Ауыл тарихын түгендеген

450

0

Шиелі ауданындағы «Ортақшыл» ауылына бет алып келеміз. Жер-Ана ақ көрпеге оранған. Әне-міне дегенше, «Бәйгеқұмнан» бұрылып діттеген жерге тез жеттік. Ауыл мектебінің алдынан бір-ақ тоқтадық. Біз жолыққалы келе жатқан ардагер-ұстаз Асанхан Кемелұлы әріптестерімен бірге қарсы алды. Мектеп ішіне ендік.

Сексеннің сеңгіріне шықса да Асанхан ақсақалдың тарамыстай тартылған бітімі бөлек. Қимылы шалт, жүріс-тұрысы өте ширақ. Аман-саулық пен таныстықтан соң ол кісі ауыл тарихынан сыр тарқата берді. Бізге де керегі осы еді.

– Журналист інім-ау, біздің ауылдың адамдары еңбекпен есейгендер. Сонау 1928 жылы алғаш «Тегісшіл» артелі болып құрылса, артынша осы жылы «Ортақшыл» ұжымына айналды. Осыдан бастап ата-аналарымыз ауылдың өсуіне, өркендеуіне, дамуына өмірден өткенше өз үлестерін қосты. Бүгінгі ұрпақ солардың ізін жалғап, ауылды өркендетуде. Ауыл өсіп-өніп, шаңырағымыз биіктеп, қанатты кеңге жайдық. Сөйтіп, Сыр өңіріне танымал құтты мекенге айналдық. Осы ауылда туып-өскен мен де бүгін сексеннің сеңгіріне шығып, елдің тілеуқорына айналған ақсақалы болып отырмын. Ауылдағы өздерің көріп отырған білімнің құттыханасында 40 жылдай мұғалімдік қызмет еттім.

Әкем Кемел Ақпанбетұлы мен анам Бибіжан Ақпанбеткеліні ауылдағы ағайындармен бірігіп, алғашқы артельге кіргендер. Осы ауылда маңдай терін төкті. Өмір дегеннің доңғалағы бір жолмен жүрген бе? Сол кездегі ағайын аштықты да, тоқтықты да осы жерде жүріп бастан өткерді. Олар 1928 жылғы кәмпескені көзбен көрді. Елдегі адамдарды қызыл өкімет қалай жалаңаштап, төрт түлігін тартып алғанының куәгері де осы кісілер еді. Сонда да артель боп бірігіп мал да бақты, егін де екті. Күн-түн демей, бел шешпей еңбек етті. Ұрпақ өрбітіп, біздің қатарымызды өсірген аяулы жандар еді. Бәрі де иманды болсын! Бұл дегенің бүгінгі ұрпақ үшін нағыз тарих десек болады.

Мен ауылдағы мектеп ішінен музей аштым. Оның жұмысын қоғамдық негізде атқарып келемін. Қазір заманға сай қайта жаңғыртып жатырмыз. Жаңадан келген мектеп директоры бұл ісімді қолдап, көмегін беруде. Ондағы мақсатым – жоғарыда айтқан ауыл адамдарының ешбірін қалдырмай, музей төрінен орын беріп, бүгінгі ұрпаққа үлгі ету. Олардың суреттерін қайта жинақтап, толықтырып, еңбек жолын қағазға түсіртудемін. Бұның бәрі ұрпақ үшін өлмес мұра болып сақталып тұруы тиіс. Ауылдың өткен тарихы мен адамдары жайлы жазу – біздің перзенттік парызымыз. Одан қалды сырттан келген қонақтар да көріп-біліп, танысары белгілі.

Биыл біздің ауылдағы мектепке 90 жыл толады. Сонау 1934 жылы колхозшылар кесек құйып, өздері асарлатып салған. Сол жылы ауылымызда тұңғыш рет мектеп ашылған. Мектепке келген балаларды қарсы алушы, оларға алғаш сабақ берген ауыл азаматы – Мінәт Қалдыбаев. Ол 1933 жылы Қызылордадағы қысқа мерзімді мұғалімдер дайындайтын курсты бітірген. Шығыс әдебиетінің білгірі әрі шежіреші еді. Өте алғыр, өте сауатты адам болатын. Парсы, тәжік, өзбек, орыс тілдерін жетік білген. «Шахнаманы» қазақшаға аударған кісі. Бұл жайлы кезінде облыстық «Ленин жолы» («Сыр бойы») газеті жазған да. Ол кісінің өмірі кітап жинаумен, оқумен өтті. Кейіннен пединститутты бітіріп, осы мектепте ұзақ жыл директор болды. Зейнетке шыққаннан кейін мектеп кітапханасына 4550 дана кітапты сыйға тартты. Онда небір құндылары бар. Ұстаздардың ұстазы атанған Мінәт Қалдыбаевтың білім саласына қосқан еңбегі жоғары бағаланып «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталған. «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісін екі рет алған ұстаз. Мектепте директорлық қызмет еткен жылдары алдынан көптеген шәкірт түлеп ұшты. Атап айтқанда, Ә.Алдабергенов, Ә.Ибрагимов, Ж.Қожантаев, И.Сарбасов секілді елге танымал ғалымдар. Кезінде мектеп директорын іздеп келіп, рахмет айтқандарын білемін.

Бір кезеңде дария суы тасып бұрынғы мектеп құлап қалды. Осыдан соң Мінат Қалдыбаевтың бастамасымен ауыл адамдары жаңадан асарлатып қайта салады. Алғашқы мұғалім атына №150 орта мектепті беруді сұрап, ауыл тұрғындары түгел қол қойып, жоғарыға ұсыныс-хат бердік. Бұл ұсыныс-хатты сол кездегі басшылар қолдаған болатын. Бірақ неге екенін қайдам, осы мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Осы ойымды қосып жазсаң… Ұстазымызды ардақтасақ дейміз. Өйткені, бұл – ауылдағы барша ағайынның, көптің тілегі, – деп Асанхан аға бізге сұраулы жүзбен қарады.

Ардагер-ұстаз Асанхан ағамыздың өмір жолы бүгінгі жастарға үлгі боларлықтай. Ол 1950 жылы туған ауылдағы мектептің табалдырығын аттайды. Жетіжылдықты бітірісімен Шиеліге келіп Ломоносов атындағы қазақ орта мектебінде 9 сыныпқа дейін оқиды. Оны аяқтасымен «Бәйгеқұмдағы» кеңейтілген кәсіптік-техникалық училищеге оқуға барады. Оны 1963 жылы тракторист-машинист мамандығы бойынша бітіріп шығады. Содан Сырдария қой совхозына келіп пульгадашы болады. Қазір ондай мамандық жоқ. Ол жер айдайтын трактордың соңындағы соқаның жұмысын реттеп отырушы болып еңбек жолын бастайды. Бар ынтасымен жұмыс істегендіктен болар, Смайыл ағасы оны трактордың рөліне отырғызады. Ол кісі аға тракторшы болады. Осылай жер жыртуға кірісіп кеткен жас Асанхан егін басына таң ата кетіп, күн бата үйіне қайтады. Сол тынымсыз еңбегінің арқасында жер жыртуда нормасын артығымен орындап, ауыспалы Қызыл туды трактор кабинасына желбірете ілді. Оған сонда қатарластары қызыға қарайтын. Еңбекқорлығымен ақшалай сыйлық та алды. Осылай еңбек етіп жүргенде Кеңес армиясы қатарына шақырылады. 1964 жылы Венгрия Республикасына барып, 3 жылдық әскери борышын өтейді. 1967 жылы ауылға келісімен жұмысын жалғастырады.

Алайда бар арманы – пединституттың тарих факультетіне оқуға түсу. Содан 1968 жылы өзі оқыған мектепке тәрбиеші болып қызметке орналасады. Оған себеп, армияда өзімен бірге болған украиндық жігіттер еді. Олармен бірге әскерде медпункте қызмет етеді. Сонда жүргенде Асекеңе небір орысша кітаптарды оқуға береді. Сонда алғаш Есенин деген ақын барын біледі, орыс классиктерін оқиды, дүниетанымы, түсінігі өзгереді. Содан «ауылға барысымен жоғары оқу орнына түсем» деп алдына мақсат қояды.

Мектепте тарих пәнінен сабақ берген Мәлік Оспанов пен сынып жетекшісі, орыс тілінен сабақ берген Жағыпар Оспанов ағайлары оның тарих факультетіне түсуін қалайтын. Өзі де осы екі ұстазына қатты қызыға қарайтын. Осылайша Шымкенттің педагогикалық институтының тарих факультетіне сырттай оқуға түседі. 1976 жылы қолына жоғары білімді тарихшы дипломын алып, мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. Жоғары санатты мұғалім атағын ізденіс арқасында алады. Бертін келе, жай мұғалімдікке ауысып 2007 жылы зейнетке шықты.

Ол Президенттің «Алғыс хатымен», «Құрмет грамотасымен», «Білім беру ісінің озаты» төсбелгісімен марапатталған. Зайыбы Рая Мінатқызы мектепте көп жыл ұстаздық еткен. Білім саласының ардагері. Екеуінен өрбіген 2 ұл мен 3 қыздың бәрі де жоғары білімді, үйлі-баранды, түрлі салада еңбек етуде.

Асанхан Ақпанбетов зейнетке шықса да ауылда, ауданда өтетін қоғамдық іс-шараларға белсене атасалысады. Одан басқа мектепте өзі ашқан музейде ауыл тарихы мен еңбек ардагерлерінің өмірін бүгінгі жастарға үлгі етіп келеді.

Өр мінезді, сыпайылығы мен сырбаздығы өзіне жарасымды жан, ардагер-ұстаздың бүгінгі жастарға айтар сөзі үлгі мен өнеге. Ең қызығы, ауылда тұрып еңбек етіп жатқан бірде-бір тұрғынға «Шиелі ауданының Құрметті азаматы» деген атақ та, марапат та берілмегенін естіп таңғалдық. Сөз соңында біздің айтарымыз, ауыл мен ауданның тарихын тереңнен тарта шертетін көненің көзіндей ардагер-ұстаздың «Шиелі ауданының құрметті азаматы» атағына лайықты екенін ескерсе дейміз. Өйткені ол кісі ауылының тірі энциклопедиясы десек, артық айтпағандығымыз болар. Мұндай көкірегі қазына ақсақалды неге ұлықтамасқа, жанына неге рухани шабыт бермеске? Бұл ойымызды ауданның игі жақсылары қоштар деген ойдамыз.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

Ақпарат саласының үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<