Армысың, тоқсан!

87

0

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Кеңес Үкіметі, КПСС Орталық партия комитеті ауыл шаруашылығын өркендетуге ерекше мән берді. Жаңадан қой өсіру бағытында совхоздар ашылды, күріш егу мақсатында инженерлік жүйеге келтірілген егістік жерлер пайдалануға берілді. Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан облыста құрылыс салуға қомақты қаржы бөліне бастады.

Сол кездегі облыстық партия комитетінде ауыл шаруашылығы саласын бұрынғы Қазақ ССР Мелиорация және су шаруашылығы министрі болған марқұм Сұлтан Момынұлы Сәрсенбаев басқарды.

Облыста күрделі құрылыс кең қанат жайды. Колхоз-совхоздарда тұрғын үйлер, мектептер, балалар бақшасы, мәдениет, сауда орталықтарының құрылысы, жем-шөп базасын нығайту, ет-сүт бағытындағы мал қоралары, шаруашылық орталықтарындағы ауызсу мәселесін шешу біздің күнделікті міндетімізге кірді.

Оларды жобалау, материал, қаржымен қамтамасыз ету, құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында қызмет істеген жылдары 10 жобалау институты, көптеген мердігер мекемемен қоян-қолтық жұмыс істеуге тура келді.

Сол мекемелердің бірі емес, бірегейі агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге, ағымдағы жұмыстарды шешуге «Кызылордасельстрой» тресімен жұмысым келісім-шарт негізінде жүргізіліп отырды. Сегізінші, тоғызыншы бесжылдықтарда облыс ауыл-село құрылысы жылына 80 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй немесе әр совхоз 15-20 үй пайдалануға берді. Жалпы білім беретін мектептер, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер мекемелері, клуб, су құбырлары, инженерлік жерлер, жол құрылыстары мердігер мекемелердің күшімен көптеп салына бастады. Бұл мақсаттарға кең көлемде мемлекеттік қаржы бөлініп отырды.

Сол кездегі қызметтес болған совхоз директорлары мекеме басшыларымен жиі кездесіп, ауыл-селоның мәселелерін бірлесе шешкен кездерімізді қазір ерекше қанағат сезіммен еске аламын.

Менің бүгінгі кейіпкерім – Нұрқыш Жанәбіл ағамызбен ауыл шаруашылығы құрылысында Қазалы ауданында және облыстың басқа да совхоздарында барлығы 40 жылдай тонның ішкі бауындай бірлесіп еңбек еттік.

Ол 1935 жылы 1 қаңтарда Сырдария ауданы «Бірқазан» станциясында дүниеге келген. Ауылға қызмет еткен қарапайым адам. Оның шаруа басқарудағы ең басты ерекшелігі – қарауындағы қызметкер, жұмысшылармен тез ұғынысып, түсінісе алуы, әрбір маманның қабілетін аңғара білуі. Ол қиыншылықты көріп өсті, жетім балаларға арналған Қызылорда қаласының интернатында тәрбиеленді.

Әкесі Нұрқыш қайтыс болғанда Жанәбіл аға бар болғаны 9 жаста еді. Бар ауыртпашылық анасы Ақсұлудың мойнында болды. Жоқшылық Жәкеңді ерте есейтті, 1955 жылы Қызылорда гидромелиоративтік техникумын, ал 1976 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық инженер-құрылысшылар дайындайтын институтты сырттай оқып бітірді.

Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы «Промстрой» тресінде құрылыс шебері болып бастаған Жәкең 1960 жылдан «Кызылордасельстрой» тресінде бөлімше бастығына дейін көтеріліп, облыстың өркендеуіне өз үлесін қосты. Ал 1966 жылы облыс басшылары оған темір-бетон зауытына басшылық жасауды сеніп тапсырса, 1968 жылы «Кызылордасельстрой» тресіне қарасты Қазалы ауданындағы ПМК-1604 мекемесін басқаруға жіберді. Осы кезден бастап Жанәбіл ағамен Қазалы ауданында тапсырыс беруші ретінде жұмыс жасауымызға тура келді. Менің де Қызылорда қаласынан Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бас инженер болып барған кезім еді.

Сол кездегі Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әбжәми Байшуақов ағамыз:

– Ал, жас жігіттер, іске сәт, көріп отырсыздар, аудан шаруашылықтарында бірде-бір типтік жобадағы мектеп, балабақша, клуб жоқ. Шопандарда үй жоқ, бәрі жертөледе, осы проблемаларды қалай шешеміз, ұсыныс беріңдер, – деді.

Ол кезде ПМК-1604-тің жағдайы қиын, не техника, не құрылыс мамандары, жұмысшылар жоқтың қасы.

– Ал Жәке, басшылардан тапсырма алдық, туған жеріңді гүлдендір деп жатыр, жұмысты неден бастаймыз? – дедім.

Жанәбіл аға ол кезде орда бұзар отызға енді келген кезі, шешімді тез қабылдайды, ешнәрседен тайсалмайды, қорықпайды, тәуекелшіл болатын. Дене бітімі сыптай, құрылысты аралағанда ешкімге жеткізбей тез жүретін және уақытпен санаспайтын.

Ақылдаса келіп, бірінші тұрғын үйлер салып, малшыларды жертөледен шығара бастадық, мектептерге жоба жасауға тапсырыс бердік. Бұл кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Тыныбаев Әбубәкір ағамыз келген болатын. ПМК-1604 мекемесі аяғына тұра бастаған кезі еді.

Жаңақазалы кентінде (кейін Әйтеке би кенті) 400 орындық «Юбилейный» кинотеатры, 120 орындық аурухана, аудандық кеңес атқару комитетінің ғимараты, аудандық баспахана, су жүйесі және тағы да басқа көптеген әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер Жәкеңнің басшылығымен пайдалануға берілді.

Ауыл шаруашылығы басқармасының тапсырмасымен ПМК-1604-тің орындауында Карл Маркс атындағы (қазіргі Бекарыстан би) және Қазақстанның 40 жылдығы (Жанқожа батыр) атындағы кеңшарларда 640 орындық, Түктібаев және «Бозкөлде» 464 орындық, «Қазалы» және «Құмжиек» кеңшарларында 624 орындық мектептердің халық бұл күнде игілігін көруде. Тағы басқа көптеген мал қора, тұрғын үй салынды.

Жалпы Жәкең ауданның экономикасының көтерілуіне зор үлесін қосқан азамат. 1968-1981 жылдар аралығында Қазалы аудандық Кеңесінің депутаты, аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болды.

Жәкең қызмет істеген жылдардағы «Кызылордасельстрой» тресін басқарған Е.Скатков, Ф.Фаткульдинов, А.Шаменов есімді азаматтарды еске алады. Олар нағыз инженерлер еді, – дейді ағамыз.

1981 жылдан бастап Қызылорда қаласына ауысып, әуелі жабдықтау басқармасына (УПТК), кейін темір-бетон бұйымдарын дайындайтын зауытты басқаруға жіберілді.

1986 жылы 5 министрлік – Ауыл шаруашылығы, Балық, Азық-түлік, Ауыл-село құрылысы, Казсельхозтехника қосылып «Мемлекеттік агроөндірістік комитет», – деп аталды.

Сонау тоқсаныншы жылдар халқымыз үшін оңай болмағаны белгілі. Еліміз егемендігін алған тұста біраз қиыншылықтар орын алды. Азық-түлік, тұтынатын тауар тапшы кез еді. Ел болып тығырықтан шығудың жолын іздедік. Сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов ағамыз актив жиналысында ет, сүт, көкөніс өсіру жұмыстарын қолға алуды агрокешен қызметкерлері мен аудан басшыларына қатты тапсырды. Шағын мал қоралар салу міндеті тұрды. Біздер темір-бетон зауытын басқарып отырған Нұрқыш Жанәбіл ағамен ақылдасып, тапсырыс бердік.

Зауытта ені 10,5, ұзындығы 72 метрлік шағын мал қоралардың темір-бетон бұйымдарын дайындап, (қаңқа), оны облыс шаруашылықтарына монтаждап беруде Жәкең айрықша көзге түсті.

Бұл сол кездегі заман талабы еді. Жанәбіл аға 2010 жылдан бері зейнеткер, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасында есепте тұрады. Еңбек ардагері, батагөй ақсақал. Өсіп келе жатқан жастарға ақыл айтудан жалыққан емес.

Марқұм болған жұбайы Айнашпен бірге 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеген, немере, шөберелері бар.

Еңбек еткен жылдарында қол жеткізген жетістіктері жоғары бағаланып, «Тыңға 50 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, бірнеше алғыс хат, грамоталармен марапатталды. «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы», «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы», «Қызылорда облысының Құрметті ардагері».

Ағамыздың ең керемет қасиеті жасы 90-ға келсе де, жергілікті «Қайсар» футбол клубының құрметті жанкүйері.

Алдыңызда мұнартып 100 деген үлкен белес тұр. Сол белесті де бағындырады деген сенімдемін.

Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,

облыстық ауыл шаруашылығы

және жер қатынастары басқармасы ардагерлер

кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<