіз қалмай, мерекелік медальдармен, Құрмет грамотасымен марапатталды. Сан алуан салада қызмет етсе де, мадақ пен мансап, атақ пен даңқ қумады. Бүгінде төңірегіндегі құбылыстар мен тұрмыс-тіршілікке жай ғана қызығушылықпен емес, зерделі ой тоқтатқан азамат көзімен қарайды. Жанып-сөнетін бір мезгілдік от секілді емес, жылылығын жай ғана себездеп тұратын бітім-болмысын айна- қатесіз сақтаумен жүр. Тағы бір қадір-қасиеті көлденең іске килікпейді, ала жіпті аттамайды. Содан болар, адамдарды қадірлеудің, оларға қошемет көрсетіп, қамқор қолын созудың құмға сіңген судай із-түзсіз жоғалмайтындығын да толықтай түсінген.

Құдай қосқан қосағы, марқұм Гүлжаһан жеңгеміз екеуі өмірге әкелген ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Бүгінде солардың қызығына кенеліп отыр. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп атам қазақ айтқандай, олар да халық шаруашылығының сан алуан салаларында абыройлы еңбек етуде.

Ардақты азаматтың өмір және еңбек жолы жас ұрпаққа үлгі-өнеге.

Биғали ҚАЮПОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері,

Қызылорда облысының Құрметті азаматы.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист,

Арал ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<